Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты: Ең маңыздысы – біздің шындық,  біздің тарих

Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты: Ең маңыздысы – біздің шындық,  біздің тарих

Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты: Ең маңыздысы – біздің шындық,  біздің тарих
ашық дереккөзі

«Кемедегінің жаны бір» дейтін ауыспалы сөздің астарын ұлтаралық бірлікпен біріктіріп, дінаралық тұтастықпен топшылайтын Мәжіліс депутаты Камал Низамұлы Бұрханов егеменді елдің ертеңгі қамы үшін жасалып жатқан бастамалар мен бағдарламаларды көпшілік қауымға қарапайым тілмен жеткізуді жөн санайды. Ол ең алдымен Елбасы бекіткен «Бес институционалды реформаның» мән-маңыздылығын естен шығармайды. Қазақ елінің келешегіне кемел бастама болған «Мәңгілік ел» идеясының төңірегінде де өз пәлсафалық ойларын білдіріуді назардан тыс қалдырып көрген емес. Тәуелсіздік жылдардың аумалы-төкпелі кездерінен бастап, бүгінгі біртұтас мемлекет ретіндегі елдің жеткен жетістіктерін сөз етеді. Болашаққа көз жүгіртеді. Қазақ тарихының тереңіне үңілген ол өткен шежіреміздегі бұрмаланған, жоққа шығарылған кейбір тұстарды қайта жаңғыртатын, насихаттайтын уақыттың жеткендігін меңзейді. Қазақтың ұлт ретіндегі ерекшелігін арысы – тамыры тереңде жатқан тарихынан, берісі – бірлігі жарасқан бейбіт тіршілігінен деп ұғындыратын халық қалаулысы Камал Бұрхановтың сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

̶  Елбасы бекіткен бес институ­ционалды реформа елдегі қандай салаларға бағытталып отыр?

̶ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың логи­касынан терең ойды, қара­пайымдылықты, жан-жақты­лықты көруге болады. «2030 Стратегия­сының» мерзімінен бұрын іске асқандығы бәрімізге мәлім. Осыдан кейін Елбасы 2050 жылға жоспарланған бағдарламаны қабылдады. Соның негізінде елдегі бірқатар салалар қарыштап өсіп, дамыған елдердің санатына қосылуға білек сыбана кірісіп кеттік. Президент халыққа Жолдауында 35 жылды екі мерзімге бөлді. Яғни 15-30 жылдың ішінде атқаруға тиісті шаралар мен 30 жылдан 50 жылға дейінгі аралықта Қазақстанның бағындыратын белесін нақтылады. Сондай-ақ 35 жылдықты 7 бес жылдыққа бөліп, әр бес жылдықта мемлекет не істеуі керек деген сұрақтың жауабын айқындады. Алдағы уақытта атқаруға тиісті Елбасы бекіткен «Бес реформадан – 100 нақты қадам» шығады. Оның әр қадамы елдің дамуына, болашақтың жарқын болуына жасалған дайындық. Соның негізінде қандай жетістікке жету керек деген сауалдың төңірегінде алдымызға биік мақсаттарды қойып отырмыз. Соңғы жылдары әлемдік деңгейде түрлі дағдарыстар орын алуда. Мұнайдың, шикізаттың бағасы күн сайын мың құбылып отыр. Одан бөлек, Сириядағы, Ирактағы мәселелер де экономи­калық ахуалды одан сайын ушық­тыруда. Бұл ретте Ресейге салынған санкциялардың бізді де айналып өтуі мүмкін емес. Бұл жағы тағы бар. Украинадағы текетірестер де бізге тікелей әсер тигізуі мүмкін. Осындай жаһандық деңгейдегі мәселелердің алдын алу мақсатында Елбасымыз «Нұрлы жол» атты жаңа стратегиялық реформасын жариялады. Бұл бағдарламаның негізі экономикалық дағдарысқа қарсы жауап беру. Көптеген мемлекеттер осындай қиын кезеңдерде бұғынып, шегініс жасайды. Ал Елбасы осындай жағдайда да ілгері қарай жылжу керектігін алдымызға мақсат етіп қойды. Мысалы, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 200 мыңға жуық жаңадан жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар сырттан қанша инвестиция тарту да жоспарға енген. Бұл бағдарлама бір жағынан дағдарысқа қарсы күрес. Ал түптеп келгенде «Нұрлы жол» дағдарысқа қарсы шабуыл, ілгері қарай жылжу. Дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу жолында жасалынып жатқан күрделі қадам. Жалпы дағдарыс деген келіп, кететін құбылыс қана. Әлем тарихында мәңгілік дағдарыс еш уақытта болмаған, болмайды да. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бірнеше мың шақырым автобандар салынып жатыр. Осы бағдарламаның негізінде салынып жатқан жолдар ұрпақтан ұрпаққа қалатын, келешектің игілігіне жарайтын бастамаға айналады. Одан қала берді біздің мемлекетіміздің экономикасының дамуына, халықтың өсіп-өркендеуіне, тұрмысына, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан Елбасының стратегиясы тек бұғынып қалу емес, ілгері қарай жылжуға бағытталған бастама. «Бес рефор­маның» дүниеге келуі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға негіз болмақ. Назар салып қарасақ, дамыған елдерде өркениет ілгерілеп, өмір сүру деңгейінің жоғары сатысы қалыптасқан. Дамыған мемлекеттердің азаматтары еңбекқор, заңға, бекітілген тәртіпке бағынатын, моральдық тұрғыдан биік деңгейде. Ақыр аяғы көшеде түкірмеуі керек, темекенің қалдығын көшеде тастамауы керек. «Бес институционалды» реформаның негізі мақсаты әрбір азаматқа, жалпы халықтық тәлім-тәрбиеге модернизация жасау. Дамыған елдердің құрамына кірумен қатар, халықтың өмір сүру деңгейін оңтайландыру басты міндет. Соған барлық жағдайды жасауға тиістіміз. Дәл бүгінгі күні елдегі тоқырап тұрған, шешімі күрмеліп тұрған мәселелер жоқ емес. Жегі құрттай кеулеген жемқорлықтың өзі елдің дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Осындай мәселелердің алдын алуға тиістіміз. Орын алған келеңсіздіктерден бір күнде құтыла алмайтынымыз анық. Меніңше, елдегі түйткілді мәселелермен күресті халық болып жүргізуіміз керек. Елбасының «Бес институционалды реформа» бағдарламасын Ұлттық бағдарлама деп атауының өзіндік мәні бар. Неге десеңіз бағдарлама бойынша бекітілген тапсырмаларды тек әкімдер я болмаса министрлер ғана орындамауы керек. Оның іске асуына әрбір азамат атсалысуы маңызды. Ел болашағы үшін алаңдаған әрбір тұлға өзінің баласының, келер ұрпағының жақсы өмір сүргенін қалайды. Экономика бір бөлек, әлеуметтік сала бір бөлек дамып, ұлтаралық келісім қалыптасып, діттеген мақсатымыз орындалса, жоспарымыз іске асатын болса, өзге елдермен теңесе аламыз. Бұл реформа тегіннен тегін шығып отырған жоқ. Оның басы бар, аяғы бар. Барлығы да алдын ала жоспарлы түрде қолға алынып отырған мәселелер.

̶ Реформаның сәтті жүзеге асуы үшін жемқорлықпен күрес шара­сы­ның маңыздылығы зор. Бұл рет­те мемлекет қандай шешімдер қабыл­дауы тиіс?

̶  Жемқорлық неден шығады? Оның мәні мынада: өзінің қалтасы мен жеке басының түйткілін мемлекеттік құндылықтардан, мемлекеттің өзінен, тіпті халықтан да жоғары санайтын адамнан жемқорлық шығады. Елдің, жалпы халықтың келешегі ондай адам үшін кейінгі орында тұрады. Осыдан келіп, жемқорларда мемлекетшілдік сана-сезім жоқ деген тұжырым жасауға болады. Ондай адамдар биік идеяны ойға да алмайды. Анадан бір, мынадан бір ұрлап ақша жинау, қарын тойғызудан басқа оларда ешқандай ой жоқ. Ұрпағының болашағын да ондай адамдар Қазақстанмен байланыстыра алмайды. Ал ұяты бар, намысы бар, ертеңін ойлаған шенеунік мемлекеттің жағдайын бірінші орынға қояры хақ. Олар үшін бірінші орында мемлекет, халық тұрады. Реформаның ішінде: «Әрбір азамат қоғамда қалыптасқан құндылықтарды, жалпы мемлекетіміздің идеологиясын, даму барысындағы концепциясын жоғары тұтуы керек» деп тайға таңба басқандай жазылған. Қарап отырсақ, қаншама лауазымды қызметте отырған шенеуніктер ұсталып, қамауға да алынып жатыр. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жеңу, онымен күрес шарасы реформада егей-тегжейлі жазылған. Мәселен, мемлекеттік қызметте меритократия қалай өріс алып отыр? Біз ең әуелі меритократиялық сананы қоғамда қалыптастыруға тиіспіз. Ағасын, тәтесін жағалап жұмысқа кіруге жол берілмеуі керек. Бұл ретте жершілдік, рушылдық, ешқандай рөл ойнамауы қажет. Жақсы қызметкерлерге жол ашық болуы тиіс. Бізде қалыптасып қалған жағымсыз тенденция бар, бір бастық ауыса қалса, өзімен бірге артынан өзі сенген адамдарын ала келеді. Олай болатын себебі, кей жағдайда өзінің таныс-біліс адамдарымен сыбайлас жемқорлыққа бой ұрады деген сөз. Бұрын отырған жерінде жасаған ұрлығын жаңа қызметке отырған соң да қайта жалғастыруы мүмкін. Ал танымайтын адаммен мемлекеттің ақшасын бөліске сала алмайтыны түсінікті. Солардың кесірінен кейде жазықсыз, небір білікті, білімді мамандар жұмыстан қуылып жатыр. Олардың не күнәсі бар? Біздегі жемқорлықтың белең алуына басты себеп меритократияның жоқтығы. Бұл жерде елдегі заңның дұрыс бағытта жүзеге аспай отырғандығын да көруге болады. Егер заң толықтай үстемдік етіп, барлық азаматтар заңға бағынатын болса, жемқорлық орын алмайтын еді. Ал жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жеңу, онымен күрес шарасы реформада егжей-тегжейлі жазылған. Оның іске асуы аса маңызды. Сондықтан ең алдымен, шенеуніктердің сана-сезімі, дүниетанымы дұрыс болуы керек. Сонда ғана еліміз алға жылжитын болады.

̶  Еліміздегі орта бизнеске жағ­дай жасау, олардың санын арт­тыру «Бес реформаның» ішінде қарас­тырылған. Осы ретте қандай бағдар­ламалар іске асып жатыр деп айта алар едіңіз?

̶ Экономиканың дамуы үшін, халықтың дұрыс өмір сүруі үшін бізде шағын және орта бизнестің дамуы аса маңызды болмақ. Елдегі салынып жатқан ірі зауыттардың дамуы жақсы-ақ, бірақ халықтың негізі қарнын тойдыратын сала шағын және орта бизнес. Келер жылдары Қазақстанда орта бизнестің үлесі ЖІӨ-нің 60-70 пайызын құрауы керек. Ал қазір бізде ол көрсеткіш  ̶ бар болғаны 25-30 пайызды ғана құрап отыр. Мемлекет үшін ең алдымен халықтың тұрмыс деңгейі ең маңызды мәселе. Асыра бай болып кетпесе де, орта деңгейдің басымдылығын арттыру маңызды. Әлеуметтанушылар орта тап 3 сатыға бөлінетіндігін, оның ішінде сол тапқа жататын адамның баспанасы, көлігі, тұрақты табысы болуы керек екендігін айтады. Мемлекеттегі әрбір облыс, ауданнан бастап, үкімет осыған бас­ты назар аударуы керек. Халықтың тұрмысын көтеру үшін орта және шағын бизнесті дамыту қазіргі таңда қарқынды бастамаға айналып үлгерді. Заңдар да соған сай бейімделіп, мемлекеттен қаражат та бөлініп жатыр. Негізінде бұл саланың ертеңгі күні берер жемісі мол.

̶  Реформаның төртінші бөлімі бір­­­­тұтас ұлттың болашағына ба­ғыт­­талған. Бұл негізде ұлттық идео­ло­гияның бағыты қандай болмақ? Біртұтастықта біздің ұтар тұсымыз қайсы?

̶  Реформа бойынша төртінші мәселе, мемлекеттің біртұтастығы. Еліміздегі әрбір азаматтың туған жеріне, еліне, дініне, ұлтына қарамастан бірге өмір сүрудеміз. Барлығымыздың өмір сүріп отырған жеріміз, мекеніміз бір. Барлығымыздың жанымыз бір кемеде. Осы кеме ілгері қарай жылжып жатса, табысқа, жеңіске, молшылыққа бірге жетіп жатсақ, бұдан артық бізге қандай бақыт керек? Бір мемлекетте өмір сүріп отырған соң, оны бөліп-жаратын ештеңесі жоқ. Былайша айтқанда, бәріміздің тағдырымыз бір. Осы мемлекет гүлденіп, өркендеп жатса, бәріміз жақсымыз. Ал экономикалық я басқа жағынан қиналып, тұрақсыздық орын алып жатса, бұл жағдай барлығымызға бірдей кері әсер етеді. Ел тұтастығын берік ұстау үшін халықтың бірлігі маңызды болмақ. Елбасының төртінші реформасы міне, осыған негізделеді. Қарап отырсақ, ештеңе де тегіннен тегін шыққан жоқ. Оның барлығы астарлы логикамен келе жатқан дүние. Президенттің алға қойған реформасы аса ауқымды. Алдағы жылдарымызда осы бекітілген бастамаларды, басым бағыттарды іске асыруға тиіспіз.

̶  «Мәңгілік ел» ұғымының тамыры терең. Оны жас ұрпаққа үйрету мақсатында арнайы бағдарлама енгізу жоспарланып отыр. Тіпті, реформада жекелей осы мәселеге қатысты тапсырма да берілген. Жалпы «Мәңгілік елдің» оқу бағдарламасына енуі қашан жүзеге аспақ?

̶  Өскелең жас ұрпақты біз ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуіміз керек. «Мәңгілік ел» философиясын жастардың санасына құю арқылы жас ұрпақты тәрбиелейміз. Сөйтіп, олардың дүниетанымында ұлттық болмыс, тарих қалыптасады. Тіпті балабақшадан бастап, әрбір отбасында, мектеп қабырғасында осы «Мәңгілік ел» ұғымын түсіндіру, насихатттау жұмысын жүргізу керек деп ойлаймын. Әуелі мәңгілік елдің не екендігіне назар аударайықшы. Әр нәрсенің өз теориясы бар. Еліміздегі тарихшылар, философтар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясының теориялық негізін зерттеуі керек. Оның ішінде методологиясын, тарихын зерделеуге тиіс. «Мәңгілік» деген ұғым тәуелсіздік алған тұстан бері емес, сонау ари, сақ, ғұн, үйсін, қаңлы замандарынан келе жатқан халықтың түп тамырын айқындайды. Әрине, тарих болған соң аралас-құралас кезең, түрлі процестер орын алады. Десе де, «Мәңгілік ел» екендігіміз біздің мақтанышымызға айналу керек. Біздің келер ұрпақ өзінің терең тарихының, мол мұрасының бар екендігін жадынан шығармауы тиіс. Кезінде біздің сана-сезіміміз басқаша тәрбиеленді. Қазақ халқы қолына домбырасын алып, малдың соңында жүрген халық деп түсіндірді. Ал шын мәнінде біздің халкымыз империялар құрған. Үйсін, қаңлы заманында дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан ел. Шет елдерде елшілері болған. Осының барлығы қазақ даласындағы өркениеттің әлде қайда ерте заманда қалыптасқандығын көрсетеді. Мәселен, «Алтын адамды» БҰҰ-ның ғимаратында «сақ жауынгері» деп жазып қойған. Біріншіден, алтыннан киім киінген жауынгер емес, ол патшаның баласы ханзада еді. Демек, патшаның баласы болса, сақ заманында мемлекет болған деген сөз. Бір жағынан алтыннан киім құятындай өндіріс, өнердің болғандығын аңғартады. Одан бөлек, «Алтын адам» философиядан, діннен, дүниетанымнан хабар береді. Ал енді неге сол «Алтын адамды» біз қазақтың ханзадасы деп танымаймыз. Сол БҰҰ-да V-VI ғасырда өмір сүрген «Қазақтың ханзадасы» деп жазып қоюға біздің толық негізіміз бар. Қаңлы мемлекеті неге қазақтың мемлекеті болмайды? Үйсін мемлекеті ше? Сол сияқты ғұн, түрік, түркеш мемлекеттері неге біздің мемлекеттер емес? Барлығы да біздің өткен тарихымыз. Мәселен, Ресейдің Ресей деп атанғаны І Петрдың кезінен бастау алады. Ал Қытай 1911 жылы Синхай революциясынан кейін ғана Қытай болып аталды. Оған дейін Цин империясы деп аталып келді. Оның алдында да Қытайда қаншама атау болды. Сонда оның барлығы Қытайдың тарихына қатысты емес деп айта алмаймыз ғой. Ал түрік, қаңлы, сақ мемлекеттері неге қазаққа қатысты болмауы керек. Атауы басқа болғанымен ол тікелей біздің мемлекетіміз болып саналған. Түптеп келгенде «Мәңгілік елдің» бастауы әріде жатыр. Өзге мемлекеттердегідей біздің де өз тарихымызда белгілі бір стандарттар болуы керек. Қазақ даласында құрылған қандай мемлекет болмасын соның барлығы қазақ мемлекеттерінің санатына кіреді. Мысалы, кезінде үстемдік құрған Қаңлы мемлекетінің ұрпақтары ортамызда жүр. Үйсіндер де қазақтың нақ өзі. Осындай факторларды зерттеу, басшылыққа алу келер ұрпақ үшін маңызды. Кез келген ағаштың тамыры, діңгегі, бұтағы, жапырағы, жемісі бар. Міне, идеология да дәл осындай процесс. Оның негізі яғни теориясы болуы керек. Одан кейін философиясы, методологиясы болады. Ал келешекте берер жемісі жоғары саналы азамат болмақ. Ең алдымен «Мәңгілік елдің» тамыры, діңгегі болуы керек. Оны жас ұрпаққа, әрбір азаматқа түсіндіре білуіміз керек. Тәуелсіздіктің арқасында өз қолымыз өз аузымызға жетіп отырған жайымыз бар. Осындай бейбіт кезеңде өз тарихымызды түгендеп, өткенімізге үңілуге тиіспіз. Ал қалғандар біздің тарих турасында не ойласа, оны ойласын. Ең маңыздысы, біздің шындық, біздің тарих.

̶  Елімізде қазақ, орыс, ағылшын тіл­дерінің қатар жүруі реформада кө­рініс тапқан. Тіл – қоғамды бөле-жару үшін емес, біріктіру үшін қолда­ны­латын құрал екендігі де жазылған. Бұл ретте мемлекет қандай саясат ұста­нып отыр?

̶  Тіл деген баға жетпес байлық. Қазақтың ата-бабасынан келе жатқан тіл қашан да бірінші тұруға тиіс. Оған ешқандай дау жоқ. Ал қазақ тілін жетік білетін азамат қосымша орыс тілін, ағылшын, француз, қытай, жапон тілдерін біліп жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Бірінші кезекте мемлекеттік тілдің үстемдік етуі заңдылық. Ал орыс тілі біздің өмірімізге араласып, әбден сіңісіп кетті. Шындығына келгенде біздің тарихымыз орыс тілін қолдануға мәжбүрледі. Біз оны өзгертуге еш дәрменсізбіз. Орыс империясының құрамында болып, қазаққа орыс тілінде сөйлеу маңдайына жазылды. Бір жағынан қарап отырсақ, орыс тілі біздің қалтамызда тегіннен тегін жатқан үлкен байлық. Әлемде күнде ашылып жатқан жаңалық, түрлі сала бойынша ғылыми кітаптарды орыс тілі арқылы оқып, меңгеретініміз жасырын емес. Жаһандық хабарларды, ғылыми жаңалықтарды әлі де қазақ тіліне аудармайды. Аударылған жағдайда да оны оқитындар көп емес. Ал арыдан түсінген адамға қазіргі таңда ең керегі ағылшын тілі. Біздегі әсіресе, ғалымдар ілгері қарай жылжуы үшін ағылшын тілінің рөлі маңызды. Мысалы, Жапонияда химик бір жаңалық ашатын болса, онысы жапон тілінде және ағылшын тілінде шығатын болады. Егер өзіміз аудармасақ, ол жаңалық қазақ тіліне мүлде аударылмауы мүмкін. Өз тәжірибемнен алатын болсам, көптеген шетелдерде болдым. Қай мемлекетке барсам да байқағаным, сол жердегі такси жүргізушіден бастап, лауазымды қызметкерге дейін ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Кез келген атаулар, хабарландырулар мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын тілінде жазылған. Қандайда бір конференция болмасын міндетті түрде ағылшын тілінде өтеді. Ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіреміз десек, біздің азаматтарымыз сол деңгейде болуы керек. Ол үшін кез келген тұлға әуелі мемлекеттік тілді, одан соң ағылшын тілін меңгеріп, орыс тілін де қатар алып жүруі қажет. Бұл ретте қазақ тілінің деңгейі өзге тілдерге көшбасшы бола білуі тиіс. Енді 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп үміттеніп отырмыз ғой. Сондықтан үш тіл де қоғамда өзінің орнын алып, дамиды. Тарихтағы ең қысқа мерзім – 25 жыл десек, осыдан 25 жыл бұрын, 1990 жылдары Кеңес кезеңінің құрсауынан арыла қоймаған тұстағы жағдаймен қазіргі кезді салыстыруға да келмейді. Ол кездегі ағылшын тілін меңгерген халықтың саны қазір әлдеқайда өскендігін аңғаруға болады. Тіпті сол кезде қанша адам қазақ тілінде сөйлейтін еді? Ал қазір ше? Арасы жер мен көктей. Әлі есімде, сол тұстарда Алматыдағы автобустарда қазақша сөйлеген қазақ балаларына орыстың кез-келген сауатсыз кемпірлері «орыс тілінде сөйлесіңдер» деп ұрсып отыратын. Ал Ақмола облысында сол кездері қазақтың үлесі бар жоғы 8-ақ пайыз еді. Ал бүгінгі уақытта біздің жастарға біреу «сен орысша сөйле» деп айтып көрсін. Ол адамның әрекеті заң бұзушылық болып есептеліп, тіпті, бас бостандығынан айрылады. Осыдан барып ойға түйетін тағы бір ой, қазақ тілі 25 жыл бұрын қандай деңгейде еді? Ал қазір оның жарқын болашағына ешкім күмәнмен қарауға құқысы жоқ. Еліміз Тәуелсіздік алған бастапқы жылдары ҚазҰУ-де тарих, журналистика, филология факультеттері ғана қазақ тілінде болатын. Қалған мамандықтар, көптеген ЖОО-ның барлығы тек орыс тілінде еді. Ал қазір ше? Мен білсем, орыс бөлімдеріне қарағанда қазақ бөлімдерінің басымдылығы әлдеқайда жоғары. Осының барлығы 25 жылдың ішінде болып отырған өзгерістер. Тілге қатысты процесс эволюциялық жолмен ақырын-ақырын жүріп келеді. Қазақ тілі өз күшіне еніп отыр. Ауылдан бастап, Президент әкімшілігіне дейін қазақ тіліне жаппай көшу үстінде. Тағы да Кеңестік кезеңдегі бір жағдаймен салыстыра кетейін. Колбиннің тұсында партияның орталық аппаратына қазақ тілінде хат жазып апарса, қабылдау бөлмесінде отырған орыс келіншек хатты умаждап: «Адамның тілінде жазып алып кел», – деп лақтырып жіберіпті. Сонда қазақ тілі торғайдың тілі болғаны ма? Біздің тарихымызда қазақ тіліне деген осындай да көзқарас болған. Сондай жағдай қазір орын алып көрсінші, ондай адамды ертесінде бірден жұмыстан шығарады. Бүгінгі азаттықтың арқасында қазақ тіліне деген құрмет, көзқарастың оңалғандығы біздің қоғам үшін айтарлықтай жетістік деп айтуға болады. Келешекте жағдай бұдан да жақсырақ болады. Осы жолдан таймасақ, осы алған бағыттан жаңылмай жүре беретін болсақ, біздің алмайтын қамалымыз жоқ. Кейде қараптан-қарап байбалам салып кететініміз бар. Ондай осалдыққа жол берудің қажеті жоқ. Айналып келгенде реформаның барлығы халық үшін, еліміздің жарқын болашағы үшін. Сондықтан барлығына сабырмен, салқынқандылықпен қарауымыз керек деп ойлаймын.

 ̶  Бүгінгі уақытта Сириядағы, Таяу Шығыстағы діни қақтығыстар әлемнің назарын аударып отыр. Осындай қилы кезеңде зайырлы мемлекеттегі дінаралық байланыс қандай сипатта болуы керек?

̶  Өкінішке қарай, біз тарихымызды әлі де болса дұрыс насихаттай алмай отырмыз. Қазақстанның ежелгі Оңтүстігінде, Батысында, Жеті­су­да әсіресе, Жібек жолындағы көне қалаларда Ислам діні келмей тұрған тұста Будданың храмы, отқа табы­ну­шылардың храмы, христин­дар­дың шіркеуі – барлығы да бір қала­ның ішінде орналасқан. Әркім өз қала­ған дінін ұстанып, қалаған құдайы­на табынып өмір сүрген. Бұл жағдай Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанның тарихында болған жайт. Содан кейін барып Ислам діні келе бастады. Алдымен Өзбекстанды арабтар жаулап алып, шариғатты, арабтардың дәстүрін, дүниетанымын, киіміне дейін бар қалпында қабылдап алды. Ал қазақ жеріне Ислам діні қылышпен келген жоқ – кітаппен келді. Мың жылдан астам уақыт бұрын біздің ата-бабаларымыз Ислам дінін қабылдады. Тіпті, қазақ ислам діні келмей тұрып-ақ, аспанда бір ғана құдай бар деп тәңірге сенген. Қазақ Алладан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқылы түскен қасиетті Құранды қабылдап, бір ғана Алладан басқаға табынбады. Ал киім мәселесіне келгенде араб өзінің ал қазақ өзінің, киімін кисін, қазақ өзінің тамағын, араб өзінің тамағын жесін деді. Арабтар жылқының етін харам деп санайды. Ал қазақ қазы жемесе қыстан шыға алмайтын халық қой. Біз үшін жылқының еті – астың төресі. Сондай-ақ, мың жыл бұрын бабаларымыз қазақтың өз салт-дәстүрі бар, ал арабтардың өз дәстүрі бар деп тұжырым жасаған. Мәселен, бізде жеті ата деген ұғым бар. Жеті атаға жетпей қыз алыспайтын аталарымыз қан тазалығын сақтағанды жөн санаған. Ол заманда медицина болмаса да, бабаларымыз кемеңгерлікпен ұлттың ұсақталып кетпеуін ойлаған. Ал арабтар өздерінің шөбере, немерелерімен қосыла береді. Бұндай түсінікті біздің қазақ еш қабылдай алмаған. Қазақ қай заманда да әруақ сыйлаған халық. Арабтар әруақты мойындамайды да. Сондай-ақ арабтарда билік, дін, сот, шариғат бәрі бір қазанда қайнайды. Бір-бірімен аралас-құралас болғандығы соншалық бүгінде оның соңы Сириядағыдай текетіреспен, қанның төгілуімен аяқталып отыр. Ал қазақта ешуақытта дін мен билік араласпаған. Арыдан айтқанда Қазақ хандығының тұсында да молдадан хан сайланбаған. Діннің орны бізде ежелден уағыз айту, медресе ұстау, оқыту, ағарту, тәрбиелеу, жаназа шығару, неке қию және халыққа рухани азық жеткізуде. Ал бірде бір молда, ишан ханның жұмысына қол салмайды. Дәл солай хандар да бірде бір молданың жұмысына араласқан емес. Билердің де өз жолы, өз бағыты бар. Қазақ сот жүйесінде билер ең алдымен қалыпты жүйелерді негізге алып, Шыңғыс ханның жасысы, содан кейін Қасым ханның бес заңы, Есім ханның заңдарын, содан барып Тәуке ханның жеті жарғысына сүйене отырып, ел арасында орын алған шиеленістерді шешетін болған. Бұл ретте де бидің жұмысына хан араласқан емес. Би де ханның шешімдеріне өзінше ықпалдастық танытпайтын. Былайша айтқанда сот бөлек, дін бөлек, саясат жүйесі бөлек жүріп отырған. Сонымен қатар, ханның қасында жүретін батырлар да соттың я молданың ісіне мұрын сұқпаған. Олар елдің қорғаны болған. Осындай жағдайды, қалыптасқан үрдісті біздің бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп сақтап келеді. Қазіргі діни қақтығыста орын алған жерлерге біздің үрімдей жастарымыз, өкінішке қарай, кетіп жатыр. Соның барлығы өткен тарихты жетік білмегендіктен, діни сауатсыздықтан болып отырған жағдайлар. Дінге келгенде бізге жаңалық ашудың еш қажеті жоқ. Сол бабалар салып берген жолмен аман-есен жүретін болсақ, бізден мықты халық болмайды.

̶  Ассамблеяның құрылуы елдегі ұлтаралық мәселелерді шешуде аса маңызды рөл атқарды. Алдағы уақытта елдегі тұтастықтың тұрақты болуына Ассамблеяның ықпалы қандай болмақ?

̶  Ассамблеяның құрылуы бұл Елбасының сәтті шыққан, орайы келіскен ұсынысы болды. Президент 1992 жылдан бастап, осы идеясы туралы айтып жүрді. Кейін, 1995 жылы бұл ұсыныс ақиқатқа айналып, іске асты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өзге ұлттың азаматтары біздің мемлекетте қалай өмір сүреді деген сұрақ туындады. Сол тұста қазақтың өзі 40 пайыздан сәл ғана асатын. Ал өзге этностар 50 пайызға жуық. От жағу деген оп-оңай. Сол кезде өзге ұлттармен қақтығыс болғанда қандай күйде болар едік. Осыны ескерген Елбасы барлық диаспораның басын біріктіріп, Ассамблея құрды. Соның негізінде қаншама жылдардан бері еліміздегі әр диаспора Ассамблеяның өңірлік төрағасы саналатын әкімдерге келіп, мәселесін шешеді. Сонымен қатар, әкімшілік те өзінің саясатын жүргізуге міндетті. Қазақтың жері де, байлығы да барлығымызға жетеді. Тек тату жүрсек болғаны. Қазақ онсыз да толерантты халық қой. Ассамблеяның қажеті шамалы емес пе деп ойлайтындар да жоқ емес. Грузиядан бастап, Украинаға дейін қандай саяси майдан орын алып отыр. Ондағы халық бізден жаман болғандықтан я болмаса төмен болғандықтан сондай күйге түсіп отырған жоқ. Тек олардың басшылығында отырғандардың саяси қателіктерінің салдарынан халық жаппай жапа шегіп келеді. Осындай келеңсіздіктерге тап болмас үшін бізде Ассамблеяның жұмыс істеуі аса маңызды. Елбасы: «Біз бәріміз де Ассамблеяның мүшесіміз», – деген болатын. Расымен мемлекетімізде өмір сүріп жатқан 17 млн. халықтың әрқайсысы да Ассамблеяның мүшесі болып саналады. Бәріміз бірге болуға тиістіміз. Сонда ғана ілгері жылжимыз, дамимыз.

̶  Келер уақытта қазақ елінің әлемдік сахнадағы рөлі мен деңгейі қандай болуы керек?

̶ Бүгінгі ұрпақ – келер ұрпақ пен біздің ата-бабалармыздың арасын­дағы алтын көпір. «Мәңгілік елдің» негізін қалап, жарыққа шығарып, әлемге танытатындар да солар. Елбасымыз жақында Қазақ елінің атына қосымша атау ұсыну туралы ұсыныс білдірді. Мысалы, Корея – таңғы балғындықтың лебін сезі­нетін мекен, Қытай – аспан асты елі, Үндістан – айдың елі, ал неге бізге Ұлы кең дала елі болмасқа? Біздегідей ұшы-қиыры жоқ кең дала қай жерде бар? Байқап қарасақ, әлемдегі жарты құрлық орман мен құмды жерден тұрады екен. Дәл біз­дегідей сары дала, кең дала ешбір мекенде табылмайды. Қай жағынан алсақ та, Ұлы кең даланың елі атануға атымыз да, затымыз да сай келеді. Сондықтан қазақ елінің әлемдік дамыған елдердің арасында жетекші мемлекет атануына толық мүмкіндігі бар. Ол үшін алдымен елдегі ішкі жағдайды, тұрақтылықты арт­тыруға тырысуымыз керек. Елдің эко­номикалық дамуы, халықтың әл ауқатының артуы, өмір сүру сапасының жоғары болуы – алдағы уа­қытта біздің халық болып жетуге тиіс басты мақсаттар. Бес реформаның іске асуы тікелей аталған мақсаттардың жүзеге асуына мүмкіндік беретін күш. Талмай, табандылықпен еңбек етіп, әр азамат елдің дамуына өз үлестерін қосатын болса, жетекші мемлекетке айналатын күннің де ауылы алыс болмайды.

̶  Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Еркежан ЖҰМАТАЙ