ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАНАЙҚАЙЫН ЕСТІР ҚҰЛАҚ ЖОҚ

ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАНАЙҚАЙЫН ЕСТІР ҚҰЛАҚ ЖОҚ

ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАНАЙҚАЙЫН  ЕСТІР ҚҰЛАҚ ЖОҚ
ашық дереккөзі

 

Әлеуметтік желілерде көп
талқыланып, қоғамда пікірталас тудырған бүгінгі күннің өзекті
мәселелерінің бірі – журналистердің мемлекет тарапынан қарастырылатын
әлеуметтік жеңілдіктерге мұқтаждықтары және олардың құқықтарының
конституция шеңберінде қорғалуы һәм қадағалануы. Биліктің тізгінінде
жүрген шекпенділер журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында азын-аулақ
сый-сияпат көрсетіп, бір жапырақ қағаз беріп (Алғыс хат), алдап қоятыны
болмаса, БАҚ мамандарына, «Төртінші билік» уәкілдеріне мемлекеттік ешбір
бағдарлама жәрдемші бола алмапты. Құқығы аяққа тапталған, әлеуметтік
мәртебесіз үйсіз-күйсіз, азын-аулақ жалақысы бар журналистердің
жағдайына алаңдап жүрген әзірге жан табылар емес. Кезінде мәжіліс
депутаты Уәлихан Қалижан: «Журналистика – қадір-қасиеті мол сала. Алайда
сол журналистика адамның күн көруіне жағдай жасай алмай отыр біздің
елде. Қазақ журналистерінің қазіргі жүрген жүрістері, кейпі адам
аярлықтай. Себебі журналистикамен өзін-өзі асырау өте қиын», – деген еді
(www.halyksozi.kz).
Бұндай да «Етікші бізге жарымас» деген халық
даналығы еріксіз ойға оралады. Сырт қарағанда журналис­терден асқан
бай-бағлан жоқ. Ішкені алдында, ішпегені артында секілді. Амал нешік,
халықтың назарында жүрген соң, жылтырақ киініп, жамап-жасқап, әрлі
көрінуге тырысады да. Журналистердің арасында сауалнама жүргізу арқылы
анықтағанымыздай, түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін 30
журналистің 22-сі тұрғылықты пәтері болмаған соң, бала-шағаларын
ауылдағы ата-әжесінің қолына жіберген екен. Өздері кәдуілгі кезбенің
күйін кешіп, пәтерден-пәтер жалдап жүреді. Ал сол жалдамалы пәтердің
кұны да әркелкі, тұрақсыз. Бір көңілге медеу болатыны бірен-саран
депутаттар анда-санда мойын қылтитып, үн шығарып қояды біздің жаққа.
Мысалы, Н. Сабильянов «Біз кейде журналистерді сынап жатамыз. Орынсыз
жазады деп. Тұрғын үймен қамту мәселесіне келгенде, журналистердің де
мүдделерін ұмытпасақ дегім келеді». Бұл осыдан 2 жыл бұрын айтылған сөз.
Өзгеріп кеткен түгі жоқ. Баяғы жартас – сол жартас.
Кім не десе де,
мылтықсыз майдан алаңында журналистердің ролі басқа салалармен
салыстырғанда әлдеқайда жоғары тұратынын Батыс елдері баяғыда-ақ
мойындап қойған. Мысалы, Америка, Англия секілді алпауыт мемлекеттерде
журналистердің әлеуметтік статусы жоғары. Және әртүрлі жолдармен
журналистің тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мемлекет
тарапынан жағдай жасалған. BBC, CNN, NBC секілді медиа агенттіктерге
деген ақпараттық тәуелділік қоғамдағы журналистердің маңызды да
мәртебелі орнын айқындап-ақ тұр емес пе? Ендеше, мемлекеттегі «Жас
отбасы», «Жас маман» секілді бағдарлама аясында теміржолшы, әскери
қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, құқық қорғау саласының мамандары
т.б. қатарында қоғамның қозғаушы күші журналистердің де тізімі тұруы
тиіс еді. Әуелі журналистердің мәртебесін көтеру керек. Сонымен қатар,
жалақысын да арттыру мұқтаждығы туындап отыр. Мысалы, көрші Ресеймен
салыстырғанда бізде журналистердің жалақысы да айтарлықтай төмен. Кейбір
республикалық басылымдардың өзінде орташа жалақы 60-70 мың теңге. Бұл
дегеніңіз, халық пен билікті байланыстырып тұратын журналистердің
жалақысынан қара базардағы саудагерлердің табысы көп деген сөз. Сол
Ресейде ең төмен жалақы 1000 доллар. Ал өзге шет елдерде 3000-4000
долларға барады. Қазіргі мемлекетаралық қақтығыстар көрсетіп отырғандай,
БАҚ еркіндік құралы. Бұл атауға лайық болу үшін, журналистердің жағдайы
жақсы, табысы мол болуы керек. Қай елдің ақпараты күшті болса, жеңіс
соның еншісінде. Ендеше әуелі қоғамның қозғаушы саласы саналатын
журналистердің жағдайын жасамай мемлекеттің де жағдайы жақсарады деу
қисынсыз. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, кезбенің күнін кешіп жүрген
«төртінші билік» уәкілдері әңгімені ашық айтудан әлі де болса жасқанады.
Себебі, олар тауып отырған азын-аулақ теңгесіне зар болып қалудан
сескенеді. Бала-шағаларын уайымдайды. Аузына абай болуға тырысып,
запыранын ішіне жұтуға мәжбүр болады. Бұл да өз кезегінде журналистердің
жетекке еріп, еркіндігінен айрылып бара жатқанын көрсетеді. «Жалаңаяқ
журналистердің» жағдайына назар аударып, шешім шығару тағы да Үкіметтің
құзіретінде. Тек биліктің биік дәлізінде жүргендер естіп қалар деген
үміт үзілмек емес.
                                                                                                                          Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ
                                                                                                                          журналист