Әлем таныған тұлғалар: КЛАРА ЦЕТКИН

Әлем таныған тұлғалар: КЛАРА ЦЕТКИН

Әлем таныған тұлғалар: КЛАРА ЦЕТКИН
ашық дереккөзі

Клара Эйсснер 1857 жылы 5 шілдеде саксондық Видерау қаласындағы шіркеу мектебі мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Ол Лейпцигтегі мұғалімдер даярлайтын мекемеде орта білім алды.  

Сол жерде Ресейден келген студент-эмигранттармен танысып, революциялық ұйымдардың  арасында болды. Студенттер ішінде оның болашақ күйеуі Осип Цеткин де бар еді. 

Отто фон Бисмарктің социалистерге қарсы заңынан кейін Клара Цеткиннің Германияда тұруы қиындап кеткен. Алғашқыда Цюрихке, содан кейін Австрия мен Италияға қоныс аударды. Онда да көп тұрақтаған жоқ. 1882 жылы Германиядан қуылған Осип Цеткин тұрған Парижге барып табан тіреді. Олар Монмартрда шағын пәтерді жалдап тұрған. Сол жылдың қараша айын­да ол өзінің қыз кезіндегі фамилиясын Цеткинге ауыстырды. Клара  Максим және Конс­тантин атты екі баланы өмірге әкелді. Тұрмыстары айтарлықтай жақсы болған жоқ. Жоқшылықтың азабын көп көрді. Осип солшылдық бағыттағылардың газеттеріне мақалалар жазып, болмашы қаламақы алады. Ал Клара мектеп балаларына сабақ беріп, қолы жұмыстан қалт еткенде шонжарлардың кірлерін жуып күнелтуіне тура келді. Алайда ол революциялық бағытынан тайған емес. Пролетариат көсемі Маркстің қызы Лауры Лафаргпен жақын араласып, революциялық қайраткерлік істерін жалғастыра берді. Ол сонымен бірге Франциядағы революциялық қозғалыстың көсемі Жюл Гедпен де тығыз қарым-қатынаста еді. Солар арқылы ол өзінің теориялық білімін жетілдірумен болды. 

1889 жылы Осип Цеткин туберкулез ауруынан өмірден озған. Клара 1890 жылы Отта фон Бисмарктің әлгі заңы қолданыстан шыққан соң ғана Германияға оралды. Онда ол жақын құрбысы Роза Люксембург секілді Германия социал-демократиялық партиясы қатарына өтіп, Эдуард Бернштейннің реформаторлық көзқарастағы саяси бағытын ұстанушыларды өткір сынға алған. Ең бас­тысы, ол әйелдер құқығының ер азаматтармен теңдей болуы үшін талай рет теориялық айтыс-тартыста өзінің өзгелерге өтімді сөздерін айта білді. Сондай-ақ әйелдерге  еңбек заңдылықтарында жеңілдіктер жасалуын әрі жалпыға бірдей сайлау құқығы берілуін талап етті.

Клара Цеткин өз партиясы шыға­рып тұратын «Равенство» газетінің редакторлығына тағайындалысымен, қаржы жағынан тапшылық көрмеу үшін электротехникалық концерннің негізін салған Роберт Бошты өзіне тартты. Клара он алты жылға созылған редакторлық қызметі кезінде Германиядағы әйелдердің социал-демократиялық қозғалысын Еуропадағы ең күшті саяси ұйымға айналдырды. 

Клара 1897 жылы қырық жасқа толған кезде Суретшілер көркем академиясының студенті Георг Фридрих Цундельді ұнатып қалады. Ол Кларадан 18 жас кіші еді. Олар көп кешікпей бастарын қосып, отау тікті. Цундель талантының арқасында бірнеше портреттік жанрдағы суреттерін жоғары бағаға сатып, 1904 жылы Штудгард маңындағы Силленбухтан үлкен үй сатып алды. Кезінде бұл үйде Владимир Ленин де тұрып, үлкен терезелерінен сырттағы табиғатты тамашалап отырған екен. Араға екі жыл салып ерлі-зайыптылардың жеңіл көлікке де қолдары жеткен. 

Клара Цеткиннің бастамасымен 1907 жылы бірінші Халықаралық әйелдер конференциясы ұйымдастырылды. Ал 1910 жылы Копенгагенде өткен әйел-социалистердің халықаралық конференция­сында оның ұсынысы бойынша 8 наурызды «халықаралық әйелер күні» деп атауға шешім шығарылды. Алайда Георг екеуінің бірінші дүниежүзілік соғысқа көзқарастары әртүрлі болғандықтан 1914 жылы олардың жолдары екі айрылған. Саяси жиындарда Клара Цеткин империалистік соғысқа қарсылығын білдірумен болды. Ал Георг керісінше соғыс майданына баратын армия қатарына еріктілер түрінде жазылған. Клара оған ұзақ жылдар бойына ажырасу жөнінде ықыласын берген жоқ. Тек 1928 жылы жетпіс бірге толған кезінде ғана ресми түрде ажырасу құжаттарына қол қойды. Георг сол жылы көптен өзі қалап жүрген Пауле Бошқа үйленген. 

Клара Цеткиннің 22 жасар ұлы Константин 36 жастағы Роза Люксембургті ұнатып, бірге тұрып жатады. Осы үшін Клара Розамен біріз уақыт ренжісіп те жүрді. Георг пен Клара некеден ажырасқан кезде, Константин мен Роза да ажырасып, ортақ қайғы екеуін қайта табыстырған. 

Клара Цеткин 1907 жылы Германия социал-демократия партиясы жанынан құрылған әйелдер бөлімін басқарды.  1915 жылы Берлинде өткен империалистік соғысқа қарсы конференцияны ұйымдастырғаны үшін оған бірнеше рет тұтқындалу қаупі төнді. 

1919 жылы 1 қаңтарда Германия Коммунистік партиясы құрылды. Клара Цеткин пролетариат көсемі Ленин мен оның жары Крупскаямен бұрыннан жақсы таныс еді. Ол 1920 жылы Кеңестік Ресейде болып, Лениннен әйелдер мәселесі жөнінде сұхбат алады. Содан кейін де Ленинмен талай рет кездесіп, пікір алысқан. 1919-1924 және 1927-1929 жылдары Германия Коммунистік партиясы ОК-нің құрамында жұмыс істеді. Сондай-ақ ол 1921-1933 жылдары Коминтерннің Атқару комитетінде халықаралық әйелдер секретариатын басқарған. Қала берді оған 1922 жылы құрылған Халықаралық революция күрескерлеріне көмек ұйымының мүшесі ретінде жауапты міндеттер де жүктелді. Коминтерннің бірнеше конгрестеріне қатысып, фашизмді тұрақты түрде сынға алып отырған. Оның көп жылдары Ресейде өтті. 

1932 жылы Германияға келіп, жаңадан ғана сайланған Рейхстагтың алғашқы мәжілісінде төрағалардың бірі бола отырып, нацизмге қарсы өзінің бар күші мен мүмкіндіктерін пайдаланып бақты. Ол: «Мен Рейхстагтың бірінші мәжілісін аша отырып, өз парызымды орындауға барымды саламын. Қазіргі жағдайымдағы мүгедектігіме қарамастан көсем ретінде болашақ советтік Германияның Советтер съезінің алғашқы мәжілісін де ашамын деген үмітім бар. Соған дейін өмір сүретініме сенімдімін», – дей келіп, елдің барлық саяси ұйымдарын фашизмге жол бермеуге шақырды. 

Үкімет басына Гитлер келіп, Рейхстаг өртелген соң Германияда солшыл партияға тыйым салынған. Клара Цеткин қуғынға ұшырап, Кеңестер Одағына кетуге мәжбүр болды. Ол 1933 жылы 20 маусымда Архангельскі қаласында өмірден өтті. Өмірінің соңғы күндері сөйлеу өте қиынға түскен. Ұдайы Роза Люксембургті есіне алумен күн өткізіп жатып, оның ең соңғы сөзі «Роза…» болды.  

                                                     

Дайындаған Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ