Калачидың құтын қашырған ұйқы Уран ұйқы індетіне шалдықтырды...

 

2011 жылы алғаш рет
Ақмола облысының Калачи елді мекенінде бір-екі адам аяқасты есінен танып,
бірнеше күнге ұйқыға кеткен. Күн жылып, қар ери бастағанда, әсіресе наурыз
айында ауылдың тұрғындары бірінен соң бірі тұрған жерінде құлап, қалың ұйқыға
кеткен. Құтырған жұқпалы аурудың себебін дәрігерлер әлі күнге дейін анықтай
алмай отыр.

Қайдан келген дерт?
Немен келген дерт? Белгісіз. Топырақ, су, ауа мен азық-түліктен сан мәрте
сынама да алынды. Комиссия жұмысы барысында 2013
жылы ауа құрамы 500-ге тарта, радиациялық фон 760 рет өлшеніп, азық-түлік, су
және адам ағзасына әсер ететін басқа да қоршаған орта факторлары тексеріліп,
биологиялық материалдардың (шаш, тырнақ және т.б.) 29 үлгісі зерттелді. Барлық
көрсеткіштер шекті нормадан аспайды. Оның қортындысына сүйенген Денсаулық сақтау министрлігі ешбір себеп тапқан
жоқ. Бірақ ауыл тұрғындары ақиқатты біледі, тек базбіреулер мойындамайды немесе
әдейі тұншықтырады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, індет ауыл іргесіндегі бұрынғы уран шахталарынан, су
алатын құдықтан. Десе де дәрігерлер мен жергілікті органдар радиацияның қатысы
жоқ деуден танбай отыр.

Калачи
ауылдық ауруханасының  бас дәрігері Татьяна Протасова: «Қазір бұл дертке шалдыққандардың саны 36
адамға жетті.
Әсіресе, бұл індет көктемде өрши түседі. 1-2 күнде ауа-райы жылиды
деген болжам бар. Науқсатардың да саны арта ма деп қауіптеніп отырмыз», – дейді. Бұл емханада өзі де ұйқы індетіне шалдыққан медбике жұмыс
істейді. Ол 4-5 күндік ұйқыдан ауруханада оянған соң, жұмысына қайта кіріскен. Бірақ
есте сақтау қабілеті нашарлап қалған. Бұл індетке шалдыққандардың басы немесе
аяғы ауырады екен. Ең
өкініштісі, Калачи ауылында ұйқы қысып есінен танғандардың арасында балалар
көп. Соңғы айда 3 балғын  ауруханаға түскен. Калачи ауылының тұрғыны Наталья Колесниченконың да баласы ұйқыға кетіп,
бірнеше күннен соң есін  жиған. «Балам мектептен келген соң, тамағын ішіп,
ұйықтап қалған. Оятсам тұрмайды. Дереу дәрігер шақырдық. Екі апта бойы
ауруханада жатты. Қазір басы, аяғы ауырады», – дейді.

Бір жылдары бүкіл әлемде құс тұмауы жаппай
тіркеліп, ауруға шалдыққандар есін жимай о дүниелік болды. Бірақ оның алды
алынып, арнайы вакцина да табылды. Енді қардың еруімен келетін ұйқы індеті калачиліктерді
әбіргерге салды. Жұмыс істеп жүрген жерінен құлайтын тұрғындар төрт-бес күннен
соң оянып, күнделікті тірлігіне кіріседі. Бірақ бұл белгісіз аурудың қайталанып
немесе жұқпалы дертке айналмауы үшін ауыл маңын ураннан тазарту қажет шығар. Жалпы
ауруды анықтай алмаған екен, ауылды алысқа көшіру дені сау азаматтарымыздың
өмірін сақтап қалудың тиімді жолы.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button