Айтыстың ағып түскен аспанынан...

Айтыстың ағып түскен аспанынан...

Айтыстың ағып түскен аспанынан...
ашық дереккөзі
Ол айтыссыз өмірін елестете алмады. Ол суырып салма ақындық мектебінің өрен жүйрігі, арқалы азамат еді. Ол айтыс өнерінде жасындай жарқ етіп, аққан жұлдыздай ерте сөнді. Ол – қазақтың ілкіден бүгінге қаймағы бұзылмай жеткен айтыс өнерінің сахнасында өзіндік әуенді әрі әуезді үнімен көптің көңілінен жылы орын алған Әзімбек Жанқұлиев. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын жүрекке жылы сөзді түйдек-түйдегімен ақтаратын арқалы ақынға сүйсінбеген жан кемде-кем шығар. Жырсүйер қауым «Әзімбектің тапқырлығын-ай, Әзімбектің сөз орамдарын-ай…» деп тамсанып жүретін. Кейбір жеңгесі мен қайнысы немесе жездесі мен балдызы ретінде іліп әкететін айтыста әзіл мен шымшыма сөздерді орнымен пайдаланғанда, көрерменнің ерекше ықыласына бөленетін. Міне, бұл айтысты жоғары деңгейге көтеруге өзіндік үлес қосқан ақынның бір қыры еді. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, «Шахан» ауылында дүниеге келіп, ақындығы алты алашқа танылған Әзімбек Жанқұлиев Ауған соғысына да қатысып, батырға тән мінез көрсеткенін де жұрт біледі. Қаруын домбыраға алмастырып, айтыс өнерін өрге жүздірген ақын ауданаралық айтыстан республикалық деңгейге көтерілді. Сонау 1989 жылы Ақтөбе қаласында ғалым Құдайберген Жұбановтың 90-жылдығына байланыс­ты өткен айтыстың Әзімбек үшін оң жамбасына келгені әлі халық есінде. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан ақындары арасында бағы жанып, бас бәйгені жеңіп алып, ең үздік ақын атанған. Әзімбектің бала кезінен өлең-жырға сусындап өскенін ерекше тебіреніспен жеткізген ақынның туған ағасы Алтынбек Жанқұлиев: «Әзімбек үйдің кенжесі еді. Екі қыз, екі ұлмыз. Әкеміз демалсын деп, екеуміз кезекпен қой бағамыз. Үлкендігімді білдіріп, домбыра ұстата бермеймін. Менен қашықтап барып, бар даусымен ән салып жатушы еді. … Содан кейін Әзімбектің айтыс өнеріндегі жеңістері мен өрлеу жолы басталды. Айтулы мерекелерде арнау айтып, той-томалақтарды басқаратын. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Бүйтіп жүріп ақындық ауылынан алыстайсың, үлкен сахналардан көріне алмай, «жарамазан ақын» атанасың дейтінмін. Алтеке, қарапайым қойшының баласы болдық. М.Шахановтың «Өзім қанша мықтыны мойындасам, енді өзімді соларға мойындатам» деген сөзі бар. Бетімнен қақпашы дейтін…», – деп еске алады. Иә, бүгінде айтыскер ақынның көзі тірі болса, ел ағасы елуге толар еді. Қамал алар қырқында сұм ажал ел арасынан алып кетіп, баршаның қабырғасын қайыстырды. Ол қысқа ғұмырында айтыс тарихына өзіндік қолтаңбасы мен өршіл рухын қалдырды. Бүгінде ел ағалары мен әріптестері ақын жайында естелік-сыр айтып қана сағынышын басады. Ақынның ағасы Алтынбек Жанқұлиевтің бастамасымен «Өнердің аққан жұлдызы» атты кітап жарық көрді. Айтыскер ақынмен сырлас-мұңдас, пікірлес болған әрі өнерін оң бағалаған азаматтардың естеліктері көзге оттай басылады. Мәселен, талай жылдан бері айтысты ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген ақын Жүрсін Ерман: «Ауған соғысының ардагері Әзімбек елді несімен баурады. Ең алдымен, оның ғажайып сүйкімді сазы алты алашты игеріп алды-ау деп ойлаймын. Оның әдемі, биязы, жағымды дауысы естілісімен-ақ тыңдарман желпіне бастайтын. Әзімбектің ел ішіндегі абыройының биіктігі сондай, кейбір аламандарда Ә.Жанқұлиевке жүлде тимей қалса, көрермендердің жер тепкілеп, қиқу салып, оған бәйге беруді талап еткен у-шуды көзіміз көрді. Осындай ел ақынының ғұмыры қысқа болғаны қандай өкінішті!», – деп өзекті өртеген ойын жеткізіпті. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан: «Адам тағдыры аққан жұлдыз сияқты. Сол сағым дүние аңыз дүниеге айналғанын көргенде, мына жалғанның ұстараның жүзіндей лыпылдап, кесіп түсетінін білмей де қаласың. Ол өзін жазба ақындық пен айтыскер, суырыпсалма ақындықтың қайсысын қаларын білмей аласұрды. Айтыскер ақындық оны халыққа тез танытты. Ол өлең өзеніне жүзді де кетті», – дейді. Биыл ақынның өмірден өткеніне 10 жылдан асса, 15 ақпанда ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 25 жыл толып отыр. Кейбіреу үшін қасіретті, енді біреу үшін қастерлі жылдарды еске алатын уақыт. 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейінгі 9 жыл, 1 ай, 19 күнге созылған ауыр кезеңде КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының дерек­тері бойынша, кеңестік 620 мыңға жуық адам соғысқа тартылса, оның 22 мыңы қазақстандық әске­ри болған. Жарақат пен ауру­дан қаза тапқан 15 526 адамның 924-і және хабар-ошарсыз кеткен және тұтқынға түскен 333 адамның 21-і қа­зақстандық екен. Кейбір деректерде, қазақ дала­сынан аттанған әскери қыз­меткер­лердің ішінде 86 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанып, қалғандары денсаулығы мен жүйкесіне орасан нұқсан келтіріп оралыпты. Әрине, ақын өмірден озғаннан кейін де Әзімбектің рухына арналған жыр мүшәйралары оқтын-оқтын өтіп жүрді. Бірнеше республикалық аламан айтыста Ә.Жанқұлиев атындағы жүлде тағайындалып, жас ақындарға табыс етілді. Бұл үрдіс жалғасын таппақшы. Алла сәтін салса, Жамбыл облыстық әкімшілігі мәдениет басқармасының мұрындық болуымен 5 маусымда Тараз қаласында ақындардың жыр мүшәйрасы өтеді. Сол сияқты Байзақ ауданы әкімшілігінің қолдауымен, Сарыкемер ауылында 6 маусым күні республикалық ақындар айтысы тұсауын кеспек. Біз ақынның қаламынан туған жыр шумақтары мен айтыс өнеріндегі аға буын және талантын үлгі тұтатын ақын інілерінің арнау өлеңдерін ұсынғанды жөн көрдік. Ізім қалды-ау өзіңде, Ауғанстан Батырлардай қолына найза алысқан, Балғын едім аңсайтын айды алыстан. Аяушылық қайда деп айта көрме, Жаны күйген адамда қайдағы ұстам. Жырмен қалай ой салмай отырайын, Кетпей қойса елестеп тауда дұшпан. Іздеп әуре болмай-ақ жауды алыстан, Ізім қалды-ау өзіңде, Ауғанстан. Усойқы ойдан ұшынса ұшынған жан, Мұрша бар ма? Мұны ойлап қысылғаннан. Бір халықты айдап сап бір халыққа, Қызылдарға не шара қысымға алған. Ожданыңның орыны олқы тұрар, Омырауға орденін ұсынғанмен. Әттең, орны толмайтын өкініш сол, Мұсылмандар айқасты-ау мұсылманмен. Батыр таппай баһадүр алашымнан, Орыстардың онда да бағы ашылған. Қазақ батыр болмауын қадағалап, Жол бермеуге жан салып аласұрған. Көгенкөзді көккөздер көп түртетін, Солар жаудың алғандай. жағасынан Басқа ұлттың баласы болғандықтан, Ерлігі де Баукеңнің зорға ашылған. Шабуыл (елес) Жауған оқтың қайсысы екен менікі, Әрбір оққа бір-бір тағдыр байланған. Оқыс жерден орындалар ол үкім, Қаңғып келіп қадалғанда маңдайдан. Жауған оқтың менікі екен қайсысы, Айқыш-ұйқыш жарқ-жұрқ еткен алдымнан. Әрбір оқта ата-анаңның қайғысы, Тілеп жүрген тілеуіңді тағдырдан. Күдік күнде қалжыңдасар менімен, Ажалменен шыққан сайын бетпе-бет. Көктеп өтсең өттің жаудың шебінен, Өте алмасаң, көбеңнен оқ көктемек. Мүрдем кетсем мейлі мүлде мақұлмын, Шегінерге жарты қарыс жер қалмай. Жер баспай-ақ ұшып келе жатырмын, Мәмбет батыр қолтығымнан алғандай. Шурави Қазақ едім шыққанда туған үйден, Ауған асып айналдым шуравиге. Қара орыс деп қарады олар бізге, Шындық еді шыңғырған бұл да әрине. Сәлдесіне қарамай, кәллесіне, Жауға қарай жұмсадық барды өшіге. Молдаларды қойдай қу деп үйреткен, Қызылдардың қылығы мәңгі есімде. Мәңгүрт едім. Көктемім гүлсіз менің, Оным да рас, дым білмес дінсіз едім. «Абылайлау» орнына «Ураладым», Қаныңда жоқ қайтесің үнсіз өлім. Қаперіме кірмепті кәпір деген, Оқпен бірге дұшпанға атылды өлең. Нысанамды таппаппын енді білдім, Найсаптығым шатасып батырменен. (Кеңес әскерлерін ауғандықтар «Шурави» деп атаған) Түлектерге тілек Көгершіндей отырған дүр еткелі, Сәт сапар! Тәуелсіз ел түлектері, Алдарыңда сендердің әлі талай Асу бермес өмірдің тұр өткелі. Алдарыңда өмір тұр жаңа арналы, Соқпақтар тұр тұс-тұсқа таралғалы. Жанарлары жәудіреп тосып отыр, Көк байрақты еліңнің көп арманы. Тосып отыр еліңнің бау-бақтары, Көл, батпағы, кенге бай тау қатпары. Күтіп отыр сендерге сенім артып, Шөл далалар жөңкілген қаңбақтары. Алдарыңнан қол бұлғап тылсымдарың, Алыстарға ұшқалы тұрсың бәрің, Жырсың бәрің дәл бүгін жырланатын, Күмбірлетіп сезімнің қыл сымдарын. Дайындаған  Динара Мыңжасарқызы  

Мектеп аты Әзімбекке берілсе

  Газетіміздің редакциясына бір топ ұстаздан хат келді. Олар – Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Шахан ауылындағы Чапаев орта мектебінің ұстаздары. Хаттың қысқаша мазмұны былай. «Айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиев туған ауылдан үшбу хат жолдап отырмыз. Ол осы Чапаев орта мектебінде білім алған қарадомалақ бала еді. Білім мен өнерге құштар баланың алғырлығы әлі көз алдымызда. 1980 жылы бітірген түлектердің ішінде оқ бойы озық тұратын Әзімбектің орны ерекше. Өмірден озғаннан кейін ауылдас, сыныптас дос­тары, атап айтқанда, лауазымды қызметте жүрген досы Әміров Досжан мектеп шаңырағында жыр мүшәйрасы мен аудандық ақындар айтысын өткізуге қолұшын берді. Содан бері Әзімбекке арналған іс-шаралар әлі күнге дейін жалғасын табуда. 2010 жылы Байзақ ауданының орталығынан көше берілді. Ауылдың атын асқақтатқан ақынның өмірден өткеніне де 10 жылдан асып кетіпті. Біздің ендігі арман-тілегіміз – Әзімбек білім алған мектеп ақынның атымен аталса екен. Өйткені ол мектеп әлі күнге біздің ауылға еш қатысы жоқ қызыл командир Чапаевтың атында. Облыс әкімшілігі осы ұсынысымызды жерге қалдырмас деген ойымыз бар».  
Роза Айнақұлова, мұғалім
 
Әлім Мадишев, мұғалім
 
Әділ Қаратаев, жұмысшы
 
Бұдан өзге 10 шақты адам қол қойған. 
 
 
Еске алу
Көңілді көктем еткен әзілдері, Ішінде інілердің қадірлі еді. Айтыстың айдынында еркін жүзген, Тараздың тұлпар тұяқ Әзімбегі. Қуат ап баталы жұрт тілегінен, Жақұттай жырын төкті жүрегінен. Ауғаннан аман келген асау ақын, Айтысқа шықты ұшқыр жыр оғымен. Азамат жүгінетін арға кілең, Үйлесіп селдей жыры арманымен, Айтыста қарсыласты қайтаратын, Сөзінің сүріндіріп салмағымен. Білмейтін ақиқаттан басқа ұран, Тұяғын соққандай бір тасқа құлан, Әзімбек-бейне жұлдыз абайсызда Айтыстың ағып түскен аспанынан. Мейірім мекендеген жүзі бар-ды, Айрылып ақиықтан түзі қалды, Айтыстың тарихында таңбаланып, Өшпестей өрнектеген ізі қалды.
Әсия Беркенова, 
Қазақстанның халық ақыны
Әзімбектер шыққан соң керуеннен… Әйгілі едің алашқа Әзімбекжан, Сырт айналды сенен де сағым жалған. Талай жампоз, жазмышқа шара таппай, Бәйтеректей жай түскен жазым болған. Аман қайтып Ауғандай жырақ елден, Жыр бәйгеге қосылдың құба белден. Кеше маған әпкелеп айтысам деп, Ертеңіне жеңгелеп шыға келген. Жеңешелеп сонда бір желпілдеді, Топтан озған тайлақтай елпілдеді. Қанбазардай қайнатып көрерменді, Арқаланып еркелеп, еркіндеді. Самғау болды сол айтыс қыран ұлға, Айтыскердің бақыты сыңарында. Қайталанбас, қия алмас сол сәттерден, Қоңыр дауыс қалыпты құлағымда.
 
Әселхан Қалыбекова, 
 
Қазақстанның халық ақыны 
 
Айтыстың аққан жұлдызы
Жігітті талантына сай түстеген, Өнердің бір биігі айтыс деген. Ақын ба көздерінен шоқ төгіліп, Жарқылдап әр сөзінен жай түспеген. Айтыста өлең сұлу өрілетін, Төрінен сахнаның төгілетін. Ішінен жүз ақынның бір жігіттің, Төбесі биік болып көрінетін. Кеудесі маржан сөзге толатұғын, Қырандай биіктерді шолатұғын, Есімі елі сүйген сол ақынның, Әзімбек Жанқұлиев болатұғын. Көпшілік қошеметтеп қарсы алатын, Сүйсініп өнеріне тамсанатын. Қайырса қайырмасын «Ига-гаймен», Қоғадай жапырылып қол соғатын. Кенішін қара өлеңнің қазған еді, Жанарда жігер оты маздар еді. Айтыста Әселханды көтерем деп, Штангист болып кете жаздап еді. Жырменен елдің талай тойын бастап, Түйдектеп жеткізетін ойын да асқақ. Ауғаннан келе сала кірді айтысқа, Мылтығын домбыраға айырбастап. Бәрін де айтыс жаққа бұра бермей Саналды ұлт өнеріне мұрагердей, Ауғанның соғысынан аман келіп, Мерт болды бәйге жолда Құлагердей. Түбіне жүрегінің толып арман, Халқының сүйіктісі болып алған. Айтыстың аспанынан аққан жұлдыз, Өнерде құс жолындай жолы қалған. Қашанда ірілерді ірі дейік, Өлмейтін жыры қалса, тірі дейік. Қазақтың айтысында Әзімбектің, Мәңгілік қалды орны үңірейіп.
Қонысбай Әбіл, 
 
Қазақстанның халық ақыны