БЮДЖЕТ ЖОБАСЫ ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

БЮДЖЕТ ЖОБАСЫ ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

БЮДЖЕТ ЖОБАСЫ   ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ
ашық дереккөзі

Ағымдағы жылға нақтыланып отырған бюджетті алда Парламент қайта қабылдауға тиіс. Бюджетті қайта қараған Үкімет резервті тағы 45 миллиард теңгеге арттыру туралы шешім қабылдады. Осыған орай: «Болжанбайтын, соның ішінде экономикадағы өзгерістерден туындайтын жағдайларға уақтылы үн қату үшін Үкіметтің резервін 45 миллиард теңге сомасына ұлғайту ұсынылады», – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев. Резервті көбейтудің де өз жөні бар. Оған басты себеп, теңгенің құнсыздануы. Министр: «Теңге бағамын түзету нәтижесінде пайда болған шығындардың орнын толтыру мақсатында, бюджеттің шығыс бөлігінің жеке баптарына 40,3 миллиард теңге сомасында қайта есептеу жүргізілді, яғни олар осыншаға ұлғайтылады», – деді.
Сондай-ақ, министр қажет болған жағдайда, өзге жобалар бойынша өтеу 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қаралатындығын да айтып өтті. Сонымен бірге, бағаны әлі де болса ұстап тұруға күш салу қажеттігі де сөз болды. Осы орайда, Ерболат Досаев «Статистика агенттігінің жедел деректеріне» сүйене отырып, мысалдар келтірді. Министрдің айтуынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ-сінің) көлемі былтырғы жыл қорытындысында небары 33 триллион 521,2 млрд. теңгені құрапты. Жоспар бойынша, ол 34 триллион 443,4 млрд. теңге бо-
лады деп күтілген екен. «Яғни, болжанған көлемінен 922,2 миллиард теңгеге төмен болды» дегенді айтады министр. Ал алдын-ала бекітілген жоспар бойынша, бюджет ескі теңге бағамымен есептеліп, құрастырылғаны белгілі. Министр өз сөзінде: «2014 жылғы 11 ақпанда жүргізілген АҚШ долларына қатысты теңге бағамын түзетуге сәйкес, теңге бағамы АҚШ долларына қатысты 153 теңгеден 185 теңгеге дейін бәсеңдеу жағына қарай нақтыланды, – деді. – 2014 жылы елдің ЖІӨ-нің нақты өсу болжамы бұрынғы 6 пайыз деңгейінде қалып отыр. Номиналды ЖІӨ 2014 жылы 39 триллион 623,7 млрд. теңгені құрайды, бұл тамыз айында мақұлданған көрсеткішке қарағанда 999,3 млрд. теңгеге жоғары»,– дейді.
Үкіметтің бюджетті қайта жоспарлауының да өзіндік мәні бар. Теңгенің құнсыздануы халықты біраз ала-шапқынға түсірген еді. Тіпті, кейбіреулер жанталасып, азық-түлік дүкендерінен қаптап азық-түліктер сатып ала бастады. Жанармай бекеттеріндегі көлік кептелісінің өзі бір жыр. Жанармайды артығымен құйып алғандарды да көзіміз көрді. Мұның бәрі, халықтың қалтасындағы қаржысынан айрылып қалмаудың қамы екені бесенеден белгілі. Алайда бүгінде алғашқы дүрбелеңнің дүмпуі басылғандай. Қарапайым халық алғашқыдай емес, ептеп болса да, теңгенің құнсыздануына бой үйретіп келеді. Әрине, теңгенің құнсыздануы, азық-түлік бағасының артуы қарапайым халық үшін қиынға соққаны белгілі. Ең бастысы, қазір халықтың сұранысына лайықты пәтерлердің құны артпағандығы. Осы орайда, Үкімет үйге мұқтаж жандар үшін қолжетімді пәтерлерді көбірек салу қажеттігін назардан тыс қалдырмай отыр.
«Тұрғын үй құрылысы дамуының проблемаларын кешенді шешуге қол жеткізу мақсатында «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын іске асыруға қосымша 20,8 миллиард теңге сомасында шығыстар бөлінеді. Оның ішінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» жүйесі арқылы кредиттеуге – 2,6 млрд теңге, кезекте тұрғандар мен жас отбасыларға жалға берілетін тұрғын үйге – 2,4 млрд. теңге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға – 10,3 млрд. теңге, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына – 5,5 млрд. теңге көзделген», – деді министр.
Биылғы бюджеттің нақтыланған жаңа жобасы бойынша біраз салаға қосымша қаржылар бөлінетін болады. Осылайша, ағымдағы жылы республикалық бюджеттің шығыстары бұрын бекітілген көлемнен 408,7 млрд. теңгеге ұлғайтылып, 7 триллион 124,8 млрд. теңгеге жетпек. Алдағы 1 сәуірден бастап, азаматтық-бюджеттік қызметшілердің еңбек ақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы, студенттердің стипендиясы он пайызға көтерілмек. «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастырудың және өткізудің ұлттық жоспарын іске асыру үшін 10 млрд. теңге қосымша қаржы бағыттағалатын болды. Әрі 2017 жылы қысқы Универсиаданы өткізуге де арнайы қаржы бөлу мәселесі айтылды.
Сонымен бірге, ел Үкіметі 2014-2015 жылдарға арналған «Қазақстандағы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын» талқылады. Ең қызығы, еліміздегі экономиканың 20 пайызына жуығы «көлеңкелі бизнеске» тиесілі екен. «Көлеңкелі бизнестегілердің» мемлекетке салық төлемейтіні, тиісті жарналарын аудармайтыны тағы бар. Алдағы уақытта «көлеңкелі бизнеспен» күрес түрі де қарқынды дамымақ. Бұл үкіметте айтылған негізгі мәселелердің бірі.