«СІЗБЕН СОСЫН СӨЙЛЕСЕМІЗ»

«СІЗБЕН СОСЫН СӨЙЛЕСЕМІЗ»

«СІЗБЕН СОСЫН СӨЙЛЕСЕМІЗ»
ашық дереккөзі

Саясат сахнасындағылардың назары Симферопольге ауды. Қырым – екі елдің арасындағы бұрыннан келе жатқан жер дауы ғана емес, енді ол ғаламдық геосаясаттың құралына (әлде ойыншығына) айналды. Аузы дуалы саналғанның бәрі Украинадағы ахуалға байланысты ой айтып, көзқарас білдіріп жатыр. Жаһанданудың бір артықшылығы да осы – бұрын Жер шарының бір түкпірінде болып жатқан оқиға тек географиялық, яғни территориялық-аймақтық сипатқа ие болса, қазір ғаламдық ортақ ақпараттық кеңістік және әлемдік сауда-экономикалық сабақтастық тұрғысынан қарастырылады. Ғаламтор ешбір жағдайды жасырып-жабуға болмайтындай жағдай туғызды. Енді құрсаулау мен бүркемелеу арқылы шындықты жасырып тұру мүмкін емес.

Украинадағы Қырым түйткілі әлемдік геосаясаттағы Ресейдің роліне әсер етуі мүмкін. Кремль бұған дейін ешкіммен ақылдаспай, бұрынғы кеңестік кеңістікте өз бетінше әрекет етіп келсе, енді бұрынғының көзден бұл-бұл ұшқанын мойындауы тиіс. Сейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин шетелдік және жергілікті ақпарат құралдары өкілдерін Ново-Огарево резиденциясына жинап алып, Қырым мәселесіне қатысты өз ұстанымын ашық айтуға мәжбүр болды. Мәжбүрлік емей немене, қырықтан астам сұраққа жауап беру үстінде Путин Ресейдің Қырымды Украинадан бөліп алу ниеті жоқ екенін айтып, ақталумен болды.

Путиннің бұл жолғы журналис­термен кездесуін баспасөз мәслихаты деп қана емес, сұхбат-монолог деп те атауға болар. Тақырып біреу – Украина болғандықтан, барлық сұрақтар осы елдегі жағдайға байланысты қойылды. Путин әуелі алты сұрақты тыңдап алып, оларға ұзын-сонар жауабын берді. Президенттің монологы алдын-ала жазылып, дайындалып, сұрыпқа түскендігі де түсінікті.

Әуелі Кремльдің Украинадағы саяси жағдайға деген ресми ұстанымы туралы. «Оған берілетін баға біреу-ақ, – деді Путин, – бұл антиконституциялық төңкеріс және билікті күшпен басып алу. Оған ешкім дауласпайды».

Путин соңғы кезде телефон арқылы Украина мәселесін көп талқылағанын айтып қалды. 

Ақ Үйден жеткен ресми хабарға қарағанда, Обама мен Путиннің әңгімесі 90 минутқа созылған. «Президент Обама Ресей тарапынан Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын одан әрі бұзу әрекеттерінің жасалуы Ресейдің халықаралық қауымдастықтағы жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтты» делінген Ақ Үй хабарламасында. Бұдан әрі АҚШ-тың мау­сым айында Сочиде өтетін Үлкен сегіздік саммитіне қатысуға дайындық шараларын тоқтатқаны айтылған. «Ресейдің халықаралық құқық нормаларын одан әрі бұзуы оның елеулі саяси әрі экономикалық изоляцияға түсуіне әкеледі» делінген хабарламада. 

Сондай-ақ Украина мәселесіне қатысты Путинмен телефон арқылы БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Муннің, Еуропалық кеңестің төрағасы Херман Ван Ромпейдің, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмеронның, Германия канцлері Ангела Меркельдің, Франция президенті Франсуа Олландтың сөйлескені белгілі. 

Путин геосаясаттағы әріптестері туралы былай деді: «Біздің әріптестеріміз, әсіресе, Құрама Штаттардағы әріптестер, әрқашан өздерінің геосаяси және мемлекеттік мүдделерін нақтылап, пысықтап алады, оған табандылық танытады, сосын «Кім бізбен бірге болмаса, онда бізге қас» деген ұстаныммен – барша әлемді өз дегеніне иліктіреді. Ал кім илікпесе, оны бірден мүйіздей бастайды, ақыр аяғында, әдетте, әбден мүйіздеп тастайды». 

Путин Ресейге қарсы айтылған ескертулерге қарсы ескерту жасады. «Санкцияларға қатысты. Мұндай санкциялардың салдары туралы ең әуелі оны енгізетіндер ойлауы тиіс. Меніңше, қазіргі кезде, яғни бәрі бір-бірімен тығыз байланысты әрі бір-біріне тәуелді болған әлемде, әрине, бір-біріне қандай да бір зиян тигізуге болады, бірақ бұл өзара келетін зиян болмақ, олар бұл туралы да ойлануы керек», – деді ол. 

Әйтсе де, АҚШ пен кейбір батыс мемлекет басшыларының Үлкен Сегіздік саммитіне келмей қалу қаупіне берген Путиннің жауабы кәмпитке өкпелеген баланың сөзіндей естілді. «Біз «Сегіздікке» дайындалып жатырмыз, біз әріптестерімізді күтіп алуға дайын боламыз. Ал олар келгісі келмесе – келмей-ақ қойсын», – деді Путин.

Путинге бұл жолы бір ғана тақырыпқа шамамен 45 сұрақ қойылған. Бірақ Кремль басшысының жауаптарында қойылған сұрақтар да аз емес. Путин жасаған мәлімдемелерде «Неге? Не үшін?» деген мазмұндағы сұрау есімдіктері өріп жүр. Құдды Ресей президенті әлдекімге көкейіндегі күдікті айтып, арылғысы келгендей…

Мысалы, баспасөз мәслихаты кезінде Путин «Не үшін?» («Зачем?») деген сұрақты 8 (!) рет қойған. Осы әңгіме-дүкен барысында ол «Неге?» («Почему?») деп 4 рет, «Не үшін?» («За что?») деп бір рет сұраған.

Путиннің ең өткір сұрағының бірі – «Мені осы сұрақ мазалайды: не үшін? Мен түсінгім келеді: мұндай әрекет не үшін істелді?» («Ведь я задаюсь этим вопросом: для чего? Я хочу понять, зачем это сделано?»).

Шындығында, Путиннің сегіз рет «Не үшін?» деген сұрағы бір ғана мазмұнға саяды: Біреулерді тұқыртып, өз күшін көрсеткісі келді ме? Меніңше, бұл ақымақтың тірлігі. Олар өздері күтпеген нәтижеге тап болған сияқты, себебі осындай әрекеттермен Украинаның шығысы мен оңтүстік-шығысын тітіретті».

Путин Украинадағы жағдайдың алғышарттары туралы алдын-ала дайындап әкелген жауабын былай деп жеткізді: «Меніңше, мұндай революциялық жағдай баяғыда-ақ, Украина тәуелсіздік алған алғашқы күндері-ақ қалыптасқан еді. Қарапайым украиндық азамат, қарапайым украиндық мұжық Қанішер Николай кезінде де, Кравчук кезінде де, Ющенко кезінде де, Янукович кезінде де азап шеккен. Жақсарған ештеңе жоқ, ешқандай өзгеріс жоқ… Жалпысын алғанда, халық, әрине өзгерістерді тіледі, бірақ заңсыз өзгерістерге жол беруге болмайды».

Путиннің Украинадағы жағдайға байланыс­ты жасаған талдауында екі елді салыстыру ниеті анық байқалды. Иә, Ресейде де жағдай қиын, бірақ Украинадағы жағдай одан да қиын дегенге саяды. 

Бір-екі мысал:

«Сыбайлас жемқорлықтың ушыққаны соншама, тіпті Ресейдің өзінде ондай көлемге жеткен емес. Белгілі бір адамдардың қатты ба-йып, қоғамда ыдыраудың пайда болуы, бізде де мұндай келеңсіздіктер бар екені белгілі, бірақ Украинада тіпті асқынып кеткен. Түсінесіздер ме, онда тіпті шектен шыққан» (Украинадағы сыбайлас жемқорлық туралы);

«Олар бір алаяқтардың орнына екінші бір алаяқтар мен қулар келетініне бой үйреткен» (Украинадағы саяси биліктің ауысуына қатысты);

«Ал аймақта тұратын адамдар, тіпті, аймақтық билікті сайлауға қатыспайды да. Бізде де аймақтағы билікке Президент ұсынған адамдарды әкелген жағдай болған, бірақ бізде жергілікті Кеңес оларды бекітетін еді, ал олар тікелей тағайындайды. Біз қазір сайлауды енгіздік, ал онда оның иісі де жоқ». (Украинадағы сайлау туралы);

«Бізде де, яғни Ресейде де түйткілдер көп, біздегі көп келеңсіздіктер ұқсағанымен, ондағыдай асқынған емес. Қараңызшы, Ресейде жан басына шаққандағы орташа табыс 29 700 рубль болса, Украинада рубльге шаққанда, меніңше, 11 900. Үш еседей аз. Біздегі орташа зейнетақы 10 700 рубль, ал Украинада рубльге шаққанда 5,5 мың рубль. Екі есе аз». (Екі елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы).

Яғни, Кремль бір жағынан, көрші болса да тәуелсіз, егемен мемлекеттің ішкі ісіне араласу әрекетін осылайша ақтаса, екінші жағынан өз азаматтарына «көршіге қарап, өз жағдайыңа шүкіршілік ет» деген мазмұнда үндеу жолдайтын сияқты. 

Путин Кремльдің ХХІ ғасырдағы идеологиясынан хабар берді. «Одан әрі. Мен сіздерге былай демекшімін: Украина – біздің жақын көршіміз ғана емес, шын мәнінде оны біз көршілес бауырлас республика деп санаймыз, осылай санағанбыз және осындай пікірде бола береміз де». 

Одан әрі Путин ақтала бастады. «Әскерді кіргізуге қатысты, әскерді пайдалануға қатысты. Әзірге оған қажеттілік жоқ. Бірақ ондай мүмкіндік бар. Айтпақшы, біз жақында өткізген әскери ойындардың Украинадағы оқиғаларға еш қатысы жоқ. Бұл шара әлдеқайда ертеректе жоспарланған болатын, бірақ хабарланбаған еді, себебі бұл әскери бөлімшелердің суыт жағдайға дайындығын тексереу мәселесі».

Путин болжам да айтты. «Қарулы Күштерді қолдануға не себеп болуы мүмкін? Ол, әрине, шектен шыққан жағдай, өте шетін жағдай. Біріншіден, легитимдікке қатысты. Бізде Украина президент Януковичтің, мен бұған дейін айтқандай, қазіргі және легитимді президентінің Украина азаматтарының өмірін, бостандығын және денсаулығын қорғау үшін Қарулы Күштерді қолдану туралы тікелей үндеуі бар екені сіздерге белгілі».

Путин сес көрсетті. «Енді Қырымға қаржылық көмек беруге қатысты. Бізден гуманитарлық көмек сұраған Қырымға қажетті көмек беру үшін Ресей Федерациясының аймақтарын ұйымдастыруға қатысты шешім қабылданғанын білесіздер. Әлбетте, біз көмек береміз. Қанша, қашан, қандай қаржы көздерінен екенін мен айта алмаймын, онымен Үкімет айналысып жатыр». 

Дегенмен, Путин қатесін мойындады. «Тағы да бір ой айтқым келеді. Әрине, менің қазір айтпағым, менің құзырыма еш кірмейді, біз аралас­паймыз да. Бірақ, біздің ойымызша, Украинаның барлық азаматтарына, олардың тұрғылықты мекеніне қарамастан, осы мемлекеттің өміріне қатысуға және оның болашағын айқындауға атсалысуға жалпыға бірдей құқық берілуі керек». 

Ақыры Путин өзінің кейбір сұрақтарына өзі жауап берді. «Бүгінгі билік заңды ма? Парламент – ішінара солай шығар, қалғанының бәрі – жоқ, заңды емес, ал президенттің міндетін атқарушыны заңды деп айтуға мүлде болмайды, онда ешқандай легитимдік жоқ. Заңды тұрғыда бір ғана легитимді президент бар. Әрине, оның қолында ешқандай билік жоқ. Бірақ мен бұл туралы бұған дейін айтқанмын, тағы да қайталайын: заңды тұрғыда жалғыз легитимді президент, даусыз, Янукович қана». 

Жалпы, Украинадағы бүгінгі жағдайға қатысты Путиннің пікірі Виктор Януковичтің 28 ақпанда Ростов-на-Дону қаласында өткен баспасөз мәслихатында жасаған мәлімдемесімен мазмұндас. Тіпті, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.

21 ақпанда президент Янукович Польша, Германия, Францияның министрлерінің және Ресей президенті өкілінің қатысуымен оппозиция өкілдерімен келісімге қол қойған еді. Путиннің сөзімен айтқанда, «…Янукович өз билігін қолдан берді ғой. Ол оппозиция айтқан талаптарының бәріне келісті: ол парламенттің кезекті сайлауына келісті, ол президенттің кезектен тыс сайлауына келісті, ол оппозицияның талабы бойынша 2004 жылғы Конституцияға қайта оралуға келісті».

Яғни, Украинадағы жағдайды реттеу үшін 21 ақпанда жасалған келісімді орындау қажеттігі жөнінде Путин мен Януковичтің ұстанымы қарайлас. 

Екеуі де Януковичтің заңды президент екенін, оның Киевтен өз өміріне төнген қауіптен сақтану үшін кеткенін айтады.

Путин де, Янукович те (ауызша мәлімдемелеріне қарағанда) Қырымның Украина құрамында қалуын қолдайды. Әйтсе де, Януковичтің айтуынша, Ресей Украинада бейберекетсіздікті, террорды тоқтатуға араласуы тиіс. 

Баспасөз мәслихатында Виктор Янукович Киевтегі қазіргі билікте отырған адамдарды «ұлтшылдар, фашистік өскіндер» деп атаған болатын. 

Ал Путин осыдан кейін үш күннен соң «…Бізді ең қатты мазалайтын нәрсе не? Біз қазір Украинаның кейбір аймақтарында, оның ішінде Киевте де неонацистердің, ұлтшылдардың, антисемиттердің сайран салғанын көріп отырмыз… Осыларды көріп отырып, біз Украина азаматтарын алаңдататын не екенін түсінеміз – орыстарды да, украиндықтарды да, жалпы, Украинаның шығыс және оңтүстік аймақтарында тұратын орыстілді тұрғындарды да. Оларды осындай шектен шығу оқиғалары алаңдатады. Егер біз шығыс аймақтарда осындай шектен шығу оқиғалары болғанын көрсек, егер адамдар бізден көмек сұраса, ал қазіргі легитимді президенттің үндеуі бізде бар, сонда біз қолымыздағы бар күшті бұл азаматтарды қорғауға жұмсауға құқылымыз. Біз оны легитимді әрекет деп санаймыз. Бұл шетін жағдай болмақ», – деді. 

Симферопольден жеткен соңғы хабарларға қарағанда, Қырым Парламенті 25 мамырға автономияның құзіреттерін кеңейту жөнінде референдум өткізу туралы шешім шығарды. «Кеңейтілген автономия» туралы бұған дейін Янукович айтқан болатын. Сондай-ақ Қырым Парламенті Қырым Үкіметін отставкаға жіберді.

Ал Украинаның Орталық сайлау комиссиясы Қырымда референдум өткізуге құқықтық негіз жоқ деп мәлімдеді. Жалпы, 25 мамырда Украинада президент сайлауы мен Киев әкімшілігі басшысының сайлауы өтуі тиіс…

Гүлбиғаш ОМАР