АРЫСТЫҢ ЖАЙЫ БІР БӨЛЕК

АРЫСТЫҢ ЖАЙЫ БІР БӨЛЕК

АРЫСТЫҢ ЖАЙЫ БІР БӨЛЕК
ашық дереккөзі
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Биыл Арыс шағын қалалар тізіміне еніп отыр. Яғни бұл биылдан бастап қалаға айрықша көңіл бөлініп, қомақты қаржы қарастырылады деген сөз. Халықаралық маңызға ие темір жолдың бойындағы қаланың бар мүмкіндігі пайдаланылмақ. Өткен жылда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертай мырза бізбен сыр бөліскен еді.  – Сейіт Мырзақұлұлы, Арыс қаласының және Арыс ауданына қарасты ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Көктем келіп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы келді. Ауыл көктемгі маусымға дайындығын бастап жіберген болар. – Ең алдымен, былтырғы жылдан бастап, қаламызда тұрғындардың саны өсті. Қаланың территориясы да кеңейді. Отырар ауданының құрамында болып келген Қожатоғай ауылдық округі тұрғындарының бірнеше жылдан бері Отырар ауданының құрамынан шығып, Арыс қаласына қосылу туралы өтініштері бар еді. Ол өтініштер облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, Қожатоғай ауылдық округі Арыс қаласының құрамына енді. Қазақ «елге ел қосылса – құт» деп жатады ғой. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму үшін халық санының артқаны тиімді екені белгілі. Сондықтан, осындай жетістігіміз бар екенін қуана айтқым келеді. Елбасының алдымызға қойған міндеттері мен облыс әкімінің тапсырмалары жүйелі түрде орындалып, іске асып келеді. Оған дәлел былтыр, жалпы бюджет көлемі 5.569,5 млн. теңгені құрап, бекітілген бюджеттен 1 520,8 млн. теңгеге, оның ішінде жергілікті кірістер 103,3 млн. теңгеге, трансферттер – 1 349,2 млн. теңгеге немесе 137,5 пайызға артты. Бұл жай цифрлар ғана емес, өңіріміздің бүгінгі дамуынан хабар беретін көрсеткіштер деп айтар едім.  – Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы аграрлы аймақ екенін білеміз. Соның ішінде Арыс қала болғанмен ауыл шаруашылық саласы да қатар дамып келе жатқан өңір болып саналады. Бұл ауданның ауыл шаруашылығында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар ма? – «Арыс қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму» бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауылшаруашылық құрылымдары 2013 жылы 6.929,9 млн. теңгенің өнімдерін өндірді. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 602,9 млн. теңгеге артқанын көрсетеді. Айталық, 2013 жылы 15,5 мың гектар жерге егіс егілді. 8,3 мың гектар суармалы жерлер игерілді. Тамшылатып суғару әдісі 300 гектар жерге қолданылды. Жалпы, суармалы жердің көлемі 1335 гектарға ұлғайтылып отыр, бұл жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Өткен жылы 2,2 гектар жерге жылыжай салынып, пайдалануға берілді. Жылыжайдан жергілікті кәсіпкерлер де өз пайдасын көре бастады. Сондай-ақ, 3651,2 гектарға бақша дақылдары егіліп, одан 75,9 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік 207,8 центнерді құрады. Бірнеше жылдан бері шешілмей келген күрделі бір мәселе бар еді. Ол Ақдала ауылының тұрғындарына егістік жер учаскелерін бөлу мәселесі. Ауыл тұрғындары 3 өндірістік кооперативтерге біріктіріліп, 265 гектар суармалы егістік жер анықталып, байқау жарияланды. Биыл жыл соңына дейін қосымша 162 гектар суармалы егістік жер бөлінетін болады. Осылайша оң шешімін тауып жатыр. Бұрынғы ауыл шаруашылық техникаларының тозығы жеткені белгілі. Осыған байланысты 29 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынып, дихандардың жұмысы да өрге басып келеді. Ал мал басы және одан алынатын мал өнімдерінен де өткен жылмен салыстырғанда, сапалы көрсеткіштерге қол жеткіздік. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша етті ірі қара мал экспорт әлеуетін дамыту шеңберінде 489 бас ірі қара мал алынды. Бұл 2,5 есеге артып отыр деген сөз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, өткен жылы Дермене, Ақдала, Жиделі, Сырдария, Монтайтас ауылдарында ірі-қара малды қолдан ұрықтандыру пунктерінің құрылысы аяқталып, желтоқсан айында пайдалануға берілді. Яғни, мал басын асылдандыру жұмысы жүйелі жолға қойыла бастады.  – Қазіргі кезде кәсіпкерлік саласына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта қолға алған қандай ауқымды жобаларыңыз бар? – Былтырғы жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3373-ке жетіп, 396 бірлікке артты. Оның 530-ы заңды тұлғалар, 1032-і шаруа қожалықтары және 1811-і жеке кәсіпкерлер. Оның ішінде белсенді жұмыс жасап жатқандары 72,4 пайызын құрап отыр. Кәсіпкерлердің өндірген өнімі 15,1 млрд. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 1,1 млрд. теңгеге, жұмыспен қамтылғандар саны 7244 адамды құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 596 адамға артты. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақдала ауылдық округінде жалпы құны 1,6 млрд. теңгеге «Қазына-жер» ЖШС-і тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Онда сүт бағытындағы 800 бас асыл тұқымды аналық ірі қара мал бағылып, жылына 5200 тонна сүт өндірілетін болады. Жаңадан 36 тұрақты жұмыс орындары ашылып, 100 адам маусымдық жұмыстарға тартылады. Ірі қара Канададан әкелінеді. Сондай-ақ, «Ордабасы-құс» ЖШС-ң құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын 120 мың бас асыл тұқымды күрке тауық балапандарын шығаратын құс фабрикасы құрылысына әкімдік тарапынан, Ақдала ауылдық округінен 100 гектар жер телімі фабрика құрылысы үшін, Қожатоғай ауылдық округінен өзін-өзі қажетті құс азығымен қамтамасыз ету мақсатында бұрын пайдаланбай жатқан 700 гектар суармалы жер телімі берілді. «Арыс санаториясы» ЖШС-і 1 гектар жылыжай құрылысының инфрақұрылымын жүргізуге құны 27,0 млн. теңгені құрайтын жобасы аумақтық үйлестіру комиссиясында мақұлданып, жұмыстар жүргізілуде. Арыс қаласының «Арыс-Шардара» бағытындағы айналма автокөлік жолының бойынан «Индустриалды аймақ» құру үшін 50 гектар жер телімі бөлініп, оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы қалалық бюджеттен қарастырылып, техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді. – Арыс қаласын бүгінгі заман талабына сай көріктендіру, абаттандыру жұмыстары қолға алынған екен. Бұл орайда нақты қандай шаралар жүзеге асырылуда? – Әрине, ең бірінші қаланың тазалығына мән береміз. Қала көшелерінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары үнемі жүргізіліп отыратын жұмыс. Сондықтан, арнайы бақылау жасап отырмыз. Сонымен қатар, жол жүру ережесін, қылмыстың алдын алу және балалар қауіпсіздігін сақтау үшін қала көшелеріне 3 бағдаршам, 3 бейне-бақылау қондырғылары және 11 жасанды жол кедергілері орнатылды. Қаланың 87 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттар дайындалды. Биыл іске кірісеміз жоспар бойынша. – Әлеуметтік нысандардың құрылысына тоқталсаңыз. Білім, мәдениет, спорт салаларында қандай құрылыс жұмыстары қолға алынды? – Алдымен білім ошақтарының құрылысы жайында айтайын. Арыс қаласы «Көктем-2» шағын ауданындағы 300 орындық И.Журба мектебінің құрылысы толық бітіп, былтыр 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Аталған шағын ауданда 280 орындық бала-бақшаның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Қожатоғай ауылындағы 50 орындық бала-бақша құрылысына облыстық бюджеттен 113 млн. теңге бөлініп, пайдалануға берілді. Қалада апатты деп танылған екі мектеп және үш ауысымда оқытатын үш мектеп бар. Осы бес мектептің олқылықтарын қалпына келтіру үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. 2014-2015 жылдары бұл мәселелер толық шешімін табатын болады. Тағы бір айта кететін жайт, бізге 900 немесе 600 орындық мектептер қажет емес, 150-200 орындық мектептер салсақ жеткілікті болып отыр. Өйткені қажеттілік пен сұранысқа қарай салғаны тиімді ғой. Бағасы да арзан, әрі белгіленген кестеден қалмай салуға да ұтымды болады. Аққала елді мекеніндегі 200 орындық мектептің құрылыс жұмыстары биыл жүргізілетін болады. 2016 жылы мектеп мәселесін толық шешеміз деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында көпқабатты 90 және 60 пәтерлі 2 тұрғын үйлер құрылысын салу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып, құрылыс жұмыстары биыл жүргізілетін болады. Қаламыздағы 1980 жылы кинотеатр болып салынған мәдениет үйіне осы күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мәдениет үйін қайта жаңғыртудың да құжаттары әзірленіп, жөндеу жұмыстары қолға алынды. Әрі онда Арыс концерт залын құру ойымызда бар. Арыс шағын қалалардың тізіміне еніп отыр. Осыған орай, қаланың жаңаша келбетін жасау ісі кезекте тұр. Қалада салынатын спорт кешені құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып қойды. Қалаға кіреберісте жаңа парк ашылатын болады. Сондай-ақ, қала шетінен жаңа ипподром салуды да жоспарлап қойдық. Облыс орталығы Шымкент қаласындағыдай ипподромның алдынан «Наурыз» алаңын саламыз. Ол жерде үлкен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Осы және де өзге жұмыстар ретімен жалғаса беретін болады. Облыс әкімі А. Мырзахметовтің берген бірқатар тапсырмалары бар. Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында стратегиялық маңызы зор іргелі істерді атап көрсеткен болатын. Жолдауда жүктелген тапсырмалар мен халық сұранысына ие әлеуметтік салаларды одан әрі жетілдіру, руханиятқа, спортқа ерекше көңіл бөлу басты міндетіміз. Әңгімелескен Гүл БЕКЗАТ Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы