ҚОШҚАРАТА
ҚОШҚАРАТА
1996 жылдың қыркүйек айының алғашқы күндерінің бірінде аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан шыққан кортеж бұрылысы көп қара жолмен Қошқаратаға қарай зулап келіп, Рысбек батырдың Ақтасының тұсына тоқтады. Өмекең – Парламент Сенатының Төрағасы Өмірбек Байгелді бастаған ресми кісілер көліктерінен жылдам түсіп, биік жотаға қарай бет алды.
Күздің алғашқы айы болғанына қарамастан Қошқарата жері әрқашанғыдай көкпеңбек. Көк шалғынды кешіп, Бөкей тауының биігін бетке алдық. Жуалының аса бір шұрайлы да, құнарлы жері Қошқарата өңірі алақандағыдай көз алдымызда. Жал-жал болып жатқан Ақтастың жоталарының терең сайларының табанында түсі балқыған қорғасындай болып, ирелеңдей ағып жатқан бұлақтар, беткейлерде тұтасып өскен долана мен бетеге, әр жерде топ-топ болып сайраған құсқа сая болып тұрған қара ағаштар осы өңірдің сәні мен салтанаты іспеттес. Биік болып өскен ақселеудің басынан тарқатылған сәлдедей шұбатылған ақ шуда самал желмен жібек сағым болып тербеледі. Сұлу көріністен көз алмай барлығымыз бір сәт үнсіз қалдық.
– Меніңше, осы жерге Шыңғысхан, Жошыхан, оларға дейін де талай Түрік қағандары ат шалдырып, шайқастардан кейін дамыл алып, сұлу табиғатқа көз тойдырып, рахаттануы бекер емес екендігін мына көріністен-ақ анық сезінуге болады, – деп үнсіздікті бұзған Өмекең көсіле сөйледі. – Жиһангерлер мен тарихшылар тап осы жерде қырғын шайқастар өткенін, Қара және Ала таулардың түйіскен жерінен бірі батысқа, екіншісі шығысқа қарай ағатын қос өзен бастау алады деп жазыпты. Бір сөзбен айтқанда, бұл өңірдің тарихы тереңде. Бір Қошқарата мен Боралдайдың айналасында болған оқиғалардың, қанды қырғындардың өзі терең тарихқа жетелейді.
Мемлекет қайраткерінің сөзі ой құшағына жетеледі. Туған жердің тарихын білмейді екенбіз ғой.
Жуалыны қақ бөліп шығысқа, тау-тасты бұзып ағып жатқан Теріс өзенінің солтүстік батысындағы адыр-адырлы, қыры мен сайы көп таулы даланы Қошқарата немесе Боралдай өңірі деп атайды. Зерттеушілер бұл өлкедегі Үшаша (Үшқоспа, Үшащы), Қостұра, Боралдай, Жолбарысқамал, Ордабасы (немесе Кіші Ордаған, Үлкен Ордаған), Қызтоған, Қалмақ қырған, Күреңбел, Садырқамал, Кәріқорған, Көлтоған, Бөкей тауы, Қоғалы, Ақтасты, Төңкеріс, Қаратас деп аталатын тарихи жер атауларының барлығын да Қошқарата өңіріне жатқызады. Бұл жерлердің басым көпшілігі Көсегеннің көк жолының бойында жатыр. Жуалы жерінде «ата» деген толықтауышпен аяқталатын үш жер атауы бар. Олар Шақпақата, Қошқарата, Бақаата. Рас «Бақаатаны» «Бақатый», «Бақатей» деп те атайды. Жуалы жерінен бастау алатын «аталар» Әулиеатаға, одан соң сонау Балқаш көлінің жағасындағы Бектауатаға жалғасады. Сонымен «Қошқарата» деген атау қайдан шыққан? Бір қызығы осындай атаумен Қырғызстанда, Маңғыстауда аталатын жер аттары бар. Барлығы да Қошқаратаны әулие санайды. «Қошқарата» қой атасы дейтіндер де бар. Жылқы пірі Қамбарата, сиырдың пірі Зеңгібаба сияқты дегенді алға тартады. Алайда қойдың пірін «Шопаната» деп атайтынын еске алсақ, бұл атауды малмен сабақтастырудың қажеті жоқ сияқты. Бұл жерде «Қошқарата» деген сөз әулиеліктің, киеліліктің, батырлықтың, қасиеттіліктің үлкені, ірісі, биігі деген мағынаны білдірсе керек. Түркі, оның ішінде қазақ батырларының, қолбасыларының дулығаларында немесе ою-өрнектерінде қошқар мүйіз болуының да осы ойымызбен сабақтасар бір сыры бар.
Ал «Боралдай» сөзінің төркіні туралы жорамал көп. Бірінші – моңғол батырының есімі дегенді айтады. Алайда осы өңірдегі Ұзынбұлақ пен Қошқарата, Боралдай мен Қостұрада 1710-1758 жылдары болған жойқын соғыстарға моңғол жорығында батыры Бұрындай қатыспаған. Ол 1237 жылы Батыйдың Руське қарсы моңғолдың оң қанатында 38 мың жауынгерді басқарып, орыс жерін жаулағаны анық. Екінші – бұл қалмақтың боролда деген сөзінен шыққан, яғни, «сусыз қуаң боз жота, сусыз боз қырқа» екендігі рас. Боралдай өңірінің табиғаты осылай екенін ешкім жоққа шығармайды. Қошқарата, Боралдай өңірінің жер қыртысында сусыз боз қырқалар бір-біріне жалғасып жатыр. Үшінші–көне түрік тілінде «бурулдай» деген сөз «күлгін түсті құс» дегенді де білдіреді екен. Осылардың қайсысы бізге жақын?
Жуалы жерінің тарихына бойлаған сайын, Қошқарата өңірінің тарихы мен табиғаты өзгеше екеніне көзім жетті. Қошқаратаны ертеден-ақ қазақтың іргелі тайпасы қаңлы мен дулаттар мекен еткенін, осы жерді Құлан мен Рысбек батырлар қаны мен жанын беріп қорғағанын Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібай Сұлтанбеков майын тамыза әңгімелеуші еді.
Өмір деген қызық. Мен Әлібай атаның есімін Жезқазған жерінде қызметте жүргенімде, қазақтың көрнекті ақыны Әбу Сәрсенбаевтың аузынан естіген болатынмын. Ақын Сәтбаев қаласының жанындағы Рудник кентінде тұратын майдандас досы, Даңқ орденінің толық иегері, қарсақпайлық Жақсымбет Үншібаевты іздей келіпті. Ақынның осы сапарында мен ол кісінің жанында екі күн жүргенім бар. Туған жерім Жуалы екенін білген ақын: «Сен менің майдандас досым Әлібай Сұлтанбековтің ауылынан екенсің ғой… Ол Қошқарата деген ауылда тұрады. Анда-санда Алматыда кездесіп тұрамыз. Ұмытпасам поштада жұмыс істейді. Жуалыға жолым бір түспей жүр», – деген еді. Сол кезде мен майдангер ағаның аты-жөнін блокнотыма жазып алған едім.
Ақын құрметпен атаған Әлібай ақсақалмен бір емес бірнеше рет кездестім. Бірде Қошқарата ауылының ортасында Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне орнатылған ескерткіштің алдында ұзақ әңгімелескеніміз бар. Қария сонда: «Мына ескерткішті кім салғанын білесің бе?» деді. Мен білсем де үн қатқаным жоқ. «Жатқан жері жәннәт болғыр, жарықтық Жұрымбай Медетов деген кісі салдырған. Ол кезде Медетов осы шаруашылықты басқаратын. Атақ-даңқы дүркіреп тұрған. Кейін партияның съезіне делегат болды. Сонда бір оңбағандар артынан жамандап Мәскеуге, съезге арыз жіберген ғой. «Аққа құдай жақ» деген Жұрымбай съезден қайта ай мүйізденіп келді. Менің айтпағым, қайда қызмет істесең де артыңда осындай белгі қалдыр!». Осылай деген Әлібай ақсақал ескерткіште аттары жазылған ауылдастарымен сырласқандай ұзақ үнсіз тұрғаны әлі есімде. Одан кейін ол Қошқарата әулие туралы әңгімелеп еді. Ақсақалмен көп кездескеніммен ол кісі туралы жазудың сәті түспеді.
Қошқарата өңірі туралы жазушы Еркінбек Тұрысов ақсақалдан да көп әңгіме естігенім бар. Оңтүстік Қазақстан облысының Балабөгенінде тұратын, осы өңірдің тамыршысы, тарихшысы ретінде талай кітаптар жазған ол Қошқарата алқабындағы Ұзынбұлақтың жотасында Өтеген батыр қалмақтың атақты ұланы Ботхишарды жекпе-жекте жайратқаннан кейін қалмақтар тым-тырақай қашып, Сүңгіге сүңгіп кеткендерін айтып еді. Бұл күнде жасы тоқсанға жақындаған жазушы ағаның кітаптарын ақтарғанда Қошқарата өңірінің тарихы туралы көптеген деректерге қанық болатыныңыз анық. «Бәйдібек» атты кітабында: «1718 жылдың ерте көктемінде, хан ордасы Түркістанға бет алғанда Хореннің қолына қарсы ашық майданға шыққан Ысты, Ошақты, Сіргелінің Тоғанас, Есіркеп батырларымен бірге Есет батырдың жасақтары Шаян, Боралдай шатқалдарында бір түмен құба қалмақпен алты күн айқасып, он есе басым жауды ойсырата қырып, өздері де түгелге жуық шейіт болған. Тозығы жеткен аңыз әңгімелер осылай дейді… Ел мен Жер үшін жанталас шайқастар 1710, 1712, 1718 жылдары әйгілі «Ақтабанның» қарсаңында осы Қаратау өлкесінде – Бөген, Шаян, Қостұра, Қошқарата, Боралдай өзендерінің торабында өткен еді» деп жазған.
Жалпы тарихи шығармалар жазған жазушылар мен тарихшылар Қошқарата өңірі туралы көп айтқан. С.Сматаев, М.Тынышбаев, Қазбек Тауасарұлы, І.Есенберлин, Қ.Аманжол, А.Тасболатов Қошқарата, Боралдай өңірінде болған шайқастарда ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен батырлар туралы деректер келтіреді. Әсіресе Мұхаммеджан Тынышбаев Қошқарата өңірінде болған шайқаста найман тайпасынан Садыр руының батыры Жомарт тоғыз ұлымен бірге туған жерді жаудан қорғауда ерлікпен соғысып, опат болғанын айтады. Бұл жүрек тербер оқиға кімді болса да бейжай қалдырмасы анық. Боралдай өзенінің Қошқарата, Ұзынбұлақ өзендеріне қосылатын тұсында «Садырмүрде», «Садырсай», «Садырқамал» деген жер аттары найман ұланының ұлы ерлігінің белгісі. Бұл ерлікті Софы Сматаев пен Ілияс Есенберлин де жазды. Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогиясында осы өңірде ірі шайқастардың болғанын айтады. Кітапта мынандай жолдар бар: «…Шайқас Әбілқайыр мен Бөгенбай батырдың басқаруымен Боралдай мен Қошқарата өзендерінің жоғары сағасында болған еді…».
ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда ойраттардан туған жерді азат етуде Қошқарата, Боралдай өңірінде болған шайқастармен бірге, басқыншыларға қарсы қазақтардың бірігу сәттері де болған. Қазақтың ел екендігін айқындау үшін халық ұлдарының үлкен кеңестері мен келісімдері осы жерде өткен. Шымкент қаласының маңындағы Ордабасынан басқа Жамбыл жерінде, атап айтқанда, Қошқарата мен Ақыртөбеде (Бірі Тараз қаласының батысында, екіншісі шығысында 60 шақырым жерде орналасқан) «Ордабасы» деп аталатын жерлер бар. М.Тынышбаев қазақ сарбаздары қалмақтарға шешуші шайқастарға дайындық жұмыстарын осы жерлерде өткізгенін айтады. Яғни, екінші Ордабасы Қошқарата мен Боралдайда орын тепкен. Бір-бірінен ара қашықтығы 3-4 шақырым болатын «Үлкен Ордақонған», «Кіші Ордақонған» деп аталатын жер атаулары қазір жалпылай «Ордаған» деп аталады. Осы ордағандардың маңында ерекше көзге түсетін төбе бар. Ол төбеде жалғыз ағаш өсіп тұрғанына да көп жыл болды. Халық әулие санайтын төбенің маңында көпшілік «Сәлделі тас» деп атайтын тағы бір төбені қасиетті санайды. Ол жерге Алладан перзент сұрайтындар күні кешегіге дейін түнеп келгенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол Сәлделі тастың жанындағы бұрынғы Кенбұлақ ауылында «Егемен Қазақстан» газетінің президенті, жазушы Сауытбек Абдрахмановтың ата-бабалары мекен еткенін ауыл азаматтары мақтаныш етеді. Ал белгілі жазушы Мархабат Байғұт балалық шағының Жуалы жерінде өткенін, алғаш рет жазбалары осында дүниеге келгенін үнемі сағынышпен еске алады.
Өңір тарихын зерделей отырып, Қошқарата жерінде талай шайқастар болғанын, бұл өңірге қазақтың талай көсемдері мен батырларының табаны тигенін білесіз. Арттарында мәңгілік сөз қалдырған жиһангерлер мен елшілер, тарихшылар мен жағрапияшылар Қошқарата-Боралдай алқабын тамашалап, ғажаптарын алыс-алыс елдерге жеткізген. Жуалының төрі – Қошқаратада Түрік қағандарын айтпағанда Шыңғысхан, Жошыхан, Әбілқайыр хан, Төле би, Жолбарысхан салтанат құрған. Осы жерде қазақ халқының жарқын болашағы үшін жан беріп, жан алған батырлар – Бөгенбай, Құлан, Итаяқ, Тоғанас, Есіркеп, Есет, Садыбай, Шоқан, Рысбек, Сеңкібай, Сәмен, Қойгелді, Саңырақ, Қарабатыр, Өтеген, тағы да басқалар моңғол, қалмақ, жоңғар, ойрат, қоқан отаршыларына қарсы соғысты. Батырларымыздың нұры шалқып, мәртебесі биіктеп, есімдері ұрпақтан ұрпаққа жете берсін!
…Адыр-адыр белдерді артқа тастап, тағы да Қошқаратаға келдік. Алдымен аялдаған жеріміз Қошқарата әулиенің кесенесі болды. Дұға оқыдық. Күн жарқырап, бар сәулесін Жер баласына мейірлене төгіп тұр. Дала көрінісі көркем. Жүгіріп қырқаға шықтым. Міне, ғажап! Қарсы алдымдағы беткей қызғалдаққа ораныпты. Мұндай қалың, мұнша түрлі-түсті қызғалдақ алқабын көрген емеспін. Қып-қызылын айтпағанда, сарысын да, күлгінін де, қызғылтымын да, сарғышын да, қарақоңырын да кездестіресіз. Маған түрлі-түсті қызғалдақтың қалың болып өсуі – ата-баба жері мен елі үшін опат болғандарға Алла тағаланың мәңгілік құрметі сияқты көрінді. Бар дауысыммен «Қызғалдақтарды жұлмаңыздар!» деп айқайлағым келді. Бүкіл дала қызыл бояуға оранған! Оны мәңгі ұрпақ үшін сақтау керек! Сол қызғалдақтардың саясындағы қозықұйрықтың көптігін айтсаңызшы! Керемет! Кезінде шаруашылық басшысы Бесбай Қансейітұлы табиғат байлығын құтыға салып, дастарқанға ұсынған. Астана қаласында өткен Жамбыл облысының бірінші күндерінде Қошқарата жерінде өскен қозықұйрық астаналықтарға ұсынылған болатын. Қошқарата қызғалдағы мен қозықұйрығын сақтай білсек, нұр үстіне нұр!
Жуалының ең шұрайлы да, қасиетті жері Қошқарата туралы танымдық-тарихи мақаламызда толғаныстарды тоғыстыра беруге болады. Дерек те, дәйек те көп. Ләжі болса оны келешек ұрпаққа жеткізу үшін зерттей, зерделей беру керек. Ең бастысы, бүгінгі ұрпаққа тарихымызды танытып, туған жердің ғажаптарына ғашық болып өсуіне бастай білсек, қандай керемет! Сонда ғана ашылмаған тарихымыз айғақ болып, сұлу табиғатымыз мәңгі сақталады!
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Қазақстанның
құрметті журналисі
Тараз