Хангелді Әбжанов қай елдің тарихшысы?

Хангелді Әбжанов қай елдің тарихшысы?

Хангелді Әбжанов қай елдің тарихшысы?
ашық дереккөзі

«Тарихты халық
жасамайды, тарихты тұлғалар жасайды» деген екен кезінде тағы бір ойшыл. Бәлкім
оның ойымен келісуге де болатын шығар. Өйткені халық жасаған тарихты тұлғалар
келесі ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді ғой. Ал қазақтың қазіргі тұлғалары өткен
тарихты келешек ұрпаққа қаны сорғалаған шындықпен жеткізуге селқос. Олай
дейтініміз, қазақ әлі күнге дейін өзінің тәуелсіз тарихын жазуға батыл қадам
жасай алмай отыр. Әлі күнге дейін іргедегі аюдай ақырған Ресейден қаймығамыз.
Әсіресе бұл үрдіс Путин Ресей билігінің тізгінін қолына алғаннан бері тіпті
өршіп кетті. Путин билікке келісімен, бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі жібі
босап, бұйдасынан айрыла бастаған ұлы шовинистік идеясын қайта ширатты. Тіпті
бүкіл әлем «қызыл террор» атап кеткен Сталиннің атына сын айтуға тыйым салудан
бастады ол өз ісін. Бұл ретте ол өз идеясын тек Ресеймен ғана шектеп қойған
жоқ, бұрынғы Совет құрамындағы елдердің тарихи оқулықтарына шүйлігіп, ондағы
сталиндік репрессия, аштық және басқа да қызыл қырғын жайында жазылған кері
пікірлердің болмауын қадағалауды қолына алды. Былтыр Мемлекеттік хатшылық лауазымын
қолына ұстаған Марат Тәжин ұлттық тарихты қайта жазу және сол арқылы тарихи
жадыны қалыптастыру мәселесін қол алған еді. Бүкіл ақпарат құралдары бұл
науқанды қызу қолдап, айналасы бір айдың ішінде «Тарих толқынында» айдарымен
тарихқа жаңаша көзқарасты бастап кетті. 
Бірақ неге екенін қайдам көп ұзамай бұл науқан күрт тиылды. Білгіштердің
айтуына қарағанда,  жоғарыдан тарихи
тақырыпты жазуға тыйым салған пәрмен келген көрінеді. Содан бері тарихшыларымыз
да өте сақ қимылдайтын болды. Бұл өзге емес, Кедендік одақ бойынша одақтас,
стратегиялық әріптесіміз Путиннің қалауы болғаны айқын. Өйткені, сол кезде біздің
Хангелді Әбжанов тарихшымыз тарихи оқулықтарды Ресеймен бірге жазамыз деп аузын
кереқарыс керген еді. Сол кезде-ақ  Хангелді
Әбжановтың тәуелсіз қазақ елінің емес, империялық Ресейдің сойылын соғып
тұрғандай көрінген еді. Ал бүгін ол қазақтың қанын теспей сорып, қынадай қырған
Мирзоянның атындағы көшені ауыстыруға түбегейлі қарсылық танытып отыр. Сөйтіп,
санасына түбегейлі сіңіп қалған құлдық сананың бұғауынан шыға алмайтындығын
танытқан. Көпшілікке түсінікті болуы үшін Хангелді Әбжановтың қазақ
ұлтшылдарының белсенді тобы мен тарихшылардың бірлескен баспасөз-мәслихатында келтірген
уәжін беруді жөн көріп отырмыз: «Бір адамды өлтірді
екен, құрту керек дейсіз. Кешірерсіз, Қытайда миллиондаған адамды құртып
жіберген Мао Цзэдунды құдай санап отыр. АҚШ-та атом бомбасын тастаған Труменді
құрметтеп отыр. Тарихта сіздер айтқандай «мынау – ақ, мынау- қара» деген
тарихта жүрмейді. Тарихтың толғағы жүріп, пісетін уақыты келеді. Уақыт өте келе
Мирзоян, Рысқұлов, Нұрмақов та ұмытылып қалады. Тарихта шығармашылықпен
айналысқан Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллиндер қалады. Сендер процесті
тездеткілерің келеді», – деген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов.

Бірақ, Хангелі
ағамыз бұл біздің тарих емес екенін қалай бағамдай алмай отыр? Бұл отаршылдардың
тарихы, олар бізді күшпен ұжымдастыру, күшпен большевиктік идеяға жұмылдыру
арқылы халқымыздың 4 миллионға жуығын қырып жібергенін неге ашық айта алмаймыз.
Мирзоян Қазақ Республикасының І хатшысы болып тұрған сәтте репрессия науқанын
өзгелерден артық жүргізу мақсатында 16000  адамды ұстағанын және олардың бәрін Сібірге
айдатқан, асқызған, аттырғанын  біз бұған
дейін де http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/36246
тілге тиек еткен едік. Алайда тым жалпақшешей, солқылдақ билігіміз бен жалтақой
тарихшыларымыздың қолы Мирзоянға келгенде батпай отырғанға ұқсайды. Сөйтіп
біздің тарихшыларымыз Тәуелсіз Қазақ елінің емес, отаршыл Ресейдің сойылын
соғып отырғандай.