Жақсынтай ҚАЙЫРБЕКОВ, химия ғылымдарының докторы, профессор: ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ ҰЛТТЫҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРЕДІ

Жақсынтай ҚАЙЫРБЕКОВ, химия ғылымдарының докторы, профессор: ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ ҰЛТТЫҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРЕДІ

Жақсынтай ҚАЙЫРБЕКОВ, химия ғылымдарының докторы, профессор:   ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ ҰЛТТЫҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРЕДІ
ашық дереккөзі
Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының тұрғындары күні бүгінге дейін Қайырбек Ысқақовты құрметпен еске алып отырады. Ол отыз жыл мұғалім болған жан. Бүгінде ол кісіден тәрбие алған шәкірттер еңбекте де, ғылымдада да еліміздің дамып, өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Әйелі Мәгүлді де ауылдастары адалдығы, жанашырлығы, мейірімділігі үшін жақсы көретін. Қай жағынан да елге үлгі болған ерлі-зайыптылар отбасында 1944 жылы 16 наурызда ұл бала өмірге келіп, азан шақырып, Жақсынтай деп ат қойды. Қайырбектің балаларының болашағынан күткені көп еді. Бірақ тағдырдың жазуымен өмірден ертелеу озды. Оның әйеліне айтқан соңғы аманаты: «Мәгүл, шамаң келгенінше балаларымды оқыт. Жоғары білім алып, қатарынан қалмасын», болды. Әйелі оның сол аманатын орындады. Жақсынтай Торғай ауылындағы орта мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Соңынан ерген бауырлары оны үлгі тұтып, ұстаздар қауымының ыстық ықыластарына бөленді. Жақсантай 1969 жылы С.К. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін ойдағыдай бітіріп, әскери борышын өтеп, 1971 жылы Дмитрий Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына қабылданды. Содан бері қаншама жылдар өтті. Бүгінде Жақсынтай Қайырбеков химия ғылымдарының докторы, профессор. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының профессоры. Оның жетекшілігімен 3 докторлық, 17 ғылым кандидаты, 1 РҺ.D ізденуші қорғалды. Жуырда ғалыммен кездесудің сәті түсіп, сұхбаттасқан едік. Енді сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. –  Жақа, ғылыми ізденіс жұмыс­тары төзімділікті, табан­дылықты қажет етеді. Аспирантурада жүріп сіз де сондай сыннан өткен боларсыз? – Ғылымға білімділер, шыдамдылар келеді. Ондай сынға қарсы тұра алмай ғылымды тас­тап кеткендер де аз емес. Біздің жастық шағымыз кеңес заманында өтті ғой. Аспирантурада ғылыми жетекшім академик Дмитрий Сокольский болды. Ол ашқан ғылыми-зерттеу институты «Исследование стуруктуры и физико-химических свойств склетных рутениевых и осмиевых катализаторов» деп аталынған тақырыпты бекітіп берген соң үш жыл бойына ізденіп, кандидаттық диссертация қорғадым. Ашқан жаңалығым кейіндеу Одақ көлеміндегі өндіріс орындарында қолданылды. Кейіндеу КСРО ҒА академигі В.Каферовтың кафедрасымен және Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химико-технологиялық институтындағы техника ғылымдарының докторы В.Писаренкомен бірлесе жасаған жұмыстарым да халық шаруашылығының өндіріс орындарында өнімділік пен тиімділікті арттырды. Сондай-ақ Мәскеу маңындағы Долгопрудный, Болоховский, Татарстандағы Нижний Каменский, Волховский, Краснодар, Пермь облысындағы Березнихый, Башқұртстандағы Салават қалаларындағы мұнай-химия комбинаттарда, тағы басқа да өнеркәсіп орындарындағы өнімнің бір бөлігін алып, соны талдап, жаңадан катализатор енгіздім. Сондай-ақ ондағы химиялық реакция бұрынғысымен салыстырғанда анағұрлым тез жүрді және химиялық реакцияның ең тиімді бағытын да айқындап беруіме тура келді. Негізінен өндіріс орындары Ресей аумағына шоғырланғандықтан көп уақытым сол зауттармен байланысты болды. Өндіріспен тікелей байланыста жұмыс істеу менің ғылыми ізденістеріме көп пайдасын тигізді. Ал сол зауыттар бөлген қаржы біздің еңбекақымызға, зертханалық жұмыстарымызға, іс сапарларымызға толық жететін. Солай шаруашылық келісім-шарттың арқасында өзімізді өзіміз қаржыландыратынбыз. 1996 жылдың соңғы айында А.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының арнайы комиссиясы бекіткен «Каталитический синтез гетероциклических и ароматических аминов и их практическое использование» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Бұл бір жағынан ондаған жылдар бойғы ғылыми ізденістерімнің, тәжірибемнің жинақталған қортындысы іспетті еді. Кеңестер Одағы кезінде зауыттарда ғылымға бөлінетін қаражат болатын. Қазір бұл жоқ. Былтыр Қазақстан Президенті әрбір кәсіпорын 1 пайыз табысын ғылымға бөлу керек деді. Өкінішке қарай Елбасының бұл тапсырмасы орындалмай жатыр. Қазір өндіріс орындарына барсаң басшылары ат-тонын ала қашады. Алайда ғылымда тоқтау жоқ, даму бар. Қазір де жаңа ізденістер үстіндемін. Біздің университетте он екі ғылыми зерттеу институты бар. Оның үшеуі химия факультетінде. Иә, өзіңіз айтпақшы, ғылымдағы осы жетістіктерге оп-оңай қол жеткізгенім жоқ. Өмір жолдарыма ой жүгіртсем сонау аспирантураға түскен кезден бас­тап, әйелім Мәншүк Есенәлиева екеуміз екі баламызбен он төрт жыл бір бөлмелі жатақханада тұрыппыз. Талай қиын кезеңдер басымыздан өтті. Бірақ ғылым үшін бәрінеде төзуге тура келді. Әйелім де ғылым жолында жүрген жан. Химия ғылымдарының кандидаты. Қазір Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында оқытушы. Ұлым Алтай техника ғылымдарының кандидаты. Қызым Ақмарал Алматы технологиялық университетін бітірді, келінім Жанар шет тілдер университетін, ал күйеу балам Рус­там заң университетін бітірді. – Жаңа академик Дмитрий Сокольский жөнінде айтып қалдыңыз. Кезінде сізге ғылыми жетекші болған екен. Алайда ұстаздардың бәрі де бірдей бола бермейді. Менің Ленинград университетінің математика факультетін бітіріп келген жолдасым: «Кейде бізге кандидат атағы барлар дәріс беретін. Сонда кейбір есептердің шығару жолдарын қанша айтса да түсінуге ауыр соғатын еді. Ал академиктер дәріс оқыса, әлгіндей есептерді оп-оңай жолдармен түсіндіретін. Сонда олардың методикасына таң қалатынбыз», – деген еді. Ал сіздің ұстазыңыз Сокольский басқалардан қандай қасиеттерімен ерекшеленетін? – Сокольский Алматыға 1944 жылы келіп, «Техникалық химия және катализ» кафедрасын ашып, санаулы жылдар ішінде өзінің одақ көлеміндегі мектебін қалыптастырып үлгерді. Студенттердің оның кафедрасына бөлінуі оңай емес еді. Ол кісі тек өзінің сынынан өткен студенттерді ғана алатын. Бізге дәріс оқыған алғашқы күні-ақ: «Химия ауқымы кең, саласы көп, терең ғылым. Сендер үздік оқысаңдар да бүкіл химия­ны түгел біле алмайсыңдар. Сендер қазір физикалық және органикалық химияның мәнін білулерің керек. Химияның негізі солар. Ал қалғандарын солар арқылы кітаптан түсініп алуларыңа болады», – деген еді. Оның сол берген кеңесі менің ұстанымым болып қалды. Қазір мен де студенттерге солай айтамын. Шындығында химия ғылымының түбіне жету мүмкін емес. Сокольский басқарған кафедраға оншақты студент бөліндік. Аттестаттағы химия пәні бойынша алған бағаларымызға қарап отырып, жәй сұрақтар қойды. Былай қарасаң қарапайым, көңіл аударыла бермейтін сұрақтар. Соған біраз балалар жауап бере алмай жатты. Оның үстіне орыс тіліне әлі жетік емеспіз. Ол бізге асықпай қарап отырды да: «Аттестаттарыңдағы бестік бағаларың көз қуантады. Бірақ осы бағаларыңның арғы жағында не жасырын тұр? Бұл маған әлі белгісіз. Мен студенттерді қарым-қабілеттеріне қарай екі топқа бөлемін. Бірінші топтағы студенттер категориясы емтиханға дайындық күндері барлық берілген сұрақтардың жауаптарын жаттап алады. Ал содан кейін көп уақыт өтпей жатып-ақ ұмытып қалады. Екінші студенттер тобы құр жаттамай, оқығандарының мәні мен маңызын зерделеріне тоқып алады. Олар баға үшін емес, таза білім үшін оқиды. Сондықтан да олар оқығандарын ешуақытта ұмытпайды», – деді. Сокольский студенттердің бағасына емес, зердесіне, біліміне қараушы еді. Емтиханға да сол тұрғыда қараған. Ол: «Емтихан студенттің жүйкесін жұқартады. Сынақ алып жатқан оқытушыға кейбіреулерінің кекештеніп, тұтығып, өз ойын толық жеткізе алмай қалатыны да сондықтан. Ал оқытушы жыл бойғы дәрісінде қай студенттің қарым-қабілетінің қандай екенін жақсы біледі. Емтихан кезінде студент білімін соған қарап бағалағаны жөн. Мен де кезінде сендер секілді студент болғанмын. Бір жолы емтиханға жақсы дайындалып келдім. Сұрақтардың бәріне жауабым дайын. Сол кезде екі жақты тақта болушы еді. Бір жағында студент сұрақтарға жауап беріп жатса, екінші жағындағы студент есебін шығарып жатады. Мен билет сұрақтарындағы есептің жауабын жазып, тақтаны аудитория жаққа қаратып айналдырып қойдым. Сынақ алып жатқан профессор билетіме бір, тақтаға бір қарап алып: «Дмитрий, сен не жазғансың? Мүлдем басқа есепті шығарғансың», – демесі бар ма. Тақтаға анықтап қарасам, шынында да басқа есептің жауабын жазып қойыппын. Ал билеттегі сұрақ жауа­бын жақсы білемін. Дұрыс есепті қайта шығаруыма тура келді», – дегені әлі күнге құлағымда тұр. Ол 1970-ші жылдары Ғылым академиясынан «Органикалық катализ және электрохимия институтын» ашты. Қазір мұндай институт дүние жүзінде үшеу-ақ. Оның біреуі Ресейдің Новосібірінде, екіншісі дамыған шетелдердің бірінде, ал үшіншісі бізде. Қазір біздің институт дүниежүзіне белгілі. Кеңестер Одағының Социалистік Еңбек Ері атағын біздің екі ғалым алған. Академиктер – Шафик Шокин мен Дмитрий Сокольский. Ұстазым табиғатында қарапайым жан. Қазіргі студенттер профессордың алдына есікті шалқалата ашып кіріп келеді. Ал біздің студент кезімізде оның алдына именіп кіруші едік. Бір жағынан бұл құрмет те еді. Ол кісі бізді өзімен теңдей көріп, ашық сөйлесетін. Ғылыми журналдарға жазған еңбектеріңді көрсетсең кейбір профессорлар секілді жәй ат үсті қарай салмай, бар зейінімен оқып, пікірін тәптіштеп айтатын. Кеше ғана институт директоры Мансұровтың қабылдауында болып, Сокольскийді есімізге алған едік. Студент кезімізде Мансұров партия мүшесі еді. Университетті бітірген жылы оны партия комитетіне қызметке алып қалған. Сокольский Ғылым академиясынан әлгі аталмыш институтты ашқан соң сол жаққа ауысты. Бірақ университетте өз саласы бойынша студенттерге дәріс оқып жүрді. Мансұров: «Бір жолы Сокольскийді студенттермен кездесуге шақырғым келді. Ғылым жолында көргені, білгені көп, өмірден түйгені мол жан ғой. Студенттер тағдырынан, тәжірибесінен тәлім алар» деген ойда болдым. Сол кезде деканның орынбасары соғыс ардагері Ысқақ Тойбаевқа осы ойымды айтқанымда: «Академик біздің шақырғанымызға келеді дейсің бе. Уақытым жоқ дей салатын шығар», – деген еді. Сонда да нар тәуекел деп, Ғылым академиясына өзім бардым. Ол жылы қабылдады. Мен: «Дмитрий Васильевич, сізбен университеттегі химия факультетінің студенттері кездескісі келеді. Уақытыңыз болса оларға ғылымдағы өз жолыңыз, тағдырыңыз жайында әңгімелеп берсеңіз», – дедім. Ол кісі көп ойланбай-ақ келісімін берді. Кездесу сәтті өтті. Студенттер неше алуан тақырыпта сұрақтар қойды. Академик бәріне тамаша жауап берді. Өнегесі мол сол кездесу олардың есінде ұмытылмастай болып қалды», – деп есіне алды. Біздің Химия факультетінде аттары дүние жүзіне мәшһүр академиктер болды. Мысалы Сокольскийден басқа Усанович, Козловский секілділер. Бұлардың факультетте арнайы аудиторялары бар. Кеңестер Одағы кезінде біздің химия факультеті МГУ мен ЛГУ-дің факультеттерімен қатар тұратын. Біздің ғалымдар ашқан жаңалықтар солардың ғалымдары ашқаннан асып кетпесе, бір мысқал да кем емес еді. 1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырап, тәуелсіздікке қол жеткізген кезде бұрынғы байланыстардың бәрі үзілді. Ұлттық экономиканы жаңа үлгіде дамыту қолға алынды. Алғашқы жылдар қиын болғанын жұрт жақсы біледі. Қазір жаман емес. Ғылымға аста-төк болмаса да, қомақты қаражат бөлініп жатыр. Гранттар да берілуде. Менің қазір 300 миллион теңгеге бағаланған үш бағдарлама — ғылыми жобам бар. Сондай-ақ Қытаймен де бірлескен үлкен жобаны қолға алдым. Министрлер кабинеті жанынан құрылған «Парасат» холдингінің бастығы Бектұрғановпен де келісім-шартқа тұрғанбыз. Қазір солардың тапсырыстары бойынша тақырыптар алып, ғылыми жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Институтта жақсы зертханамыз бар. Жақында оны аттестация­дан өткіздік. Айналып келгенде біз Сокольскийдің шәкіртіміз. Атақты Жұбановтың екі баласы Болат пен Қайыр Ахметұлдары бар өмірлерін химия ғылымына арнап келеді. Екеуі де академик. Олар ашқан жаңалықтар қаншама. Қайырмен бірлескен ғылыми жобаларымыз арқылы өмірге бірқатар жаңалықтар әкелдік. Соның бірі –көмір қоспаларын катализдеу арқылы өмірге экологиялық таза жанатын отын әкелдік. Ал Қайрекең менің докторлық еңбегіме кеңесші болған. – Бұрын студенттер ірі өндіріс орындарында іс-тәжірибеден өтіп тұратын. Ал қазір ше? – Қазір біздегі мұнай зауыттары шетелдіктердің қолында. Мысалға Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмыстарына қытайлықтар иелік етуде. Бұрын зауыт басшылары бізбен тығыз байланыста болатын. Біз онда ғылыми жұмыстар жүргізетінбіз. Қазіргі басшыларының бізбен ісі жоқ. Өз тарапымыздан зауытта ғылыми жұмыстар жүргізуге ұсыныстар жасадық та. Өкінішке қарай, олар көңіл қояр емес. Кеңес өкіметі кезінде жоғары курс студенттерін сонда өндірістік тәжірибеден өтуге алып барушы едік. Тіптен студенттер кез келген зауытта тәжірибеден өтетін. Қазір ешқайсысы студенттерді қабылдағысы келмейді. Кейбірі әке-көкелеп жалынғанда ғана амалдарының жоғынан өткізіп жатыр. Ал студенттерге білімдерін өндірісте жетілдіру үшін тәжірибеден өту ауадай қажет. Бізде мұнайдан өнім алудың көптеген әдістері жасалынған. Қазір Атырауда мұнайдан бензол, толуол алатын жаңа зауыт салынып жатыр. Ал оның химиялық технологиясын біздің ғалымдар баяғыда-ақ жасап қойған. Соны бізден сұрап жатқан жан бар ма? Бұрын Ресейдегі зауыттар өздері сұрап алатын. Олармен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл еді. – Тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасу жылдарындағы қиыншылықтарға байланысты көптеген жастар ғылымнан кетіп қалды. Соңғы он жылда экономикамыз аяғынан тұрып, еңсемізді көтеріп алдық. Дамыған елу елдің құрамына кірдік деп отырмыз. Қазір жастардың ғылымдағы орны қай деңгейде? – Ғылымға жастардың келу проблемасы әлі де бар. Қазір қоғамның бұл саласында жас шамалары жетпістің ар жақ бер жағындағылардың, алпыс, елудегілердің үлес салмағы басым. Бұдан жастар мүлдем аз деуге болмас. Құдайға шүкір, ғылым жолына түскен жастар бар. Бұрын жастар кандидаттық, содан кейін докторлық қорғайтын еді. Екеуінің арасында сегіз, он жылдай уақыт тағы да ізденуге кететін. Бұл уақыттың ғылыми тұрғыдан дамуға ролі зор еді. Кеңестік кезеңде қай мекемеде де, қай ортада да, ғалымдарды құрметтеуші еді. Мен жуырда бір газеттен мынандай бір күлдіргіні оқыдым. Біреу біреуден: «Қашан оқу жүйесі түзеледі?», – деп сұраса екіншісі оған: «Мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары «джиппен» жүрсе, ал оқушылар мен студенттер көшенің тасымал көліктерімен жүрген кезде ғана түзеледі», – деп жауап беріпті. Күлеміз-ау тағы. Езу тартқызатын осы бір күлкінің астарында ащы шындық жатқан жоқ па? Қазір студенттердің біразы университетке «джипке» мініп келеді. Олар жаяу жүрген оқытушыны менсінеді дейсіз бе?.. Сәлем бермек түгілі көздерінің қырын да салмайды. Ал мектептің мұғалімдерін алып қараңыз. Болмашы жалақымен ілініп-салынып жан бағып жүр. Біз бала кезімізде мұғалімдердің алдын кесіп өтпей, бас киімімізді алып, сәлемімізді беріп тұрушы едік. Міне, шәкірттің ұстазға деген құрметі. Тек оқушылар ғана емес, елдегі үлкен-кішінің бәрі құрмет көрсетуші еді ғой. Ал қазіргі оқушылар мен студенттер ұстаздарына осындай құрмет көрсетіп жүр ме? Иә, деп кесіп айта алмаймын. Неге? Өйткені мұғалімдер мен оқытушылардың бекітілген статусы жоқ. Қазір кімнің статусы керемет! Банкирдің! Бизнесменнің! Әкімдердің! Қолдарында биліктері барлардың! Ал соларды дайындап жатқандар кімдер? Мұғалімдер мен оқытушылар ғой. Айта берсек, қазір профессор дегеннің өзі елеусіз жәй адам болып қалды. Бұрын тұлға еді. Ана бір жылдары кім болса сол ақшасымен кандидат, докторлық қорғаған жоқ па? Қазір сондай ғылыми атағы жоқ әкімдер бар ма екен, сірә? Былтыр кандидаттық қорғаса, биыл докторлық атақты қорғап жатқаны. Сондайлар ғылыми атақ алып алған соң: «Өй, докторлық қорғау деген түк те емес екен. Ғалымдарың сегіз, он жыл өмірім ізденумен өтті деп босқа көки береді екен ғой», – деп танауларын көтеріп шыға келгендерін қайтерсіз. Осыдан кейін ғылымда қандай қадір қалады? Экономика, заңгерлік, қала берді медицина саласында да сондайлардың шығып жатқанын мен айтпасам да, жұрт жақсы біледі. Бұл қоғамды жайлаған әлеуметтік кеселден құтылмасақ ұлттық ғылымның қадірін тіптен кетіреміз. Ондайлар тек математика, физика, химия саласында ғана жоқ деуге болады. Ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Соңғы үш-төрт жылда ғана ғылым жүйесі жолға қойыла бастағандай. Гранттар бөлінуде. Ғылыммен айналысуды жаны сүйген жастар аз да болса келіп жатыр. Тек айлықтары аз. Тіптен банкілердің еден сыпырушыларының айлығымен салыстырғанда төмендігі көзге ұрып тұрады. Ең көп алатыны 100 мың теңге ғана. Қанша дегенмен адамды тұрмыс билейді. Ал тұрмыс жалақыңа тікелей байланысты. Қазір баяғы академикалық жүйе жоқ. Ондаған ғылыми-зерттеу институттарын университеттерге бөліп беріп жатыр. Бұрын аспиранттардың өз алдарына бөлек жатақханасы болатын. Аспирантурада жүргенімде ҒА-ның 7 шағын аудандағы жатақханасында тұрдым. Жеке пәтерге он төрт жылдан соң қолымыз жетті. Сол жатақханада тұрған аспиранттардың бәрі қазір үлкен ғалымдар. Олар осы күнге дейін бойларындағы таланттарын ғылымға беріп келеді. Қазір аспиранттарға ондай жатақхана берілмейді. Ал пәтер жалдап тұру қалталарына ауырлық қылады. – Жақа, ғылымның негізі мектеп қабырғасында қаланады. Сіздер университет студенттеріне, магистрлерге арнап оқулықтар жазасыздар. Әрине оның да өзіндік қиындықтары бар болар. Дегенмен мектеп оқулықтарына көңіл бөліп көрдіңіз бе? – Оқулық жазу аса жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Екі шәкіртімді қатыстыра отырып, химия технологиясы бойынша студенттерге арнап оқу құралын жаздым. Бір жылда емес, иінін қандырғанша бірнеше жыл өтті. Бұл менің жиырма жыл бойына ізденіп, дәріс оқып жүрген тақырыбымның жиынтығы. Облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарының бәрі баспадан шыққан бойда алып кетті. Оқытушылардан, студенттерден жақсы лебіздер естіп жатырмын. Өткен жылы министрлік оны оқулық етіп бекітті. Былтыр Бурабайға барып, бір үйде қонақта болған едім. Сол үйдің қыз баласы Көкшетаудағы университетте оқиды екен. Мені танитын болып шықты. Студентті алғаш көріп отырғаным сол. «Ағай, сізді «Химия технология­сы» оқулығыңыз арқылы білемін. Қарапайым тілмен өте түсінікті етіп жазғансыз», – деді. Демек еңбегімнің зая кетпегені ғой. Ал біреулер ана кітапты, мына кітапты шала-пала парақтап, бір жылға да жеткізбей оқулық жаза салады. Нәтижесінде шикі болып шығады. Оқулық жазу үшін әуелі тақырыпты толық түсініп алу керек қой. Лексикалық қорымызға шетелден енген ғылыми терминдерді аударуға болмайды. Бұл бүкіл дүние жүзінде қалыптасқан жағдай. Біздегілер соларды тыраштанып, аудара бастады. Неше түрлі аудармашылар шықты. Онысы дәл мағынасын бере алмайды. Бұл университеттердің қазақ топтарына елеулі қиындықтар туғызуда. Ал біз барлық терминдерді сол күйінде қалдырсақ, ертеңгі күні орысша, ағылшынша, немісше оқығанда да түсінікті болар еді. Біз бұрын университетте орысша оқыдық. Кейін ағылшын тілінде жазылған ғылыми еңбектерді оқығанымызда түсіну аса қиынға түскен жоқ. Өйткені терминдер бірдей. Бізде Немеребай Нұрахметов деген ғалым бар. Химия оқулығын жазып жүр. Университетте факультеттің қазақ тобы ашылған соң олар әуелі орыс тіліндегі оқулықтарды аударған. Содан оқулық жазудан тәжірибе жинақтады. Кейін аудармай өздерінше жазатын болды. Оқулықтары тәп-тәуір. Міне бұл үлкен дайындықтың жемісі. Әр істің ірге тас тұғыры болу керек қой. Бізде оқулық жазуда осы жағы кемшін соғып жатыр. Тіптен жоқ деуге де болады. Мен айтар едім, бізде «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиетін» жазу ғана жолға қойылған шығар. Ал «Қазақ тарихы» талап деңгейінен шықпайды. Министрліктен жазыңдар деген нұсқау түсісімен анау да, мынау да жапа-тармағай жанталасып іске кіріседі. Әйтеуір бірдеңе етіп жазып, қаламақысын алып қалу. Менің балаларым кеңестік кезеңде жазылған оқулықтармен мектепті бітірді. Ал немерем бас­тауыш сыныпқа барған кезде, оқулықтарын ашып көріп едім, шалқамнан түсе жаздадым. Бір мектепте бастауыштың өзі бірнеше сыныптан тұрады. Солардың бірі «Атамұрадан» шыққан оқулықтарды пайдаланса, бірі «Алматы» баспасынан шыққандарды оқып жатыр. Екі баспаның оқулықтарын салыстырып көрдім. Бір тақырып екеуінде екі түрлі жазылған. Айтарлықтай айырмашылықтары бар. Кеңес өкіметі кезіндегі оқулықтардың бәрі бірдей болатын еді. Балалардың бәрі бірдей білім алатын. Мектепке барып мұғалімдерден «Неге бұлай?» десем, олар: «Бізге осылай нұсқау берілген», – дейді. Несін жасырамыз, біз кеңес өкіметінде шыққан оқулықтарды әлі қолданамыз. Одан ақи-тақи кеткен жоқпыз. Университеттің өзінде де оқулық жазғыштар бар. Ана саладан да, мына саладан да. Дәрісіңе пайдаланайын десең кәдеге асар түрі жоқ. Әр кітаптан қойыртпақ көшірме. Мамандығым басқа болса да, әдеби шығармаларға да ауық-ауық ден қойып отыратын әдетім бар. Кейде Абайдың өнегелі өлеңдері мен Конфуцийдің даналықтарын қайталап оқып отырамын. Күнделікті газет-журналдарға қарап отырып өзім келісе алмайтын жайларға да кездесіп қаламын. Сол ақпарат құралдары елге белгілі тұлғаның «Туған күні…» деп жазып жатады. Негізінде «Туылған күні» деп жазған дұрыс секілді. Неге? Өйткені тұлғаны анасы туады. Түріктің Әзиз Несин деген сатирик жазушысы болған. Шығармаларын түгел оқып шыққанмын. Оның бір әңгімесінде екі адам сөйлесіп отырады. Солардың бірі қабырғада ілулі тұрған суреттерге қарап: «Анау пәленше мамырдың он екісі күні туды деп бес монография жазған. Ал мынау оны он екісі емес, он үші күні туды деп алты монография жазған. – Тағы бір ғалымның суретін көрсетіп, – ал мына ғалым оны он екісінде де емес, он үшінде де емес, он екісінен он үшіне қараған түні туды деп аналардан да санын асырып монография жазды», – дейді. Сонда қасында отырған кісі: «Сонша монография неге керек?», – деп таңданған. Анау: «Сен мұны түсінбейсің, бұл ғылым», – деген екен. Сол секілді бізде де мұндай жазғыш ғалымдар бар. Бізде қазір студенттердің ағылшын тобы да бар. Ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ менің соған көңілім тола қоймайды. Былтыр бір жиында: «Осы біз ағылшынша оқытамыз деп студенттердің миын ашытып алмаймыз ба? Ең бастысы, олардың санасына химия ғылымының мәні мен маңызын түсіндірсек, кейін өздері-ақ әрі қарай алып кетеді ғой», – деп едім. «Е,е онда тұрған не бар. Үйтіп, бүйтіп дәріс оқырмыз», дегендер болды. Ағылшын тілінде ауызекі сөйлеу бар да, пәндегі тақырыпты студент санасына толық жеткізу бар ғой. Дәріс оқу оңай емес. Иә, шет елдерде тәжірибеден өтіп келгендер бар. Бірақ орта болмаған соң дәріс оқуды бірден алып кету қиын. Мен өзім орыс тілін бір кісідей-ақ білемін. Соның өзінде дәріске мұқият дайындалмасам өз көңілім өзіме толмайды. Мына академия жүйесінде істеген ғалымдар, университетке келіп бірден оқытушы болып кете алмайды. Оқытушы шеберлігі де жылдармен қалыптасатын іс. Бір тақырыптағы дәрісті жан-жақты игеру үшін кемі үш жыл уақыт керек. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Қысқасы біз мектепке болсын, жоғары оқу орындарына болсын, оқулық жазуда әлі қалыптаса қойған жоқпыз. Әлі де орыстардан үйренуіміз керек. Оны бірден лақтырып тастауға болмайды. Қалай айтқанда да кеңес өкіметінің ғылымы басқалардан кем болған жоқ. Сол ғылыммен ғарышты да өзге алпауыт елдердің алды болып игерген жоқ па. Америкалық ғалымдар кеңестік оқу жүйесіне тәнті болған. Біздің университет басқалардың алды болып PҺ.D дайындап жатырмыз. Ал Ресей бұны енді-енді ғана қолға алуда. Студенттерді төрт, бес жыл оқытып бакалавр дипломын береміз. Қазір бұл дипломмен кез келген мекеме не компания жұмысқа ала бермейді. Міндетті түрде магистратура бітіруің керек. Өйткені бакалавр бітіргендерге толық қанды жоғары білім иесі емес деп қарайды. Статусы бекімеген. Магистратураны да кез келген бакалавр бітіргендер оқи бермейді. Оған түсушілердің саны шектеулі. Біз бакалавр бітіргендерді зертханаға жұмысқа аламыз. Білімдері жоғары емес деп еңбекақысы да төмен беріледі. Ал бұрын төрт жылдық инс­титутты бітіргендер білдей инженер, білікті дәрігер т.б. мамандық иелері болатын. Аспирантураға түсіп, ғылыми атақ қорғайтын да. Тіптен сол дипломмен министр де болатын. Ал қазіргі жүйе мүлдем басқа. Бакалавр, магистр сатыларынан өтпесек шетелдер дипломымызды қабылдамайды деген уәж бар. Сонда бізден оқығандардың бәрі шетелдерде қызмет ете ме? Біз жастарды өз елімізде еңбек етеді деп тәрбиелеп жатырмыз ғой. «Көш жүре түзеледі» демекші әлі бұл жаңаша оқыту жүйесінің олқылықтарын орнына келтіріп, қалыптастырып аларымыз анық. Иә, ол үшін уақыт қажет. Тағы бір айтарым ұлтты тілі мен салт-дәстүрі әлемге әйгілі етсе, ұлттық ғылым ұлттық экономиканы дамытып қана қоймай, ұлттың беделін де көтереді.

 Сұхбаттасқан  Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ