Жаңалықтар

Білім саласы: 5 күндік оқу не бермек?

ашық дереккөзі

Білім саласы: 5 күндік оқу не бермек?

Оқушылардың үш ай демалысы да бітуге жақын. Аз ғана уақыттан кейін республиканың барлық мектептерінде жаңа оқу жылы басталады. Ал жаңа оқу жылына деген дайындықты Білім және ғылым министрлігі әлдеқашан бастап кетіпті. Министрлік өздерінің 2015-2016 оқу жылына арнаған жоспарлары мен жаңа бағдарламаларын таныстыру мақсатында Астана қаласында арнайы брифинг те өткізді. Жаңалықтарын жариялаған ведомствоның сөзіне сенсек, биылғы оқу жылында ата-аналарды жыл сайын әбігерге салатын оқулық мәселесі өз шешімін таппақ.

«Оқулық тапшылығы болмайды»

Елордада өткен брифингте Білім және ғылым министрлігінің өкілдері оқулыққа қатысты қарбаластың қайталанбайтындығына сендірді. Алайда министрлік жыл сайын осындай уәде бергенімен, нәтижесі көңіл қуантпайды. Қыркүйек айының алғашқы күнінен бастап мектеп оқулықтарының саны мен сапасының дауға ілігуі әдетке айналып кеткендей. Ал бұл мәселеге жауапты ведомство биылғы жылы оқулықтар мәселесі оңтайлы шешімін табады деп сендіріп бағуда. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мамыр айында өткен Үкімет сағатында еліміздегі барлық мектептердің 10 тамызға дейін оқулықтармен толық қамтамасыз етілетіндігін мәлімдеген. Сондай-ақ, дәл осы күннен бастап оқулықтар оқушыларға үлестіріле бастайды. Расымен де, мектептерге оқулықтарды тасымалдау шілде айынан басталып кетті. Оқулықтар мектеп кітапханаларына жеткізіліп жатқанда Білім және ғылым министрлігі брифинг өткізіп, «оқулықтарымыз олқылықтан ада» деп жариялап жіберді. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары 12 пайыз, Ақтөбе Қызылорда өңірлері 18 пайыз, Ақмола, Маңғыстау және еліміздің батыс аймақтары 38 пайыз, Жамбыл облысы 41 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептер 50 пайыз оқулықпен қамтамасыз етілді.

Демек, Білім және ғылым минис­тр­лігі уәде еткендей 100 пайыздық көр­сет­кішке әлі де қол жеткен жоқ. Бұл орайда Білім министрлігі өкілдерінің өз уәждері бар. Олардың айтуынша, аймақтардағы келеңсіздіктердің орын алуына қаражаттың жетіспеушілігі және уақыттың тығыздығы себеп болып отыр. Биылғы жылы оқулық сатып алу үшін 13 миллиард 780 миллион теңге бөлінуі тиіс еді. Кейбір облыс басшыларының бейқамдығынан, бұл іс кешеуілдеп жатқан көрінеді. Бұл туралы еліміздің бас ұстазы Аслан Сәрінжіпов мамыр айындағы Үкімет сағатында да айтып кеткен еді. «Мектептердің оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілмеуінің себебі – оқулық сатып алу жүйесінің толықтай қаржыландырылмағаны. Қазіргі таңда жетпей тұрған сома 2 миллиард 374,5 миллион теңгені құрайды. Мамырда еліміздегі оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша селекторлық кеңес өткізілді және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша маусым айында мәслихаттар қажетті қаржыны бөледі», – деген болатын Аслан Сәрінжіпов. Білім министрлігі өкілдерінің сөзіне сенсек, мектептердің оқулықпен толық қамтамасыз етілмеуіне тек жергілікті білім басқармалары ғана айыпты.

Қазіргі уақытта Павлодар мен Қарағанды облыстары оқулықтың 93-96 пайызын жеткізіп алды. Астана мен Алматы қалаларындағы мектептердің көрсеткіші де алдыңғы қатарда. Республикалық маңызы бар екі қаланың дайындығы 98 пайыз.

Жұртты сергелдеңге түсірген оқу­лық мәселесін жоюға тырысқан минис­трлік тамыз айының алғашқы күнінен бастап «Мектеп оқулығы» акциясын өткізуге құлшына кірісті. 10 тамыз күні 1-сынып оқулықтары үлестіріле бастайды. Ал ары қарай 18 тамыздан бастап 11-сыныптарға беріледі. Өткен жылы мектептерді оқулықпен толық қамтамасыз етіп үлгермеген білім басқармалары жазасын алыпты. Егер мұндай жағдай биыл да қайталанатын болса, жазалау шаралары тағы да қолданылады. «Облыстың құжаттары толық келген жоқ. Оқулықпен толық қамтамасыз ету үшін Білім министрінің қолымен облыс әкімдеріне хат жолданған болатын. Сондықтан, білім бөлімдеріне сөгіс жарияланды. Ал биылғы жылға байланысты берген ақпаратының өзін қайта тексеріп шығуға тапсырма берілді. Демек жауапкершілік артады. Биыл 7-8-сыныптардан басқа барлық оқушылар мұқабасы жаңа, енді басып шығарылған кітаппен оқитын болады. Бұл оқулықтарды республикалық комиссия бекітіп те үлгерді», – дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева.

Былтырғы жылы министрлік маман­дары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана кітап тапшылығы орын алғандығын айтты. Тіпті, аталған облыстардың білім басқармалары жоғарыда аталғандай жазаға ілікті. Ал оқулыққа қол жеткізу үшін сарсаңға түсіп, сабыры таусылған астаналық, атыраулық, алматылық, қарағандылық ата-аналар отандық телеарналар арқылы мұңын шағуына не себеп? Оқулық тапшылығын көріп отырған бұдан өзге қалалар мен ауылдар да жеткілікті. Олардың мұңын тыңдайтын кім? Өңірлік білім басқармасы ма, әлде министрлік пе? Қазіргі сәтте Білім және ғылым министрлігі бұл мәселенің түйінін тарқатудың орнына, бар орашолақты жергілікті билікке ысырып қойып отыр. Әрине, жазаланушыны қай кезде де оңай табуға болады. Бірақ бұл оқулық тапшылығын жоюға көмектеспейді. Министрліктің «оқулықты дер уақы­тын­да жеткізбеген жергілікті билік жауап береді» деген жауабы оқулық мәселесін толық шешкен жоқ, әзірге.

Бүгінде мектеп оқулықтарын шығару үшін 2012 жылы қабылданған стандарттар қолданылады екен. 2015 жылы 4,5,6,11-сыныптарға арналған оқулықтар сатып алына бастайды. Сондай-ақ, сараптамадан өткізілетін 1,7,8-сынып оқулықтары келесі оқу жылынан бастап бағдарламаға енгізіледі. Сөйтіп, бір жыл ішінде оқулықтар мен оқу бағдарламалары теңестіріледі. Осының нәтижесінде бағдарламалар мен оқулықтар сәйкессіздігі жойылмақ. Қазір еліміздегі әр мектеп министрлік бекіткен бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Яғни, Қазақстандағы мектептердегі оқулықтар әр түрлі баспадан шығарылады. Мысалы, 1-4-сыныптың оқулықтары «Алматы кітап» баспасынан шықса, 5-8-сыныпты «Атамұра», 9,10,11-сынып оқулықтарын «Мектеп» баспасы басып шығарады.

1626 ауылда мектеп жоқ 

Бүгінгі таңда елімізде жалпы білім беретін 7 562 орта мектеп бар. Өткен оқу жылында осы мектептерде 2 миллион 685 мың 100 оқушы білім алды. Десек те, елімізде бүгінге дейін мектепке қолы жетпей жүрген ауылдар әлі де бар. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сенсек, қазір республика бойынша 1626 ауылда мектеп жоқ екен. Сондықтан, бұл елді мекендердегі мектеп жасына келген балалар алыстағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. «Бүгінде мектеп жоқ елді мекендерде мектеп жасындағы 30 мың бала тұрады. Олардың 24 мыңын автобуспен көрші ауылдардағы оқу орындарына тасып жүрміз. 3 мыңы интернаттарда тұрады. Қалғаны шалғайдағы мектептерге өз беттерімен жетеді немесе пәтер жалдап тұрады», – дейді Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім. Ал бұл мәселенің шешімін табу үшін Білім министрлігі әкімдіктердің көмегіне жүгініп отыр. Министрлік жергілікті шенеуніктерге балаларды мектепке та­сымалдайтын автобустардың санын көбейтіп, жол қауіпсіздігін кү­шейтуді тапсырды. Сондықтан, аудан­дардағы білім басқармалары жаңа оқу жылы басталғанша жүргізушілерді медициналық тексеруден, көліктерді техникалық тексеруден өткізіп бітуі тиіс. Алайда 30 шілде күні Ақтөбе қаласына іссапармен барған Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мектеппен толық қамтылмай отырған 30 мың оқушыны автобуспен тасымалдауда да қиындықтар бар екенін айтып қалды.

Вице-министрдің деректері бойын­ша, Жамбыл облысында бүгінде 400-ге жуық ауыл бар. Оның 35-інде әлі күнге дейін мектеп салынбаған. Мектебі жоқ елді мекендердегі мектеп жасын­дағы балалардың саны мыңнан асып жығылады. Кейбір ата-аналар бала­л­арын интернатқа орналастырса, қалған­дары балаларын отбасынан алшақ­татуға қарсы. Сол себепті, балаларын көрші елді мекендердегі мектептерге тасымалдауда. Көрші ауылдың мектептерінде оқитын балалар күн сайын 2-10 шақырымға дейін жол жүруі қажет. Ал Қарағанды облысында бәрі керісінше. Облыс аумағындағы ауылдық жерлерде мектептер жабылуда. Өйткені мектептерде бала саны жетіспейді. 2013 жылы жұмыс істеген 539 мектептің 2014-2015 оқу жылында 8-і жабылып қалған.

Қызылорда облысының әкімдігі өңірде биылғы оқу жылында 15 мектепті пайдалануға беру туралы жоспарын жариялады. Аталған мектептер Арал ауданының Тоқабай, Жаңақұрылыс, Жіңішкеқұм, Ақеспе ауылдарында, Қазалы ауданының Сарбұлақ және Аранды ауылдарында, Жалағаш кентінде, Ақай, Шаған, Шіркейлі, Бала би ауылдарында, сондай-ақ, екі білім ошағы Қызылорда қаласында ашылады. Биылғы оқу жылында пайдалануға берілетін 15 мектептің 9-ы апатты мектептердің орнына салынуда.

Ал Шымкентте қазір 22 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 7-еуі балабақша. Биылғы оқу жылында Шымкент қаласында 5 жаңа мектеп пен 7 балабақша пайдалануға берілсе, шаһардағы 6 мектеп пен 7 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары үшін республика бюджетінен 286 миллион теңге, ал облыстық қазынадан 1 миллиардтан астам қаражат бөлінген.

Еліміздің бас қаласы – Астанада 88 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 77-сі мемлекеттік болса, 11-і мемлекеттік емес білім беру мекемесі. Бүгінде қала мектептеріндегі орынның тапшылығы 1864-ті құрайды. Мектеп жасындағы балалар санының өсуіне байланысты 2015 жылы 10 700 орынға есептелген 9 мектеп салу көзделген. Қазіргі уақытта 6 білім беру мекемесінің құрылыс жұмыстары аяқталды.

Шығыс Қазақстан облысында да апаттық мектептен, үш ауысыммен оқыту мәселелері өз кезегімен шешімін тауып келеді. Биылғы оқу жылында 18 мектепті пайдалануға енгізу жоспарланып отыр. Оның 11-і апаттық жағдайда тұрған мектептердің орнын алмастырмақ. Облыс басшысы Даниал Ахметов: «Мен шағын комплектілі мектептерді жабуды құп көрмеймін. Себебі ол жерде де өмір бар. Бүгін мектеп жабылса, ертең ауыл құриды. Соны ойлау керек. Содан кейін Семейде «Жас ұлан» ер балалар арнайы мектеп лицейі, Шәкәрім гимназиялары бар. Барлық жағдай жасалған. Алайда ҰБТ бойынша балдары өте төмен. Жыл сайын қаржы бөлеміз, ал білім сапасы жақсармайды. Неге? Мысалы, қазақ тілін тереңдетіп оқытатын мектептер бар, ал олардың балалары қазақша дұрыс білмейді. Бұл мәселе ағылшын, неміс, француз тілдерін тереңдетіп оқытатын мектептерге де қатысты. Білім басқармасы жұмысын дұрыс атқарса, бұлай болмас еді», – деп әкім облыстық білім бөлімін жазғырып отыр.

Сондай-ақ, Қазақстанда мектеп салу үшін Ұлттық қордан да қаржы бөлінуде. 2015-2017 жылдар аралығында елімізде 73 мектеп салынбақ. Ол үшін Ұлттық қордан 60 миллиард теңге көлеміндегі қаржы бөлінеді. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, жалпы құны 61,9 миллиард теңге болатын 73 мектепті Ұлттық қордың есебінен салу жоспарланған. 2015 жылы 14,3 миллиард теңге, 2016 жылы 23,09 теңге, 2017 жылы 24,5 миллиард теңге жаңа мектептердің құрылысы үшін жұмсалады. Егер бұл жоспар өз деңгейінде жүзеге асырылса, еліміздегі 57 мектептегі үш ауысымдық тәртіп жойылып, апаттық жағдайдағы 16 білім орнының орнына жаңа мектептер салынар еді.

Жаңа стандарттың пайдасы қандай?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ат­ты Жолдауында білім беру маз­мұнын жаңартуды, білім берудің ұлт­тық моделін қалыптастыруды мін­деттеді. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы білім берудің басым бағыттарына ар­налған құжат әзірледі. Министрлік дайындаған құжат бойынша 2015 жылдан бастап бірінші сыныптардың оқу бағдарламасының мазмұны өзгертіледі деп жоспарланғанына да біраз болды. Жаңа стандарт бойынша бастауыш сыныптарға енгізілгелі отырған оқыту жүйесі Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүргізілуде. Қазақстандық мектептерге енгізілетін жаңа стандарт бойынша шетелдердің білім беру бағдарламалары сараланып, ұлттық білім беру моделіне лайықталды. Әуелде министрлік 2015 жылы 1-сыныпқа келген балалардың бастауыш білім берудің жаңа мемлекеттік стандарты бойынша оқитындығын айтқан. Сол жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі жалпы білім беретін мектептерде кезең-кезеңімен енгізіле бастайды да, 2027 жылға дейін екі мемлекеттік стандарт қатар жүргізіледі деген Білім және ғылым министрлігі өкілдері.

Алайда Білім және ғылым минис­трлігі бастауыш білім берудің жаңа стандартын жаңа оқу жылының бірінші күнінен енгізуге дайын болмай шықты. Бұл стандартты 2015 жылдың соңына дейін бекітуді жоспарлап отырғандығын айтты мамыр айындағы Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. «Жаңа мазмұнға кезең-кезеңмен көшу бойынша жүйелi жұмыс жүргiзiлiп жатыр. Бiлiм мазмұнын жаңарту Назарбаев зияткерлік мектептерi, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық бiлiм академиясы, жергiлiктi және шетелдiк сарапшылардың тәжiрибесi негiзiнде iске асырылуда. Бастауыш бiлiмнiң жалпы мемлекеттiк мiндеттi стандарты бекiтiлдi. 2015 жылдың соңына дейiн орта бiлiмнiң, яғни 5-11 сыныптардың мемлекеттiк стандартын бекiту жоспарланып отыр», – дедi Аслан Сәрiнжiпов. Орта білім беру мазмұнын өзгертуді бастаған министрлік 30 мектепке жаңа білім беру стандартын тәжірибе ретінде енгізуді көздеп отыр. Келесі жылдан бастап бұл жүйені барлық мектептерге енгізбек. Жалпы, Білім және ғылым министрлігі жаңалық ұсынып, оны сынақтан өткізуге құмар. Ал Бас ұстаздың кезекті жаңалығы қаншалықты ұтымды болары әзірге беймәлім. Бұл бағдарлама да жырға айналған 12 жылдық оқыту бағдарламасы секілді аяқсыз қалуы да әбден ықтимал.

Бастауыш сыныптарға білім берудің жаңа стандарттарын сынақтан өткізуге бел буған Аслан Сәрінжіпов мырза шілде айында су жаңа жүйенің тағы бір жаңалығымен бөлісті. Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап еліміздегі мектептерде 5 күндік оқыту стандарттары енгізілмек. «Оқушылардың оқу көлемінің тым артып кеткендігіне қатысты пікірге келетін болсақ, ауыртпалық өзгермейді. Оқу бағдарламасы одан әрі ауырламайды. Жаңа стандарт бойынша біз 5 күндік оқу жүйесін қарастырып отырмыз. Мектептердің басым бөлігінде 5 күндік оқу болады. Оқушылар тым көп және үш ауысымда оқытатын мектептерде 6 күндік оқыту әлі сақтала бермек. Бірақ олардың саны бірен-саран», – дейді еліміздің Бас ұстазы.

Мектеп формасы да мұңға айналды 

Жаңа оқу жылының қарсаңында кез келген ата-ананың баласын жетектеп жүріп, мектепке қажетті оқу құралдарын, мектеп формасын дайындай бастайды. Ал бұл үшін отбасылардың біршама шығынданатыны да жасырын емес. Бүгінгідей бағаның аспандап тұрған шағында сапалы әрі арзан дүние табу тіптен мүмкін емес. Оқу жылы жақындаған сәтте дүкендер мен базарлардағы мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтар бағасының қымбаттап кететіні тағы бар. Қазіргі бағамен бағамдасақ, мектеп формасының бағасы кем дегенде 10-15 мың теңге тұрады. Оған қосымша спорттық киімдер мен аяқ киім міндетті, ол үшін де кемінде 15 мың теңге қажет. Мектеп оқушыларының сөмкесі де аз ақша емес, ең төмені 3-4 мың теңгеден басталады. Ал оқу құралдарына кемінде 10 мыңның көлемінде қаржы жұмсалады. Сонда әрбір ата-ана бір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін сатып алатын оқулықтарды есептемегенде 50 мың теңге көлемінде қаражат жұмсайды. Ал бірнеше баласы мектепке баратын ата-аналар қайтпек? Оның үстіне биыл алған мектеп формасын келесі жылы қайта киюге де мүмкіндік бола бермейді. Өйткені кейбір мектептерде форманың үлгісі жыл сайын өзгеріп отырады. Сондықтан, көптеген ата-аналар еліміздегі мектеп формасының бір ізге түсірілгендігін қалайды.

Жалпы, бірыңғай мектеп формасын енгізу Білім және ғылым министрлігінің көптен бері ойға алып жүрген мәселесі. Министрлік бұл мәселеге қатысты білім беру туралы заң жобасына өзгерістер енгізіп, оны депутаттарға жолдаған болатын. Егер бұл өзгерістер халық қалаулыларының үдесінен шықса, 1-2 жыл ішінде қазақстандық мектептерде бірыңғай мектеп формасы енгізіледі. Қазір еліміздегі балалар киімі нарығында отандық тауардың үлесі 1 пайызға да жетпейді екен. Ал мектеп формасын тігу одан да аз. Басым бөлігі шетелден тасымалданатын мектеп формаларының құны да арзан емес. Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова: «Біздегі мектеп формасының басым бөлігі Түркия, Қытай мен Қырғызстаннан әкелінеді. Олар синтетикадан жасалған. Көбінің сертификаттары жоқ. Біз жыл сайын техникалық реттеу комитетінен осы мәселені бақылауды сұраймыз. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мұндай тексерістер жүргізілген жоқ. Сондықтан біз мектеп киімін тек отандық өндірушілердің тіккені дұрыс деп есептейміз», – дейді. Бұл туралы халық қалаулылары да өз ұсыныстарын білдірді. Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Сейітсұлтан Айымбетов оқушылардың мектеп киімімен отандық тігіншілер айналысса деген ұсынысын алға тартқан болатын. «Оқушылар мектеп маусымы басталған тұста жаппай Қытай, Түркия мен қырғызстандық тауарларды алып жатады. Алайда бұл киімдер аз ақша тұрмайды. Оның үстіне сырттан келген киімдердің қауіпсіздік сертификаты да жоқ. Ал ол киімдердің арасында бала денсаулығына қауіпті құрамында синтетика қосылған тауарлар да бар. Сондықтан біз өзіміздің отандық тауар өндірушілерді қолдауымыз керек», – деді Сейітсұлтан Айымбетов.

Бірыңғай мектеп формасын енгізу, отандық тігіншілердің бұл іске бел шешіп кірісуіне мүмкіндік беру мәселесінің күн тәртібінен орын алғанына да біраз уақыт. Ұзақ уақыттан бері талқыға түсіп келе жатқан бұл мәселенің нақты шешімі әзірге табылған жоқ. Бір белгілісі, биылғы оқу жылында мектептерде барлық оқушыларға ортақ бірыңғай киім үлгісі енгізілмейді. Әр мектеп өз киім үлгісін сақтап қалады.

P.S. Жаңа оқу жылының басталуы­на бір айдан да аз уақыт қалды. Демек, оқушылардың да, ұстаздардың да, ата-аналардың да тағы бір оқу жылына дайындығы басталды деген сөз. Білім және ғылым министрлігі 2015 жылы жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына аса үлкен өзгеріс енгізбеді. Десек те, жоғарыда министрлік ұсынып отырған біршама жаңалықтарды атап өттік. Ең басты жаңалық – оқулық тапшылығының орын алмайтындығы. Бірақ... Әзірге бұған да сенім аздау болып тұр.