«Көне болмаса, жаңа қайдан шықсын?!»

 Қазақ елі тәуелсіздік алды, ғасырлар бойы бабалар армандаған күнге де қол жеткізді. Тәубе етерлік, шүкіршілік айтатын кезең. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ұлттық құндылықтарымызды түгендейтін, асылымызды асқақтатып, рухымызды аспандататын уақыт туды деп айтуға болады. Әйтсе де, басқа елдермен барыс-келіс көбейе бастағаннан бері  алаштың руханият кеңістігіне дендеп еніп, өз мақсатын жүзеге асыруға белсене кіріскендер шоғыры да қаулай түсті. Әлемдік аренада әлі оңды-солын танып үлгермей жатқан мемлекетке төл идеологиясын тықпағалағандардан көз тұна бастады. Қазірдің өзінде соның зардабын тартып та отырмыз.
Кеше ғана атеистік қоғамның шекпенінен шыққан ел үшін әу баста имандылыққа, мұсылмандыққа бет бұру бас­ты мұрат саналатын. Сөйтсе, ислам дінінің ішінде де сан түрлі ағымдар бар екен. Қазақтың ғасырлар бойы орныққан дәстүрін жоққа шығарып,  ел арасына жік салып, баланы  әке-шешесіне қарсы қойып, тіпті  құрылымды күшпен өзгертуге  ниеттілер қазақ қоғамында да бой көрсетті. Осының барлығы  ислам дінінің атын жамылған бүлдіргі ағымдар тарапынан жасалып жатқандығы жаныңды ауыртады.
«Жаңаның бәрін жақсы деп ұғу – түбірімен қате түсінік. Кез келген жаңа құрылым өзін тұрақтандырып, үстемдігін орнату үшін байырғыны талдап-талғамай, байыбына бармай, қирата келеді. Егер сол қираулар бір халықтың ата-бабасынан бері келе жатқан ұлттық мұраларына бағытталса, қиянаттың ең зоры да, сұмдығы да сол болғаны». Қазақтың батыр  ұлы Бауыржан Момышұлы мұны қырық жыл бұрын айтқан еді. Ата дәстүрді жоққа шығарып, бабалардың ұстанған жолын бидғат санайтындардың әрекеті шынында да  қиянаттың үлкеніне айналды бүгінде. «Таза мұсылмандық дәстүрін» алға тартқандар шейхтарының айтқанын бұлжытпай орындауды ғана мақсұт тұтып, байырғы бабаларының аманатын мансұқтауға белсене кірісті.
Уақапшылар дейсіз бе, салафиттер дейсіз бе, такфиршілер дейсіз бе, әйтеуір сондайлар қаншама уақыт бойы бабалар ұстанған діни жолды бүгінде бидғат санап, жамағат арасында іріткі салып жүр. Бақилық болған кісі үшін Құран оқуға, құдайы ас беруге, жамағатпен дұға жасауға, бет сипауға, мәзһаб ұстануға, қабірлерге  кесене немесе қоршау салуға, марқұмның жетісін, жылын беруге қарсылық кей өңірлерде белең ала бастады…
Салафилік ағымның ың­ғайында кеткен жастар намаз оқымаған адамды, ата-анасы болсын, ағайын-туысы болсын «мұсылман емес» деп, қарым-қатынасы үзілуде.  Ата-анала­рына қарсы шығып, намаз оқымағандықтары үшін кәпір санап, берген асын ішуден ашық бас тарту оқиғалары да кездеседі. Қашанда қазақ өз перзентін жасы үлкенді сыйлауға, әдепті болуға тәрбиелеген. Имандылықтың ұйытқысы болған ислам дінінің де басты артықшылығының бірі осы емес пе! Ендеше, дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсірген ата-анасын кәпір санағандарды мұсылман деп айтуға бола ма?!
«Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрі шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, олар әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырдан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар. Сондай ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардыкіндей етуге тырысу барып тұрған надандық. Өйткені адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуі аталмыш аятта айтылғандай Жаратқанның өз жаратылысына бекітіп берген мызғымас заңы. Ал жаратылыстық қағидаға қарсы шығу қасаңдыққа шалдыққан шала сауаттылардың ісі». Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының  бастамасымен  жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты еңбектің басты темірқазығы осы тұжырым іспетті. Діннен бейхабар былайғы жұрттың таным көкжиегін кеңейтуге арналған, дер кезінде жарық көрген кітап деп айтуға болады бұл еңбекті.
Аталған кітапта қазақ халқының дәстүр сабақтастығы ислам дінінің асыл мұраттарымен қанаттаса өріліп, олардың бір-біріне үйлесімділігі туралы да кеңінен әңгіме қозғалады. Мәселен, «Иманы қарым-қатынас» атты бөлімде  сәлемдесу жайы сөз болады. Онда: «Әнес (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) маған: «Уа, балам! Отбасыңа кірген кезде оларға сәлем бер. Ол өзіңе де, отбасыңа да береке әкеледі» деп көрсетілген.
Ұлттық дәстүрді ерекше ұлықтаған Бауыржан Момышұлының тағылымды өсиетіне қайта бір үңіліп көрелік: «…Ал ертеңгілікте: «Қайырлы таң!», «Қайырлы күн!», «Жайлы жатып, жақсы тұрдыңыз ба?» – деген сияқты әрі сәлем, әрі құрмет сөздерді бағыштау керек. Осындай түнгі, азанғы тілектер отбасының ынтымақ-бірлігін уыздай ұйытуға септігін тигізеді, мейірбандыққа жетелейді. Шынайы бақыт – шаңырақтағы татулық пен берекеде. Сол татулық пен береке үйдегі сәлемнен басталады. Сәлем тыйылған үйден ырыс-құт кетеді, ондай үйден періште шошып, шайтан жайлайды». Ислам діні мен қазақтың ұлттық дәстүрі бір-бірін толықтыра түсіп, адамды имандылыққа, тазалыққа, мейірбандыққа баулитынына осыдан кейін күмән-күдігің қала ма, сірә?
Соңғы кездері  қазақ қоғамын әуре-сарсаңға салып жүрген  салафиттердің қисынсыз әрекетіне жауапты «Дін мен дәстүр» кітабынан тапқандай болдық. Аталған  кітапты парақтап жүргенімізде қолымызға жазушы Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты шығармасы тиді. Бұл кітапта қазақтың даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының ұлттық дәстүр төңірегіндегі тағылымды ойлары  туралы тартымды әңгімеленеді. Міне, осылайша қос туындыдан түйген ойларымызды оқырманмен бөлісіп отырған жайымыз бар.  
  «Дін мен дәстүр» кітабында әдептілік, сыпайылық жөнінде де мазмұнды жазылған. «Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) былай деген: «Қандай істе жұмсақтық болса, ол (сол істі) көркейте түседі, ал қай істе ол болмаса, оның дәрежесін түсіреді».
Тағы да қазақтың қаһарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлының айтқанына үңіліп көрелік: «Әдепті адам – арлы адам, әдепсіз адам – сорлы адам» дейтін сөз бар қазақта. Тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі, қайнар бастауы әдептілікте екенін ата-бабаларымыз осылай түйіндеген. «Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені» деп әдептілік әліппесі сәлемнен басталатынын  және айтыпты. Тасқа таңба басқандай анық та айқын сөз. Ал сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері».
Бауыржан Момышұлы бабалар аманатын кейінгі ұрпағына жіліктеп, зерделі жанның санасына құйып беретіндей етіп жеткізіп отырған жоқ па! Сәлемдесудің өзінде үлкен философиялық ұғым бар екенін бабаларымыз баяғыда-ақ бағамдаған, сондықтан да кейінгілерге өсиет ретінде жеткізіп отырған. Ендеше, келіннің жасы үлкендерге иіліп сәлем салуын бидғат санайтындардың әрекеті қазақтың дәстүрлі діни жолымен қабыспайтыны айдан анық.
Айтпақшы, ұлттық дәстүрдің сабақтастығы үзілетін болса, оны қайта жалғау қиын болатыны сөзсіз. Бұл жөнінде  кеңестік кезеңнің өзінде Бауыржан Момышұлы жеріне жеткізіп айтқан-ды: «…Қарап тұрсаң, ана Кавказ халықтары, Балтық жағалауы елдері, мына қасымыздағы өзбек, тәжік, түрікмен ағайындар ана тілі мен ата дәстүрінен дәл қазақ секілді аулақтаған жоқ. Бұл – шындық! Мұны мойындауымыз керек. Дәстүр сабақтастығы үзілсе, қайта жалғау оңайға түспейді. Бүгінгі жастың бойында ұлттық рух кем болса, ертең олар өзінің баласы мен немересіне ұлттық сананы сіңіре ала ма?  Ұлттық рухани қазынадан нені үйретеді? Қандай үлгі көрсетеді?  Ұрпағына не қалдыра алады?»
Ұлттық дәстүр кешегідей кеңестік идеологияның құрсауында емес, бүгінгідей  Қазақ елі тәуелсіз болған тұста төл дәстүрін өркендетуге ие бола алмаса, масқара емес пе?! Ұлттық сананы болашағына жалғастырудың орнына қазіргі ұрпақ жат ағымның жетегіне еріп, басқалардың  идеологиялық арбауына түсіп жатса, мемлекеттіліктің ертеңі, ұлттың  келешегі  жөнінде не айтуға болады?!
«Дін мен дәстүр» кітабында дін мен дәстүр сабақтастығы, салт-сана мен діни танымның бір арнада тоғысатындығы нақты дәйектер келтіріле отырып, оқырманға нанымды тұрғыда баяндалады. Дәстүр туралы, дәстүрдің діндегі орны, қазақ халқының имани дәстүрлері, имани қарым-қатынас жайында да мысалдар жеткілікті. Бұл өз кезегінде  «бабаларымыздың ұстанған діни жолы дұрыс емес па?» деген күмән-күдіктің жетегінде жүргендердің бабалар аманатына деген сенімін нығайта түседі. Бұл бүгінгі болмысымыздың барлығы да өткеннен бастау алатынын айғақтай түседі.
 «Адам тіршілігінің жеті кезеңін бастан кешу барлық пенделерге бұйырмаған. Алланың сызығынан ешкім аса алмайды. «Қалай жұтам бұл сабазды» деп қара жер күңіренсе де, жаратушы аманатын қайтып алады. Адам үшін бәрі өлшеулі, бәрі шектеулі. Тек шетсіз-шексіз әлем тіршілігі жалғаса береді, дүние дөңгелегі тоқтаусыз зырылдай береді.деген еді Бауыржан Момышұлы. Сол сияқты өткеннің бәрін жоққа шығару, әсіресе, қазақ тәрізді ата дәстүрін ардақтай білетін халықтың ұрпағының аманатқа қиянат жасауы кешірілмес күнә. Мың жерден қазіргі жастардың идеологиялық иммунитеті әлсіз болған күннің өзінде де  бастауына бас қояр болса, Бауыржан Момышұлының тағылымды еңбектеріне көз жүгіртер болса, ұлт менталитетін жақсы бағамдар еді. Имани ұстанымның арғы атасы қазақ болмысымен біте қайнасып келе жатқанына тағы бір мәрте көз жеткізер еді. Айдаладағы бүлдіргі ағымның айтағына ерген бауырларымызға  айтарымыз осы әзірге.

Ғабит МҮСІРЕП, 

«Дарын» мемлекеттік жастар

 сыйлығының лауреаты

Back to top button