РОТТЕРДАМДА «АСТАНА» АЛАҢЫ БАР

Нидерландыда «Президент Назарбаев» атты қызғалдақтың жаңа
түрі пайда болды. Елбасының осыдан он екі жыл бұрынғы, яғни 2002 жылғы аталмыш
елге  сапары жайлы жазылған жазбалардан
мынадай қызықты деректі кездестірдік. Әлемде «Қызғалдақты ел» саналатын
Нидерландының сол кездегі патшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ турасында: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны
Азиямен, ал Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы қатынастар
бiздiң елiмiзге қызғалдақты әкелдi. Қазақ жерінде жайқалып өсетiн бұл гүл
осылайша Нидерландыға жол тапты. Саудада ол ең өтiмдi өнiмге айналды. Қазiргi
кезде қызғалдақ гүлi нидерландықтарға барынша танылған экспорттық тауар ретiнде
бағаланады. Ол бiздiң ұлттық символымыз iспеттi» деген екен. Осылайша, араға он
екі жыл салып, бір кездегі қазақтың қызғалдағының нидерландық бүгінгі тұқымына
Елбасының аты берілді. Бұл қазақ үшін үлкен мәртебе! Елбасының аты қойылған
жаңа қызғалдақ екі елдің байырғы тарихи ынтымақтастығының жаңа үлгісі болып
табылады.

Нидерланды Корольдігінде
жаңа қызғалдақтың тұсауы кесілді. «Президент Назарбаев» қызғалдағы Нидерланды
төрінде  жайқалатын болады. Жалпы,
Голландия әлемде гүл экспорттайтын бірден-бір мемлекет. Ол ел гүл кәсібімен-ақ
жылына 500 млн. Доллардан артық пайда табатын көрінеді. Алғаш қызғалдақты
Голландияға жеткізген Австрияның Клюзиус атты ғалымы екен. Бұл 1570 жыл
болатын. Демек, голландиялық қызғалдақтардың бес ғасырлық тарихы бар. Ал су
жаңа «Президент Назарбаев» қызғалдағының авторы голланд гүл өсірушісі Жан Лайтхард мырза.

Голландия сапары аясында
айтпасқа болмайтын тағы бір елеулі оқиға, Мемлекет басшысының ресми сапары
кезінде Роттердамда Қазақ елі құрметіне орай, «Астана» атты жаңа алаңның
ашылуы.  Қазақ елінің астанасының атауымен
аталған алаң  Роттердамның көз
сүйсіндірер
Karentrecht  ауданында
орналасқан.

Елбасы ресми сапар аясында
жетекші  Нидерланд компанияларының
өнімдері қойылған көрмеге қатысты. Жиырмадан астам компания Қазақстанда жүзеге
асырылып жатқан немесе болашақта жүзеге асырылатын әлеуетті жобаларымен
таныстырды.
Сапар барысында екі ел басшылары ынтымақтастық көкжиегін
кеңейтетін шешімдер қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары
Нидерланды корольдігінің премьер-министрі Марк Рюттемен жүздесуден басталды. Жүздесу
барысында  халықаралық күн тәртібінің негізгі жайттары,
соның ішінде Украинадағы жағдай талқыланды. Ядролық қарусыздану және ядролық қауіпсіздік
мәселелері де сөз болды. Ресми сапар аясында Елбасы Нидерланды королі
Виллем-Александрмен кездесті. Онда екіжақты ынтымақтастықты, соның ішінде
мәдени-гуманитарлық өзара ықпалдастық аясын кеңейту мәселелері қозғалды.

Нидерландыда Елбасы «Қазақстанның Нидерландыдағы достары»
саяси клубында болды.  Саяси клубта Президент Голландия компанияларымен өзара
ықпалдастық саласын кеңейтуге мүдделі екенін айта келе: «Біз голландиялық
компанияларды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Еліміз мұнай-газ, түсті және
қара металлургия, химия саласында өңдеуші кәсіпорындарды дамытуға мүдделі. Біз
мұндай өндіріс үшін жеңілдіктер ұсынамыз және тиісті инфрақұрылым
қалыптастырамыз. Ақпарат және ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа да
мүдделіміз», – деді.

Сондай-ақ, голландықтар почта маркасына да Назарбаевтың
бейнесін салып қарсы алды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button