Майра Аманова, теміржонушы: АУЫЛДА ҮЛКЕН ТОЙ БОЛАЙЫН ДЕП ТҰР
Майра Аманова, теміржонушы: АУЫЛДА ҮЛКЕН ТОЙ БОЛАЙЫН ДЕП ТҰР
Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін беріп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге анадан тарайды екен. Ал баласы үшін анасы бармайтын құрбандық бар ма?
Отбасының игілігі үшін ауыр еңбекті таңдап, осы жолда табандай 25 жыл тер төгіп жүрген Майра Тажмұқанқызының өмірі тіптен қызық. Құрыш білекті ана жастайынан теміржонушы мамандығының майын ішіп келеді. Ол әйелдер үшін кез келген жұмыстың қиындығы да, ауырлығы да жоқ екенін ерекше мақтанышпен айтады. Еңбегінің жемісін көріп келе жатқан Майра Тажмұқанқызы 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, ертең Елордада өтетін салтанатты шараға қатысып, Елбасымен бетпе-бет жүздеседі. Біз де әдемі көңіл-күйде жүрген ананы мерекесімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
Аналық міндетіме
адалмын
– Майра апай, аналар мейрамы құтты болсын! Мерекелік көңіл-күйіңіз қалай?
– Бірге болсын, рахмет! Астанада Елбасымен кездесу сәтін тағатсыздана күтудемін. Бұл мен үшін үлкен сый, бақыт десем болады. Таңның атысынан күннің батысына дейін қара жұмыстан қолы тимейтін біз секілді нәзікжандыларға бір уақыт көңіл бөліп, мерейін асыру кәдімгідей марқайтып тастайды екен. Отбасым да ерекше қуанышпен Астанаға шығарып салды. Олар менің бақытты жүзімді көруге асығып отырған шығар. Себебі, еліміз бойынша таңдаулы қыз-келіншектер және аналармен бірге Елбасымен жүздесу екінің бірінің басына бұйырмаған бақ деп ойлаймын.
– Әрине, мерейіңіз үстем болсын! Апай, сіз таңдаған мамандықты абыроймен атқару оңай емес. Темір жонушы мамандығын таңдауыңызға не себеп?
– Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келдім. Мектепті 1986 жылы бітіріп, сол білім мекемесінде дене шынықтырудан сабақ бердім. Спортқа бала кезден әуеспін. Бесінші сыныптан бастап, бүгінге дейін волейбол ойнаймын. Қыздар командасының капитанымын. Біз қарапайым отбасында өмір сүрдік. Әкем менің 4 жасымда өмірден өткен екен. Содан анамызға жанымыз ашып, үй шаруасына қарасамыз деп, алысқа да ұзамадық. Қара шаруаны жасаудан арланбадық. Бір-бірімізді сүйреп, бас-көз болдық. Жесір қалған анам ештеңеден тарықтырмай бізді осы күнге жеткізді. Сөйтіп жүргенде інім теміржонушылар дайындайтын кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, бітіріп шықты. Көп ұзамай ол жұмысқа сәтті орналасып кетті. Демалыс күндері неше түрлі бұйымдар жасайтын. Түрлі тетіктер, кілт, жылу құбырына пайдаланатын заттардың бәрін керемет істейді. Оның жасаған дүниелеріне қатты қызығып жүрдім. Бір жылдан кейін, яғни 1988 жылы өзім де сол училищені тәмамдадым. Қазір жемісін көріп отырмын. Інім жасаған нәрсенің бәрін оңай-ақ үйреніп алдым. Көз тимесін, інім екеуміз 1989 жылдан бері «Жылыой» мұнай-газ өндіру басқармасының құралдарды жөндеу және пайдалану қосалқы цехында теміржонушы болып абыроймен жұмыс істеп келеміз.
– Қалай ойлайсыз, бұл мамандық әйел адамға қол ма?
– Білмеймін, көп адам таңғалып жатады. Нәзікжандыларға ауыр, денсаулығына қауіпті ғой дейді. Өзіме өте қызықты. Анамның, не болмаса туыстарымның айтуымен оқыған жоқпын. Қатты ұнаған соң таңдадым. Бәлкім, туған жеріміз мұнайлы өлке болғандықтан да, соған лайықты мамандыққа баратын шығармыз. Бірақ бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Әуелгіде күйеуім де: «Ер азаматтың жұмысын неге таңдағансың? Неге мұғалім не дәрігер болмадың?» деп жиі сұрайтын. Уақыт өте келе үйреніп кетті. Ешқандай да қарсы болған жоқ. Себебі, бұл салада жұмыс істеу қызық. Үйге келіп, «шаршадым, шалдықтым» демеймін. Ең бастысы, отбасында аналық, әйелдік міндетімді атқарып жүрмін. Балаларды балабақшадан, сабақтан қалдырмаймын. Бәріне үлгеремін. Үйге келіп, тамақ істеймін, балалардың кір-пірін жуамын. Күйеуім – электрик. Вахталық әдіспен он бес күнге жұмысқа кетіп қалады. Соған қарамастан еш қиналған жоқпын.
– Айтыңызшы, өзіңіз қызыңыздың теміржонушы болғанын қалайсыз ба?
– Құдай берген төрт балам бар. Үлкен ұлым – Атырау мұнай-газ институтын бітірді. Қызым медициналық колледжде оқиды. Кішкентайларым мектеп пен балабақшада. Шынымды айтсам, қызымның жолымды қуғанын қаламаймын. Неге десеңіз, қазір заманның көшіне байланысты мамандықтың түрі көп. Жаңа технологиялық үрдіс даму үстінде. Қарап тұрсам, цехта жұмыс істейтіндер өзім құралыптас екен. Бізден кейін жұмысқа темір жонатын қыздар келмеді. Оның үстіне үйге шаршап келсем, балаларым: «Түу, анашым, қашанғы май-май болып жүресіз. Мына жұмысыңыз әбден шаршатты ғой», – деп бәйек болады. Өздерінше маған жаны ашиды. Әрине, еңбектің жеңілі жоқ.
– Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
– 25 жыл еңбек өтілімде талай белесті бағындырдым. Уақыттың қалай зымырап кеткенін білмеймін. Мерекелік шараларды жүргіземін, ән айтамын. Теміржонушы екенмін деп өмірден қалыс қалып жатқан жерім жоқ. Спортпен шұғылданғаным үшін түрлі марапаттауларға ие болдым. Әсіресе, әйелдер жағы аналар мерекесі мен мұнайшылар күнінде құралақан қалмаймыз.
– Елбасымен кездесуге дайындығыңыз қалай? Көңіліңіз өрекпіп, жүрегіңіз лүпілдеп жүрген шығар…
– 5 наурызда туған күнім өтті. Елбасымен кездесу жеке қуанышыммен сәйкес келіп отыр. Министрліктен біздің ұжымға хабарласып, менің келуімді сұрапты. Жүрегім алып-ұшып Астанаға ұшып келдім. Көңіл-күйім күшті. Бұйырса, сөз тисе еліме, мемлекетіме, туған жеріме алғысымды білдіремін деген үмітім бар. Ауылға барғасын үлкен той болайын деп тұр (күледі). Көрші-қолаң, ағайын-туыс Елбасымен кездескен сәтімді сұрауға асық. Таңнан кешке дейін темірдің айналасында жүретін мен үшін бұл –үлкен абырой!
Барша аналарды, қыз-келіншектерді аяулы, шуақты мерекесімен құттықтаймын! Еңбекте табысты, отбасында берекелі болсын! Өз баласының бағы үшін өзін ұмытып, барлық күш-жігерін сарқа жұмсайтын аналар аман жүрсін!
Әңгімелескен
Динара Мыңжасарқызы