«Араб көктемі» синдромы қайталана ма?

«Араб көктемі» синдромы қайталана ма?

«Араб көктемі» синдромы қайталана ма?
ашық дереккөзі

 Осыдан үш жыл бұрын ғаламдық саясатта қолданысқа енген «араб көктемі» термині әлі өзектілігін жоғалтпай тұр. 14-жылдың көктемі Мысыр елі үшін тағы да мазасыздау басталды. Елді әлеуметтік тұрғыдан тұралататын, ұлттың ұнжырғасын түсіретін ретсіз, мәнсіз, нәтижесіз төңкерістерден қажыған халық бей-берекет саясаттан әбден түңілген. Бүгінгі Каирдің саяси сипаты осындай.
Шындығында, Египеттегі, Украиндағы көтерілістер мен төңкерістердің мемлекетті ірілетіп, ұлтты өсірудің орнына, тайқы маңдайға таяқ болып тиіп жатқаны ендігі жасырып-жабатын жайт емес. Демократия үшін ұрандатқандар ұтылып, Ұлт мүддесін ұмытқандар оңбай сүрінді. Аристотельдің өзі демократиядан кемшілік көргені бекер емес қой, дегенмен де демократиялық құндылықтар мен бостандық ұғымдарының көсеуі ұзындардың қолындағы оңтайлы құралға айналғаны қашан. Әлдінің әлсізді демократия атынан тұқыртып, айласы асқанның адам құқығын желеу етіп, өз мүддесін жүзеге асыруы бүгінгі саясатта үйреншікті жағдайға айнала бастады.
Freedom House ұйымы биылғы жыл­ғы баяндамасында ғаламды шар­пыған демократиялық рег­ресс туралы мәлімдеме жасады. Сарапшылардың айтуынша, демо­кратиялық регресс қазіргі таң­да әлемнің 40 пайызын қамтуы мүм­кін. Басқаша айтқанда, демократия­ны қолжаулық қылғандар оның құн­дылықтарын жоққа шығарып жа­тыр.
Үш жылдан бері төңкерістер мен жарылыстардан мезі болған Каир халқының бейғам да бейсаяси көрінетіні содан шығар. Үкімет ауысып жатыр, ымырасыз топ­тар астыртын күресіп жатыр, ал жергілікті халықтың уайымы күн­кө­рістің қамы ғана.
Жалпы, бүгінгі мысырлықтар көнбістікке бой алдырған сияқты. Каир көшелеріндегі бей-берекет, ешбір ережесіз қозғалыс – бүгінгі ел билігінің осалдығы мен мемле­кет­тегі ыдыраңқы көңіл-күйден хабар­ беретіндей. Өз өмірі мен әрекетіне өзі ғана жауапты болып үйреніп қалған жергілікті таксистер қым-қуыт, қарбалас қозғалыстың ішін­де тосыннан жол тауып, лыпып, зулап жүре беруге бейіл. Әлбетте, ешкім ешқандай ережені мойындамайтын көшелерде көлік қақтығысы да, адам шығыны да болып тұрады. Бірақ мұндайда кінәліні анықтап, жазаға тартып, жұртты тәртіпке шақыруға билік жағы селқос. Сондықтан да шәлкес жүрістен жеңіл-желпі соққы алған көлік иелері әдетте бір-біріне алая қарап, бір-екі сөз айтып жүре береді…
Мұнда өмірдің қайшылығы ай­қы­нырақ сезіледі. Адам атаулы тіршілік ие­сінің еш қадірі жоқ екенін де, Құдай бер­ген өмірдің ешбір қазынамен теңел­мейтін ғажайып сыр екенін де Каирде тереңірек ұғасыз. Қоқыс тасып күн көрген, көр қазуды баласына мұрагерлікке өткізген, ежелгі қорымдарды паналаған отбасыларды көрген жан, сөзсіз, өз тағдырына шүкіршілік етеді.
Отыз жыл Мүбарактың қарауында бол­ған жұрт саяси биліктің өз бетінше бөлек, тосын әрі түсініксіз тіршілік ететініне еті үйренген. Мүбаракты тақ­тан тайдырған көтерілісшілер «Нан, бос­тандық, әлеуметтік әділдік!» деп ұран­датқан.
Одан соң елді бір жыл басқарған Мурси өзіне дейін сірескен сеңді еріте алмады. Алысқа ұзамай-ақ Мүбарак құрған тұзаққа түсті. Мурсидің ел экономикасын дағдарыстан шығарып, халық тұрмысын жақсартуға әрекет ете алмауы Мүбаракқа адал астыртын топтың ұдайы тосқауыл болуында деседі. Ақыры «айран ішкен» де, «шелек жалаған» да тұтылды.
Шындығында, жергілікті халық­тың көнбіс мінезі оның тағдыр-талайы­нан алған сабағы. Тарихына көз жүгірткенде, Мысырды жайламаған басқыншы жұрт қалмаған сияқты. Бұл елді Ислам туын көтерген арабтар да, жауынгер мәмлүктер де, Осман түріктері де, француздар да, ағыл­шын­дар да жаулап алған.
Соғыс пен қырғыннан көз ашпаған ха­лықты ұдайы әскери тұлғалар билеп кел­ген. Білектің күшін мойындаған халықтың тағдырында әскерилердің ықпал күші қашан да ерен еді.
Өткен ғасырдың 50-жылдардан­ бе­рі елдің саяси билігі әскери күштердің ық­палында.
Қаланың көрнекті жерінде, тарихи ке­шеннің ішінде орналасқан Ұлттық әскери мұражайды осы жерден көрдік. Мысырды билеген қолбасшылар мен­ мемлекеттік қайраткерлердің ескерт­кіш­тері, кейінгі президенттердің суреттері, бағзы заманғы қару-жарақ пен қазіргі оқ-дәрілер – мемлекеттің тарихын үнсіз баяндап тұр. Елдің кешегісін қару-жарақтың жетілуімен өлшеген жұрттың Әскерге деген көзқарасы қандай екенін бажайлай беріңіз.
Әскерге деген құрмет мемлекеттік сая­саттың нысанасы екені осы тарихи жерде анық байқалды. Мұражайдың алдында, оған барар жолда, бірнеше тұста кішкене сәбиді көтеріп, оған елжірей қараған солдаттың суреті ілінген. Сурет астындағы жазудың мағынасы: «Халық пен әскер бірге». Яғни, сәби – халық болғанда, оның қорғанышы да, панасы да, әкесі де – Әскер.
Мысыр әскерилері басқа са­ла­ның қызметкерлеріне қарағанда жалақыны әлдеқайда көп алады. Кей деректерге қарағанда, айырма он еседей. Сондықтан да әскери қызметке сұранатындар да көп, елде әскерилердің саны да көп.
Бір жағынан, Мысырды ХХІ ғасырда да әскери тұлға басқаруы тиіс деген пікір жиі айтылады. 81 миллиондай халқы бар мемлекет қарауындағы жұртты толық қамтамасыз етуге, өркениет жетістіктерін жеткізуге қауқарсыздық танытып отыр. Халқының 40 пайызы кедейшілікте өмір сүретін, жалпы тұрғындардың 20 пайызы ресми түрде сауатсыз саналатын елді темірдей тәртіппен ғана ұстап тұруға болатындай. Қазір Каирдегі әр ауданда әскери база орналасқан, әрбір стратегиялық нысанның жанында БТР-лар, қару асынған солдаттар тұр.
Алдағы бір-екі айда болатын сайлауда додаға түсетін бас үміткер қазіргі қорғаныс министрі, генерал Әс-Сиси делінеді. Қазір сайлау­алды науқаны ресми түрде бас­талмаса да, Каир көшелерінің көрнекі жерлерінде генералдың үлкен плакаттағы суреттері ілініп, «Сиси – менің президентім!» атты парақшалар таратылып жатыр.
Бірақ Сисидің жолына кесе-көлденең тұратын елеулі күш бар. Ол – Мысырдың ислам мемлекеті болуын көксейтін топтар. Жергілікті азаматтардың айтуынша, Ислам әлемінің беделді оқу орны, мыңжылдық тарихы бар Әл-Азхар университетінің оқытушылық құрамы мен студенттері Сисидің ел басшысы сайлануына үзілді-кесілді қарсы. Білім ордасындағы беделді тұлғалардың сеніміне ие бола алмаған, саналы жастардың үмітін үкілей алмаған Сисидің билік тізгініне ие болуы, егер тізгінді алған жағдайда, оған ие болуы екіталай сияқты.
Айтпақшы, Сисидің саяси бет-бейнесі бұлдыр екені де түрлі күдік-күмәннің тууына себеп. Оның кезінде Ұлыбританияда, АҚШ-та біліктілігін арттырғаны оны «батысшыл» деген қауесет тудырды.
Египет ендігіде әскерилер мен дін иелерінің ішкі-сыртқы жағдайда, астыртын да жария күресінің куәсі болады. Екі жақты да сырттан кеу-кеулеп, қолтықтан су бүркіп тұрған күштер бар. Алауыздықты арттыруды көздейтін алпауыттардың алаңы – елдің тыныштығы, мемлекеттің келешегі еместігі әмбеге аян. Черчилль айтпақшы, мұнда «әр мемлекеттің өзіне тән мәңгілік мүддесі ғана бар».
Наурыздың басынан бері әскерлерге белгісіз біреулер әлденеше рет шабуыл жасады. Жақында болған бір жарылыс­та алты солдат қаза болды. Ал қолындағы билікті пайдаланып, әскерилер «Мұсылман бауырларды» жыл басында террористік ұйым деп таныған болатын. Осы аптаның басында «Мұсылман бауырларға» мүше болған деген айыппен 529 адам сот шешімімен өлім жазасына кесілді.
Үш-төрт күннен бері мұсыл­ман топтар көшеге шығып, нара­зылық білдіруде. Сот шешіміне нара­зы­лар­дың ішінде әйелдердің саны басым. Шешім жүзеге асатындай болса, Каирді қайтадан көтеріліс лаңы жай­лауы мүмкін.

Суреттерді түсірген автор

Гүлбиғаш ОМАР