Транзит – табыстың көзі
Транзит – табыстың көзі
Мұнай бағасының құлдырауы ризық-несібесін қара алтыннан тауып отырған мемлекеттердің уайымын үдете түсті. Иранның мұнай өндірісіне белсенді кірісуі, онсыз да шикізатқа лық толы нарықты берекеден айыра бастады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) WTI мұнайының қыркүйек айындағы фьючерстері 4,1%-ға, барреліне 45,17 доллар шамасына дейін түсті. Ал құрлықаралық биржада (ICE) Brent мұнайының фьючерстері 5%-ға дейін құлдырап, 1 баррелі 50 долларға да жетпей қалды. Экономикасы негізінен мұнай мен газға сүйенген біздің еліміз үшін бұл жақсы жаңалық емес. Әйтсе де, мамандар қара алтыннан түсетін табыстың орнын жаңа автобандардан түсетін қаржы толтырады деп сендіріп отыр. Барлығы жоспарлағандай болса, жақын арада пайдалануға берілетін көлік жолдары қазынаға миллиардтаған доллар пайда әкелуі тиіс.
Үміттің үлкенін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік автомобиль дәлізіне артылуда. Жол-көлік инфрақұрылымы саласындағы ауқымды жобаның мақсаты – Батыс пен Шығысты байланыстыру, Ұлы Жібек жолының бағдарын заманауи тұрғыда қайта жаңғырту. Еуразия құрлығының ортасында орын тепкен Қазақстан үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің еліміздің транзиттік әлеуетін жүзеге асырудағы рөлі айрықша. Дәліздің құрылысы келер жылдың басында салынып бітеді деп жоспарланған. Егер сарапшылардың Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда айналымы триллион долларға жетеді деген болжамы расталар болса, алпауыттардың арасындағы жүк тасымалын өз жеріміз арқылы өткізіп, кірісті еселеуге мүмкіндік алар едік. Үш басты бағыт: Қытай – Қазақстан, Қытай – Орталық Азия, Қытай – Ресей – Батыс Еуропа бойынша алыс-берісті жүзеге асыратын жоба арқылы 2020 жылы жүк тасымалдарының көлемі 33 млн. тоннаға жетеді деп болжануда.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің техникалық-экономикалық жобасы бойынша алдағы 7-8 жылда жолдың жүк көліктерін өткізу көлемі 2,5 есе ұлғаймақ. Жобаны іске асырудан Қазақстанға келетін экономикалық пайда жыл сайын 33,9 млрд. теңге, жол-көлік апаттарының азаюынан түсетін пайда 49,9 млн. теңге, ал ішкі өнімдердің өсуіне байланысты түсетін пайда 82,9 млрд теңге болады деген болжам бар. Еліміздегі бес ірі аймақ – Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының экономикасында серпіліс болатыны айтпаса да түсінікті. Жоғары деңгейде жүк өткізуге қабілетті автокөлік жолдары, жүк пойыздары кесіп өтетін шойын жол желілері, жанар-жағармай құю бекеттері, заманауи құралдармен жабдықталған кеден бекеттері, тағы басқа да инфрақұрылымдар қытай тауарларын Еуропа елдеріне кідіріссіз жеткізуді қамтамасыз ететін болады. Ал Еуропа жақтан Қытайға жаңа технологиялар мен машина құрал-жабдықтары, сондай-ақ шикізат жеткізіледі. Батыс Қытайдан шығатын тауарды аз қаржы жұмсап, тез жеткізу үшін Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары арқылы өтетін төте жол таңдалатыны күмәнсіз. Жол құрылысын жүргізіп жатқан мамандардың сөзіне қарағанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі екі ортаны үш жарым есеге қысқартады екен.
Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында 65-қадам ретінде «Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау, соның ішінде «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» жоғары жылдамдықты мультимодальдық көлік дәлізін құру» белгіленгені мәлім. Ол Азиядан Еуропаға жүктер транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көлік дәлізі бірінші бағыт бойынша Қазақстан аумағы арқылы Ресей Федерациясына және одан әрі Еуропаға өтеді. Екінші бағыты – Қазақстан аумағы арқылы Қорғастан Ақтау портына дейін, одан әрі Каспий теңізі мен Әзірбайжанға жетіп, әрі қарай Грузия асады. Жобаға былтыр ғана құрылған «Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін» тарту көзделуде.
Сонымен қатар, «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» кластерін құру жоспарланып отыр. Елбасының бұл бастамалары мол инвестиция тартып, ел экономикасын қарқынды дамытып қана қоймай, имидждік жоба ретінде мемлекеттің абыройы мен беделін арттыра түсетінін де айта кеткен жөн. Қазіргі кезде Қытайдан, не Еуропадан тауарларды тек компаниялар ғана емес, жекелеген адамдар да тапсырыспен алдыртады. Алыс-беріс ғаламтор арқылы жүзеге асады. Қытайлық не еуропалық интернет-дүкеннен шыққан тауардың қай бағыт бойынша жеткізілетінін, дәл қазір жолдың қай бөлігінде келе жатқанын тұтынушы интернет арқылы бақылап отыру мүмкіндігіне ие. Осы байланыстар кезінде транзиттік мемлекет ретінде Қазақстанның аты ауызға жиі алынатын болса, бұл еліміздің әлемнің түкпір-түкпіріне танылуына жол ашпақ. «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» кластерінің инвестициялық һәм индустриялық әлеуеті тіпті мол. Жоба Қазақстанның халықаралық нарықтағы белсенділігін арттырады. Сондай-ақ, тек өз еліміз емес, Орта Азиядағы өзге мемлекеттердің де экономикасына оң ықпал ете аламыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбековтің айтуынша, жаңа Жібек жолы көлік дәлізін салу туралы стратегиялық бастама қазақстандық тауарлардың жаһандық нарыққа шығуына септеседі, әрі экономикалық мол пайда әкеледі.
– Біз инфрақұрылымдық жобаларға өте көп қаржы салудамыз. Демек, ҚХР төрағасының «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құру туралы идеясын өз орайына пайдаланып қалуымыз керек. Осы аймақта көліктік хабқа айналу – біздің стратегиялық мақсатымыз. Орталық Азия арқылы өтетін кез келген көлік дәліздерінің, транзиттік және логистикалық үдерістердің орталығы – Қазақстан болады. Бұл үлкен экономикалық жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы жағдайда Қазақстан әлемдік нарықтарға шығудың сан алуан жолын ашуы керек, бұл өмірлік маңызды мәселелер, – дейді С.Әкімбеков.
Халықтың жолдардың болашағына деген үміті мен сенімін еселеуге «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Асқар Маминнің сөзі де айтарлықтай әсер етті. «Ішкі континенталдық дәліздердің мүмкіндіктерін есепке ала отырып, біз 2020 жылға дейін Шығыс пен Батыс арасындағы бағыт бойынша транзит көлемін екі есе өсіру мақсатын белгіледік. Қытайдың орталық және батыс провинцияларының үдемелі дамуы және сыртқа сататын экспорты көлемінің ұлғаюы біздің осы мақсатқа жетуімізге ықпалын тигізеді», – деді ол. Мамин мырза БҰҰ-ның Сауда және даму конференциясының эксперттік бағаларын тілге тиек еткен болатын. Ұйымның мәліметіне сүйенсек, Еуразия құрлығындағы негізгі нарықтар арасындағы сауда айналымы алдағы 5 жылда 1,5 есеге артады. Яғни былтырғы 2014 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 800 миллиард долларды құраса, 2020 жылы 1,2 триллион долларға жетпек. Егер осы қаржының бес-он пайызы Қазақстанның қазынасына түссе, небәрі бір жылдың ішінде жолдардан тапқан несібеміз соңғы он жылда мұнай сатудан түскен пайдадан асып түсетіні кәнік.
Күншығыстағы көршіміз Қытайдың Еуропалық одақ елдерімен сауда-саттығы артатыны көңілге медеу. Екі алпауыттың алыс-берісі 2020 жылға қарай қазіргі 800 миллиардқа, ал ҚХР мен Үндістан арасындағы тауар айналымының көлемі 66 миллиардтан 92 миллиард долларға дейін ұлғаяды деген болжам біздің ғана емес, өзге де транзиттік мемлекеттердің үкілі үміті.
Өткен жылы Қазақстанның көлік дәліздері бойынша өткен жүк көлемі шамамен 18 миллион тоннаны құрады. Соның ішінде темір жолмен – 16,1 миллион тонна, автокөлік жолдармен – 1,5 миллион тонна және Ақтау порты арқылы теңіз көлігімен шамамен 100 мың тонна жүк тасылған. Транзиттен Қазақстан қоржынына түскен табыс 1 миллиард доллардан асып жығылды. Демек, бет алған бағытымыз дұрыс, жол құрылысын қарқынды жүргізу – кемел келешегімізге кепіл. Қазірдің өзінде бұл сала отандық өндірушілерге үлкен қолдау болып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол салуға 72 мыңнан астам адам тартылғанын да айтпай кетуге болмас. Елбасының: «Жол – өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» деген сөзінің ақиқат екеніне көзіміз жете түсті.
Анар ЛЕПЕСОВА