Серікбай қажы ОРАЗ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, наиб мүфти: АДАМЗАТТЫҢ ҚАС ЖАУЫ — РУХАНИ ДАҒДАРЫС
Серікбай қажы ОРАЗ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, наиб мүфти: АДАМЗАТТЫҢ ҚАС ЖАУЫ — РУХАНИ ДАҒДАРЫС
Серік Ораз діни оқу мен қызметке жастай келді. Нысанбайұлының да, Дербісәлінің де тұсында ҚМБД-да, оған қарасты оқу орнында, мешіттерде қызмет қылды. Қысқасы, мүфтиаттың қазіргі кадрларының ішінде ҚМДБ-ның өткені мен бүгінін Серіктей түсінетін кісі некен-саяқ.
Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы 1975 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тәмамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы әл-Әзһар университетінде оқыған. 1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетте білімін жетілдірген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай оқып бітірген. Еңбек жолын Алматы мешітінің наиб имамы болып бастап, Ислам институты ректоры, Астана қаласы, Ақмола облысының өкіл имамы, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Алматы әкімдігінің діни бөлімінің сектор меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Бас имамы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аға қызметкері, Астана қалалық Әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы болып еңбек етті.Сондай-ақ, ҚР Президенті іс басқармасының Әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры болып жұмыс істеді. 2011-2013 жылдары ҚМДБ-ның Қостанай өңірі бойынша өкіл-имамы. 2013 жылдың ақпанында ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти қызметіне тағайындалды. Өткен жылдың қарашасынан бастап Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы.
– Өмірбаяныңызға қарасақ, тәп-тәуір қызметтер үлес-несібеңізге тиіпті. Үш мүфтидің тілін тауып, жұмыс істеп кету де екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұның сыры бар ма?– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Есіңізде болса, «Алты жасар Алпамыс» дейтін кинода кішкентай бала: «Мұнар ата, сіз білімді қайдан үйрендіңіз?» – дегенде, әлгі ақсақал: «Е-е-е, балам, менің ұстазым мынау дала, тау мен тас болды ғой», – деп жауап қайыратын тұсы бар. Айтайын дегенім, әркім өмірден өзінше сабақ алады. Қызметтік орта, қоғаммен қарым-қатынас, оқу, басқару, іздену – мұның бәрі адамның шыңдала түсуіне қажетті дүниелер. Тек бұдан түйетін ой: әр нәрседен сабақ ала білу, қорытынды шығарып, шешім қабылдай білу керек. «Тілін тауып» дегенді айттыңыз. Әдетте біз мұны кейде басшының «көңілін аулау» деп түсінеміз. Асылында олай емес. Басшының бастамаларын қолдай отырып, өзіміздің де игі ұсыныстарымызды өткізе білу қажеттігін көбінде ескере бермейміз. Бірақ оны майдан қыл суырғандай етіп, әдемі жеткізе білу де – өнер. Осы тұрғыдан келгенде, біз адам жанын терең түсінуге тиіспіз. Оның көңіл кілті қайсы? Кейде қарапайым сұрақтарға жауап іздеуге талпынбай жататынымыз рас. Содан кейін орынсыз жерде сөз шығындап, айтылған әңгіме нысанаға дәл «тимей» жатады. Ал Ислам барлық нәрсеге асқан жауапкершілікпен қарауға шақырады. Басшыға бағыну, жұмысты ықыласпен орындау – Алланың әмірі. Бастаған ісімнен нәтиже шығаруға тырысамын. Жалған ұранды жаным қаламайды. Әркімнің өз ұстанымы болады. Менікі – тындырымды тірлік ету. – ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған жаңа толқынның «жыл келгендей жаңалығы» неде?– Мүфти-хазрет ең әуелі имам-молдаларды қарапайымдылыққа, халықпен етене араласуға шақырды. Алдымен өзі осы игі бастамаға үлгі болуда. Біз дәстүрді дәріптеу арқылы асыл дініміздің насихатына көңіл бөліп отырмыз. Өйткені дін мен дәстүр – егіз ұғым. Бір-бірін бөле жарып айтуға болмайды. Бас мүфтидің бастамасымен 2014 жыл «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланғанын білесіздер. Жуырда «Дін мен дәстүр» кітабы шықты. Бұл тұрғыда тыңнан жаңалық аштық дей алмаймыз. Десе де, ұлт жадынан ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарымызды қайта жандандыруды көздедік. Мұқағали ақынның:«Күпі киген қазақтың қара өлеңін,Шекпен жауып өзіне қайтарамын», – деп жырлайтыны бар емес пе? Сол айтқандай, дәстүрімізбен бітеқайнасқан дініміз арқылы дәстүрді де дәріптеу азаматтық борышымыз деп білемін. Өйткені ұлттық құндылықтарымызбен ұштасқан осы қос қағида халқымыз үшін құстың қос қанаты іспетті қастерлі ұғымдар. Халқымыздың ұғымындағы «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дархан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі.Облыстардағы бас имамдардың есеп беру басқосуында Бас мүфти дін қызметкерлеріне үш бағыт бойынша жұмыстарға көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Біріншісі – насихатты күшейту, яғни уағыз айтылмаған аймақ қалмасын деген мәселе көтеріп отырмыз. Екіншісі – жат ағымның ықпалында кеткен жастармен жұмыс істеу. Үшіншісі – қамкөңіл жанға қамқор болу, мүмкіндігі шектеулі бауырларымызға мейірім таныту, қайырымдылық жасау. Міне, Діни басқарманың талабы осы. Қазір осы бағыттар бойынша жұмыстар табанды түрде орындалып жатқанын баса айтқым келеді.Тағы бір жаңалығымыз – «Әзірет Сұлтан» мешітінде онлайн дәрістің жүргізілуі. Дініміздің жанашыр азаматтарының қолдауымен мешітіміздің ұстаздары еліміздің тоғыз медіресесі мен 100-ге жуық мешіттеріне ғаламтор арқылы онлайн сабақ беруді бастап кетті. Бұл жүйе арқылы бір мезетте шамамен 1500-дей нүктеде онлайн режимде сабақ беруге болады. Біріншіден, уақыт үнемдейсіз, екіншіден, қаржы шығындамайсыз. Астанада отырып, сонау шалғай жатқан ауыл, қала мешіттеріне, жамағатқа, халыққа уағыз айтып, тікелей тіл табыса аласыз. – Қазақ елінің дамуында Ислам дінінің үлкен рөл атқаратындығы айтпасақ та түсінікті. Рухани тәрбие беруде ұлттық құндылықтарды адамзатқа ортақ мұраттармен байланыстыру керек. Бұл ұшан-теңіз білім мен еңбекті талап етеді. Рухани тәрбие, ішкі тәрбие жөнінде не айтасыз?– Иә, дұрыс айтасыз. Ұлы бақытқа иманымен талпынған Рудакидің: «Өмір – теңіз, онда жүзем демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген сөзі қай қоғамға болсын қуат береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз өсиетінде қамшының сабындай қысқа өмірді рухани құндылықтарды байытуға арнау қажеттігін айтқан. Алла Елшісі (с.ғ.с) қоштасу құтбасында: «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар», – деген. Бәріміз бұл өмірге қонақпыз. Сондықтан өзара араздасып емес, ардақтасып өткеніміз абзал. Рухани даму әркімнің өн бойынан көрініс табуы тиіс. Діни басқарманың Төралқа мәжілісінде шәкірт тәрбиелеу мәселесі талқыланды. Бас мүфти «Ең кемі бес шәкірті жоқ имам – толыққанды имам емес» деген талап қойды. Діни басқарма ұрпақ тәрбиесіне де жауапкершілікпен қарауда. Адамзаттың қас жауы – рухани дағдарыс. Сабыр етсек, қоғамдағы кейбір әлеуметтік мәселелер уақыт-сағатымен шешіле береді. Ең бастысы, рухымызды құлдыратып, иманымызды әлсіретіп алмасақ екен. Өйткені имандылық орнамаған қоғамда ар-ұятқа есік жабылады. Нағыз дағдарыс – рухани дағдарыс. – Жақында ҚР Діни істер агенттігі мен ҚМДБ тарихи Меморандумға қол қойды. Құжатта қандай айтулы жобалар қамтылды? – Сөз жоқ, расында да бұл тарихи оқиға болды. Өйткені бұл бірлігімізді, ортақ мүдде-мақсатымызды айқындап берді. Ержан қажы Малғажыұлы мен Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Алмасұлы қол қойған құжатта бірқатар бастамаларды бірлесе атқару туралы келісім жасалды. Оның ең бастысы – діндер арасындағы татулықты нығайту, рухани құндылықтарды, мәдени-рухани мұраларды дамыту, лаңкестік әрекеттердің алдын алу, ақпарат алмасу, діни білім беру жұмысын жандандыру, тағысын тағылар. Алла тағала Құранда бүкіл мұсылман қауымын жақсы істерде бір-біріне көмекші болуға бұйырған. Тілегіміз орындалып, ортақ келісім құжатын қабылдадық. Бұл Діни басқарманың тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді.– ҚМДБ дайындап жатқан жаңа тұжырымдамаға тоқталсаңыз?– ҚМДБ-ның даму Тұжырымдамасы әлі де пысықталып жатыр. Бұл – Діни басқарма жұмысын жетілдіру құжаты, ұзақмерзімді бағдарлама. Діни сенім және діни бірлестіктер туралы Заңда Әбу Ханифа мәзһабына ерекше мәртебе берілгенін білесіз. Заңымызда айқын көрініс тапқан төл мәзһабымыз Әбу Ханифа мәзһабын насихаттауды және осы бағытта іргелі істерді жоспарға енгіздік. Әсіресе, тұжырымдамада имамдардың білім сапасына аса мән берілді. Сонымен қатар ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жоғары деңгейге көтеруді көздеп отырмыз. Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қоғамда тыныштық пен ауызбіршіліктің сақталуына рухани қолдау көрсету.Әзірленіп жатқан тұжырымдаманың тағы бір жаңалығы – имамдардың ар-ождан Кодексінің қабылдануы. Өйткені кез келген имам өзіне берілген мәртебе мен міндеттерді жақсы білуі тиіс. Қоғамдағы өзекті мәселелерге шариғат аясында қолданыстағы заңнамаларымызды ескере отырып, пәтуа шығару жұмысын жолға қою тұжырымдамада бар. Қазір айына маңызды 4 мәселеге қатысты 4 пәтуа шығару жоспарға енді. – Ислам ғылыми-зерттеу жұмыстарын нақты жолға қоюда мүфтиат қандай жұмыстар жүргізуде?– ҚМДБ Төралқа мәжілісінде Ғұламалар кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Білікті дінтанушы-ғалымдардан жасақталған кеңесте діни кітаптарды сараптау, пәтуа шығару мәселелері қаралады. Ғұламалар кеңесінің хатшылығы осы жұмыстардың жүзеге асуын қадағалайды.Біздің алдымызда үлкен жауапты жұмыс тұр. Ол – Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығын ашу. Қазір осы орталықтың жұмыс механизмі туралы талқылау жүріп жатыр. Орталықтың атынан құнды кітаптар шығарып, халқымызға кеңінен таратып, рухани сусындауына үлес қосу ойымызда бар. – Кезінде мешіттер ілім-білімнің қайнаған ортасы, ірі-ірі ғалымдар тәрбиелеп шығарған орталық ретінде танылды. Діни және жаратылыстану білімдерінің дамуында да мешіттер үлкен қызмет атқарды. Еліміздегі қазіргі мешіттерді осындай деңгейге жеткізу үшін не істеу керек? «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы ретінде бұған не айтар едіңіз?– Қазір мешіттеріміз сіз айтқан талап деңгейден көріне бастады. Діни сауат ашу курстары жасты да, жасамысты да тек діни біліммен сусындатып қана қоймай, тәрбиеге, Отансүйгіштікке баулып, адал еңбек ету туралы насихат айтуда. Біздің межеміз тек білікті имамдар тобын қалыптастыру емес. Сонымен қатар ғалымдар тобын жасақтауды көздеп отырмыз. Өйткені ғалымсыз дін өркендемейді. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу де ғалымдарға жүктелген міндет. Ғылымға ден қойған имамдарымыздың ғылыми ізденістеріне жол ашып, мүмкіндік беріп келеміз. «Нұр Мүбәрак» университетінде магистрлік, докторлық қорғауларына мүдделілік танытамыз. Медіресені бітірген түлектердің жоғары оқу орнында білімдерін жалғастыруына жағдай жасалған. Алматыдағы «Орбита» мешітінде тігін шеберханасы жұмыс істейді. Болашақ аналарға, яғни қарындастарымызға тек діни білім беру аздық етеді. Оларды отбасылық жұмыстарға үйрету, еңбекке баулу қажет. Міне, осындай игі істер мешіттерімізде де атқару үстінде. Сонымен қатар, ХХІ ғасыр талабына сай жамағаттың компьютерлік білімі Алла үйлерінде де артып келеді. Алматыдағы Орталық мешітте араб, ағылшын тілдерін үйрету курстары тегін жұмыс істейтінін айтқым келеді. Міне, мұның бәрі сайып келгенде, өзіңіз айтқандай, мешіттерді діни һәм пайдалы дүниеуи білім ордасына айналдырудан туған ізгі істер. Имамдардың тек діни біліммен шектелуі құптарлық жағдай емес. Өзге де ғылымдарды меңгеруіне мүмкіндік туды. Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының бағдарламасына жаңа пәндер енгізілді. Тарих, шешендік өнер, қазақ тілі, информатика, сал-дәстүр, уағыз әдебі, психология сынды пәндерден сабақ берілуде. Жуырда Алматының 118 имамы аттестациядан өтті. Олардың білімі жан-жақты сыналды. Діни сенім туралы заңды білуі, Еңбек Кодексінен хабардар болуы, ғаламтормен жұмыс жасау қабілеті сарапқа салынды. Бұл талаптар олардың өзге де салалардан хабардар болуына түрткі болды. – Исламның әлеуметтік-саяси құндылықтары мұсылманның қоғам, билік, ел басқарушы туралы көзқарасын қалыптастырды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын ҚМДБ және оған қарасты мешіттер мен діни оқу орындары барынша кеңінен түсіндіруде. Сіздің жеке пікіріңіз қандай?– Біз «бірлік бар жерде тірлік бар» деген халықпыз. Елбасының биылғы Жолдауы жұртымызды бірлік пен ынтымаққа, татулыққа үндеді. Президентіміз барша қазақстандықтарды осынау игі істі, ортақ мақсатты жұрт боп жұмылып жүзеге асыруға шақырды. Өйткені, бірлік болмаған қоғамның берекесі қашады. Аллаға шүкір, біз осы күнгі жетістіктерімізге ауызбіршілігіміз арқылы жеттік. Тәуелсіздік біз үшін қастерлі ұғым болса, бейбітшілікті сақтауға жұрт болып жұмылып атсалыссақ, біз бағындырмайтын белес, алмайтын асу болмайтынына сенемін. – Еліміздегі мешіттердің біразында Бас имамдар ауысты. Алды – Мысырдағы әл-Азһар университетін, соңы өзіміздің «Нұр-Мүбарак» университетін бітірген мамандар екен. Өзгерістердің нәтижесі қандай?– Мүфти-хазрет дін қызметкерлерінің қабілеті мен қарымына, білім деңгейіне аса мән беріп отырғанын сөз басында айттым. Интеллектуалды білімі жоғары, жамағатпен тез тіл табыса алатын, діни ахуалды жетік білетін, қысқасы жан-жақты қабілетті бойына қалыптастырған имамдар қызметке кірісті қазір. Дін саласында оңды өзгерістер болып жатқанын өздеріңіз де көріп жүрсіздер деп ойлаймын. Жуырда Астана қаласындағы мешіттерде жұма уағызының жазбаша нұсқасы таратылды. Бірі асығып, бірі кешігіп келетін кейбір жамағаттың жұма уағызын толық тыңдай алмай қалып жататын кездері болады. Төрт бүктеп, төс қалтаға сала салуға ыңғайлы парақшаларда тақырыпқа байланысты аят-хадистер келтіріліп, мысалдар мен тәмсілдер қысқаша түрде қамтылды. Бұл – уағызды жүрекке жеткізе түсудің бір жолы еді. Кейде естіген сөздер естен шығып, санамызда сақталмай қалатыны бар. Осы тұрғыдан келгенде, бүктемедегі жазбаша уағызды қайталап оқысақ, бәрі еске түсіп, ол жақсы амалға жетелейді. Біздің бұл жерден ұтатынымыз – жазбаша уағыздан жамағат өзіне қосымша ақпарат алады әрі білімін арттырады. Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облысына тағайындалған өкіл имамдар жаңа бастамаларымен бізді қуантып отыр. Жат ағымға кеткен жастардың көзқарасы өзгеріп, өз ортамызға оралып жатқаны – үлкен жақсылық. Кейбір бауырларымыздың: «Мен адасыппын, жаза басыппын», – деп мешіт имамдарына ашық айтып жатқаны жақсылықтың нышаны. Әрине, бұл өз-өзінен орындалып жатқан жетістік емес. Имамдардың тынымсыз еңбек етуінің арқасында жеткен нәтиже. – Діни саладағы 20 жылдың төңірегіндегі еңбек жолыңызда кімнен үйрендіңіз, неден жирендіңіз?– «Болдым, толдым» деу – адам баласының қас жауы дер едім. Өйткені өз ісіне өзі марқаю, өзіне-өзі риза болу адамды жалқаулыққа жетелейтін дүние. Адам әрқашан өзін дамытып отыруға тиіс. Лұқпан Хакім бір сөзінде: «Әдепті әдепсіздерден үйрендім», – деген екен. Мұның сыры неде? Демек, кейбір әдепсіз адамдардың адамдыққа жатпайтын қылығын қайталамау – әдепсізден әдеп үйрену деген сөз. Әке-шешем, шыққан тегім бізді тентектікке емес – тектілікке, арсыздыққа емес – адамгершілікке тәрбиеледі. Ел ағаларымен де қызметтес, дәмдес болдым. Олардың да бойынан көрген жақсылықты өзіме сіңіруге тырыстым. Ислам – ізгілікке шақыратын дін. Өзгеден өнеге алу, оны үлгі тұту – адам табиғатына тән құбылыс. Ал біздің, мұсылман үмбетінің идеал тұтар тұлғасы – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар болуы тиіс. Достың да, дұшпанның да жүрегіне ізгілік пен игілік дәнін сепкен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі кімге болсын үлгі, өнеге. Өйткені Алла тағала Құранда: «Сендерге Алла Елшісінен алатын өнегелер бар», – деген. Сөзсіз, Алла Елшісінің (с.ғ.с) сөзіне құлақ асып, амал еткен адам екі дүниенің бақытына ие болады. Бұған кәміл сенейік. – Үш ай бұрын ел руханиятына сіңірген еңбегіңіз еленіп, «Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы» атандыңыз. Атағыңыз құтты болсын! Еңбегіңіз жемісін төге берсін!– Әмин. Алла разы болсын. Дін адамының мұндай құрметке бөленуі – халқымыздың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, мүфти-хазреттің жұмысын бағалай білгені деп түсінемін. Дін өкіліне көрсетілген құрмет – дінге құрмет деп ұғамын.Алла тағала халқымыздың бірлігі мен ынтымағынан айырмасын. Баршамызға екі дүниенің бақыты мен абыройын нәсіп етсін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, мәңгілік мемлекетіміздің мерейі үстем бола берсін! Әмин!– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Күлпара ЖҰМАҒАЛИ