ҚЫРЫМДАҒЫ РЕФЕРЕНДУМ: Кремльдің көздегені не?
ҚЫРЫМДАҒЫ РЕФЕРЕНДУМ: Кремльдің көздегені не?
Бүкіл әлем Ресейді айыптады. Украинаның территориялық тұтастығына қол сұқты деп. Бірақ оған пысқырған Путин жоқ: бүгін Қырым мен ресейліктер жалға алған украиндарға тиесілі қала – Севастопольде жалпықырымдық референдум өтуде. Бізді украин елінің келешегі мен Қырымдағы татар бауырлардың тағдыры алаңдатады.
Ресейге қосыла ма, жоқ па? Бұл әзірге белгісіз. Белгілісі, Кремльдің айтқанына алданған, арандаған Қырым халқы қырық пышақ. «Мысыққа – ойын, тышқанға – өлім» деп бекер айтпаса керек. Украина құрамындағы Қырым азаматтарының пікірі мен мүддесі екіге жарылып, ел іші алатайдай бүлінді. Еуропалық Одақты бетке алған украиндардың саяси ұстанымына қол сұққан Кремльдің дегені болды. Бүгін Қырымның мәртебесін анықтау мақсатында Қырым мен Севастопольде азаматтар референдумға қатысуда. Киев пен Мәскеу арасына сызат түскен алғашқы сәттерде Қырымның қолтығына су бүріккен Путин мен оның жақтастарынң арандатушылық әрекетінің кесірінен Қырым халқының Ресейге қосылуға бейіл бөлігі референдумды 30 наурызға өткіземіз деген еді. Бірақ жылдам дамыған саяси дау бұл күнді 16 наурызға, яғни, бүгінге өзгертті. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары таратқан хабарларда Еуропалық Одақтың жалпықырымдық референдум нәтижесін мойындамайтыны айтылған: «Өйткені референдум Конституцияға сәйкес емес. Заңсыз деп санайтындықтан ЕО бақылаушыларын жіберген жоқпыз». Ал Еуроодақтың Украинадағы ресми өкілдігі: «Еуропалық Одаққа мүше елдердің Украинада жүрген азаматтары тарапынан айтылған пікірлер ЕО-ның ұстанымын білдірмейді», – деп мәлімдеді. ЕО-ның ресми түрде мәлімдеме жасауына түрткі болғаны, Қырымда референдум ұйымдастырушылар бұған дейін шараға ЕО бақылаушылары да қатысып жатқанын айтқан еді.
Қырым автономиялық республикасы Жоғарғы кеңесінің шешіміне сәйкес, референдумның күн тәртібіне біріншіден, Қырымның Ресей Федерациясының субъектісі ретінде Ресейге қосылуын құптайсыз ба? Екіншіден, Сіз Қырым Республикасының 1922 жылы қабылданған Конституциясын құптайсыз ба және Қырымның Украинаның бір бөлігі ретінде қабылдайсыз ба? деген екі мәселе шықты. Ал Қырымның Украина құрамында қалуын қалайтындар қырымдықтарды референдумға қатыспауға шақырды.
Қырым татарларына арналған құжат
Қырым үшін аса маңызды шара өтіп жатқанда Украина Радасында Қырым татарларының тағдырына қатысты 2 заң жобасы тіркелді. Рада депутаты Геннадий Москальдың айтуынша, «Аталған құжаттардың маңыздылығы сол, кезінде Ющенко мен Янукович Қырым татарларының құқықтарына көңіл бөлген жоқ. Сондықтар олардың құқықтарына қатысты бірден бір заң жобасы қабылданды». «Қырым аумағынан күштеп қоныс аудартылған Украинаның ежелгі халқының құқығын қалпына келтіру туралы заң жобасы» мен «Қырым татарлары халқының мәртебесі туралы заң жобасы» аталған екі құжатты Қырым татарларының өткені мен бүгінімен жақсы таныс Г.Москальдың өзі дайындаған көрінеді. Ющенко мен Янукович билік құрған кезде Қырым татарларының көсемі Мұстафа Джемилев дайындаған дәл осындай заң жобасы Радаға екі рет ұсынылыпты. Бірінші рет алғашқы оқылымда-ақ ешқандай кедергісіз қабылданған құжат екінші оқылымда кері қайтқан. Бүгінде
Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасында да Қырым татарларын көшіру туралы заң жобасы қаралды. «Справедливая Россия» партиясының көсемі Сергей Миронов Қырым татарларына: «Егер 16 наурыздағы референдумда Ресей құрамына кіруге келіссеңдер, аталған құжатты Мемлекеттік Думаға енгіземін», – деген талап қойды. Бірақ татарлар мұндай ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болды. Қырым татарларының көсемі, Украина Радасының депутаты Мұстафа Джемилев: «Біз, Қырым татарлары, Ресейге қосылуға қарсымыз. Украина құрамында қалғымыз келеді. Украинаның территориялық тұтастығына қол сұққан Ресейді тоқтатыңыздар, бізге көмектесіңіздер», – деп Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан елдерінен, сондай-ақ, әлемдік қауымдастықтан көмек сұрады. АҚШ, Батыс, Орталық Азия түгел Украинаның жағына шықты. Бұған дейін кез келген мәселеде, мысалы, бүкіл әлемді алаңдатқан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты дауларда Тегеранға дем берген Ресейдің сөзін сөйлеген Қытайдың өзі күні кешегі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінде Ресейге наразы болды. Қытайлар неге Киевке іштартады? Оның себебі, Қытайдың билігіне Шығыс Түркістан автономиялық республикасын құру туралы талап қойып келе жатқан ұйғырлардың наразылық шараларын ресми Бейжің аяусыз тұншықтырып келеді. Егер Ресейді қолдаса, яғни, Украинадан Қырымды бөліп алуға келісім берсе, қытайлар саяси тұрғыда қиын жағдайға тап болады. Сондықтан да Ресейден Украинаның территориялық тұтастығын сақтауды талап етті. Қазақстан тарапынан ұсынылатын көмекке келсек, ҚР Президенті Н.Назарбаев Украина мен Ресей арасына арағайындық жасамақ. АҚШ президенті Барак Обама, Германия канцлері Ангела Меркель, РФ президенті Владимир Путин Назарбаевқа бейбіт келісім жасауға көмектесуді өтінген болатын. Қазақ елінің басшысы Украинаның территориялық тұтастығын сақтауды және мәселені қару-жарақсыз шешуді қолдайтынын ашық айтты.
Референдумдағы заң бұзушылықтар
Қырым Мәжіліс секретариатының жетекшісі Заир Смедляевтің айтуынша, референдум барысында заң бұзушылықтар жиі кездесуде. «Мысалы, барлық жерге Қырымның Ресейге қосылуын қолдауға шақырған билбордтар ілінген. Әкімшілік ғимараттардың төбесіне Ресей туы ілінді. Бақшасарай ауданына референдумға Ресейді қолдап дауыс беретін «жарқанаттарды» автобуспен әкеп тастады. Демек, сол автобус учаскелерді аралап, жағалай дауыс беріп шығады. Сонымен қатар референдумда Ресей азаматтары да дауыс беруде. Белогорск ауданындағы бір сайлау учаскесіне АТР телеарнасының журналистерін кіргізуден бас тартты. Қысқасы, бір қылмыстың (заңсыз референдум өткізу) соңы екінші бір қылмысқа (референдум қорытындысын бұрмалау) әкеп соғады», – деп мәлімдеген Смедляев шараны ұйымдастырушылар мен халықты арандатушылар заң алдындағы жауапкершіліктен құтылып кетуге тырысатынын айтады. Референдумды бақылаушы журналистердің бірі Екатерина Сергацкованың хабарлауынша, Қырымдағы сайлау учаскелерінде тізімде жоқ азаматтарға да бюллетеньдер таратылып жатыр, олардың арасында тіпті, басқа елдердің де азаматтары бар көрінеді.
Нәзия Жоямергенқызы