Қырғызстан: Жаңа үкімет жасақталуда

Қырғызстан: Жаңа үкімет жасақталуда

Қырғызстан: Жаңа үкімет жасақталуда
ашық дереккөзі

 Биылғы жылқы жылының Наурыз мерекесі қырғыз атқамінерлерінің берекесін кетірді. 19 наурызда Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың жарлығымен Қырғыз Үкіметі отставкаға кетті. Бүгінгі күнде үкімет мүшелері қызметтерін уақытша атқаруда. Президенттің үкіметті таратуына республика парламентіндегі көпшілік коалицияның ыдырауы себеп болды. Мемлекет басшысы өлке Конституциясының талабына сәйкес шешім жасады.
Қырғыз Үкіметін Парламент жасақтайды. Қазіргі парламент 5 фракцияны құраған 5 партиядан тұрады. 2012 жылдың 3 қыркүйегінде «Ар-Намыс», «Ата Мекен» және ҚСДП (Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы) фракциялары «Ырыс алды – ынтымақ» деп аталған көпшіліктің коалициясын құрып, парламенттің негізгі діңгегіне айналған. Сол кезде премьер-министрлікке Ж.Сатыбалдиевті тағайындау туралы ҚСДП фракциясының ұсынысын коалиция қолдап, президент А. Атамбаев оны бекіткен еді.
Енді міне, 18 наурызда «Ата Мекен» фракциясы коалициядан шыққаны жөнінде мәлімдеме жасап, коалиция ыдырады, президент ертеңіне үкіметті отставкаға кетірді.
20 наурызда мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев парламент (Жоғарғы Кеңеш) фракцияларының лидерлерімен кездесті. Президент үкіметті жасақтау үшін көпшілік коалициясын құру мандатын өзі негізін қалап, президенттік қызметіне дейін басқарып келген ҚСДП партиясының (фракциясының) қазіргі лидері Шыныбай Тұрсынбековке тапсырды. Фракция парламенттік көпшіліктің коалициясын құрып, 11 сәуірге дейін жаңа премьер-министрдің талапкерлігін Президенттің қарауына беруге тиіс, сондай-ақ үкіметтің құрамын анықтап, оның іс бағдарламасын бекітуге әзірлеуі керек. Егер бұл фракция аталған мерзімде жүктелген міндетті орындай алмаса, президент үкіметті жасақтау құқығын басқа фракцияға беруге мәжбүр болады. Қырғыздың кейінгі жылдардағы парламенттік басқару жүйесінде мұндай жағдай да орын алған болатын.
Қырғыз парламентінің фракция­лары билікке ұмтылып, үкіметтік басқару салаларында көбірек орынды иелену үшін әртүрлі ойындарды жүргізіп келе жатыр. Мысалы, 2010 жылдың 15 желтоқсанында құрылған бірінші коалицияны «Республика» фракциясы жасақтап, оған «Республика», «Ата Жұрт» және ҚСДП кірген. Коалицияның шешімімен ҚСДП-ның лидері Алмазбек Атамбаев үкіметті басқарған. Өткен аптада ыдырап кеткен коалицияда сол «Ата Жұрт» пен «Республика» жоқ. Олар бүгінгі таңда оппозиция санатында азшылықта.
2011 жылғы президенттік сайлауда Алмазбек Атамбаев жеңіп шығып, басшысыз қалған үкімет отставкаға кеткен. Сол жолы ҚСДП көпшілік коалицияны құра алмай, үш айда ҚСДП, «Ар-Намыс», «Республика» және «Ата Мекен» фракцияларынан тұратын екінші коалиция үкімет басына республикашыл Өмірбек Бабановты алып келген болатын. Бабанов саяси шиеленістердің «құрбаны» болған еді. Енді оған үкімет басына келуге тағы да жол ашылды. Бұл туралы оның партияластары да айта бастады.
Үшінші коалиция сайлаған Жантөре Сатыбалдиев және ол басқарған үкімет бірқатар маңызды істерді атқарғанын атай кеткен жөн. Қырғыз экономикасы тұрақты деңгейін сақтап тұрды. Өлкенің жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі едәуір артып, былтыр бұл бойынша Қырғызстан ТМД-да бірінші орынға көтерілді. Ең бас­тысы, премьер-министр Жантөре Сатыбалдиев «Құмтөр» алтын кен өндірісінің тоқтап қалмауын қамтамасыз ете алды, «Құмтөрдің» канадалық қожайындарымен бітім жасап, рес­публика кеннің 50 пайызына иелік ететін болды. Өлкенің саяси-әлеуметтік, экономикалық мәселелерінде әрқашанда негізгі шешімді шығаратын Жоғарғы Кеңештің депутаттарын бұл бітімге көндіру премьерге оңайға түскен жоқ. Дегенмен, Жантөре Сатыбалдиевтің бұрынғы істеген қызметтерінде жіберген кемшіліктері ақыры алдынан шығып, табанына шөңге болып қадалды.
«Ата Мекен» парламенттік фракция­сының коалициядан шығу туралы шешімінде бұл ашық айтылған.
«Парламенттік фракция Жантөре Сатыбалдиев басқарған үкіметтің белгілі бір оң көрсеткіштеріне қарамастан, ол Жоғарғы Кеңеш депутаттарының және халықтың сенімін ақтай алмағандығын, бұл әсіресе Ош және Жалалабад қалаларын қалыпқа келтіру және дамыту бойынша мемлекеттік дирекцияның ісін тексеру бойынша Жоғарғы Кеңештің комиссиясының қорытындыларын талқылау кезінде әшкере болғандығын, оның премьер-министр қызметін иеленуі үшін моральдық-саяси ресурсының жоғалғанын белгілейді», – делінген шешімде. 2010 жылдың сәуір революциясынан кейін Жантөре Сатыбалдиев аталған дирекцияның жетекшісі болған еді.
Көпшіліктің коалициясы үш не төрт фракциядан тұратын болады. Өкінішке қарай, «бес қошқардың басы» бір қазанға сыймай келеді. Оппозициялық азшылықтағы бабановтық «Респуб­лика» фракциясының мүшелері коалицияға қосылуға әлден-ақ дайын екендігін мәлімдеп жатса, парламенттік оппози­циядағы «Ата Жұрт» фракциясының депутаты Құрманбек Османов «Ата Жұрттың» парламенттік көпшілік коалициясына кіруі «біз қойған шарттарға басқалардың келісуіне байланысты шешіледі», –деп отыр. Бірақ, депутат шарттарды жария етпеді. «Ата Жұрт» партиясының бұрынғы лидері, Жоғарғы Кеңештің экс-спикерлерінің бірі Ақматбек Келдібеков сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыппен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің дербес тергеу мекемесіне қамалып, бірнеше айдан бері сұраққа алынуда. «Ата Жұрттың» шарттарында Ақматбек Келдібековке тиесілі мәселелер бар болса керек.
Айта кетсек, Қырғыз парламентінде бес партиядан – ҚСДП-дан 26, «Ар-Намыстан» 25, «Ата Мекеннен» 18, «Ата Жұрттан» 28 және «Республикадан» 23, барлығы 120 депутат бар. Көпшілік коалицияда 61-ден кем емес депутат болуы керек. Депутат өз партиясының мүшесі бола отырып фракцияға да, осылайша коалицияға да кірмеуге құқығы бар.
Коалиция құруға мемлекет басшысынан мандат алған ҚСДП фракциясының жетекшісі Шыныбай Тұрсынбеков фракциялар арасында ортасында келіссөздердің жүріп жатқанын, коалиция осы аптаның аяғына дейін құрылуы мүмкін екенін, барлық фракцияларға көпшілік коалициясына кіруге ұсыныс жасалғанын, көзқарастары жақынырақ фракциялар коалицияға алынатынын білдірді.
Саясатқа әбден бой ұрып алған қырғызстандықтарға саяси лидерлердің мән-жайы әбден белгілі. Жұрт дұрысырақ, іс білетін, таза үкімет келсе, ол мемлекет басшысы – президентке сүйеу болып, өлкенің жағдайын түзеуге жәрдемдессе екен дейді. Ақырғы байлам Жоғарғы Кеңештің құзыретінде. Жоғарғы Кеңеш өз шешімін Президентке жөнелткен соң Президент үш күннің ішінде Жоғарғы Кеңеш ұсынған Премьер-министрді және Үкіметтің басқа мүшелерін тағайындаған жарлық шығарады, олай болған жағдайда Жоғарғы Кеңештің шешімі күшіне еніп, жаңа үкімет іске кірісе береді. Екі сөзінің бірін «ел» деп бастаған халық қалаулылары елдің көңілінен бұл жолы шығып, лайықты адамды үкімет басына алып келе ала ма, жоқ, өздерінің жеке мүдделерінің жетегінде кетіп қала ма, бұл жақын арада белгілі болмақшы.
Қырғызстан тәуелсіздігінің 23 жылында 25 үкімет басшысы ауысқан. Келешектен қашанда жақсылық күткен елдің үміті енді 26-шы үкіметте. Болашақ үкіметтің де мерзімі шектеулі. Бір жарым жылдан кейін Жоғарғы Кеңеш депутаттарын сайлау өткізіліп, соған байланысты үкімет қайта тағайындалатын болады.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі