Жаңалықтар

ТАБЫСТЫ ТЕЛЕБАЙҚАУ

ашық дереккөзі

ТАБЫСТЫ ТЕЛЕБАЙҚАУ

Үйде буыны қатпаған немере болған соң, теледидар өнімдерін таңдап, талғап көреміз. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері барлық отбасымызбен бірге көрерге дүние таппай қалатынбыз. Атыс-шабыс, өздерінің наным-сенімдерін насихаттайтын үнді, корей фильмдері, одан қалса көк экраннан түспейтін, бос сөз қуған қысқа етекті өзіміздің қаракөз қыз-келіншектер… Немере тұрмақ, тіпті балаңмен отырып көруге ұяласың.

 Республикалық «Хабар» телеарнасынан «Аймақтар аламаны» бағдарламасының жалғасы болады дегенді естіп, тағатсыздана күткен едік, міне, ол да аяқталып қалды. Отбасымызбен «Аймақтар аламаны-2» тележобасын басталған сәттен бастап бір санын өткізбей көрдік. Бағдарлама өз үдесінен шыға білді деп толық айта аламыз. Сайысқа қатысқан өнерпаздар шоу бизнесте жүрген танымал әнші-бишілерден бір де кем емес. Әсіресе, Маңғыстаудан келген Аида Байгелованың өнері таңдай қақтырды. Іріктеу турында салған әні «Шырмауықты» осыған дейін Рамазан Стамғазиевтің, «Жебе» тобының орындауында тыңдаған едік, Аида қызымыз олардан асырып орындап шықты десек, артық айтқандық болмас. Әуезді үні құлағымызда қалып қойды. Әнге қойылған қойылым әлі көз алдымыздан кетпейді. Нағыз режиссерлық қойылым. Дегенмен, ол облыстың келесі турға шықпай қалғаны өкінішті-ақ. Әйтсе де, бірнеше айналымды артқа қалдырып, жүлдеге дейін жарысқан облыстардың қай-қайсысы да жеңіске лайық болды деп ойлаймын. Мәселен, Оралдың қызуқанды күйші сары баласының, Шығыс Қазақстаннан гитарасын арқалап келген әнші баланың, Солтүстіктің дәстүрлі әнін алып келіп, үкілі домбырасымен шырқаған азаматтың, Оңтүстіктің мың бұралған бишілерінің өнерін тамашалаудың өзі бір-бір ғанибет еді. 

Тек алғашында биылғы байқауда таң қалдырар «Дарындылар додасы», арқа қыздырар «Қазақ күресі» бөлімі болмаған соң, аймақтар арасындағы бәсеке қалай болар екен деп күмәнданғанымыз рас. Дегенмен, көп ұзамай-ақ осындай өзіндік ерекшелікті жыл сайын қосып отырғаны да жөн екеніне көз жеткіздік. Байқағанымыз, облыстар өткен жылғымен салыстырғанда, биыл одан сайын жақсырақ дайындалған сияқты. Би сайысына қатысуға Алматы, Ақмола облыстары алыс-жақын шетелдерде өнер көрсетіп жүрген мемлекеттік дәрежедегі халықтық би ансамбльдерін жіберіпті. Алғашқы турда Жетісу жерінен келген «Алтынай» би ансамблінің «Қара жорға» күйіне қойылған биі анау-мынауды мойындай бермейтін Тойған Ізім ханымның көзіне жас алдырғанына барша көрермен куә болдық.  Біз де құрылғанына отыз жылға жуықтаған осы өнер ұжымына сәттілік тілей отырып, билерін іш тарта тамашалаған едік, біз көрген үш турдан да сүрінбей өтіп, тек жеті деген ұпайды еншіледі. Қазақ биіне деген бұл құрмет жас буын бишілерін тәрбиелеуде көрнекті мысал деп білеміз.

Ұлттық өнердің ішіндегі төресі – күй сайысын байқау бағдарламасына қосқаны жақсы шешім болған. Нағыз қазақты көрсететін, танытатын домбыраның үнін қазіргі ұрпаққа сіңіру – бізге парыз емес пе?! Осындайда көк жәшік көмекке келіп жатса, несі айып?! Бұған дейін бізге Дәулеткерей мен Құрманғазының, Тәттімбет пен Малқара қыздың, Ықыластың қырғыз күйшілерімен болған аламан күй тартыстары аңыз болып жеткен еді. Осы баба дәстүрін жалғастырып, өңірлерден күйшілерді жинап, домбырашылардың орындаушылық шеберлігін көрсетіп, бір-бірінен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген «Күй сайысы» бөлімінен хас маманның қолтаңбасы сезіліп тұр. Бұл орайда өзі бас болып, күйдің орындалуына байланысты төрелігін айтқан қазақтың сүйікті ұлы Секен Тұрысбеков ағамызға дән ризамыз. Ал Әшірбек Сығай ағамыз мәдениеттің майын ішкен майталман екенін әр бағдарламада дәлелдеп отырды.

Байқаудың тізгінін ұстаған жүргізушілердің әдемі әзіл-қалжыңдары да іш жылытты. Арзан қылжаққа, дарақы күлкіге жол бермеді. Өткен жылы да осы бағдарламаны жүргізген Әйгерім Қалаубаева қазақ қызына тән нәзіктігімен, өзіне жарасымды ерке қылығымен көрерменін тағы баурап алды. Идея авторы және бағдарлама жетекшісі Ринат Кертаев бастаған тележоба ұжымына да шығармашылық табыс тілейміз. Бұл байқауда жеңімпаз жоқ, жеңілген облыс та жоқ. Осындай бір шаңырақ астында қазақ  өнерін паш ету – бүтін елдің жеңісі деп білем. Қазақтың жанына жақын осындай төл тележобалар көп болғай деген тілегіміз басқа арналар тарапынан да  алдағы уақытта да ескерілсе екен дейміз.

Н.Мәдібекқызы

Астана қаласы