«Түркістан» – ТҮРКСОЙ-дың жүлдегері

«Түркістан» – ТҮРКСОЙ-дың жүлдегері

«Түркістан» – ТҮРКСОЙ-дың жүлдегері
ашық дереккөзі

Анадолы жерінде Түркия
Журналистер қоғамы және Ескішахар 2013 Түркі әлемі мәдениет астанасы агенттігінің ұйытқы болуымен тілшілердің форумы өтті. Журналистер
форумына 31 елден 370 журналист қатысты. Форумның алғашқы күні ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырған «2014 Түркі әлемі Мәдениет
астанасы Қазан» көрмесі ашылды. Фотосурет көрмесінде Халықаралық түркі мәдениет
ұйымының Қазан қаласының сұлулықтарын паш ететін туындылары орын алды.

Ескішаһардағы Анадолы
университетінде түркі журналистерін марапаттау рәсімі өтті. Түркі әлемінің мәдени астанасы саналған Ескішаһар өз
лауазымын Қазан қаласына табыстады. Салтанатты жабылу рәсімінде ТҮРКСОЙ ұйымы
түркі мәдениеті мен рухани құндылықтарын насихаттаған баспасөз өкілдерін
марапаттады.

Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов баспасөз жүлделерін
тағайындауда түркі әлемінің ортақ мұрасы Оғыз Қағаннан негіз алғанын, аталған сыйлықтың түркі әлеміне шын мәнісінде тер төгетін
әріптестерге бұйыратынын айтты. Жиын
барысында ТҮРКСОЙ бас хатшысы түркі әлемін таныстыруға ат салысқан баспасөз өкілдеріне
өз алғысын  білдірді. Биылғы жылдың үздіктері қатарында Қазақстан мемлекеттік журналистер
одағы мүшесі, тәуелсіз журналист Наталья Задерецкая, Қазақстан «Пен» клубы
төрағасы Бигелді Габдуллин мен халықаралық
«Түркістан» газетінің бас редакторы
Шәмшиддин Паттеев те бар.

«Бұл түбі бір түркінің бірлігін нығайтуға қосқан үлесіміз
және ТҮРКСОЙ тарапынан ұсынылған бүгінгі сыйлық газетіміздің талай жылғы
еңбегінің жемісі деп ойлаймын. КСРО құрамында болған орталықазиялық
мемлекеттердің көпшілігі ақпаратты Ресейдегі бұқаралық ақпарат құралдарынан
алады. Меніңше, түркі елдеріне ортақ ақпарат көздері болуы тиіс. Түркітілдес
елдердің ішінде ең дамығаны Түркия болғандықтан, түркиялық  БАҚ-ты барынша кең ауқымда пайдаланып, түркі
мемлекеттерінің бір-біріне жақындасуына септігін тигізуге жұмылдыру қажет.
Өкінішке қарай, ТҮРКСОЙ ұйымы тек мәдени мәселелермен ғана шектеледі. Ал
түркіге ортақ ақпараттық кеңістікте маман дайындауда кейде саяси тұрғыда
ынтымақтастықтың артқанын дәлелдейді. Болашақта түркі мемлекеттерінің
бір-біріне жақындасуына, журналист мамандарды дайындау сапасын арттыруға,
түркітілдес елдердің дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді
«Түркістан» газетінің Бас редакторы Шәмшиддин Паттеев.

Жиырма жылдық тарихы бар ТҮРКСОЙ түркі елдерінен келген
жиырма журналисті мерейтой құрметіне орай марапаттады. Жиырма журналистің
қатарына еніп отырған «Түркістан» газетінің де ақпарат кеңістігінде желкенін
кергеніне биыл тура – 20 жыл. 

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен түйдей құрдас халықаралық газеттің
марапаты барша қазақ басылымдарына жасалған құрмет деп білеміз.

Сонымен бірге, Ескішахарда Қазақстанның Түркиядағы елшісі
Жансейіт Түймебаев наурыз мерекесіне орай киіз үй тігіп, арнайы дастархан
жасады. Елшілік ұйымдастырған наурыз дастарханында жүлде алған журналистер наурыз көжеден дәм татты. 

Гүлзина БЕКТАС