«Түркістан» кемесі теңізге түсірілді

«Түркістан» кемесі теңізге түсірілді

«Түркістан» кемесі  теңізге түсірілді
ашық дереккөзі

 Таяуда «Түркістан» жүк тасығыш кемесі Ақтау портынан алғашқы сапарға аттанды. Каспий теңізінің келесі жағалауын бетке алған «Түркістанға» экспорттық астық тиеліп, «теміржол – теңіз» тізбегін тұйықтады. Қазақстан теңіз державасына айналуы үшін құрлықтық жүк тасымалдайтын кемелердің санын әлі де арттыра түскені жөн.  
 «Түркістан» және «Бекет ата» жүк тасығыш кемелерінің әрқайсысы 5 мың тонналық астықты экспортқа шығарады. Ауыр және көлемді жүкті тасымалдауға арналған кемелер Азия елдерінен теміржол арқылы тасымалданған тауарды жеткізеді. «Бұл – еліміздің өміріндегі өте маңызды оқиға. Алғаш рет темір жол, автомобиль жолдары арқылы Батыс Қытайды Қазақстан арқылы Каспий теңізімен Еуропаға жалғайтын мемлекетке айналып отырмыз. Сондықтан да құрғақ жүк тасымалдау мәселесі біз үшін маңызды болатын. Қазір біз суға қазақстандық кемелерді түсірдік», – деп атап өткен еді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Түркістанның» 10 адамнан тұратын экипажын капитан  Дмитрий Нестратов басқарады. Ал кемелердің атауын Президент 2013  жылы желтоқсанда өткен телекөпірде белгілеген болатын. «Ат қою – оңай шаруа емес, ол өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені кез келген істің болашағы – оның  басталуына тікелей байланысты. Қазір ат қойғалы жатқан отандық өнімдер – еліміздің болашағы үшін қызмет етеді. Сондықтан, қарсы болмасаңыздар, кемелердің біріне қасиетті орын, киелі мекен «Түркістан», екіншісіне «Бекет Ата» деп ат қойсақ», – деді президент Астанада өткен Индустриаландыру картасының инвестициялық жобаларын таныстыруға арналған жалпыұлттық телекөпір барысында.
Құрлықтық жүк тасымалдайтын кемелерді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «KTZ Express» 2013 жылы желтоқсанда алған болатын. «KTZ Express» еліміздің темір жол, әуе жолы, теңіз жолы кәсіпорындарының арасында мультимодальдық операторлық қызмет атқарады. Құрғақ жүктер, оның ішінде, астық өнімдері, ағаш, металл бұйымдары, металл қалдықтары, ірі және ауыр жүктер Ақтаудың теңіз портына теміржол арқылы жеткізіледі. Транзитті жүктер негізінен Қара теңіз порттарынан Әзірбайжан мен Иранға, ішінара Украинадан Әзірбайжанға болат құбырлар, Иранға металдар, Түркиядан Бакуге Астрахань арқылы құрал-жабдықтар тасымалданады.
2014 жылғы қаңтардың 10-ында «Бекет ата» мен «Түркістан» ҚР Халықаралық регистріне №1 және №2 кемелері болып тіркеліп, бортында Қазақстанның туы көтерілді. Бұл кемелер Ақтау порты арқылы 2014 жылға жоспарланған 300 мың тонна жүктің 15 пайызын жүзеге асырады. Ол «Қазақстандық жүк – қазақстандық порт – қазақстандық флот» тәртібімен жүргізіледі.
 Мемлекет басшысының айтуынша, Ақтау теңіз портында жаңа құрғақ жүк компаниясын ашу – еліміз үшін өте маңызды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы құрған теңіз флоты 2020 жылға дейін 20 кемемен толықтырылады. Бүгінде елімізде ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жағалау күзеті өңірлік басқармасының жеке құрамына еліміздің 1500 шақырымдық теңіз шекарасын, 2007 шақырымдық жағалау шебін күзету тапсырылған.  Еліміздің теңіз державасына айналу мүддесі алға қойылғаны белгілі. 2005 жылдан бері шағын флоттың саны 70 пайызға артып, 28,5 мың бірлікті құрап отыр. Ал теңіз флоты кемелерінің саны 2,7 пайызға артып, 298-ге жеткен. Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, бүгінде 298 теңіз, 819 өзен және 28 583 шағын кемелер бар. Ресей үкіметі бірнеше жыл бұрын Каспий арқылы паромдық қатынасты пайдаланып Ресей көлік торабы мен Орталық Азия елдерін байланыстыратын және Каспий теңізі мен Қара теңізді Волга-Дон каналы арқылы байланыстырып, Астрахань портын дамыту жолымен  еуроазиялық көлік жүйесі байланыстарын жасау бағытын жоспарлаған еді. Тіпті тараптардың кездесуі барысында картаны да сызып көрсеткен болатын. Алайда бұл жоба тұншыққан күйінде ұмытылып қала берді. Негізі Батыс Қазақстанның экспорттық және транзиттік потенциалы жоғары. Қазіргі кезде Ақтау порты арқылы Қытайдан Кавказ елдеріне, Парсы шығанағы елдерінен Орталық Азия елдеріне, Ресейден Иранға,  Орталық Азиядан Ресейге, әрі қарай Солтүстік Еуропаға бағытталған белгілі бір көлемдегі жүк тасымалдары жүзеге асырылады. 

P.S. Газетіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Каспий теңізіне «Түркістан» кемесінің зәкір тастағанына біз де қуандық. Ұжымымызға үлкен сый болды. Теңіз көкжиегіне жол тартқан жаңа кеменің сапары үнемі оң болып, туған жердің жағалауына әрқашан  аман-есен оралуына тілеулеспіз. 

Ақниет ОСПАНБАЙ