«Ұлттық партияның рөлін атқарған» қазақ газеттері неге жабылып жатыр?
«Ұлттық партияның рөлін атқарған» қазақ газеттері неге жабылып жатыр?
Кеше түнгі 12-де «Еларна» өзінің таратылуын тоқтатты. Дәлірек айтқанда, 17 наурыздан, 18 наурызға қараған түні «Еларна» көрерменімен мәңгілікке қоштасты. Он төрт жыл бойы көрерменін жақсы хабарларымен қуантқан арнаның аяқ асты жабылғаны көпшілікті елең еткізгені рас. Ал министр Ерболат Досаев мұның себебін «Еларнаға» екі миллиард теңге бөлініп, рейтинг бойынша 300 миллион ғана жинайтындығымен» түсіндірген еді. Алайда, 14 төрт жылдық тарихы бар арнаның қаншама қызметкері жұмыссыз қалатыны, ұлттық арнаның жұмысын тоқтату арқылы ұлттық жобалардың аяқсыз қалатындығы ешкімді толғандырған жоқ.
Белгілі саясаттанушы Ерлан Қариннің «қазақ газеттері ұлттық партияның рөлін атқарып отыр» дегені бар еді. Көп ұзамай, ұлттық партияның рөлін атқаратын қазақ газеттерінің де басына қара бұлт үйірілді. Жыл басынан бері қаншама қазақ газеттері жабылды. Оның арасында жыл құсындай жылт етіп көрініп, жоқ болған басылымдарды қосыңыз.
Жыл басында ең бірінші болып, «Нұр Астана» газеті жабылды. Газет жабылып, оның орнын интернет-сайт басқан. Арада көп уақыт өтпей жатып, «Дала мен қала» газеті де өз көрерменімен қоштасты. Ақпарат кеңістігінде он жылға жуық уақыт жарық көрген басылымның аяқ асты жабылуына не себеп болды? Қаржы жеткіліксіздігі ме, әлде таралымның аздығы ма? Білуімізше, таралымы өте көп газеттердің қатарында «Дала мен қаланың» болғаны рас. Солай бола тұра, бұл газет те тарих қойнауына сіңіп барады.
Одан кейінгі кезек «Алаш айнасына» келді. Күнделікті газеттің жабылуына себеп –қаржы үнемдеу болған шығар. Өйткені күнделікті газеттің шығыны да көп болады. Шығыны көп газетте қаншама журналистің өз нәпақасын тауып жеп жүргені ешкімді алаңдатқан жоқ. Олардың әрқайсысының басында баспанасы болды деп тағы айта алмаймыз. Жалаңаяқ журналистердің әлеуметтік статусы да төмен. Олардың әрқайсының басындағы екі-үш несиені қосыңыз. Демек «Қазақ газеттерінің біртіндеп жабылуы жақсылықтың белгісі емес. Сондықтан да бұл мәселеге ешқайсымыз бей-жай қарамауымыз керек. Өйткені Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деп бекер айтып кетпеген. Ал енді ана тілінде шығатын газеттердің жабылуы бұл қазақтың көзі көрмей, құлағы естімей әрі тілсіз мылқау күйге тап болғанын аңғартады». Бұл жазушы Дидахмет Әшімханұлының пікірі. Қазақ газеттерінің жабылып, интернет-сайттарға айналуы бүгінгі жаһанданған қоғам үшін тиімді болса, тиімді шығар. Бірақ ауылдағы ағайынның бәрі ғаламтормен еркін тыныстап отыр деп айта аламыз ба? Дамыған мемлекеттердің өзінде күнделікті және апталық газеттердің құны жоғары. Таңғы асын газет-журналдарсыз ішпейтін америкалықтар да, еуропалықтар да көптеп табылады. Тіпті, дамыған Жапонияның өзінде де газет-журнал алдыңғы кезекте тұр. Ендеше, қазақ газеттерінің басына неге қара бұлт үйірілді.
Белгілі журналист Талғат Ешенұлы: «Онда ашық мойындауға тиіспіз: мұның бәрі қара басымыз мен қара кресломыздың ғана қамын ойлаған жалтақтықтан, мансапқұмарлық пен тоғышарлықтан деп; халыққа келгенде тұлғамыз, ұлыққа келгенде жорға ғанамыз деп. Сіздерге ғана бапандаймыз, биліктің бізге түкіргені бар деп; «Шерханмінезді» бізден күтпейсіздер, күтпеңіздер және т.т. деп. Қадіріміз қалмады. Ал, қазақ журналистикасында қадір болмаса, қазақта қандай қадір болады?» дейді. Расында да, қазақ журналистикасында қадір қалмаған сияқты. «Халықтың тілінен, көзі мен құлағынан» айырсақ, мәңгі мылқау күй кешпей ме?
Бүгінге дейін қазақ тілінде шығатын газет-журналдарды ңқай-қайсысын алсақ та, қандай мәселе көтерсе де, ұлттық мүддені назардан тыс қалдырған емес. Қазақтың тілін жоқтайтын да қазақ газеттері. Қазақтың мұңын мұңдайтын да қазақ газеттері. Қазақ үшін отқа да, суға да түсетін қазақ газеттері. Қазақ газеттерінің ешқайсысы ұлт араздығын қоздыратын материалдарға жол берген емес. Толеранттылықты сақтап отырған да қазақ газеті болатын. Ендеше, ұлттық баспасөздің жабылуына бей-жай қарайтынымыз не?
Айтпақшы, жуырда “Қазақпарат” агенттігінің қытай тіліндегі нұсқасы салтанатты түрде ашылды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі агенттіктің қытай нұсқасының тұсаукесеріне Қытайдың Қазақстандағы елшісі келіп қатысыпты.
Қытай тіліндегі нұсқаның шығуына Қытай халқы мен елімізде тұратын қытайлар үшін ашып отырғандығымен түсіндіреді шенеуніктер. Бұл Қазақстан туралы, қазақтар туралы ақпараттармен қамтамасыз етіліп отыратын нұсқа болмақ. Мұнда тек жағымды жаңалықтар ғана айтылады. Агенттікте Қытайдың тарихы мен дәстүрі, мәдениетімен жақсылап танысқысы келетіндерге арнайы бөлім ашылған. Қытайша нұсқа үшін бюджеттен қанша қаржы бөлінгендігі құпия.
Ал «Еларна» тоқтады. Қанша журналист жұмыссыз қалды? Қызметсіз қалған, кәсібінен айрылған журналист қайда барып нан табады?! Осыны ойлаған, осы туралы толғанған біреулер бар ма? Айтыңыздаршы…
Айна Хасанова