Жаңалықтар

ӨНЕРДЕГІ – ӨНЕГЕМ, ӨЛЕҢДЕГІ – ПІРІМ ЕҢ!

ашық дереккөзі

ӨНЕРДЕГІ – ӨНЕГЕМ, ӨЛЕҢДЕГІ – ПІРІМ ЕҢ!

«Халқының қорғаушысы да, қамқоршысы да, жанашыры да – жазушы. Суреткер жазушының жер бетінде үш міндеті бар. Ол – адамзаттың адалдығы үшін күрес, ел билейтін пенденің ойының адаспауы үшін, қара жердің тазалығы үшін күрес», – депті Ғабит Мүсірепов.

Фариза Оңғарсынова – осы үшеуіне адал болып өтті деп ойлаймын. Солай бола тұра, ол ақындықтың сыры мен қырына терең үңілген, жүрек қазынасын халқына толық ақтарған, онысы үшін лайықты бағасын алған ақын. Оны сүйіп оқымайтын оқырман кем, әлі де оқи беретініне сенеміз.

Ой мергені

Фариза – өмірге босқа келіп-кеткен жоқ. Өз еңбектерінің арқасында тұлғаға айналған феномен. Өз форматын өзі жасаған еңбекқор, уақыттың әр минутын белгілі мақсатқа жұмсай білген, уақытты өзіне жұмыс істете білген ықтиятты да қуатты жан.

Апай қалай жазды? Жұрт жүрегін қалай баурап алды? Оның сыры неде? Жауап іздейсің. Қолыңа қалам алған бойда осы сұрақтардың сандаған жауаптары бір-бірімен тайталасып, таласып келіп, көкірегіңе сыймай жатады. Ол – өзін аялаған жоқ, аямаған жан. Кейде өзіне қойған талапты өзгеден де талап ететін. Біреулерге ұнамай қалып жататыны да сондықтан.

Фариза – түбірлі, қуатты сөз. Оқшау сөз. Оған ешқандай жалғау, шылау, жұрнақтарды жапсыра алмайсың. Оның даралығы да осында. Ол – тұлға! Ол – мазмұн. Ол – қайталанбайтын құбылыс!

Қазақ поэзиясының есігін сығалап, төріне оза алмай жүрген ақын қыздарға тасқамалды бұзып, дарбазасын ашып берген де Фариза. Осының өзі оның ержүрек жауынгер, дауылпаз ақын екендігінің дәлелі.

Мұның бәрі оңайға түспегені мәлім. О бастағы алдына қойған мақсатына жету үшін өмірдегі бар қызықтан баз кешті. Біздер кейде жазу-сызу – уақыт жейді, бір кітапты жазу үшін пәлен уақытымыз, пәлен жылымыз кетті деп жатамыз. Ал апайдың ерекшелігі сол – ол бүкіл өмірін осы жолда сарп етті. Осы жолға арнады!

Ол өлеңде де, өмірде де математикалық дәлдікті таңдады. 

Құдіретті өлең – қуатты ойдан туады. Ойдың өзін мергендікпен көздеп, қажетіне жұмсай алатын, ой мергені – Фариза еді!

Есімде қалған елестер

Мен апайды танығалы жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ол кезде апайда атақ та, даңқ та жоқ болатын. Ал мен болсам, небәрі тоғызыншы кластың оқушысы едім.

Апам бір естеліктерінде мен туралы: «…Бір күні үстінде гүлді көйлегі бар, талдырмаш, бидай өңді қыз бала есік ашты. Өзі күлімсіреп, баяғыдан таныс адамдай, маған ұмтылып келеді. Жасаң қыз баланың кім екенін білгенім жоқ.

– Апа, мен Ханбибімін ғой! Неге танымайсыз?! – дейді, мені жазғырғандай аңқау да аңғал кейіппен.

Бұл Қазақстанның батыс облыстарында «Лениншіл жастың» қызметінде жүргенімде ала қырдағы Гуревьке хат жазатын баяғы кішкене қыз Ханбибі…».

Иә, содан бері айлар аунап, жылдар жылжып жатыпты. Аспан әлеміндегі бір жарық жұлдыз тас төбемде үнемі жарқырап жанып тұрды. Әр қараған сайын түрлі-түсті сәулесін төгіп, биіктеп бара жататын. Мен үшін ол жұлдыз мәңгі сөнбейтіндей көрінетін. Сөнбейді де…

1993 жылы «Жанайқайы» деген кітабыма алғысөз жазған Фариза апам: «Біреу біреуге өлең жазып бермейді, немесе өлең жазу әліппесінен сабақ өткізбейді. Рухани жақындық, жан сезім, дүниетаным үндестігі ғана адамдар арасына іріп-шірімейтін алтын көпір сала алады. Қолдан жасалған қылтылдақ көпірлер уақыттың күні жеп, жаңбыр сіркірегеніне төтеп бере алмай, қаңырап жатады…

Ханбибі шеңберлермен шектелмейтін ұйқас-ырғақтарымен, тосын ойларымен ерекшеленетін. Менің одан үлкен үміт күтіп, көрісе қалғанда көпшік қоймай, керісінше қамшылап алатыным сол себептен еді…».

Иә, апайдың осы сөздері маған өмірлік кредо, күнделікті бағдарламама айналды. Алғашында еркелегім келіп, қолпаштау дәмететін едім. Кейіннен, ұрлана қарасам, сұрлана қарайтынына да көндіктім. Оның себебін жоғарыда өзі айтты ғой.

Апай көп елді аралады. Алыс-жақын шетелдердің де тұз-дәмін татты. Кең байтақ Қазақ елінің облыстары – апай үшін көрші ауылдай көрінетін. Барлық жерде – құрмет, барлық жерде қошемет.

Оңтүстікке де жиі соғатын.

– Талай облыстарда боламын, бірақ осы өлке көзіме оттай басылады. Өйткені мұнда оқырмандарым көп. Ұлы – ілтипатты, қызы – ибалы. Кездесулерде ғана емес, көшеден жәй өтіп бара жатсаң да, бәрі кідіріп, сәлемдесіп жатады. «Сізді танимыз, сіздің кітаптарыңызды оқимыз», – деп қуанысып жатады.

Оңтүстік халқы керемет еңбексүйгіш, көбі диханшылықпен айналысады. Бірақ, бәрі-бәрінің кітап оқитынына көзім жетті. Зиялының көбі осында ма деп қалам. Ақын үшін танымал болу да бақыт қой,– деп қосып қоятын.

Апай әр келгенінде оңтүстіктің қыз­да­рын жіпке тізгендей санамалап, Жұмазия қалай, Сайлаукүл ше, Рысалат деген өзбек қыз бар еді, халі қалай? – деп біз ұмыт­қан­дардың да атын атап, түсін түстеп оты­ратын.

Апайдың осында келетінін бізден бұ­рын сарыағаштық Нәзира білетін. Ұйым­дас­тырушылық қабілеті күшті. «Қыздар!» деп ысқырып қалғанда бәріміз жанынан табы­латынбыз. Содан кейін Асқан отыра­тын сызылып. Сұрау қойылса – жауап, қал­ған уақытта үнсіз.

Бұрынғы Айсұлу Айдағараева, Лескүл Ус­манова, Зуһра Қамбаровалармен қатар соң­ғы келгенінде Гүлмира Тағаеваны да із­дейтін болды.

Неге екенін қайдам, апай ылғи қыздарды рес­торан, кафелерге өзі дастарқан жасап ша­қыратын. Әрине, ер-азаматтар да қол қусырып қарап қалмайтын. Әншейінде сәлеміңді алмайтын мықтылар, апам келгенде аяғының ұшымен жүретін.

Сіздер бұдан апайды ұдайы даңғаза-дудың ортасында үнемі күлімсіреп отырады деп ойлап қалмаңыздар.

Бірде мынадай болды. Апайды кезекті бір сапарында орталықтағы бес жұлдызды «Кема» қонақүйіне орналастырады. Айналасында баяғы қыздар шебі.

Алып денесімен ұршықша үйірілетін Нәзира Тәжімбетова үйге телефон соқты. Түс әлеті болуы керек.

– Келмесең болмас, дауыл басылмай жатыр. Тез жет! – деп телефон тұтқасын қоя салды.

Үлкен қызым Дана үйде еді, жылдам машинасын оталдырып, аталған жерге жеттік. Жолда гүл сатып алған. Келсек, қыздар шоқиып-шоқиып отыр. Өң-түс жоқ.

– Неге екенін білмейміз, апайдың «қара дауылы» басталды да кетті. Бізге «Шығыңдар!» деді. Біз кете қоймап ек, ванныйға кірді де кетті. Әлі шықпай жатыр,– дейді үрейленіп.

Бұл сөзді естіген Дана сырт киімін қалдырды да, гүлін ұстап ванныйға қойды да кетті.

Қыздар одан сайын шошыды. Мен арқайынмын. Өйткені апай ешуақытта балаға жекіген емес. Дегенмен, құлағымыз сол жақта.

– Ай, Дана, неге кіресің, мен жуынып жатырмын ғой.

– Апа, Сізге гүл әкелдім.

– Гүліңді шыққан соң-ақ бермейсің бе? – деді дауысы жұмсарып.

Дана:

– Апа, Сізге талай адам гүл берді. Бірақ жалаңаш кезіңізде ешкім бермеген шығар…

Аз үнсіздіктен кейін, апайдың көңілді күлкісі естілді. Дана екеуі ванныйдан күліп шығып келеді. Отырғандар «тәуба» деп қалпына түскендей болған…

Жұрттың кейде «тығырыққа» тірелгенінде мені іздейтінінің де сыры бар. Осыдан 10-15 жыл бұрын-ау деймін, Шымкенттегі драма театрында апаймен кездесу кеші болып жатты. 

Шыжыған шілде айы. Апайды тосып алатындар да, орналастырып, жағдайын жасайтындар да, тіптен, кешті жүргізетіндер де белгіленіп қойылыпты.

Мен жәй көрермен ретінде залдың орта шенінде отырдым. 

Күннің ыстығына қарамай, шыттай киініп алған, қап-қара костюм-шалбар, ақ көйлек, шоқпардай қызыл галстукты қылқындыра байлаған замандас ақынымыз, облыстық мұрағаттың бастығы Қабылбек ақ-тер, көк тер болып жүргізу тізгінін қолына алды. Әрине, атақ-даңқы жер жарған ақиық ақынның кешін жүргізу түсінген адамға әжептәуір дәреже.

Кеште сценарий бойынша ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының «Адайын» ойнап біткенде, апай кешті жүргізушіге қарап: – Немене, «Адайдан» басқа күй жоқ па? – деп төтесінен қойып қалды.

Апамның бүгін сол жамбасымен тұрған­дығын іштей бағамдап отырмын. Кездесу орта шеніне келгенде, орнынан тұрып, сахнаның сыртына қарай беттегенін көріп, «Апырай, қайта шықпай қалмаса игі еді» деп ойланып үлгергенімше, апай қайта оралды. Жәй оралған жоқ, Қабылбекке қарап: 

– Сен өзі кешті жүргізе алмайды екенсің, – дегені.

Мақтаудан дәмелі әріптесім сасқалақтап қалғанын байқатпауға тырысып бақты.

Кеш әйтеуір аяқталды-ау. Орнымыздан жапа-тармағай көтеріліп, есікке беттей бергенімізде, апайдың сахнадан «Ханбибі» деген үніне мойын бұрдым. Апыр-ай, жеті жүз адамның ішінен қалай ғана байқап қалды деген оймен апайға жақындадым.

– Кетпе! Қазір мыналар шәй беретін көрінеді, ішінде бол!

Әмірлі дауысқа құлдық ұрудан басқа амал жоқ.

Ресторан жақын маңда болғандықтан, біз жаяулатып баруды жөн көрдік. Жанымда келе жатқан Қабылбекте үн жоқ. Құр сүлдері сияқты.

– Қабыл, жасыма! – дедім. – Апайдың мінезіне үйренетін кез келді.

– Ханбибі, кешірші, біз кейде сенің сыртыңнан мінезің туралы «анау-мынау» деп жатамыз, сен болсаң Қыз-Жібек екенсің ғой. Саған жылап көрісетін болдық қой…

– Сабыр. Бейнебір Қыз-Жібекті көріп келгендей сөйлейсің. Ақынның тарихта мінезі қалмайды, өлеңі қалады. Кейіннен бәрі Қыз-Жібекке айналады. Ал апайдың дара талант екеніне сенің дауың жоқ қой. 

– Жоқ,– деді,– Қабылбек күрсініп,– апай тұлпар талант, хас талант!

Жүрегі жібиін деді.

Дастарқан басына орналастық. Көбісі апайдың магнитіне шоқадай тартылатын қыз-келіншектер. Қала әкімі отырарға жер таппағандай тыпыршуда. Өлі тыныштықты облыс әкімдігінің аппараты басшысының орынбасары Құлбек Ергөбек:

– Апай! Кеш өте жақсы өтті, – деп орнынан түрегеле бергені сол екен, апай: – Отыр! Екі! – деді саңқ етіп. Ол үнсіз отыра кетті. Жүрегі нәзік қыз біткен жанарлары жәудіреп маған қарайды… Бірнәрсе айтайын десем, менің де аузымды ұрып, қан қыла ма деп сақ отырмын. Өлі тыныштық қорғасындай басып бара жатқан соң, амалсыз орнымнан тұрып:

– Апа! – дедім. – Осы Қабылбекті қашанғы ұра бересіз? Ол да ақын ғой. Бәріміз де ақынбыз. Ақынбыз деп жүрміз. Деңгейіміз әртүрлі болғанымен, сүйегімізде ақындық бар. Сіз – кемесіз, біз – қайықпыз. Сіз жақындағаннан-ақ, қалт-құлт етіп, жағаға бет ала бастаймыз. Ол рас қой,– деп апама тіке қарадым.

Апам да қарап қалмай: 

– Қашан ұрдым?.

– Есіңізде ме, Аян Нысаналин елу жасқа келгенде осы оңтүстікте болғандарыңыз. Пединститутта. Халықпен кездесу өткен. Мінберде бірге отырдық. Мен ол кезде мәдениетте едім (әдейі басқарма бастығы екендігімді айтпадым) де Қабылбек – қақырығы құйма алтын, түкірігі түйме алтын болып тұрған – Обкомның білдей бөлім меңгерушісі болатын. Сіз сөзіңізде «Бұл елдің әкім-қаралары мына жиынға неге қатыспайды?» деп өкпе-наз білдірдіңіз. Сонда залдан «Төретаев отыр ғой» деген дауыс шықты. 

– Менің деңгейім Төретаев па? – деп қалғансыз. Қабылбек былай шыға маған: «Апай келеді, ақын келеді, менің ұлы ұстазым келе жатыр деп кеш бойы әйеліме мақтанып ем. Кеудемді сағыныш сезімі жаулап еді, өзің білесің Сұлушаш осы оқу орнында мұғалім болғандықтан, алдыңғы қатарда масаттанып отырған. Жаңағы сөзден кейін кірерге тесік таппай қалдым. Халықты қойшы, қатынымнан ұят болды» дегені бар еді.

Апам осы мезет мырс етіп күліп жіберді. Әсіресе «халықты қойшы, қатынымнан ұят болды» дегені айналаны да әдемі күлкіге бөледі. Апай қанаттанып: 

– Менікі жәй сөз ғой, жақсы көрген адамымды тұқыртып сөйлеу әдетім, әйтпесе, Қабылбекті комсомолда жүрген кезінен білемін, өзі жап-жақсы ақын! – дегенде көпшілік те үстінен тонна жүк түскендей бір серпіліп қалғаны болатын.

Әрі қарай отырыс жылышырайланып, әдемі әзіл-қалжыңға ұласып кете берген.

Талып қала жаздадым

Өмір атты толқынға бір батып, бір шығып жү­ріп, елу бес жасқа да келіп қалыппын. Елге рахмет, мерейтойды өз дәрежесінде өт­кізуге тайлы-тұяғы қалмай кіріскен. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстаннан келген қонақтардан өзге, бүкіл облыстардан да құттықтаушылар жиналған. Әзілхан аға айтпақшы, залда ине шаншар орын қалмаған. Тік тұрғандары да бар.

Алғашқы сөзді алған облыс әкімі Болат Жылқышиев құттықтап, сый-сияпатын тапсырды. Одан кейін сөйлеген Қадыр Мырзалиев ағамыз поэзия әлемін сонау Шығыстың жеті жұлдызының өмірдеректерінен мысалдар келтіре сөйлеп, ақынның да көрермендердің де көңілінен шығатын аталы сөз айтты. 

Үшінші болып Фариза апам сөйледі. Сөйлегенде бүй деді:

– Ханбибі мен жайында «Шындыққа қарай жүздім мен» деген эссе жазыпты. Онда менің кілең нашар жағымды термелеп жазыпты…

Зал сілтідей тынды. Кейбір жанашырлар бірнеше минуттан кейін бомба жарылардай қипақтай бастады. Микрофоннан алыстау отырған мен жаққа бір қарап қойды. Жанымдағы кешті жүргізіп отырған Мархабат Байғұтқа саусағын шошайтып: – Сен де барсың оның ішінде! – деді.

Апайдың шешендігі көп қырлы, көп сырлы, әр сөзінің арасында (пауза) үзіліс жасап қояды. Қауымның демі ішінде. Сол кезде апам қолын көкке көтеріп:

– Бәрі шындық еді. Шындықты жазбаған ақын – ақын емес. Ханбибі – нағыз ақын! – дегенінде залдағы қол соғу дүмпуі әлі күнге құлағымнан кетпейді. 

Ұзаққа созылған қол соғудан ба, менің көзім қарауытып, құлағым бітелді де қалды. Апам әлі сөйлеп тұр. Мен естімеймін. Бұлдыр-бұлдыр, күңгір-күңгір, айналам.

Мархабат құйған стақандағы судан ұрттадым білем, тағы дүрлігу, үсті-үстіне қол соғу. Тіптен кейбіреулер орындарынан тұрып, екілене ысқырып жатыр.

– Мархабат, не деді?

– Менен оздың,– деді.

– Қой, қой, олай айтуы мүмкін емес!

– Кейін бейнекамерадан көресің. Сені шақырып жатыр, бар!– деді.

Апайдың жанына әрең жеттім.

– Аққу мамығынан жасалған мына жағаны мойныңа саламын, өмірде де, өлеңде де аққудай самға! Мен биыл алпыс беске келемін. Он томдық кітабым жарық көрді, соның сүйінші данасын да саған тапсырамын!

Қайран апам-ай! Отқа да салатын, суға да салатын!

Бердібекке тиіспе

Апайдың жанында мен сияқты жазып-сызатын ақынсымақтар үйір-үйір. Бірақ таяқты ең көп жеген менмін. Ол кісінің мені ұрсып, жөнге салуы үшін уақыт та, жол қашықтығы да сөз емес.

Телефон соғып, кешке ұшып келетінін хабарлады. Ол кезде Алматыда тұратын. Кешкі рейс болғандықтан, апайдың сүйікті қуырдағын әзірлеп, дастарқан жайып қойдым да, күтіп алуға кеттім. Екеуміз ғана болғандықтан ас үйге жасай салдым.

Тамаққа қол созбады. Бір шыны шәйді ішіп болды да, кесені ұзатып жатып:

– Осы сен неге Бердібекке күн көрсет­пей­сің? – деді, ашуға мініп.

– Облыстың әкіміне ме? – деп, сасқалақтап қалдым.

– Иә,– деді нығарлап.

– Апа-ау, оған күн көрсетпейтін мен кім едім? Ондай билікті маған кім беріпті? – Аңтарылып қалдым.

– Оған тиіскеніңді қой. Ол момын адам!

– Не жазығым барын білмедім, керісінше, ол менің соңыма шырақ алып түсіп жүр ғой. Кішкентай ғана қызметті көпсіне ме, қайдам.

– Біреуге тиісу үшін – мықты тірегің болуы керек немесе қалпақпен ұрып алатын мықты бизнесің, атыңнан ат үркетін атақ-даңқың болуы керек.

– Оның бірде-бірін Алла тағала маңдайға жазбаса маған неғыл дейсіз?

– Ендеше тыныш жүр.

Бердібектің кебісі қисық деген сөз менен шықпаған. Немесе мақала жазып, қисынсыз тиіскен жерім тағы жоқ. Мына сөзді қайдан алып отыр. Аң-таңмын.

– Апа, ол кісіге қылдай қиянатым жоқ. Еңбекқор жан. Халықтың ілтипатына бөленіп жүр.

Апам бір уақ ойланыңқырап қалды. Бірақ ойынан қайтқысы жоқ.

– Осы сен қай әкіммен дұрыс болып едің?

Сөзінің төркінін түсінбедім. Дегенмен жауап қайыру керек.

– Мен Сіз емеспін ғой, әкімдерді мақтап мақала жазатын.

Енді апам аңтарылып қалды. Сөзімді жалғадым:

– Солай бола қалған күнде Сіз оны емес, мені қорғауға тиіс емессіз бе? Таяқ жеген адамға араша түспей ме? Мен сізге өмірімде шағынып көрдім бе?

Апай үнсіз. Орнынан тұрып коридорға беттеді. Есіктен шығып кете ме деген күдікпен соңынан ілестім. Жоқ, кітапханама кірді.

– Маған ақ жайма бер. Жастықтың керегі жоқ. Жерге жатамын.

Айтқанын орындадым да, жатын бөлмеме кеттім.

Гәп тамам! Жайлы төсегім тікенектей қадалды. Тіземді құшақтап отырып, үнсіз егілдім. Соңғы кезде маза жоқ. Сүйегіме ілініп әрең жүрмін. Қайта-қайта тексеру келеді. Олар дым таппайды. Жұмысыма тиянақтымын. Онсыз да бұл жерге «ұрылып» келгенмін. Бұрынғы басқарма бастығы қызметімнен кезекпен келетін жаңа әкімнің «командасына» «жарамай», нәпақымды тауып жеу осы жерден бұйырған. Аты жоқ облыстық филармонияға Шәмшінің атын бергіздім. Сіз оны айтасыз, «жекешеленіп» кеткен филармонияны республикалық сотқа беріп жүріп, мемлекетке қайтарған да менмін. Шәмшіге тұңғыш ескерткіш ашып, Жұмекеңнің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әнінің нотасы мен сөзін мәрмәр тасқа қашатып, филармонияның қасбетіне ілгізіп қойғам. Бұл 1998 жыл болатын. Он жылдан кейін бұл ән – Әнұранға айналды. Концерт жоспарын жүз пайызға емес, мың пайызға орындап, өнердегі Ыбырай Жақаевқа айналып жүрген жәйім бар. Қызметімде мін жоқ. Сонда да соңғы кезде қуғындауға түсе бердім. Өзі емес, «жандайшаптарына» телефондатады…

– Апай, – дейді әкімдіктегі қысық көз сары жігіт. –Үлкен кісі «әлі отыр ма» деп сұрап жатыр.

– Тексеруден түк таппады, жұмыс жоспарлы, сонда неге кетуім керек?

– Жасы келіп қалды,– дейді ғой.

– Елуге енді келдім ғой,– дедім де, ашуланыңқырап:– Сәлем айт, менің жасыма жетпей қалсын!

Бір күні біреуі, екінші күні екіншісі…

Басшы саясатының қырық қыры болатынына көзім жетті. Бірақ өз ісіме берік болғандықтан ешкімнен қол жайып, көмек сұраған емес ем. Ал бәрі керісінше, мен күн бермей жатыр екем…

Ұйқы жоқ. Кенет көзім бас жағымдағы тумбада жатқан газет қиындыларына түсті. Жергілікті басылымда жарық көрген цикл өлеңдер. Ертеректе жазылған. Шымкентті меңіреу қараңғылық басып, не газ, не жылу, не жарық жоқ, елдің тығырыққа тірелген уақытында жазылған жырлар. «Қыс» деген өлеңімде:

…Ешкім халын көрмеген соң ойланып,

Шыдады ғой, шыдайды ғой, жәй халық.

Пісіп, түсіп, кезектегі әкімдер

Тоқбүйенге бара жатыр айналып…

немесе:

…Мінген. Түскен, Қазынаны опырған

Бір тақтан соң, бір таққа кеп отырған.

Қарынкөздер заманында бұл заман

Жазылмайды әлеуметтік қотырдан…

Және бір өлеңімде: 

…Қарсы емеспін нарықтың дамуына,

Көне көрпе көнбей тұр қабуыңа.

Әкімдер ме кінәлі, әлде – халық,

Түйесі ме, қисығы, жабуы ма?

Жұртын тонап, қоғамды асағандар,

Ел дәулетін сімірген лас адамдар

Неге жауап бермейді ел алдында

Әлеуметтік қылмысты жасағандар?!

Солай өлең жалғаса береді. Санама бір ой сап ете қалды. Бұл өлең жақында, яғни Бердібектің кезінде жарияланыпты. Оны тікелей өз басына қабылдаған соң, маған шүйлігіп жүрген шығар. Мүмкін, жанындағы қызметкерлері өлеңнің тонын айналдырып жеткізген де болар. Мүмкін. Бәрі мүмкін. Есіме түсті. Әлігі поштабайы бар, басқасы бар менің сол өлеңдерім шыққанда, маған телефон соғып, көпшік қойып мақтағандары бар. Дәл солай, солар жеткізген. Мейлі, арандату әрекеттерін өз арына аманаттадым!.. 

Осы ойларымды қол созым жерде жатқан Фариза апама айтпақ болдым. Сағатқа қарасам, түн әлдеқашан ауып кетіпті. Неге екенін қайдам, «Бақсы бақсыны, жақсы жақсыны жақтырмайды» деген мақал есіме түсті. Қалғып кетіппін.

Таң аппақ атыпты. Есік жайлап ашылды да, апамның басы қылтиып:

– Ханбибіжан, тұра ғой, шәйді демдеп, қуырдақты жылытып қойдым.

Апамның жұмсақ дауысынан әскердей атып тұрдым.

Апам бұл жолы да ой тастап кетті. Лауазымды адамдардың мінін таппай, тілін табу керек деген тоқтамға келдім.

Кейінірек сол Бердібек министр кезінде менің «Парасат» орденін алғанымда бірінші хабарлап, сүйінші сұрады.

Мойындау

Фариза – жағыну мен шағынуға жоқ. Ол тек екі түс – ақ пен қара. Түрлі түсті бояумен құбылу мен құлпыру – жанына жат.

Жетпіс жылдығы аталып өтті. Осы мерейтойдан кейін апамның жан дүниесінде бір өзгерістер бола бастады. Мінезі жұмсарып, жан-жағындағыларға кешірімшілдікпен, бауырмалдықпен қарайтын болды. Айналасын түгелдеуге бекінгендей. Қасым Қайсенов ағамыз да өмірінің соңғы жылында «жазушылардың үлкені мен болып қалдым, айналамда кімдер бар, бір шолу жасап қояйын» дейтін. Фариза апам да осылай ойлайтын сияқты. Қатарлас, қаламдастары – Қадыр, Тұманбай, Сәкен, Өтежандар бірінен соң бірі сапарлап жатқанда, ойланбау мүмкін емес сияқты.

Бұрын зәуіде бір телефон соққанда құрғақ сөйлесетін апам, енді өзі іздей бастады. – «Қолдарың тие бермейді, амандық білгім келіп соғып тұрмын». 

Балаларды, тіптен немерелердің де атын атап, түсін түстеп сұрайтын. 

Апайдың мінезіндегі өзгеріс кейде көңілді күпті қылғандай. Ойлана келе ол жұмбақтың шешімін тапқандаймын. Қолымда 1978 жылғы «Жұлдыз» журналының үшінші саны. Онда менің өлеңдеріме білдірген ықылас-тілегінде мынадай жолдар бар екен:

…Шаршап-шалдыққанда, жылдар мүжіп, жаның жұқарған сәттерде, артыңдағы бел-белестерге көз салып, көңіліңді тоқ етер біреулердің барын сезіну қандай бақыт!.. деп аяқтапты. Демек, осыдан отыз бес жыл бұрын бүгінгі күнін елестеткен екен-ау.

Сол жетпіс жылдығынан кейін, обыр ауруы­на тап болыпты. Ол пәледен қашып құтылу, құлан-таза айығу – тарихта әлі күнге кездес­пеген екен. Науқастың бұл түрі – айналасы бес-алты айда, әрі кетсе бір жылға ғана жетеді дейді. Ал апамның бойындағы қажыр-қайраты, әуелі Алла, содан кейін Иманғали сияқты адал сүт емген азаматтардың қаржылық демеуі – бес жылға дейін өмірін созды. Германияда екі рет күрделі операция жасалды. Алғашқы сапарында көкірек обыры болғандықтан оны сылып тастауға мәжбүрлік туды. Жеті рет химиясын да алды. Отадан кейін апайдың көңіл-күйі көтеріліп, жап-жақсы жүрді. «Обырдың ошағын күйдіріп тастады, енді апамыз оңалып, беті бері қарайды» деп ертелеу қуанып қойыппыз. Арада үш жыл өткенде әлгі аурудың белгілері өкпеден көріне бастапты. Германияға қайта барды. Өмір үшін күрес жалғасты. Ұзақ мерзім емделуге тура келді.

Шетелге соңғы барып келгеннен кейінгі мына нәрсе ойыма оралып отыр. Кенеттен апай үйге телефон соқты. Көңіл-күйі жақсы. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

– Ханбибіжан, Германиядан аман-есен оралдым. Тек, өкпемнің жартысын алып тастағаны болмаса,– деді.

– Апа, қазір еменнен семен өкпеге ота жасалынып жатыр ғой. Өкпе өседі дейді. Ә, демей-ақ қалпыңызға келесіз.

– Алты килограмм тастадым…

«Онсыз да жүдеу еді, енді несі қалды»? – деген суық ой сумаң ете қалды. «Ұстамдылық танытып:

– Апа, «ет – қонақ» деген бар. Бірде келіп, бірде кететін нәрсе ғой, әлі-ақ оңалып, қайта толысасыз.

Жұбатуым дәлелді шықты ма, мені ес көріп шағынғысы келді ме, әлде жылы сөз айтсын дегені ме:

– Бір аяғым қисайып қалды ғой… 

– Одан әрі жұбатуды жөн көрмей, әрі бұрынғы қайратына мінсін деген оймен:

– Апа, елге сіздің аяғыңыз емес, өзіңіз, сөзіңіз керек. Адамға жасы келген соң, қақшаңдап емес, ақсаңдап жүрген де жарасады.

– Әй, қайдам…– деді, апам әлденеге сеніңкіремей.

– Апа, аяқтан шалған ауруды елемей, әлі күнге келе жатқаныңыз – ел-жұртыңның, халқыңның тілеуінің арқасы. Бәрі амандығыңызды тілеулі. Көп тілегін Алла да қабыл алады дейді білетіндер. 

– Солай ма? – деді, нанғыштығына басып.

– Сөзім дәлелді болуы үшін бір аңыз әңгіме айтып берейін, оған уақытыңыз бар ма?

– Әрине, әрине, уақытым болған соң звондап тұрмын ғой.

– Ендеше тыңдаңыз. «Ертеде бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты, бір перзентке зар болыпты. Жасының еңкейіп бара жатқанын бағамдаған бай, бір намаздың үстінде Аллаға мінәжат қылыпты. Ей, Алла, бір бала беріп, көзіме бір көрсетіп алып кетсең ризамын. Сонда Алла иіп: «бір бала берейін, бірақ бір жылдан кейін алып қоямын» депті. Риза болған бай «Әмин» деп бетін сипапты. Айтқанындай бәйбішесінің аяғы ауырлап, дүниеге шекесі торсықтай бір ұл әкеліпті.

Баланың балдай қылығына тоя алмаған бай, ұлдың өмірге келгеніне жыл жақындап қалғанын сезіп, көңіл-күйі түсіп, мазасыздана бастайды.

Содан бала бір жасқа жақындағанда ұлан-асыр той жасап, тойға келгендердің барлығына бір-бір малдан ұстатады. Риза болған халайық: «Ұлың өмірлі болсын», «Жасы Ұзақ болсын» деген тілеулерін айтып тарасады.

Жыл өтеді. Бай баласы аман-есен шапқылап жүр. Көңілін күдік кернеген бай, Алладан хабар күтумен әлек. Күте-күте шыдамы таусылған бай, бір күні намаз үстінде Алламен тілдесіпті дейді.

– Ей, құдіреті күшті Құдайым, сұра­ға­ным­ды бергеніңізге мың тәубе, уәдеңізді ұмыт­тып кеткен жоқсыз ба? – депті са­қа­лынан жас саулап.

Сонда Алладан хабар келіп, былай депті:

– Сен уәдені өзің есіме салып, адалды­ғың­ды таныттың. Елге бар малыңды таратып беріп жомарттығыңды таныттың. Қалың қауым ел сенің балаңның ұзақ жасауын менен сұрады. Мен де халық тілегімен санасамын. Бердім балаңа ел сұраған ұзақ жасын,– деген екен дейді.

–Аңыз да болса, мазмұны терең екен,– деді, апам жайдарланып. – Айтқаның келсін. Үстімнен жүк түскендей, жеңілденіп қалдым, рахмет, айналайын, өзіңе де, ертегіңе де!

Арада біршама уақыт өткенде апама телефон соқтым. Хал-жағдайын білмек болып.

– Ау, Ханбибіжан, өзім де звондайын деп отыр едім,– кешегі самолетпен жіберген саумал қымызыңа рахмет. Бір септігі тиер деп, аздап ішіп жатырмын. Мен саған бірдеңе айтайын деп едім, – деп, аздап кідірді.

– Айтыңыз, апа!

– Өмір жүйрік, құйғытып өте шығады. Есікті ашып-жапқандай ғана дегендерге сене бермеуші ем. Расында солай екен. Қазір өзімнен есеп алып жатырмын. Қанша адамның көңілін қалдырдым. Менікі дұрыс деп, қатты сөйлеген, батылмын деп батыр сөйлеген кездерім көп болыпты. Адамдар қандай кешірімшіл, маған келгенде төзімді болды. Кейбір жөнсіз, жол-жосықсыз сөзбен біраз адамдардың көңіліне тиіп, жаралағаныма өкініп отырмын. Бәрінен кешірім сұрағым келеді. Бірақ кемшілігімнің қайсыбірін жөндейін. Оған уақыт та тарылып барады. Айналайын, саған айтып отырғаным, қатқыл болма, жұмсақ бол! Айналаңдағылармен санас. Жұрттың көңіліне абай бол! Ел сені ардақтап, қаумалап жатса – құлым деп емес, пірім деп қара. Мен жіберген кемшіліктерді қайталама! – деп сөзін аяқтады.

Телефон тұтқасын орнына қойып, көзімдегі іркілген жасты сүрттім.

Адам болып туылып, пенде болып жасағандардың бәрі өмірде мүлт кетіп, жаза басқандығын осылай мойындап жатса ғой, шіркін! Өзіне-өзі сын көзбен қарай білу, мойындай білу де ұлылық емес пе? Ұлылықтың белгісі емес пе? Апам әлгі сөзін маған неге айтты? Мүмкін, мен арқылы көңілін қалдырған адамдардан кешірім сұрап, бақұлдасқаны ма екен? Кешіріңіздер, кеше көріңіздер, мейірімді жандар, ақжүрек ақынның кей тентектігін!

***

Құрметті оқырман! Көзді ашып-жұм­ғанша, апамның қырқы болып қалыпты. Өк­пеге қисақ та, өлімге қимайтын халықпыз ғой. Осы асығыстау жазылған естелігімді Фариза апамның өз сөзімен аяқтасам деймін.

«Шаршап-шалдыққанда, жылдар мүжіп, жаның жұқарған сәттерде, артыңдағы бел-белестерге көз салып, көңіліңді тоқ етер біреулердің барын сезіну қандай бақыт!».

Апа, шаршадыңыз. Дем алыңыз енді!..

Ханбибі Есенқарақызы