Жаңалықтар

«ЖАН АНАМНЫҢ» ҚАМҚОРЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

«ЖАН АНАМНЫҢ» ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Қаламыздағы Студенттер сарайының залында ине шаншар орын қалмады. Құлағының құрышын қандырар әнді ғана емес, бүгінде көптеген қайырымдылық шараларымен кең танылған Майра Ілиясованы өнерсүйер қауым тағатсыздана күтуде.  

Концерттің орта тұсында сахнаға  Майраның өзі де шықты. Көпшілікпен амандықтан соң:

– Жылдағы көктемнің ең қымбат та сыйлы мерекесі – Аналар мейрамы қарсаңында аман-есен қауышқаныма қуаныштымын. Мереке құтты болсын! Өздеріңіз білесіздер, «Жан Анам» мерекелік концерттік бағдарламасынан түскен, яғни бүгінгі жиыннан түскен қаржы-қаражат қазақтың тағы бір бақытсыздыққа ұшыраған перзентіне арналғалы отыр. Небәрі төрт-ақ жасар Әсет  марганец қышқылын жеп қойып, асқазан-өңешін күйдіріп алған. 

Әнші жанары жасқа толғанын көрсеткісі келмегендей теріс айналып кетті. Экраннан сәбидің мұңлы жанары  мен анасының мұңлы зарын көруге дәттері шыдамағандар теріс қарап, не болмаса төмен қарап, көзі жасқа толғанын аңғардым. Зал күрсініске толып кеткендей. Жүрек сыздап, жан ауырды. 

Көмекші жігіттер сахнаның екі бұрышына екі жәшік қойып кетті. Сол-ақ екен, халық сахнаға қарай лап қойды. Бәрінің жанарларында мейірім, сәбиге деген жанашырлық сезімі ойнап тұрғандай.

Концерт он бес минут үзілістен кейін жалғасты да, сахнаға тағы да Майраның өзі шықты. Қайырымдылық шарасына арналған жәшіктен шыққан қорапты да ала шығыпты. 

– Үзілісте өздеріңіздің ниеттеріңізбен берген қаржы саналып, ала шықтым, – деді залға елжірей қараған  ол – 540 мың теңге жиналды, өз отбасымның атынан 100 мың теңге қостық, сонымен 600 мыңнан аса қаржы жиналды. Сахнаға кішкентай Әсеттің анасын шақырып, сіздердің алдарыңызда тапсырайын. 

Сахнаға әне-міне деп, босануға күн санап отырған жас келіншек шықты. Жанары жасқа толып, иегі кемсеңдеп тұрған келіншек еріндері дір-дір етіп, халыққа рахмет айтты.

– Біздің арамызда өткен жылғы «Жан Анамның» қамқорлығына бөленген, яғни екі бүйрегі де семіп, ауыр науқасқа ұшыраған жан отыр. Өздеріңіздің ақ ниеттеріңіз бен ықыластарыңыздың арқасында  жиналған қаржы сол Ерлан атты азаматты аман алып қалды. Кел, Ерлан, сахнаға келе ғой, – деп еді, залдан сахна төріне жеңіл жүгіріп жеткен бала жігіт көпшілікке иіліп сәлем берді. 

Өмір, тірлік дегеннің қадірін осындайда түсініп, бір-біріміздің де қадірімізді осындай жағдайда біліп жатамыз. Ал, ел-жұртты шулатпай, ешкімге дабыра етпей-ақ халқының болашағына, сол қазақтың бір баласына мейірімі төгіліп, ықыласы ауған әншіге қалай алғысын жаудырарын білмей толқыған жұрттың шапалақтан алақандары қызарғаны анық.  «Айналайын, жасап жатқан тірлігіңе аналық алғысымызды білдіреміз. Жаратқан сені тіл-көзден сақтасын» деген ақ жаулықты анаға риза болған Майра Ілиясова:  «Ой, апа, мен де ел жасап жатқан тірлікті жасап жатырмын ғой»,– деп қарапайымдылық танытып жатты.

Биылғы «Жан Анамның» тағы бір таңдай қаққызғаны – концерт қонағы, қазақтың тағы бір жарық жұлдызы – әлемді жаулаған опера әншісі Майра Мұхамедқызы өзінің анасы, Қытай Халық республикасының 1-дәрежелі  әншісі Камал Қуанышқызымен  қосылып ән шырқауы болды. Өзі де, сәні мен әні келіскен анамыздың  ән салғандағы аппақ жүзі одан сайын алаулап, сахнаның шырайын кіргізді. 

Қазақтың өнеріне ғана емес,  тыңдаушысының да жағдайына алаңдап жүретін, қолынан келсе көмектесуге асығып тұратын, өнермен бірге елдің көңілінен шығып жатқан қайырымдылық шараларды қоса алып жүрген  Қазақстанға еңбек сіңірген артисі,  «Жан Анам» авторлық бағдарламасы арқылы етегі жасқа толған Аналар қасіретін жеңілдетуге тырысып жүрген әнші концерт соңын Әсет Бейсеуовтің «Шақырады көктем» әнімен аяқтады…

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ