Әлихан Бөкейхановтың туғанына – 148 жыл
Әлихан Бөкейхановтың туғанына – 148 жыл
Кеше, яғни наурыздың 5-і – «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 148 жыл. Бар ғұмырын Алаш ұрпағының тәуелсіздігіне арнаған арыс «қызыл террордың» құрбаны болды. Сонау ел басына күн туған алмағайып заманда репрессияға алдымен ұшыраған ардақты азаматтың бірі.
Ә.Бөкейханов 1906 жылы Ресейдің І Думасына депутат болып сайланады. Патша Думаны шұғыл таратқан соң, оның депутаттары Финляндияның Выборг қаласына жиналып, халыққа үндеу жариялаған. Сол үндеуді жариялағандардың бірі ретінде Ә.Бөкейхановты Патша өкіметі әуелі қамап, сосын Омбы қаласынан Самараға жер аударған. Ә.Бөкейханов Самарада 1917 жылға дейін тұрды. Сол жылдары Кадет партиясы Орталық комитетінің, партияның Самара губерниясы комитетінің мүшесі болған.
«Бұрын қазақ бөтен жұртты шабамын деп жорыққа аттанса, хан сайласа жиылатын еді. Бұл екі себеп орыс патшалығы панасына кірген соң жоққа шықты. Бөтен жұрт шабам десе де, пәлен төрені хан қоямын десе де, бұл жиылысқа келген ақсақалдар, билер съезде не қылатынын үйде анықтап, илеп, пісіріп келетін. Бұл жиылысқа келген ақсақалдар, билер елінің мынаны қыл деген сөзін ұстап келетін. Осы күнгі сөзбен жазсақ, бұл жиылысқа келген ақсақал, билер, ел сайлап жіберген депутаты болатын», – дейді Ә.Бөкейханов.
Әлихан Бөкейхановтың бар өмірі Қазақты тәуелсіз елге айналдыру жолындағы күресте өткен. Кеңестік империя «Алашорда» үкіметінің әрекетінен қатты сескеніп, саяси элитаға тыныштық бермеді. Әсіресе «Қазақ» газетінде «Қыр баласы» атымен танылған қайраткер 1922 жылдан бері Мәскеудің қадағалауынан бір құтылған емес. Оған түрлі жала жабылды. «Тыңшы», «сатқын» деді. Ақыры Әлихан Бөкейхановқа туған жеріне келуге тыйым салған. Содан бері ол Мәскеудегі үйде тұрды. Соңғы 15 жыл ғұмыры да Кисиловский көшесіндегі қуықтай пәтерде өтіпті.
Бұл тұрғыда тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді: «Әлекеңмен Ахмет сөйлескенде, Байтұрсыновпен сол кезде не сөйлестіңіздер дегендей айтады. Кеңес үкіметіне қарағанда Патша үкіметі жақсы екен дейді. Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берді деп айтады. Ал Кеңес үкіметі олардың басын жұтты деген» дейді. Осылайша Алашорданың барлық өкілдерімен бірге Әлихан Бөкейханов та Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылып, көп ұзамай атылды. Марқұмның бүгінге дейін қайда жерленгені белгісіз. Тарихшылар патша үкіметінен бастап, Кеңес билігіне дейін осы “Қыр баласынан” тірі кезінде қаншалықты қорықса, өлгеннен кейін де соншалықты үрейленген дейді. «Алашорда» иедеясын насихаттау нашар. Кезінде Кеңестік билік не істеді, көшенің аттарының бәрін большевиктерге берді. Комунистерге ескерткіш қойды. Идеология солай жүргізілді. Ал енді қазір дербес мемлекет болған кезде, неге біз сондай әрекеттерге бармаймыз?», – деп ашынады тарихшы Мәмбет Қойгелді.
Айта кету керек, Тәуелсіздіктің 22 жылдығында Әлихан Бөкейхановтың ерлігін, азаматтығын көрсететін «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильм жарыққа шыққан. «Медиа Астана» продюсерлік орталығы түсірген деректі фильм идеясының авторы, продюсері және режиссері – Берік Уәли. Сценариін жазған – Серік Жолдасбай.
Бүгін Е.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алаш арысы – Әлихан Бөкейхановтың 148 жылдығына арналған ғылыми конференция өтеді. Конференция соңына қарай «Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 9 томдық жинағы – Собрание сочинений в 9 томах» жинағының тұсауы кесілмек.
Динара Дүрмән