Жаңалықтар

«ОҢТҮСТІК АҒЫН»: «Жыры» бітпеген жоба

ашық дереккөзі

«ОҢТҮСТІК АҒЫН»: «Жыры» бітпеген жоба

 Ресейлік «Газпромның» «Оңтүстік ағын» жобасы тағы да тоқтап қалды. Оған себеп, Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы ұстанған бүгінгі саясаты. ЕО Украинаның территориялық тұтастығына қауіп төндірген Кремльге сес көрсетуде. Бірнеше рет қолға алынып, бірнеше рет тоқтатылған кремльдік бұл жоба биыл қолдануға берілуі тиіс еді. Яғни, ресейлік газ бен орталықазиялық арзан «көгілдір отынды» еуропалық нарыққа қарай бағыттап, осының арқасында Кремль пайдаға шаш-етектен кенелгісі келген. Бірақ аталған жоба тағы да тығырыққа тірелді. Басты себеп, Ресейдің Украинаға қарсы ұстанған «ұрдажық» сая­саты. Болгарияның премьер-министрі Пламен Орешарский «Оңтүстік ағын» газ құбырының құрылысына қатысты дайындық жұмыстары Украинадағы жағдайларға қарамастан, тоқтатылмайтынын мәлімдеді. «Газ құбырын салуға қатысты дайындық жұмыстары тоқтатылған жоқ. Алайда алдағы бірнеше аптада Еуропалық Одақ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жіті бақылап, соған қарай әрекет етпекпіз», – деген П.Орешарский осыдан сәл уақыт бұрын ресейлік «Газпроммен» бірге жүзеге асырылатын «Оңтүстік ағын» жобасы тоқтатылуы мүмкін деген. Бірақ дүйсенбі күні немістердің «die Welt» газетіне сұхбат берген Еуропалық Комиссиядағы энергетика жөніндегі еурокомиссар Гюнтер Эттингер «Оңтүстік ағын» жобасы бойынша ресейлік тараппен келіссөздер уақытша тоқтатылатынын жеткізді: «Бұл Ресейдің Қырымға қатысты ұстанған саясатына жауап ретіндегі наразылық. Дәл қазір Еуропа газ тасымалына қатысты мәселелерде ешқандай қиындық көріп отырған жоқ. Еуропалық Одаққа мүше елдер аумағында газдың қоры жеткілікті әрі қыс мезгілі аяқталып келе жатқандықтан, газды тұтыну деңгейі де едәуір төмендеді». Болгариядағы «Оңтүстік ағын» газ құбырының құрылыс жұмыстары 2013 жылдың қарашасында басталған еді. Болгария бюджетіне 3,5 млрд. еуро көлемінде тікелей инвестиция тартуды көздейтін бұл жоба еуропалық нарыққа Ресей газын тасымалдамақ. «Газпром» компаниясының ең ірі жобаларының санатындағы «Оңтүстік ағын» газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін Қаратеңіз арқылы Оңтүстік және Орталық Еуропаға жыл сайын 63 млрд. текше метр «көгілдір отынды» жеткізіп отырады. Газ тасымалдау жолдарын дербестендіруге арналған жобаның маңыздылығы сол, Қаратеңіз түбі арқылы тартылатындықтан, транзиттік қауіп-қатерлерден сақтандырылған. Ресейдің «Русская» жағалауы арқылы теңіздің түбінен Болгария жағалауына дейін созылатын газ құбырының ұзындығы – 930 шақырым, тереңдігі – 2 шақырымнан астам. Ал құрлықтағы бөлігі 1 мың 455 шақырымға жететін «Оңтүстік ағын» Болгария, Сербия, Венгрия мен Словения аумағы арқылы өтеді.Талайдың «көзқұртына» айналған бұл газ құбырын салу үшін South Stream Transport компаниясының акционерлері 2011 жылдың 16 қыркүйегінде қол қойған болатын. Осы құжатқа сәйкес, ресейлік компания – «Газпромның» бұл жобадағы үлесі 50 пайызға тең болса, итальяндық ENI компаниясына 20 пайызы тиесілі. Ал қалған 30 пайызды немістердің Wintershall және француздардың EDF компаниялары 15 пайыздан теңдей бөлісіп алған. Жоспар бойынша, егер газ құбырының құрылысы уақытылы бітсе, 2015 жылдың соңына қарай «көгілдір отынды» тасымалдау ісі қолға алынбақ.Негізі «Оңтүстік ағын» жобасы 2013 жылы газ тасымалдай бас­тауы тиіс еді. Бірақ тараптардың жиі ауысуы, келіссөздердің сақталмауы, түрлі себептердің кесірінен кейінге шегерілуде. «Газпромның» «Оңтүстік ағынына» қосылуға кетары емес Венгрия Еуропалық Одақтың «Nabucco» жобасына да қосылуды көздейдi. Бүгінде Венгрия арқылы еуропалық нарыққа шығарылатын табиғи газ Сербия, Черногория мен Босния тұтынушыларын қамтамасыз етуде. Бұл орайда, Орталық Азия мен Кас­пий теңiзiне тиесiлi газды Әзiрбайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Венгрия, Румыния, Австрия арқылы еуропалық нарыққа жеткiзуі тиіс еуропалық жоба – «Nabucco» Баку-Тбилиси-Ерзұрым газ құбырының жалғасы. Ресейден бас­талатын, сөйтіп Қара теңiз арқылы Балқан түбегi мен Еуропаның оңтүстiк бөлiгiндегi көптеген елді көмірсутегімен қамтамасыз ететін «Оңтүстiк ағын» жобасына Еуропалық Одақ түбегейлі қарсы. Өйткені мұнай мен газ арқылы әлемдік саясатқа үстемдік етуді қалайтын Кремль Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан мен Әзірбайжанның табиғи байлығын қара басының мүддесіне тиімді пайдалануға жанталасады. Украинаны бір емес, бірнеше рет қыстың көзі қырауда газсыз қалдыруының салдарынан бүкіл Еуропа газ тапшылығына ұшырағаны бар. Оның үстіне, еуропалық шенеуніктер «Оңтүстік ағын» құбыры еуропалық жоба – «Nabucco»-ға кесірін тигізеді деп есептейді. Демек, былтыр пайдалануға берілуі тиіс жоба келесі жылы да аяқталмауы әбден мүмкін.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ