ҚАЗАҚЫ ЖЫЛҚЫ ҚАНДАЙ-ДЫ...

ҚАЗАҚЫ ЖЫЛҚЫ ҚАНДАЙ-ДЫ...

ҚАЗАҚЫ ЖЫЛҚЫ ҚАНДАЙ-ДЫ...
ашық дереккөзі

Жылқы! Осы бір ғана қасиетті де, қастерлі сөз жүрегімізді жылылық сезімімен жадыратып, көңілімізді көкке көтеріп, қиялымызды шартарапқа жетелейтіндігіне ешкім де күмән келтіре қоймас. Өйткені қазақ халқының басынан өткізген барлық тарихи тұрмыс-тіршілігі және шаруашылығы тікелей жылқы жануарының тарихымен әрі тамырласып, әрі тағдырласып жатқандығы тарихтан белгілі.

Біз, қазақ халқы – «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп өскен елміз. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезімі, рухани болмысы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениет пен өнерінің ажырамас бір бөлігіне айналып кеткен.

Жылқы – қазақтың жаны мен қаны, қанатына баланған пырағы. Қазақта байлық жылқының санымен бағаланған, салтанат пен сұлулықтың өлшемі де жылқы болған. Қалыңмалға, адамның құнына, сондай-ақ айыпқа шапанмен қоса жылқы да төлеген. Қазақ жылқысы осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз Қазақстанның ұлттық бренді деуімізге болады. Сондықтан қазақ өз жылқысының қасиеттерін толық сезініп, бағалай білуі тиіс. Жаңа жылда жарым көңілдер бір бүтінделіп, құт-береке әр үйдің шаңырағына қоныс теуіп, жылқы жылында жылқы мінездес қазақ, небір жылдан бері армандап жүрген мақсатына қол жеткізіп, бақытқа бөленсе екен дейміз. Жылқы жылы тәуелсіздігіміздің тұрағы, байлығымыздың бұлағы болғай! 

Біз қазақтың жылқысы дегенде сәй­гү­ліктерді ғана ойлаймыз. Неге оның қымызы мен қазы-қартасын айтпаймыз? Осы жағын жарнамалауға болмай ма? Қазір Италия, Франция сияқты т.б. елдер бізге экологиялық таза өнім жіберетіндер деп қарайды. Басқа елдердің жылқыларына қарағанда, қазақы жылқылардың сүті мен етінің қаншама ауруларға ем екенін екінің бірі біледі. Басқасын былай қойғанда, жылқы етiнiң адам ағзасын жасартатын қасиетi бар екенін мамандар мойындап отыр. 

Ал ежелден келе жатқан ата кәсіп – мал шаруашылығы, оның ішінде жылқы малын асылдандыру арқылы бұған жедел жетуге болады. Ат спортын дамыту, қымызын, етін, қазы-қартасын көптеп дайындау, шағын фермерлік шаруашылықтарда күш көлігі ретінде пайдалану қаншама пайда әкелер еді. Бірақ, осы жүйе бізде бір ізге түспей келеді. Бір сөзбен айтқанда, жылқының қадір-қасиетіне әлі жете алмай отырмыз.

Қазіргі таңда еліміздің жылқы шаруа­шы­лығындағы басты қызығушылық – ет пен сүт өнімдерін мол беретін, өндіріс шығыны аз қазақы жылқыны өсіру. Жабы типті қазақы жылқы, басқа жылқыларға қарағанда, өзіне тән ерекшеліктерімен артық: жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылуға бейімділігімен, ірілігімен және тірілей жоғары салмағымен ерекшеленеді. Қазақы жылқының басы дөрекі, жалпақ бетті, жақ сүйектері жетілген, мойны бұлшық етті, қысқа, тұрқы ұзындау, орта бойлы, арқасы тік, белі мықты әрі жалпақ, сауыры етпен білеуленген, аяқтары қысқа да сүйекті, артқы аяқтары түсіңкі, жалы қою, қылы ірі талшықты, терісі қалың, жүні қыс айларында түкті, ұзындығы 4-5 см-ге дейін келеді. Қоңдылығы жоғары жабы типті қазақы жылқының тірілей салмағы 450-530 кг-ға дейін жетеді. Көктемгі және күзгі жайып семірту кезінде тез қоң алу қабілеті өте жоғары. Биелері тәулігіне орташа есеппен 10-15 литр, ал ең үздіктері құлынның емген сүтімен есептегенде 21 литрге дейін сүт береді. Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын ала-бөтен қасиеті бар. Ол – намыс, ол – ұлттық сана-сезім, ол – тектілік рухы еді. Қазақ үшін бұл – қазіргі уақытта тіптен қажет. 

Кезінде Қазақстандағы табынды жылқы шаруашылығының сапасын арттыру мақсатында, селекционер-ғалымдар тұқымаралық будандастыру жұмыстарын кеңінен қолданды. Тіршілік ету ортасына жақсы бейімделген жергілікті қазақы жылқының биелерін, шабысы жақсы, ірі денелі зауыттық жылқы тұқымдарының айғырларымен шағылыстыру арқылы қазақы жылқыларға қарағанда ірілеу келген, бейімделу қабілеті кем түспейтін будандар ала бастады. Осындай селекциялық жұмыстар нәтижесінде, ғылыми түрде айтсақ, жергілікті қазақы биелерді, таза қанды мініс, дон, желісті тұқымдардың аталықтарымен күрделі зауыттық будандастыру арқылы алынған ұрпақтарын «өзара өсіру» негізінде жаңа көшім тұқымдық жылқыларын шығарды. Алынған будандарды ұрпақтан-ұрпаққа жетілдіре отырып, 1976 жылы көшім жылқы тұқымы болып бекіді. Қазір көшім тұқымының негізгі топтары Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында өсіріледі. 1998 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің №156 бұйрығымен мұғалжар тұқымы бекіді. Бұл тұқымның шығуына, тағы да қазақы жылқының қатысы бар. Мұғалжар тұқымын шығаруда, жергілікті қазақы жылқының ең үздік жабы типті айғырларын тұқымдық және өнімдік қасиеттеріне қарай тиянақты іріктеп алып, Қазақстанның әр аймағына тарата отырып, таза тұқымды мал өсіру әдісімен көбейтіп жетілдіру нәтижесінде қол жеткізілді. Қазіргі таңда мұғалжар тұқымының ішінде өсіру ортасына және өнімдік деңгейіне байланысты төрт генетикалық типке бөлінген жылқылар өсіріледі. Олар Қызылорда облысының Арал ауданында ЖШС «Құланды» жылқы зауытында өсірілетін құланды типі, Қарағанды облысы, Шет ауданында «Шолақ Еспе» жылқы зауытында қожамберді типі, Ақтөбе облысының асылтұқымды шаруа қожалықтарында қайыңды және ембі тип жылқылары өсіріліп жатыр. Бұл жылқылардың генетикалық құрылымдары анықталып, одан әрі оларды жетілдіру де жоспарлы жүргізіліп келеді. Аталған барлық типтің ішінде құнды тұқымдық айғырлардан бастау алатын, ата-тегінің шежіресі анықталып қаланған ұрпақтарынан зауыттық аталық іздері бар. 

Тәуелсіздікке «тұлпар ізімен» жеткен қазақ халқы үшін, қазіргі таңда жылқы шаруашылығының орны бөлек. Әрине, кешегі кеңестік кезеңге дейінгі қазақтың сайын даласында қаншама табын жылқы еркіндікте жүрді. Қазақ халқының сол кездегі байлығы да осы – жылқы еді. Жабы типті қазақы жылқымен асылдандыру жұмыстары Павлодар (Кереку), Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жүйелі жүргізіліп келеді. Асылдандырудың басты бағыты осы жылқыларды тиянақты іріктеу мен жұптастыра отырып, әрбір аймақтың табиғи-климаттық жағдайына байланысты ерекшеленетін өзіндік зауыттық типтерін, аталық іздері мен аналық ұяларын шығару. Павлодар (Кереку) облысында жабы типті қазақы жылқының селеті зауыттық типі апробацияланды. «Алтай Қарпық – Сайдалы Сарытоқа» шаруа қожалығында өсіріледі.

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында жергілікті қазақы жылқылардың аналықтарын кеңестік ауыр жүк тартатын тұқымның аталықтарымен жай зауыттық будандастыру негізінде қазақы жылқының қаба етті тип жылқылары шығарылды. Қазіргі таңда Қарой ауылындағы «Қызылашы» шаруақожалығында өсіріледі. Бұл жылқылардың тірілей салмағы мен дене өлшемдері тұқымдық айғырларында орташа есеппен шоқтық биіктігі 147,0 см; тұрқының ұзындығы 153,0 см; кеуде орамы 188,0 см; жіліншік орамы 21,5 см және тірілей салмағы 540-560 кг-ға тең. Алайда қазіргі уақытта бұл жылқылардың саны азайып кетті. Асылдандыру жұмыстары қаражаттың жоқтығынан жүргізілмей жатыр. Жылқылардың негізгілері әрбір шаруашылыққа бөлініп, жойылып кету алдында тұр. Егер Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқармасы қолға алып, қаражат жағынан көмек берсе, бұл жылқыларды қалпына келтіруге болады. 

Қазақстанның алуан түрлі табиғи климаттық жағдайына байланысты бөлінген, қазақы жылқылардың ішінде әлі де толық тұқым болып бекімеген тұқымдық топтар (отродье) баршылық. Оның ішінде Маңғыстау облысы мен Атырау облысының бірқатар аудандарында өсірілетін адай жылқысы. Адай жылқысының экстерьерлік ерекшеліктері: басы біршама жеңіл, дене тұрқы шағын, шоқтығы ерекше, арқасы тік, сауыры қақпақ тәрізді етсіздеу, аяқтары сидам, жіңішке, сіңірлері жақсы жетілген. Бұл жылқылардың шағын денелі болып қалыптасуына түркменнің ахалтекесі, иомуд және қарабайыр жылқылар әсер етсе, екінші жағынан жайылым жағдайының жұтаңдығы да көп әсер етті. Адай жылқысы салт мінуге өте жарамды, шыдамды келеді. 

Адай жылқысымен 60-70-жылдары А.И.Иманғалиев жүйелі түрде жұмыс жүргізді. Уақытында адай жылқысын зерттеумен айналысқан Я.Я.Полферов (1873), И.Н.Чашкин мен Н.И.Кузьмин (1939), А.В.Мишарев (1949), Б.Х.Садықов (1959) әртүлі қашықтықтағы шабыста төзімділігіне аса мән берді. А.Иманғалиев адай жылқысы тай-құлындарының өсіп жетілу заңдылықтарын, ет-сүт өнімділігін, әртүрлі қашықтықтағы шабыс төзімділігін зерттеді. Адай жылқысын жетілдіру нәтижесінде Өрендік, Еңсеген-торы, Қибаскөк, Бекес-торы, Есполай-торы, Есполай-жирен, Ізтұрған зауыттық аталық іздері қаланды. Қазіргі таңда осы адай жылқысының генеалогиялық және генетикалық құрылымдарын қайта зерттей отырып, толық бір тұқым ретінде бекуіне жан-жақты жұмыс жасау қажет болып отыр. 

Алматы облысы Алакөл ауданының таулы аймағында қазақы жылқының найман тұқымдық тобының генетикалық мүмкіншілігін арттыру мақсатында асылдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жылқылардың дені – Алакөл ауданының ЖШС «Тоқжайлау» шаруашылығында шоғырланған.

Тағы бір айта кететін жайт, қазақы жылқының биелерін дон, таза қанды мініс, орлов желісті және стрелец тұқымдарының айғырларымен күрделі будандастыру негізінде алынған ұнамды тип будандарын өзара өсіру барысында Қазақстанда 1956 жылы бірінші рет спорттық бағыттағы қостанай тұқымы шығарылды. Қазір қостанай тұқымының қатысуымен «қазақ тұлпары» тұқымын шығару бағытында жұмыс жүргізілуде. Қазақ өмірімен біте қайнасқан жылқының сырын біздің халықтай білетіндер кемде-кем. Құнды мәліметтерді өзгелердей қағазға қаттамаса да, қазыналы қарттарымыз көкірегінде жаттап, құпиясын бұзбай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттады. Қазақ жылқы тұқымдарының дәл өзі болмаса да, көзі бізге жетті.

Қазіргі таңда ЖШС «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты» ғылыми қызметкерлері өнімді бағыттағы жылқыларды бағып-күту технологиясы бойынша жасалған ғылыми тұжырымдарды кеңінен қолдана отырып, отандық жылқы тұқымдарын жос­парлы түрде асылдандыру жұмыстарын жүргізіп, жылқыларды жетілдірумен қатар, олардың арасынан жоғары өнімді жаңа тип, аталық із бен аналық ұя шығарумен айналысуда. 

Жылқы қозғалысты, белсенділікті қа­лайтын жануар ғой, олай болса, бұл жыл белсенді жобаларды іске асырып, тез қимылдап табысқа кенеліп, жедел желіп бақытқа жететін мезгіл деп қабылдағанымыз жөн. 

Әмин Әкімбеков, 

ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, 

Аманкелді Тұрабаев, а.ш.ғ. кандидаты, 

Қайрат Исхан, а.ш.ғ. кандидаты