Жаңалықтар

ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҒАН ЖАСТАР САЯСАТЫ

ашық дереккөзі

ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҒАН ЖАСТАР САЯСАТЫ

Үкіметтің сейсенбіде өткен жиынында «Нұр Отан» партиясының сайлауалды Тұғырнамасының орындалу барысы сөз болды. Отырысқа қатысқан әрбір министр өз саласына қатысты бағыт-бағдарларды баяндап берді. 

«Нұр Отан» партиясы Үкіметпен бірлесе отырып, аталмыш құжаттың жү­зеге асыру көрсеткіштерін дайындапты. Жиында тұғырнаманың негізгі жетпіс бес пайызы «нақты және халық өл­шеп-біле алатын индикаторларға» бағдар­лан­­ғандығы айтылды. Әрі оған жауап­ты мемлекеттік органдар да нақты бел­гі­ленген. 

Үкімет басшысы Серік Ахметов: «Бізге көкейкесті тапсырмалар беріп оты­ратын Мемлекет басшысы, әсіресе, «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде алды­мызға үлкен міндеттер қойды. Біз бұл жауапкершілікті сезінуіміз және осы тап­сырмаларды орындауға байыппен қарауымыз керек», –деді.

Партияның сайлауалды тұғыр­на­ма­сының орындалуына байланысты партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек баяндама жасады. Партия төрағасының бірінші орынбасары өз сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты мақсаты еліміздегі азаматтардың өмірін жақсарту, ал ол үшін әлеуметтік көңіл-күйдің дұрыс болуы маңызды екендігіне де тоқталды. 

Бауыржан Байбектің айтуынша, тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар жүргізу және партияның қоғамдық қабылдаулары берген сараптамалар арқылы Тұғыр­на­маны жүзеге асырудың кешенді мони­то­рингі тетігі енгізіліпті. 2013 жылы пар­тияның қоғамдық қабылдауларына 800 мың адам өтінішпен келген көрінеді. Өткен жылдың 1 желтоқсанында пар­тия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Респуб­ли­калық қоғамдық қабылдаудың жаңа ғи­маратында азаматтарды жеке қабылдап, пар­тиямен «онлайн» режимде тікелей бай­ланыс жасауға мүмкіндік туғызатын «Элек­тронды партия» жобасын іске қос­қан еді.

«Аталған жүйенің арқасында біз мемлекеттік органдардың жұмысы жайлы объективті ақпараттарды «бірінші қолдан» алып, тіпті, әрбір ауданға дейінгі барлық өрісі мен саласына бақылау жүргізе аламыз, – дейді Бауыржан Байбек мырза. – Біз Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракцияларының депутаттары арқылы орталықта да, жергілікті жерлерде де мемлекеттік органдардың жұмысына бақылауды жүйелі түрде күшейтудеміз. Осы мақсатта партияның сарапшылар топтарына Парламенттегі фракциямыздың барлық депутаттары, сондай-ақ бұған дейін мұндай жұ­мыс­қа мүлдем тартылмай келген об­лыстық мәслихаттардағы фракциялар депутат­та­ры­ның 40 пайызы енеді», – деді. 

Партия бүгінде әлеуметтік сауал­на­­малар мен қоғамдық қабылдаулар ар­қылы қоғамда болып жатқан кез кел­ген түйткілді мәселелерден нақты ха­бардар болып отырады. Бұл кешенді мони­торинг жүргізу тетігінің арқасында іске асырылғаны белгілі.

Үкімет отырысында Бауыржан Байбек: «Елбасы Партияның XV съезінде айтқандай, «Нұр Отан» жетекші саяси ұйым ретінде «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді стратегиясын жүзеге асырушы басты патриоттық күш болып қалуы тиіс. Ол үшін біздің қолымызда барлық мүмкіндіктер мен құралдар бар. Бүгінгі таңда елімізде эволюциялық жолмен өткен демократиялық өзге­ріс­тердің нәтижесінде «бір жарым пар­тиялық» жүйе қалыптасты. Күрделі ға­ламдық проблемалар жағдайында тек айрықша басымдыққа ие, халық сенімін арқалаған күш қана «Қазақстан – 2050» стратегиясында көзделген мақсаттарға қол жеткізуге кепіл бола алады», – деді.

Дәл осындай жүйе арқылы қарқынды дамуға қол жеткізген мемлекеттер көп. Олардың қатарында Жапония, Сингапур, Швеция, Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы, Малайзия сияқты елдер бар. Бұл елдердің кез келгенінің өткен ғасырлардағы саяси тарихына үңілсек, «айрықша басымдыққа ие бір партияның болуы – мемлекеттің серпінді дамуының бірден-бір алғышарты» болған. 

Егер еліміз «бір жарым партиялық» жүйеге толыққанды көшсе, «Нұр Отанның» рөлі де күшеймек. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының иығына үлкен міндеттер артылып отыр: ол саяси тұрақтылықтың сақталуын, үлкен мақсаттар жолында халықтың бірігіп, жұмыла жұмыс атқаруының, Елбасының мемлекеттік бағдарынан таймауын, халықтың сана-сезімін өзгертіп, модернизациялық құндылықтарға бейімдеуді қамтамасыз ете алатын ең әлеуетті күш болмақ. 

Айтқандай, Үкіметтің «Нұр Отан» партиясының сайлауалды Тұғырнамасын талқылау жиынында сын садағына іліккен министрліктің бірі – Білім және ғылым министрлігі. Министрліктің сынға ілігетіндей жөні де бар. Өйткені аталмыш ведомство Мемлекет басшысының «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде берген тапсырмаларын орындамай келеді. Үкімет басшысы алдында сөз алған министр Аслан Сәрінжіпов аталмыш сынға дұрыс жауап қайтара алмады. 

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елімізде жастармен жүйелі жұмыс атқарылмай келе жатқандығын айтады. Партияның соңғы съезінде Елбасы «Жас Отанда» берілген тапсырмалардың лайықты орындалмай келе жатқандығын айтып, Білім және ғылым министрлігіне арнайы тапсырма берген еді. Ал партия жүргізген талдауға сүйенсек, берілген тапсырмалардың екіден бірі ғана орындалған. Қалған тапсырмалар әлі аяқсыз қалып отыр. Тіпті, әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, жастар саясатындағы нақты құжаттың бірі «Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасынан» жастар хабардар ма? Жоқ. Ендеше, аталмыш құжат қандай жастар үшін әзірленді? 

Жастарымыз үшін ең өзекті мәселенің бірі – жұмыспен қамту. Ол үшін «Жастар тәжірибесі» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылған. Ал бұл жоба бойынша жастардың жұмысқа орналасқандарының саны небәрі 20 пайызды құрап отыр. Тіпті, көптеген жастарымыз бұл жобадан мүлдем бейхабар. 

Ең қызығы, Білім және ғылым министрлігі ұсынған «Қазақстандағы Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң жобасы «Нұр Отан» партиясы фракциясы депутаттары тарапынан да сынға ұшыраған болатын. Сарапшылар мен халық қалаулыларының сөздеріне сүйенсек, мұнда жастарды жұмысқа орналастырудың, жастардың сапалы даму жүйесінің нақты механизмдері көрсетілмеген. Демек, құжаттың дайындалуы әлі де болса, әлсіз. Ал оны жетілдіруге байланысты берілген тапсырмалар әзір орындала қоймайды деген сөз. Сол себепті, жастар мәселесі әлі де өзекті мәселердің біріне айналып отыр. 

«Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықовтың сөзіне қарағанда, жастар «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңын зарыға күтіп жүргенге ұқсайды. Ол: «Заң 2013 жылы қабылдануы керек еді, бірақ өкінішке қарай, өмірге жолдама алмады. Себебі заңның жобалары бірнеше рет кері қайтарылды. Қазір жаңа жоба Мәжілісте қаралу үстінде, дегенмен оны да жастардың мәселелерін толыққанды, жеткілікті дәрежеде шешуге бағытталған жоба деп айта алмаймыз. Себебі онда жастар арасындағы ең өзекті мәселе – жұмыспен қамту, баспана проблемаларын нақты шешудің тетігі табылмаған, нақты сауалдарға нақты жауап берілмейді», – деді. 

Бүгінгі жастарымыз үшін маңызды үш мәселе бар. Олар – сапалы білімге қол жеткізу, жұмыспен қамтамасыз ету және баспанаға қол жеткізу. «Әрине, біз оларға тегін үй таратуды діттеп жүрген жоқпыз. Бірақ баспана алудың жеңілдетілген жолдарын, тетіктерін қарастыру және жетілдіру маңызды», – дейді Нұрлан Сыдықов. 

Үкіметтің жиынында қоғамдық қабылдаулар мен «электронды партия» жайы да сөз болды. 2013 жылы партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық қоғамдық қабылдаудың жаңа ғимаратында «Электронды партия» жобасын іске қосқан еді. Сол күні электронды партия арқылы азаматтарды жеке қабылдады. «Электронды пар­тияның» арқасында бүгінде партия мем­лекет­тік органдардың жұмысы туралы кез келген ақпаратты алуға мүмкіндігі бар. 

Жиын соңында Үкімет басшысы Серік Ахметов «Нұр Отан» партиясының сайлауалды Тұғырнамасының нақты орындалуы үшін арнайы мониторингтер жүргізуді тапсырды. Өз сөзінде Премьер-министр: «Оны жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жалғастырылсын! Үкіметте тапсырмалар мен қабылданған шешімдердің орындалуын жалпы бақылау партия бюросының мүшесі, Премьердің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктеледі», – деді. 

Сонымен бірге, бір ай ішінде пар­тияның орталық аппаратына Тұғыр­на­маның барлық бағыттарын, нақты көрсет­кіштерін нақтылау бойынша Үкімет өз ұсыныстарын енгізбек. Ендігі мәселе, Тұғырнаманың барлық бағыттарын нақты іс-әрекеттермен айқындау ғана. 

Гүлзина БЕКТАС