Айдос Сарым, саясаттанушы: Путин "қиял әлемінде жүрген адам"

Айдос Сарым, саясаттанушы: Путин "қиял әлемінде жүрген адам"

Айдос Сарым, саясаттанушы:  Путин "қиял әлемінде жүрген адам"
ашық дереккөзі

 

Біз Ресейдің
Қырымды қол астына алуы жөніндегі өткізген референдумы мен келісіміне
байланысты саясаттанушылардың пікірін білген едік.

Кеше өткен
референдум бойынша, автономдық республиканың Ресейге қосылуына қырымдықтардың
95 пайызы дауыс берді делінуде. Бұл ақпарат анық па, жалған ба? Кейбір
деректерде татар ұлты өкілдері бұл референдумға аяқ аттап баспаған да. Ал
Украина билігі референдумды «циркке» теңеді. Дауыс Ресейдің қысымы арқылы берілген
дегенді айтуда. Сіз не дейсіз?

– Сөз жоқ, Қырымдағы референдум Ресейдің қысымымен,
Кремльдің тікелей араласуымен, саяси, ақпараттық, қаржылық және технологиялық
көмегімен, қарулы әскерінің қысымымен арнайы түрде, асқан асығыстықпен, белден
басу, қорқыту-үркіту, жаппай сатып алу арқылы апыл-ғұпыл ұйымдастырылған шара.
Қырымның автохтон халқы болып табылатын, яғни иесі болып табылатын өзімізге
етене жақын, кешегі Қырымның қырық батырының ұрпағы – қырым татарлары бұл
шараға аяқ баспады, қатысудан саналы түрде бас тартты. Қырымлы халқының шынайы
көшбасшылары Жәмілов пен Шұбаровтың айтқандарына сенсек, референдумға бауырлас
халықтың небары 0,5 пайызы ғана ат салысқан. Оның өзіне көбінесе әбден
орыстанған, ұлтынан ажыраған, аралас некедегі қырым татарларының өкілдері деп
мәлімдеуде. Референдумды дайындау, қаржыландыру, саяси-ақпараттық тұрғыдан
қамтамасыз ету, тіпті «қажетті» белгісі алдын-ала қойылған бюллетендерді жасату
– барлығы да Ресей тарапынан қаржыландырылған десуде сарапшылар. Тіпті
сайлаушылардың арасында Қырымға еш қатысы жоқ 85 мың «артық» адам сырттан
«импортталған» көрінеді. Кеше ғана криминалды топтарды басқарған бүгінгі Қырым
басшылығы қарапайым қисынды, қарапайым математиканы аяққа таптап, есебінен
жаңылысты. Мәселен, Қырым басшылығы жариялаған барлық «ресми» деректерді сүзіп
шықсақ, түбектің «Ресеймен қайта қосылуына» 95-96 пайыз сайлаушылар емес, 123
пайызы дауыс берген болып шығады. «Шетелдік бақылаушылар» деп алып келген
сарапшыларының барлығы дерлік аннан-мыннан қашқан, негізінен Еуропадағы
сепаратистік, ашық түрде фашистік, әсіре ұлтшыл бағыттағы маргиналды топтардың
өкілдері. Көбісін Кремльдің тыңшылары деп атауға толық негіз бар. Осының өзі
талай нәрсені аңғартады емес пе?! Украина билігіне қылмыскерлер, фашистер келді
деп ойбайлаған Ресей, өзінің жымысқы саясатын жасыру, ақтау мақсатында барша
Еуропаның фашистері мен сепаратистерін жинағанына не дей аламыз? Ұзын сөздің
қысқасы, әлем жұртшылығы, өркениетті елдердің бірі де бұндай референдумды
мойындай алмайды. Ешқашан да мойындамайды, осыған ашық та, жабық та қарсы
саясат жүргізеді. Әзірге бұл шараны тек Солтүстік Корея мен Никарагуа ғана
мойындаған сияқты. Ертең Ресейден қаржылық көмек алып отырған Вануату, Кирибати
сияқты мұхиттағы бейшара арал-мемлекеттер мойындар. Ресейден қаржы алып
отырған, соның әскери күшімен ғана жанбағып, әупірімдеп отырған Солтүстік
Осетия, Абхазия, Приднестровье, Таулы Қарабақ сияқты ешкім мойындамаған,
сепаратистік, жартылай криминалды құрылымдар мойындар. Басқа ешкім, ешбір ел,
ешбір халықаралық ұйым Қырымның алдымен «тәуелсіз ел», «өз еркімен Ресей
құрамына ұмтылған ел», «Ресей Федерациясының құрамдас бөлігі, субъектісі»
екенін қабылдамайды, мойындамайды. Ресейдің стратегиялық серіктестері болып
табылатын Белоруссия, Қытай сияқты мемлекеттер де ләм-мим деп аузын ашпайды.
Қазақстанның да саясаты солай болмақ. Басқаша әрекет ететін лажымыз да жоқ,
ашығын айтайық. Бүгінгі күннің басты талабы – Ресеймен қарым-қатынастарды
сақтай отырып, оның Қырымдағы қылмыстық авантюрасын мойындамау, өркениетті
әлемнің алдында қарабет болмау. Ресей ірі-ірі елдермен текетіреске барып,
оқшауланып, экономикалық және басқа да санкцияларға душар болып жатқан кезде өз
мүддемізді сақтай білу, экономикамызға, экономикалық мүдделерімізге нұқсан
келтірмеу. Мықты болсақ, қалыптасқан жағдайды өз мүддемізге жарата білу қажет. Бірақ
басты міндетіміз – сабақ алу. Қырымдағы жағдайды қазақ қауымы, қазақ зиялысы
путиндік Ресейдің «Украина, саған айтам, Қазақстан, сен тыңда» деп айтқаны деп
қабылдағанымыз абзал.

Сейсенбіде Ресей
Қырымның РФ құрамына кіруі жөніндегі келісімге қол қойды. Мұның арты не болмақ?

– Шешінген судан тайынбас демекші, жан-тәнімен кірісіп,
жоспарлап, сұрапыл күш пен орасан қаржыны шығын қылған Путиннің басқа лажы да
жоқ. Ең сұмдығы, бұны тек жеке-дара Путиннің өзі ғана емес, империялық
насихаттың буымен әбден уланған орыс халқы қалап отыр. 18 наурыз күні Путин
парламент алдына шығып, болған жағдайды айтып, Қырымды өз қатарына алатынын
мәлімдеді. Тіпті осының өзінде бір гәп бар. Путиннің Қырым туралы мәлімдемені 18 наурыз күніне шақтағанын
кеше Қырым тарихы туралы дүниелерді оқып отырып түсіндім. Ескі санау бойынша, 1856
жылдың 18 наурыз күні (қазіргіше 30 наурыз) еуропалық мемлекеттер мен Ресей
арасындағы Париж келісіміне қол қойылған екен. Бұл келісімдер бойынша Ресей
өзінің Қырым соғысында жеңіліс тапқанын мойындап, Түркияға қоқан-лоқы
көрсетуден бас тартып, Еуропа істеріне араласудан аластатылып, “Еуропа
жандармы” болудан қалған.Бұл
да бір іште жатқан ғасырлық қыжыл, тарихи-саяси реванштың түрі. Ангела Меркель
ханымның Путин туралы “қиял әлемінде жүрген адам” деуі бекер емес.
Путин орыстың жадында қалай да Ресейдің кегін алушы, тарихи
“әділеттілікті” орнатушы ретінде қалғысы келеді. Осыған жан-тәнін
салып жатыр. Орысты «орыссың» деп
айыптаудың өзі орынсыз. Ресей билігі өз халқының көңілінен шығатын саясатты
жүргізіп жатыр. Осы үшін ештеңеден тайынбайтын секілді.

Еуропа
мемлекеттері, АҚШ, тіпті Қытай да бұл референдумның заңсыз екенін айтты. Бұған
Ресей құлақ аспай отыр ма? Тап
қазір Путиннің
ойында не бар? Егер Ресей Украинаға қысым жасауын тоқтатпаса, Лондондағы «Үлкен
сегіздік» Ресейсіз өтетін сияқты. Бірақ Ресей халықаралық қауымдастықтың
ескертулерін елемей, жалпы геосаясаттағы орнын да ұмытып кететіндей сыңай
байқатады. Неге?

– Менің жеке пікірім мынадай: Ресей билігі Олимпиаданың
буынан айығар емес. «Батыс қайда барады дейсің, бірер жыл тулап, сабасына
түсер» деген сенімде. Біздің мұнайымызды, газымызды тұтынып отыр, бәрібір
дегеніміз болады деп ойлауда. Бірақ, бүгінгі Батыс – кешегі Батыс емес.
Ресейдің қандай мемлекет екенін, оның шынайы бет-бейнесін әбден аңғарған
сияқты. Кеше ғана Ресейге ара түсетін Германияның сыртқы саясаты бұған нық
дәлел. Осы елдің канцлері Ангела Меркель: «Қажет болса, біздер өз мүддемізді
аяққа бассақ та, Ресейге қысым көрсетуіміз керек. Себебі Бірінші және Екінші
дүниежүзілік соғыстан сабақ алатын кез келді», – деді. Бұдан артық қандай
ескерту қажет? АҚШ Еуропаны Ресей газы мен мұнайынан тәуелсіз ету мақсатында
жаңа бағыттарды ашып, өзінің ата-жауы Ираннан мұнай сатып алуға мүмкіндік ашты.
Еуропаның ақылды мемлекеттері баяғыда-ақ Ресей газы мен мұнайынан бас тартқан
болатын. Алдағы уақытта осындай тәуелділіктен мүлдем құтылуға тырысатыны анық.
Ендігі кезекте Ресеймен жасалып жатқан көптеген жобалар мен келісімдердің күші
жойылады. Бүгіннің өзінде ондаған Ресей шекпендісіне өз елдеріне келуге тыйым
салынды, олардың қаржылары, мүліктері тәркіленуі де ғажап емес. Ресейге баратын
барлық инвестициялар, жеңілдетілген банкілік несиелер тоқтатылады. Бұл Ресей
экономикасына орасан зор нұқсан тигізеді. Тіпті бүгінгі Қырымға Ресей
миллиардтап ақша құюға мәжбүр болады. Қырымда, мәселен, ауыз су мәселесі тапшы.
Оны сол Украинадан мұнайдан қымбат бағамен алуға мәжбүр болады. Яғни қарапайым
орыс халқы үшін бұл қыруар шығынға айналмақ. Құр амбицияның, бос көкіректің
әңгімесі ертең әрбір орыстың зарына айналады. Батыстың тілеп отырғаны да осы. Батыс
жағдайды пайдаланып, енді Балтық елдерін қорғау керек өз әскерін Балтық
теңізіне, Украинаға көмек керек деп Польшаға, Чехияға, Түркияға алып келеді. Ол
жақтарға АҚШ-тың зымырандары да, зымыранға қарсы қондырғылары да орнатылады.
Геосаяси тұрғыдан Қырым Ресейдің жеңісі емес, орасан жеңілісіне айналады деген
сөз. Осыған дейін Батыс, НАТО өз саясатын «ұяла-ұяла» жүргізген болса, енді еш
кедергісіз, қымсынбай іске асырады. Империялық, неоимпериялық бос амбицияның
құны осы, шындап келетін болса. Ресейдің керемет экономисі, Путиннің кешегі
серігі Алексей Кудриннің сөзіне сенсек, Батыстың қысымы күшейе түссе, Ресей
тоқсанына 50 миллиард доллар жоғалтатын көрінеді. Жылына 200 миллиард доллар
деген сөз! Сұмдық қой! Батыс елдері, қаржылық ұйымдары Ресейдің ұйымдарынан
барша қарыздарды қайтарыңдар деп талап қойса, онда Ресейдің 500 миллиардқа жуық
алтын-валюта қорының 2 жылға жетпейтінін де ашық айтып отыр сарапшылар. Егер
Путин осыны Ресейдің жеңісі деп түсінсе, онда мен оның ойлау қабілетіне үлкен
күдікпен қарауға шақырар едім.

Ресейдің Қырымды
басып алуының салдары қалай болады? Әсіресе, басқа мемлекеттерге… Мәселен,
ертеңгі күні біздің Солтүстік облыстарға да ұшығы тиюі мүмкін бе? Мұның аяғы
неге әкеп соғады?

– Ресей осы күнге дейін айналасының барлығына
«сепаратистік бомба» қойып тастады. Әзірбайжанды – Таулы Қарабақпен, Молдованы
– Приднестровьемен, Грузияны – Абхазия және Оңтүстік Осетиямен байлап-матап
тастады. Балтық елдерін сол жақтағы «орыстілділердің құқықтарымен»
қорқытып-үркітуде. Осы шантаж саясатқа бола жыл сайын миллиардтап шығынданды.
Енді, міне, Қырым мәселесі туындады. Қисынға салсақ, Орта Азиядағы Ресейдің
амбициясы тек Қазақстанға тіреліп отыр. Мәселе тіпті Путинде емес. Ресей
халқының басым көпшілігі еліміздің солтүстік аймақтарын «орыс қалалары, қазақта
қала болмаған, біздің жеріміз» деп ұғынады. Кешегі Солженициндердің, бүгінгі
соның ізбасарлары Дугин, Лимонов, Жириновскийлердің талап-тілектері – осы
жерлерді қайтсе де Ресейге қосып алу. Бұған біздің сол аймақтарда тұратын орысы
түгілі, кейбір қазақтары да кетәрі емес. Осы күндері талай адаммен ұрысып-қырқысып,
сөзге келіп жаттық. Шынын айтайын, арасында туыстарымыз да жоқ емес. Бәрі де
Ресей насихатының әсері. Ресей насихатының әсері, шынын айтайық, Ресей
әскерінің пәрменінен де күшті. Ел боламыз, ұлт боламыз десек, тәуелсіз
қалпымызды, тұтастығымызды сақтаймыз десек бірінші кезекте қолға алатын шарамыз
– толық ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізу. Жаңадан құрылған Ақпарат
агенттігі күні-түні осы мәселемен айналысуы керек сияқты. Бұл нақты заман
талабы, шынайы тәуелсіздігіміздің алғышарты.

Біздің мақсат, қайталап айтамын, Ресейге емес, Украинаға емес, өз ішімізге
үңілу. Болып жатқан аса күрделі үдерістер мен үрдістерді қазақ мүддесі, қазақ
мемлекетінің мүддесі тұрғысынан дұрыс талдап, осыдан дұрыс дәріс алу, нәтиже
шығару, әрекет ету. Рухани, адами тұрғыдан біздер алдымен қырымлы бауырлардың
амандығын тілейміз, соларға жанымыз ашуы керек. Екінші кезекте өзіміз сияқты
тағдырлас украин халқы мен мемлекетінің тілеуін тілейміз, жағдайдың тұрақтанып,
дұрыс шешілуіне тілектес боламыз. Бірақ, бірінші орынға қазақ мәселесі шығып,
бірінші орында қазақ мемлекетінің, оның тұтастығының, бірлігінің,
тәуелсіздігінің мәселелері тұруы тиіс деп санаймын. Өз басым
Ресей бүгінгі Қырым
соғысында тағы да опық жеп, Парижде болсын, басқа кез-келген қалада болсын
әлемнің алдында тізе бүгіп, түркілерге тиісуін қойып, “ТМД жандармы”
деген атаудан арылса екен деп тілеймін. Аққа Құдай жақ! Солай болады да! Сенім
мен үміт отын өшірмейік, ағайын. Аталарымыз өсиет еткен нақылдарды да ұмытпай,
айбалтамызды сайлап, елдігімізді, ішкі бірлігімізді, керегеміз бен
шаңырағымызды барынша бекіте берейік. Қазақ
көшін қайта түлетіп, оның негізгі легін өз ішіміздегі үлкенді-кішілі
потенциалды «қырымдарға» қарай көшіре берейік. Келген ағайын да осыны түсініп,
бас тартпайтындай болсын. Қолынан іс келетін, қабілеті бар, намысы бар, шыдамы
бар әрбір қазақ солтүстік өңірлерге қарай жылжып, сол жақта кәсіп құру,
қоныстану, үйлі-баранды болу мәселесін ойлануы тиіс. Бүгін «ура-патриотизмнің»
де, «ойбай-патриотизмнің» де уақыты өтті. Марқайып, қажетсіз семіре де бермейік,
айналаны ұрандатып, шаңдата да бермейік, айналамызға күл шашып, шашымызды
жұлып, ақырзаман тудырмайық. Барлығын байыппен жасап, нақты іске, әрекетке
көшейік. Баяғыда Уинстон Черчилльдің «Ресей ешқашан да өзі ойлағандай мықты
болып көрген емес, бірақ жаулары қалағандай әлсіз болған да емес» деген нақыл
сөзін естен шығармайық. Қазаққа, шынын айтайық, әлі де 10-15 жыл тыныштық
керек. Қалғанын зымыраған уақыт пен қазақ анасының құрсағы шешпек. Бүгіннің
өзінде Қазақстан халқының өсімін беріп отырған, осы өсімнің 97 пайызын құрап
отырған қазақтар екенін еш естен шығармайық. Ендігі мәселе оңтүстіктегі қалың
халықты, шетелден келіп жатқан ағайынды, Жаңаөзен сияқты болашағы бұлыңғыр,
бірақ халқы тығыз отырған мекендердегі тұрғындарды жүйелі түрде Қостанай, Қызылжар,
Кереку, Өскемен сияқты қалаларға, одан қалса ауылды мекендеріне қарай қозғалту,
соған саяси, экономикалық стимулдар жасау. Бір қызығы, аталған облыстардағы
халықтың саны жыл сайын кемуде. Осының орнын толтырамыз, экономикалық
қажеттілік дегенді желеу етіп, сол облыстарды бұрынғыдан бетер белсенділікпен
қазақыландырып, болашақтағы ешбір референдумнан қорықпайтындай етіп алсақ,
соған үлгерсек, онда болашақта Қазақ елі Украинаның, Қырымның кебін кимейтініне
толық сенуге болар еді.

  Сыртқы саясатқа келетін
болсақ, менің ойымша, қазір өте-мөте күрделі кезең. Будапешт келісімдеріне сай
Қазақстанның, Украинаның, Белоруссияның тәуелсіздігі мен тұтастығының кепілі
болып табылатын Ресей бүгін өз міндеттемелерінен бас тартып, ол келісімдерді
өзі бастап өрескел бұзуда. Бұл өте қауіпті үрдіс. Әлемде қалыптасқан
халықаралық қауіпсіздік, халықаралық келісімдер, халықаралық заңнама өз күшін
жойып жатыр. Бұл, әрине, қазақ мемлекеті үшін зор қауіп-қатер. Алайда, осы
жағдайды Қазақ елі өз пайдасы үшін шешуге тырысқаны абзал. Мысалы, қалыптасқан
жағдайды алдыға тартып: «Біз алаңдаулымыз, бізге қосымша арнайы кепілдеме, жаңа
келісімшарттар керек», – деп АҚШ, Қытай, Еуропа елдеріне қолқа салсақ, дәл
қазір олардың «Жоқ, болмайды» деуге лажы жоқ. Біздің Сыртқы істер министрлігі
осы күндері асқан, өмірінде болмаған белсенділік танытуы керек деп санаймын.
Егер тек Ресейдің ғана артына ілесе берсек, ертең сонымен бірге тұңғиыққа
кетуіміз әбден мүмкін. Бәлкім, осы жағдайды пайдаланып, жағдайдың барлығы
шешімін тапқанға дейін Еуразиялық одаққа кіру мәселесін шегеруге де болатын
сияқты. Ресей шарықтап тұрған кезде Кедендік одақты құрам деп жарытпап еді, дәл
қазіргі қауырт кезеңде Еуразиялық одақты жарытпайтыны анық.

  Осы кешенді
істерді жүзеге асыру үшін билік ең алдымен қазаққа, қазақ ұлтшылдарына, қазақ
зиялыларына, қазақ баспасөзіне арқа сүйеуі керек. «Мен ғана білем, менікі ғана
дұрыс» деген саясаттан бас тартқан жөн сияқты. Қазақ ұлтшылдарының жылдар бойы
айтып келе жатқан сөздерінің, болжамдарының барлығы да іске асты. Кеше ғана
«осы сендер даурықтырмаңдаршы, жоқ жерден бәле тілемеңдерші» дегенді еститін
едік. Міне, қараңыздар: айтқанымыздың барлығы да шындық болып шықты. Сонда
кімдікі дұрыс? Ешкімді мұқатып-кекететін жайымыз жоқ. Және де біздің айтуымыз
ермек емес, амбиция емес, популистік ұпай жинау емес. Біздер ең алдымен ұлтымыз
бен мемлекетімізді ойлайтын жандармыз, ұлтымыздың азаматтарымыз. Бізге
лауазымның да, орынтақтың да қажеті жоқ. Еліміз, мемлекетіміз аман болсын,
өссін, өркендесін, тәуелсіз болмысынан, жерінің тұтастығынан айрылмасын деп
тілейміз.