Ресей Қырым түбегін қоластына алды

Ресей Қырым түбегін қоластына алды

Ресей Қырым түбегін қоластына алды
ашық дереккөзі

16 наурызда Қырымда
өткен референдум нәтижесі бойынша, тұрғындардың 95 пайызы Қырымның Ресей
құрамына енуін қолдағаны айтылды. Алайда, әлемдік қауымдастық мұның шындыққа
жанаспайтындығы жөніндегі пікірін ашық білдіруде. Тіпті, Еуропа, АҚШ елдері
«заңсыз референдум» деген баға берсе де, сол күні-ақ Ресей үкіметі тез арада
Қырымды қоластына алу жөніндегі құжатты рәсімдеуге кірісетіндігін жеткізген
болатын.

Путиннің көкейін
тесіп бара жатқан империялық саясат дегеніне жеткізді. Бүгін Қырымның Ресей
федерациясы құрамына кіргендігі жөнінде келісімге қол қойылды. Бұған сәйкес, сейсенбіден
бастап Қырым мен Севастополь Ресейдің қарамағына еніп, республиканың
мемлекеттік тілі – орыс, украин және қырым-татар тілі болып бекітілді.
Келісімге қол қою шарасын ресейлік телеарналар тікелей эфирден көрсетіп мәре-сәре
болды. Мұндағы жұрттың көңіл-күйі керемет. Бір-бірінің қолын алып мәз. Жиналған
көпшілік Ресейдің әнұранын бір кісідей шырқағанда, Путин нағыз империялық
саясатты көксейтін отарлаушы қожайынның кейпін байқатты.

 Өзара келісім салтанаты РФ президенті В.Путин
мен Қырымның жоғарғы кеңесінің басшысы Владимир Константинов, республиканың
премьер-министрі Сергей Аксенов және Севастополь қалалық кеңесінің төрағасы
Алексей Чалый арасында өткен. Тіпті, Ресей Қырымға қаржылай көмек беруді де
қарастырып қойыпты. Бүгін Қырымның бірінші вице-премьері Рустам Темиргалиев
ақшаның алғашқы траншына да қол жеткізгенін қуанышпен мәлімдеді. Ал «Удар»
партиясының жетекшісі Виталий Кличко Украина Ресеймен арадағы дипломатиялық
байланысын күрт үзу керек деп есептейді. Сондай-ақ ол өз мемлекетін сатып
кеткен Аксенов, Константинов пен оның жақтастарына қарсы санкция енгізуге
шақырды. «Бұл азаматтарға Украина шекарасына кіруге тыйым салып, еліміздегі
кәсіпорындары мен есепшотын бұғаттау керек», – деді ол.

Шын мәнінде,
Украинаның жаңа билігі  Путиннің озбыр
саясатын аяусыз әшкере етуде. Украина Сыртқы істер министрлігі: «Мемлекет
Ресейдің Қырымды қарамағына алуға байланысты шешіміне үзілді-кесілді қарсы.
Ресейдің бұл әрекеті Украинаның территориялық тұтастығына кепілдік беретін бір
жақты және көпжақты халықаралық міндеттемелерге жауап бермейді. Қырымды өз
субъектісі ретінде жариялауы да халықаралық қауымдастық алдында өрескел
қателікке жол берді» делінген мәлімдемеде.

Айтпақшы, Лондонда
өтетін «Үлкен сегіздік» Ресейсіз өтетін сияқты. Себебі, бұдан бұрын «Егер Ресей
Украинаға агрессиялық саясатын жүргізуді жалғастыратын болса, сегіздік жеті
мемлекет басшысының қатысумен ғана өтеді» делінген еді. Ал, мұны Путиннің
құлаққа ілер түрі жоқ. Демек, бұл үлкен басқосудан Ресейдің шеттетілуі ғажап
емес.

Динара Дүрмән