Тәуелсіздік саяси саудаға салынбайды

Тәуелсіздік саяси саудаға салынбайды

Тәуелсіздік саяси саудаға салынбайды
ашық дереккөзі

Наурыздың 25-інде Нидерландының  астанасы Гаагада Ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші Саммит болып өтті. Бұған шамамен елу елден делегация келді. Осы Саммитке арнайы шақырылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазір әлемді толғандырып тұрған біршама мәселелерді күн тәртібіне қоя білді және әлем лидерлерімен кездесу өткізді. 

                                            УКРАИНА ЗАҢДЫ ПРЕЗИДЕНТІН САЙЛАУЫ ТИІС

Мәселен, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Амано, Америка Құрама Штаттарының президенті Барак Обама, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон, Франция президенті Франсуа Олланд, Қытай президенті Си Цзиньпин, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Пәкістанның премьер-министрі Наваз Шариппен кездесті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – әлемді толғантып отырған Украина мен Ресей қарым-қатынасы, Қырым мәселесі және әлемнің қарусыздануы. Осы жиында Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік БАҚ пен отандық саясаттанушылар Қырым жағдайына орай, Қазақстанның солтүстік бес облысына қатысты өрбіте бастаған әңгімелердің барлығын жоққа шығарды десе де болғандай. Біріншіден, ол Украинадағы сая­си тұрақсыздыққа байланысты өз ойын ірікпей айтты. «Соңғы жылдары Украинаның саяси билігі саяси ұстанымын жиі өзгертті – біресе Еуропамен қарым-қатынасын жақсартпаққа ұмтылды, біресе Ресеймен, біресе ТМД қауымдастығында қалуды көздесе, біресе бас тартты. Халық пен мемлекет екі бөлікке бөлінді. Бүгінгі міндет – құқықтық алаңға қайта оралу, яғни заңды сайлау өткізу. Заңды президент пен Парламентті және заңды үкіметті сайлап алған жөн. Бұдан кейін бейбіт келіссөздер жүргізіп, қалыптасқан жағдайдан бірге шыға білу керек», – деді ол Гаагада өткізген брифингте. Назарбаевтың мәлімдеуінше, Кеңестік билік заманында Украинаның экономикасы Ресейден кейін екінші орынға табан тіреген: «Республика өте зор мүмкіндікке ие еді», – деді ол. Сондай-ақ, Назарбаев Украинаның әлі күнге дейін Ресеймен арадағы мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесін аяқтамағандығын атап өтті. Оның ойынша, бұл мемлекеттер арасындағы сына екендігі айқын. Қазақстан бұл ретте Ресеймен де, Қытаймен де шекараларын айқындап, делимитация жасап қойғандығын ескертті. Яғни қазақ даласына ешкім жөн-жосықсыз көз аларта алмайды.
Қазақстан Президенті Украина мәселесінің бейбіт жолмен реттелуін қалайтындығын айтқан еді. Дегенмен, Қырым жағдайында Ресейдің Украинадағы ұлттық азшылдықтардың құқығын қорғау әрекеті мен жеке қауіпсіздік мүдделерін қорғау проблемаларына түсіністікпен қарайтындығын жеткізген болатын. Ал Қазақстан СІМ Астананың Қырымдағы референдумның ондағы тұрғын­дардың еркін таңдауын жасады деп қабылдағандығын мәлімдеген. Бұны Украина билігі «достық көңіл күй емес» деп бағалады.
Барак Обамамен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Батыс пен АҚШ-тың Ресейге жауығуын да сынап өтті. Батыс елдері мен Ресей арасындағы Қырым айналасындағы жағдайға байланыс­ты текетірестің соңы жақсылыққа апармайды. «Соңғы кездері барлығы халықаралық құқық жайында ой қозғауда, біз де оның бұзылуына орай, қауіпті прецеденттерді байқап отырмыз. Бұл шаралардың барлығы шиеленіске араласқан елдердің экономикасын 10 жылға кейін шегермек», – деді ол.
Сондай-ақ, ол әлемдік держава лидерін Ресейге қарсы экономи­калық санкциялар қолданбауға шақыра отырып, Ресей мен оның саясатына наразы Батысты татуластыру үшін арағайын болуға дайын екендігін танытты.

                                    ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫНЫҢ ПҰШПАҒЫН ДА БЕРМЕЙДІ

Қазақстан Еуразиялық одақ құруға қатысты ойларын да ортаға салды. «Интеграция кедендік кедергілерді жойып, бәсекелестікке қабілеттілікті арттырады. Сондықтан бұл арада біздің көздегеніміз – елді дамыту, экономиканы көтеру, ІЖӨ-ні (ішкі жалпы өнім) арттыру. Ал біздің саяси тәуелсіздігімізге келетін болсақ, бұл – өзгермейді, тұрақты. Қазақстан ешкімге өз егемендігін бермек емес. Бірақ, белгілі бір экономикалық өкілеттілігімізді өз еркімізбен ұлтүсті органға беретін боламыз. Бұндай тәжірибе Еуропа одағында да бар. Онда Еурокомиссия кедендік мәселелерді шешеді, сауда саласындағы процестерді реттейді, тарифтермен, мұнай мен газды тасымалдауды, электро­энергия мен темір және автожолдарды реттейді. Біздің болашақ одағымызда барлық мәселелер консенсус негізінде шешілетін болады», – деді ол.

                                                   БҰНЫ НАЗАРБАЕВ АЙТТЫ МА?

Қазақстандық ҚазТАГ агенттігі мен ресейлік Regnum ақпараттық агенттігі Назарбаевтың халықаралық қауымдастықты кінәлағаны жайында жазады.
«Барлығы халықаралық құқықтың бұзылғандығы жайында айтуда. Халықаралық құқық соңғы жылдары жүйелі түрде бұзылып келеді. Кезінде Югославияны бомбалағанда, халықаралық құқық сақталды ма? Бүгінгідей Қырымды бөліп алғанындай, Косовоны бөліп алды. Ливияға баса-көктеп кіргенде халықаралық құқық сақталды ма? Халықаралық құқық Иракта да бұзылды», – деп мәлімдеді делінеді аталған ақпарат құралдарында. Алайда дәл осы ақпарат «Ақорда» баспасөз-парағынан түсіп қалған.
Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінде болды ма, жоқ па, оны «Ақорда» әзірге растаған жоқ. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа елдері мен АҚШ-тың Ресейге қарсы қолданар экономикалық санкциясының Қазақстанға тікелей әсері болмайтындығын және одан біздің елдің экономикасы зардап шекпейтіндігін айтты. Алайда, Ресей экономикасы құлдыраса, бұл біз үшін де кері ықпал ететіндігін мойындады.