Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ӘН

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ӘН

Қырғыздың белгілі эстрада жұлдызы Гүлиза Тәліпова «Апа­кеңді ардақта» әнін айтып біткенде, әсем әуенді ұйып тыңдап отырған залдағы ел орнынан тұрып, ду қол шапалақтап жіберісті. Басын иіп бір сәтке кідіріп қалған Гүлиза бұл әнін осы залда отырған өзінің анасына арнағанын білдіргенде, қуаныштан көзі жасаураған анасы орнынан тұрып, көпші­лікке тағзым етті. Гүлиза бұл әннің авторы Қазақстаннан келген арнайы мейман, қазір анасының жанында отырған Иса Омар екендігін жариялады. Залдағылардың назары енді Иса Омарға ауды. 

Бұл оқиға 14 наурызда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласындағы Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясында болды. «Көктемдегі жыр қайрық» деп аталған қырғыз эстрада жұлдыздарының концертіне жерлесіміз Иса Омар жеті әнді алып келіпті. Оның үшеуін Гүлиза Тәліпова, төртеуін қазақстандық жас әнші Үмітбек Есен орындады. Гүлиза «Апакеңді ардақта» және «Ажырата білгейсің» әндерін қырғызша шырқады. Сондықтан да тыңдармандар алғашқы ән қазақ сазгерінің шығармасы екенін білген жоқ. Қырғыз сахнасында алғашқы рет шырқалған әнге үлкен қошемет көрсетілді. Шығарманың тұсауы кесілді. «Бесіктегі баланың бек боларын кім білген» дегендей, ә дегеннен-ақ, «Апакеңді ардақтаның» қырғыз эстрадасының «хиті» болары байқалып қалды.

Иса Омар Қырғызстанға үлкен әзірлікпен келіпті. Жас әншімен бірге өзінің 45 әннен тұрған «Қазақ-қырғыз бір туған», 22 әні бар «Өмір толы қай­шылыққа» және Үмітбек Есеннің орындауындағы 20 әнді күйтабаққа жаздырып ала келген. Автор оларды ұлттық филармония­да екі күнге созылған концерттің барысында тыңдармандарға, Қырғызстанның шығармашыл ұйымдарымен болған кездесулерде сыйлыққа таратып берді.

Концерттің қорытын­дысында Иса Омар мен Үмітбек Есен Қырғыз Республикасының Мәде­ниет, ақпарат және туризм министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, қырғыз бауырластардың үлкен сый-сияпатына ие болды.

Бұл Иса Омардың Қырғыз­станға екінші шығарма­шылық сапары. Ол өткен күздің аяғында Қырғызстанда өткізілген Шың­ғыс Айтматовтың 85 жылдық мерейтойына арналған халық­аралық форумға келген болатын. Сол сапарында Иса Омар­дың «Аяқталмаған ән» («Бүтпөгөн ыр») повесі қырғыз тілінде жарық көріп, Бішкекте кітаптың тұсау кесу рәсімі болған. Бұл жолы Иса Омардың «Ақ жаңбыр» («Ак жамгыр») әңгімелер жинағының қырғыз тілінде жарыққа шыққандығына байланысты Қырғыз Республи­касының Ұлттық жазушылар одағында жазушылармен және оқырмандармен кездесу болды. Жиналысты одақтың төра­ғасы Чолпонбек Абыкеев жүргізіп отырды. Бұдан жарты жыл бұрын жарық көрген «Бүтпөгөн ырдың» қырғыз әде­би сыншыларының көңілінен шыққан кітапты талқылау түрін­де ұйымдастырылған осы жиналыста аңғара алдық. Сонымен, Иса Омар осы мерекелі наурыз айында қырғыз оқырмандарына «Ак жамгырды» тарту етсе, өзі «Бүтпөгөн ыр» повесі үшін Қырғыз­станның Ұлттық жазушылар одағының «Алтын қалам» сыйлығына ие болды.

Шымкенттегі «Замана» бас­па үйінің бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы Иса Омар қырғызстандық әріптестерімен де кездесті. Биыл күзде 90 жылдығын мемлекеттік мерекелердің санатында атап өткелі жатқан қырғыздың тұңғыш басылымы, ұлттық «Қырғыз ту» газетінің бас редакторы, осы аттас баспа үйінің директоры Жәдігер Саалаев мейманды редакцияның шығармашылық қызметтерімен таныстырды. Сондай-ақ Ж.Саалаев тиесілі министрліктер, мемлекеттік мекемелер атқаратын жұмыстарды – қазақ пен қыр­ғыздың ортасындағы мәдени байланысты шыңдауға белсене атсалысып, Иса Омардың атқарып жатқан істеріне жоғары баға берді. 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

“Түркістанның” Қырғызстандағы тілшісі