ҒЫЛЫМДЫ ДА БАҒЫНДЫРҒАН АНАЛАР
ҒЫЛЫМДЫ ДА БАҒЫНДЫРҒАН АНАЛАР
Ұстаздың да ұстазы бар. Шәкірттің алғырлығы мен білімі де ұстаздан. Елімізде ұстаздардың өзін тәрбиелеп, болашақ оқытушыларына тәрбие, білім мен өнеге беруді үйрететін ұстаздар еңбегі елеусіз қала береді. Ал осы жолда ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылым жолын қоса таңдаған педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Т.Тәжібаев атындағы этнопедагогика және этнопсихология орталығының директоры Клара Қожахметова білім саласының жетістіктері мен зерттелмеген тұстарын тізбектеп берді.
– Біраз жыл бұрын ғылыми семинар өткізу үшін Сингапурге бардық. Мен баяндамамды оқыдым. Бұл семинарға дүниежүзі мемлекеттерінен көптеген оқытушылар жиналған еді. Бірінен соң бірі өз елінің білім саласындағы жаңалықтарымен бөлісіп жатты. Байқасам, көпшілігі ер адамдар. Олар да біздің делегацияға аң-таң. Қазақстанда, жалпы ТМД елдерінде оқытушылық, ұстаздық қызметте әйел адамдардың басымдығын білгенде шалқасынан түсе жаздады. «Сонда ер адамдар не істейді?» дейді. «Бізде ер адамдар – бастықтар» деп айттым. Қазақстанда мұғалімдердің 80 пайызы – әйелдер. Өйткені тәрбие кілті мен өмірге баулуды әр отбасында аналар жүргізеді ғой.
– «Болашақ» бағдарламасымен Ресейде білім алып қайттыңыз. Қазақстан білім саласында бірнеше реформалар мен секірістер болғаны белгілі, екі елдің оқыту әдістемесінде айырмашылық көп пе?
– Негізі әртүрлі ғалым болады: біреулері ғылымға қорғау үшін келеді, қорғап болған соң, ізденістері тоқтайды, тіпті мақала жазғысы да келмеуі мүмкін. Ал, ғылымның жолына тағдырын арнап келгендер өмір бойы осы бағытынан ауытқи алмайды. Оларға ғылымнан басқа мансап та, үлкен лауазымды қызмет те қызықсыз, уақытын босқа кетіретіндей көрінуі мүмкін. Білім беру саласына, тәрбие жұмыстарына қатысты көптеген бастамаларым, жазылатын кітаптарым жұмыстан қолым тимегендіктен, кейінге ысырылып қала беретін. Ғылыми тәлімнама – өмір бойы ізденісте жүрген ғалымдардың рухани сұранысы.
«Болашақ» бағдарламасы аясында жұмыс жасап жүрген, ізденетін ғалымдарға тәлімнамадан өтуге мүмкіндік беруі – шын мәнінде қамқорлық. Ол үшін біздің үкіметімізге алғысым шексіз. Айта кететін жайт, шетелге оқуға бару үшін ғалымдардың баратын бағыты елімізге аса қажетті, перспективасы жоғары болуы шарт. Біз де «Педагогикалық өлшемдер, квалиметрия. Білім беру саласын басқару» деген жаңа ғылым саласынан бардық. Айырмашылық бар, әрине. Қазақстан мәселен Болон жүйесіне көшуін аяқтап қалды десек, Ресей 12 жылдық білім беру, тестілеу сияқты жаңашылдықтарды кейінге қалдырып отыр.
– Қазір біздің ғылым саласында түбегейлі өзгеріс болып жатыр. Магистратура мен PhD докторантураның ғылыми үдеріске толық енуі біздің ғылымды қандай деңгейге көтереді, осы туралы жеке пікіріңіз қандай?
– Ғылымға немесе ғалымдар даярлау ісіне көңіл толмаушылықтар болса, оған да негіз бар. 2010 жыл бұрынғы талаппен ғылыми дәреже берудің соңғы жылы болғандықтан, арнайы рұқсатпен көптеп қорғатуға, көптеген оқу орындары өз мамандарын қорғатуға мүдделі болды. Ғылым деген науқаншылдықты көтермейді, оған жан-жақты дайындық керек. Соңғы кездері кейбір басқа салада жазылып жатқан ғылыми жұмыстарды шифры жоқ болғандықтан, тез арада өңдеп қорғатуларға жол берілді. Бұл да ғылымның сапасына теріс әсерін тигізді. Осындай мысалдар жетерлік. Жалпы, диссертациялық жұмыс ізденушінің 2-3 жылдан да көп уақытын алады.
Себепті алыстан іздеудің қажеті жоқ, бұған біз өзіміз жол беріп отырмыз. Бұл біріншіден, ғылыми жетекшінің талабының әлсіздігі, екіншіден, ғылыми шәкіртінің алдындағы жауапкершілігінің төмендігі, үшіншіден, өкінішке қарай, ғылыми жетекшінің сол саланы өзінің де меңгермегендігі. Бізде көптеген ғалымдар өзекті тақырыптың болуын маңызды санап, өзі бұл тақырыпты зерттемесе де ізденушіге тақырып жөнінде тапсырма берумен шектеледі.
Диссертациялық кеңестердің жабылуы жөнінде айтар болсам, бұл ғылымның дамуына кері ықпал ететін жағдай. Қорғалған диссертациялардың сапасының төмендігі жайындағы жоғарыдағы кемшіліктерді жібермеуге күш салуымыз керек еді.
Магистратура мен PhD докторантураның жоғары оқу орындарындағы ғылыми үдеріске толық енуін қолдаймын. Дей тұрғанмен, тәжірибе жинақтап, базалық мүмкіндігін жолға қойып алғанша, ғалымдар дайындаудың екі жүйесін де қатар жүргізіп отыруға болар еді. Жаңа жүйенің қажеттілігі мен артықшылығын салыстырмалы бағамдай білгенде, ғылыми орта өздігінен тез-ақ бейімделер еді. Қарап отырсаңыз, көрші елдердің бәрі бұрынғы ғалым даярлау жүйелерін сақтап қалды, Ресей мен Беларусь та бұрынғы, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген жүйеден бас тартқан жоқ, жаңа жүйені біртіндеп ендіріп, сынақтан өткізуде. Өкініштісі, кезінде қорғап үлгермеген біздің ізденушілеріміз сол елдердің диссертациялық кеңестерін жағалап жүр.
– Қазақ этнопедагогикасының теориялық-әдіснамалық негіздерін алғаш өзіңіз жасап, ғылымға енгіздіңіз. Қазір осы сала студенттері сіз жасаған әдіспен оқи ма?
– Иә, маған дейін этнопедагогика мәселесін зерттеген біраз ғалымдар болды. Мен олардың еңбегін жоққа шығара алмаймын. Керісінше, өз тақырыптары тұрғысынан өте құнды ғылыми еңбектер деп санаймын. Ғылыми заңдылық қой, мен осы ғылыми зерттеулерді зерттеп-зерделей отырып, «қазақ этнопедагогикасын» және оның «теориялық-әдіснамалық негіздерін» үлкен ғылыми кеңістікке алып шықсам деген ойға табан тіредім. Үлкен ғылыми кеңістік: тек қазақ тілді орта ғана емес, педагогика ғылымы кеңінен өркендеген Ресей және ТМД елдеріне халқымыздың ұлттық тәрбиесінің ғылыми жүйеленіп, ұсынылғанын қаладым. Мысалы, «халықтық педагогика» және «этнопедагогика» деген ұғымдар сол кездің өзінде үлкен пікірталас тудырып жүрді.
Этнос мәселесі – өте күрделі мәселе. Егер, біз этностың педагогикасын зерттейтін болсақ, этнологиядан, этнографиядан аттап кете алмаймыз. Онсыз ғылыми терминдердің мәнін ашу мүмкін емес. Этнопедагогика педагогиканың дербес саласы екендігін теориялық-әдіснамалық тұрғыдан дәлелдедім. Менің бұл еңбегім қазақ ғалымдары арасында бірден қабылданған жоқ, бірақ бара-бара байыпталып, мойындалды деуіме болады. Ал, ресейлік ғалымдар арасында кеңінен талданып-талқыланып, оң баға берілді.
Біздің қазақ этнопедагогикасы жөніндегі еңбегіміз туралы этнопедагогиканың «атасы» саналатын академик Г.Н. Волков кезінде былай деп жазған: «В этнопедагогической методологии задала тон профессор К.Ж. Кожахметова, в Российской Федерации ее монография распространяется в ксерокопиях». Геннадий Никандрович Волковтың өзі оқып жоғары баға беруі, маған қанат бітірді. Жалпы, біздің еңбегіміздегі қазақ этнопедагогикасының теориялық-әдіснамалық тұрғыдан жасалған логикалық-құрылымдық үлгінің артықшылығы: қазақ этнопедагогикасына да, басқа да халықтардың этнопедагогикасына ортақ ғылыми қисынмен ұсынылуында. Мұны басқа елдердің этнопедагогиканы зерттеуші ғалымдарының басшылыққа алып, пайдаланып жүргендігіне көз жеткіздім. Бұл бір менің ғана еңбегім болғандығынан құнды деп атап тұрғаным жоқ, біздің зерттеуіміздегі дәлелденген этнопедагогиканың әдіснамасы басқа елдің этнопедагогикасына негіз болуы қуантады.
Қазірдің өзінде біраз этнопедагогика оқулықтары жарық көрді. Бірақ көбінде нақты тұжырымдама жоқ, ғылыми жүйелену аз, халықтық тәжірибелерден алынған эмпирикалық материалдар аясымен ғана шектелген. Оларды теориялық негізге келтіру керек. Бізде осы мәселеге аса мән беру жетіспей жатыр.
– Батыс мектептерінде тәрбиеге көңіл бөлінбейді, ал біздің менталитетіміз білім тәрбиеден басталады дейді…
– Тәрбиенің өлшемі жоқ, оның нәтижесі азамат болғанда ісінен, сөзінен белгілі болады. Себебі тәрбиенің нәтижесі белгілі бір уақыттан кейін ғана көрінеді. Ал, сауатын білімді немесе білімсіз деп ажыратып айта аламыз. Тіпті, тест баланың шынайы білімін көрсетіп тұр ма, жоқ па, екіталай. Тесттен тисе терекке, тимесе бұтаққа деп белгілеген де өтіп кетеді. Бұл факт. Меніңше, барлық проблема әр жұмысты ұйымдастыруда бірізділік пен жүйеліліктің жоқтығынан. Ауру қоғамда жарымжан адам тәрбиеленеді. Рухани мүгедектік қатты байқалады. Тіпті, тілдің шұбарлығы, ана тілінде өз ойын толық айта алмауы. Басқасын былай қойғанда, кейбір басшы азаматтар да орыс тілінде сайрап тұрады да, қазақ тілінде жарытып ештеңе айта алмайды. Кейпін көрсең, аянышты. Неге біз қазақ тілінің мұңын орыс тілінде мұңдаймыз. Адам санасын түбегейлі өзгерту керек. Ол үшін Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілінің қажеттілігін сезінуі, беделі барын іс жүзінде көруі керек. Мысалы, газеттегі хабарландыруларда белгілі бір бос қызметке талаптарды жазғанда, ағылшын, орыс тілін білуі тиіс деп, қазақ тілін «желательно» дейді. «Обязательно» емес, «желательно». Осыдан кейін қазақ тіліне қайғырып, мың мәрте айтсаң да, «формально» жақтап сөйлесең де, ештеңе өзгермейді. Оны көріп отырмыз. Тіл – ең басты тәрбие құралы. Ана тілінде тәрбие берілген отбасының хал-ахуалы өзгеше болады. Ал түрі қазақ, жаны басқа жанұяда қандай бала тәрбиеленіп шығады? Бұлай кете берсе, болашақта қоғамымыз қалай болады? Өз тілін қомсынған қазақтың рухани сұранысы да бөтен мәдениет болмай ма. Біз рухани өзегінен айрылған балаларды өсіріп жатырмыз. Бір қауіптісі осы. Мәселен, Германияда толық неміс азаматын, неміс ұлтының өкілін, маманын, неміс тілінің жанашырын тәрбиелеп жатыр. Басқа тілді өзінің көзғарасын кеңейту үшін ғана меңгереді. Ал бізде өз мәдениетін білмей жатып, басқа мәдениетті біледі, сосын ол оның күнкөрісі, лауазымға көтерілу, шетелге барып білім алу көзі болады. Ана тіліңді білу өз еркіңде, білмесең ешкім талап етпейді. Қазір қазақ тілінің қамын орыс тілінде жоқтап жүрміз, біраз жылдан кейін қазақ тілінің жоғын ағылшын тілінде жоқтайтын шығармыз деп ойлаймын.
– Педагог болмағанда қандай мамандықты таңдаған болар едіңіз деген заңды сұрақ қойсам… Шындығында, ғылымға келмегенде, қандай мүмкіндігіңізді іске қосқан болар едіңіз?
– «Әке – балаға сыншы» дейді ғой, менің әкем сабақтағы үлгерімім мен кейбір пәндерге ықылас танытуыма қарап, «сенен жақсы дәрігер шығады, медицинаға бар» деуші еді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі дискуссияларда өз ойымды ашық айта алатынымды ескерді ме: «менің қызым прокурор болады» дейтін. Мен әкеме: «Дәрігер де, прокурор да болмаймын, мұғалім боламын» дейтінмін. Әрине, бұл күнде бұған еш өкінбеймін.
Мамандықты дұрыс таңдау да зор бақыт. Шындығында, мұғалімдікті таңдаған тағдырыма өкпе артқан емеспін. Ал, ғылымға келуімнің өзі осы педагогикалық жұмысты меңгеру, қыры-сырын терең білу, шеберлігімді шыңдауға деген қызығушылықтан басталып, табанды мақсаттылыққа ұласты ғой деймін.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Ақниет Оспанбай