Ақ-қараны айыру оңай емес
Ақ-қараны айыру оңай емес
Балалар құқығының тапталып, жасөспірімдер қылмысының көбеюінің себебі неде? Қоғамда маскүнем ата-ананы құқынан айыру балаға жарқын болашақ сыйлаймыз деген желеумен жасала ма? Ұсақ-түйек қылмысқа барған жасөспірімдердің жазасы тәрбиелеу, тәртібін түзеу мақсатында жүзеге аса ма? Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы, заң ғылымдарының кандидаты Гүлнар Қонақбаеваны әділет пен шындықты талап ететін шаруаның қыр-сырын білу үшін сөзге тартқан едік. – Жасөспірімдер арасында қандай қылмыс көп? – Көбінесе меншікке қарсы қылмыстар көп орын алады. Ұрлық, тонау, қарақшылық қылмыстары өршіп тұр десе де болады. Бос уақыты көп немесе ата-ананың бақылауынан тыс балалар ұсақ-түйек заттар, телефон ұрлауға, топтасып қарақшылық жасауға жиі барады. Олардың қылмысқа бару себептері көбінесе біреуге еліктеу, жасаған қылмысына жауапкершілікті сезінбеу, жас ерекшеліктеріне байланысты психологиялық тұрғыда тұрақсыздықтары. Мәселен, бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауынан сабағы да жайына қалады, ал жұмысбасты ата-анасы оның не істеп жүргенінде шаруасы жоқ. Бұл – ата-анасы бар және толық отбасында тәрбиеленетін балалардың жағдайы. Ал қолайсыз отбасыдан шығу, яғни ата-анасы маскүнемдікке немесе нашақорлыққа салынған балалар, толық емес жанұяда тәрбиеленетін балалар жаңа модельді ұялы телефондарға қызығып, ақша немесе телефонның өзін тартып алуға дейін барады. Ата-анасының балаға деген немқұрайлылығы, отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен құқықтық мәдениетінің төмендігі балалардың болашағына балта шабады. – Судья мамандығының қандай қиындықтары бар? Адам тағдыры шешілетін, әсіресе баланың болашағына балта шабылатын шаруа әйел адамға, анаға ауыр емес пе?– Еңбек жолымды Қарағанды адвокаттар алқасының мүшесі ретінде бастап, «Фемида» заң университетінде және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқытушы болдым. ҚР Парламент Мәжілісі депутатының көмекшісі қызметін атқардым. Бірақ жұмыс барысында жүрегімді ылғи да алаңдатқан жасөспірімдер мәселесін ешқашан ұмытқан емеспін. 2007 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты Қазақстан Республикасында сот төрелігін жүзеге асырудың ерекшеліктері атты монографиям жарық көрді. Кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігі жалпы соттан жеке болуы қажет, балалардың психологиялық жас ерекшеліктері міндетті түрде ескерілетін, арнайы мамандандырылған ювеналды соттарды құру керектігі туралы мәселелерді жазып, комиссия мүшелері алдында оның маңыздылығын дәлелдеуге тырыстым. Комиссия мүшелерінің көпшілігі бұл тақырыпқа күмәнмен қарап: «Біреулер әкімшілік сот пен қаржылық сотты құру керек дейді, оның бәріне қаражат керек емес пе, ол мүмкін емес қой», – деген пікір көп айтылды. Жасөспірімдер соты құрылса, қоғамда көптеген бала мен ата-ана құқығы жеке қаралып, өз орнын табар еді деген ой болды. Сөйтіп ювеналды соттар Астана және Алматы қалаларында құрылып, 2009 жылы Президент Жарлығымен мен Алматы қаласының ювеналды сотының судьясы ретінде қызметке тағайындалдым. Сондықтан да өмірімде іздеген өз орнымды таптым деп ойлаймын.Уақыт өте келе судьялық қызмет баурап әкетті. Судья адам тағдырын шешетін өте маңызды шешімдер қабылдайды. Прокурор емес, адвокат емес, сотқа қатысушы тараптар емес, судья ғана түпкілікті шешім қабылдайды. Олар тек қана пікірлерін, көзқарастарын баяндайды, ал судья соңғы нүктені қояды. Сондықтан да бұл жұмыста жауапкершілік жүгінің ауыр екендігі сөзсіз. Тіптің ювеналды сотта әр іс бойынша бала тағдыры шешілетіндігін ескере кетсек, ол жүктің екі есе ауырлайтынына күмән жоқ. Әрбір қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істі қараған кезде бұның артында нәзік жанның мүддесі тұрғандығын ұмыту мүмкін емес, істің әр парағын жүрегіңнен өткізіп, іске қатысушылардың процесте айтқан уәждерін саралау, ақиқат пен жалғанды айыра білу оңайға соқпайды. Сотта балалар мен ата-аналардың қуанышты күлкісін де, ойбайлап жылаған ащы көз жасын да көресің. Әсіресе кішкентай бүлдіршіндердің көз жасы, әрине, қабырғаңа батады-ақ. Бірақ эмоцияға берілмей, объективті, әділ шешім шығарып, тараптарды бітімгершілікке келтіріп, балаға өмірдегі ақ-қараны ажырату қажеттілігін түсіндіруге тырысамыз. Ата-аналық құқықтардан айыру, шектеу, бала асырап алудың күшін жою істері моральдық жағынан өте ауыр істер, өйткені баланы ата-анасынан айыру оңай емес. Мәселен, тіпті маскүнем немесе нашақор ата-анасын қимай, өзіне немқұрайлы қарап, аш қалдырғанына, ащы су үшін өз перзентін қайыр сұрауға итермелегеніне қарамастан, бал тілімен «Менің анам немесе әкем жақсы адамдар, анда-санда ғана ішімдік ішеді, мені жақсы көреді, қарным тоқ», – дегенде ет-жүрегің елжірейді. Сол балалардың жандарының тазалығына, пәктігіне қарап, оны түсінетін ата-анасының жоқтығына жүрегің ауырады. Ал, бала асырап алудың күшін жою туралы істерді қараған кезде терең ойға салынасың. Қалайша естияр, қабілетті азаматтарымыз жетімді екінші рет жетім қалдыруға қолдары барады деген сауалдар ойдан кетпейді. Осындай моральдық тұрғыдан аса ауыр істер әйел адам түгіл, ер адамға жүк болатыны сөзсіз. Осыған қарамастан өз жұмысым қатты ұнайды. Мен өзімді бақытты адам, бақытты әйел сезінемін. Өйткені Аллаға шүкір, қасымда әрдайым ақылшы, мейірімді анам, сүйікті жарым, 2 балам, жол сілтеуші ұстаздарым бар. – Сот төрайымы болғанда қанша жаста едіңіз? – Мен судья болып 26-жасымда тағайындалдым– Заң мамандығын таңдауға не себеп болды?– Жастайымнан балалар мәселесіне қатты қызықтым. Оларға қатысты көптеген мәселелер ойымды мазалап, «неге?» деген сұрақтар көптеп туындай бастады. «Неге балалар қылмысқа барады, оларды қылмысқа не итермелейді?» деген сауалдарға жауап табу үшін 10-сыныпта жасөспірімдер сарайындағы заң үйірмесіне жазылып, осы төңіректе оқулықтар оқып, бұл проблеманы кеңінен зерттей бастадым. 11-сыныпта кәмелетке толмағандардың рецидивтік қылмысы тақырыбында баяндама жазып, сол үйірме атынан 1998 жылы республикалық конференцияға қатысып, бас жүлденің иегері болдым. Аталмыш баяндаманы жазу кезінде алаңдаушылық туғызған мәселелер туралы тіпті Елбасына да хат жазып, Президент әкімшілігінен келген жауап та әлі күнге дейін сақталған. Осы тақырыпты терең зерттеймін деген ниетпен, түрмедегі кәмелетке толмаған рецидивистерге, уақытша балаларды оқшаулау мекемелеріне кіріп, олардан сұхбат алдым. Теледидарға кішігірім сюжет дайындадым. Сол жан түршігерлік жерлерге кіргендегі ішкі сезімімді де ұмыту қиын. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, сол университеттің юриспруденция мамандығы бойынша магистратурасын, экономика факультетін, кейіннен Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтының магистратурасын үздік бітірдім. – Әйел адам көбіне отбасы мен жұмысты қатар алып жүреді. Соған қарамастан айлық ақысы төмен ғой… – Жұмыс пен отбасын қатар алып жүру оңай шаруа емес, бірақ әр заттың өз орны бар. Жұмыста бала тағдырын шешетін судья болсам, жанұямда балалардың қамқоршы анасы, жолдасымның сүйікті жары болуға, жұмыс пен отбасы мәселелерін бір-бірімен араластырмауға тырысамын. Балалардың у-шуын, тәтті күлкісін естігінде, бәріміз жиналып, бірге ас ішкенде жұмыстағы барлық ауыртпалықтарды, шаршағанымды ұмытқанымды сезбей қаламын. Біздің елде әйел мен ер адамның теңдігі жарияланған, жынысқа қатысты ешқандай кемсітуге жол берілмейді. Сондықтан да білімді, қажетті біліктілігіне ие әйел адам ер адамнан көп жалақы алмаса, кем алады деп айтуға болмайды.– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақниет ОСПАНБАЙ