ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жоғары білім бойынша Орталық Азия және Орталық Еуропа форумы / ЕССЕ MUNDUS (Enhancing Cross-regional Cooperation in Erasmus Mundus)» халықаралық семинар  өтті. 

Семинарды ұйымдастырушы Венгрияның «Campus Hungary» және «Сечени жаңа жоспары» атты үкіметтік бағдарламаларының белсенді қолдауымен  Эрасмус Мундус ұлттық құрылымдарының консорциумы – Венгрияның білім министрлігінің басқаруындағы Темпус қоғамдық қоры, Австрияның білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық Агенттігі, Словакияның халықаралық академиялық ынтымақтастық қауымдастығы болып табылады. 

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі маман даярлау және білім беру сапасы басқармасының басшысы Б. Нарбекова, Венгрияның Алматыдағы бас консулы Ф.Блауманн, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің бірінші проректоры М. Бүркітбаев, Венгрияның Темпус қоғамдық қорының үйлестірушісі Г.Добос, Темпус бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Ш. Тасболатова, сонымен қатар Австрия, Армения, Венгрия, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Словакия, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина тәрізді 11 елдің атаулы жоғары оқу орындарының жүз оннан астам өкілдері қатысты.

«Форумның негізгі мақсаты Еуропа Комиссиясының қолданыстағы тиімді жобалық құралдары аясында Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Батыс Балқан аймағындағы елдердің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту және тығыз серіктес байланыстарды орнату мүмкіндігін ұсыну болып табылады», ‒ деді форумның ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  бірінші проректоры М. Бүркітбаев.  

«Бүгінгі таңда ҚазҰУ қазақстандық жоғарғы оқу орындарының ішінде Темпус бағдарламасын жүзеге асыруда көшбасшы. Университет бірнеше рет еуропалық үйлестірушілер мен жобаға қатысушы отандық серіктес университеттер арасында дәнекер ретінде Эрасмус Мундус жобаларының ұлттық үйлестірушісі қызметін атқарып келді. Қазіргі сәтте университет екі Эрасмус Мундус жобасының қосымша үйлестірушісі болып табылады. Бұл мақсаттық өзара ықпалдасу университетке Болон үрдісіне толығымен бейімделуге және де университеттің академиялық саясатын еуропалық стандарттарға барынша сәйкестендіруге ықпал етті», ‒ деді өз сөзінде Темпус бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Ш. Тасболатова. 

Аймақтар арасындағы бірлескен оқу бағдарламалары мен академиялық мобильділікті өркендету мақсатында арнайы ECCE MUNDUS тренинг-семинар ұйымдастырылды. Мұнда Еуропалық Комиссияның қаржыландыруымен жүзеге асырылатын Эрасмус Мундус және Темпус жобалары аясындағы бірлескен оқу бағдарламалары мен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырудың ең көрнекті мысалдары келтірілды. Сондай-ақ Эрасмус + жаңа бағдарламасының презентациясы жасалды. 

ЕССЕ MUNDUS-тың осындай семинарлары әр жылдары Будапешт (2012 ж.), Вена (2012 ж.) және Братиславада (2013 ж.) өткізілгенін атап өткен жөн.

Шынар Саметова

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button