КІШКЕНТАЙЛАРДЫҢ ӘНІН КЕНЖЕЛЕТПЕЙІК

КІШКЕНТАЙЛАРДЫҢ ӘНІН КЕНЖЕЛЕТПЕЙІК

КІШКЕНТАЙЛАРДЫҢ ӘНІН  КЕНЖЕЛЕТПЕЙІК
ашық дереккөзі

Тарих беттеріне көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы әнді жанына серік еткен халық. Сұлу сазды әнді санаға сіңіргені соншалық, оны-жік-жігімен, бағыт-бағытымен бөле білген. Мәселен, әжелер әні, жастар әні, балалар әні немесе халық әні және көше әндері деп те ажыратқан. 

Дүниеге келген кішкентай сәбиіне арнап «Бесік жырын» шырқаған аналарымыз да ән қадірін білген. Сондай текті ата-бабаның ұрпағымыз деп мақтанатын мына біздің қазіргі таңдағы әнге деген пікіріміз неліктен жұтаңдау болып кетті? Әндер неліктен өз бағытын жоғалтып алды деген сұрақтарға да жауап таба алмай қалдық. 

Ал, көптің пікірінше, қазіргі таңда балалар әндеріне деген сұраныстың азаюы – композиторлардың сол бағыттағы әндерге қалам сілтемегендігінен туындаса керек-ті. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, әншілеріміздің 7,5 пайызы ғана балалар әнін шырқаса, композиторлардың 15 пайызы ғана бұл бағытты жетік меңгерген. 

Болашақ журналистердің бірі Алпамыс Файзолла: «Біз бала кезімізден тамшыдай болса да балалық әнді бойымызға сіңіріп өскен жастармыз. Олай дейтінім, кешегі «Мен бақытты баламын» деп ән шырқаған Фарида Жолдасова, «Айгөлекті» орындаған Ақжол Мейірбеков, «Қуыр-қуыр қуырмашты» көзімізге елестеткен Құдайберген Бекішов сынды жұлдыздарымыздың есімін ұмыту мүмкін емес. Ал қазіргі уақытқа оралар болсақ, жаңа ғасырымыздың да өзіндік стилі болар. Мысал ретінде бүлдіршін әншілеріміздің бірі Ермек Балжігітті алып қарайықшы. Жаңа заман талабына сай әндерді орындай алады. Дегенмен, балаға бала болған жарасады. Ал, жастардың әнін есейгесін де айтып үлгерер… Сондай-ақ балабақшаларда бүлдіршіндер ата-анамыз жаттаған, біздің жаттаған, сонау 60-70 жылдары шыққан әндерді айтып отырады. Солардың бірі «Ақ мамам» әні. Бүгінде сәбилердің аналар күнінде айтатын одан басқа әні жоқ». 

Расында да, бала қашанда бала болып еркелегені дұрыс. Ал, ұрпақ санасын жағымсыз ойлардан алыстату, ең бірінші – отбасындағы әке мен анадан басталса, халық алдында – бетке ұстар қаймақтарымыздың тізгінінде. Егер ертеңіміз жарқын болсын десек, балаларымызға көңіл бөліп, оларға балалар әнін жазудан жалықпайық. 

Нұрболат Досжан, 

ҚазҰУ-дің студенті