Ерлік пен елдікті ту еткен

Ерлік пен елдікті ту еткен

Ерлік пен елдікті ту еткен
ашық дереккөзі
Қазақ әдебиетінің тарихы жайында зерттеулер аз жазылған жоқ. Расында, ұлттық жазба әдебиетіміз кенжелей дамығандықтан болар, кейінге шейін қазақ әдебиетінің тарихын Ыбырай, Абайлардан, ары кетсе, Бұқар жыраудан бастауға ден қойылды. Мұның өзіндік себептері де жоқ емес еді. Бір кездері Кеңестер Одағы Компартиясының саяси тұжырымдамасы мен таптық көзқарастарына сай келе бермейтін, дау-шары мол көне дәуірдегі әдебиетіміздің тарихынан сыр тартудан қазақ сөз өнерінің тізгінін ұстаған М.Әуезов, Қ.Жұмалиев сынды айтулы тұлғалардың өзі де ат-тонын ала қашқандай күй кешті. Тек ХХ ғасырдың 60-70 жыл­дарына таман қазақ әдебиеті та­рихының ежелгі дәуірлері жөніндегі батыл болжамдар мен жекелеген зерттеулер жазыла бастағаны мәлім. Бұл орайда Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, аса көрнекті әдебиеттанушы – Бейсенбай Кенжебаевтың ерлікке бер­гісіз жанкешті еңбегін ерек­ше атар едік. Осы тұста Х.Сүйін­шәлиев, М.Жолдасбеков, Қ.Сы­диы­қ­ұлы, А.Қыраубаева, М.Мағауин, т.б. дарынды шәкірттері Бейсекең сал­ған сара жолды сәтті жалғас­тырып әкетті. Сөз жоқ, аталған ғалым­дардың көпшілік оқырманға белгілі еңбектері қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу мен зерттеу бағытындағы тың сүрлеу, тосын жаңалық ретінде бағаланды. Бұл бастама игі жалғасын тапты. Ендігі жерде көне, орта ғасыр ғана емес, Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетімізді түгелдей, тереңдей зерттеу мәселесі бой көтерді. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарында бірқатар іргелі ізденістер де байқалды. Дей тұрғанмен, қайта құру мен Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс салдары қазақ әдебиеттану ғылымына да салқынын тигізгенін мойындау керек. Қиындыққа қарамастан бірен-саран салмақты зерттеулер жазылып жатты. Міне, сондай санаулылардың қатарында талантты ғалым Ж.Тілеповтің еңбектері айрықша назар аударады. Жұмат аға әдебиет табал­ды­ры­ғын өрімдей жасында өлең жа­зумен бастады. Көптеген махаббат, табиғат, қоғам, ел мен ең­бек туралы лирикалық жыр-тол­ғаулары аудандық, облыстық, рес­публикалық басылымдарда жа­рия­ланып жүрді. Сондай-ақ, «Таң шапағы» (1977), «Ерекше күн» (1978) атты поэзиялық, прозалық жеке кітаптары да өз оқырмандарын тапты. Сонау 60-жылдардың соңында Қазақ мемлекеттік университетін бітіре сала «Лениншіл жаста» тілші болды, одан кейін екі жыл әскери қызметін өтеп қайтты, «Қазақстан», «Жалын», «Ғылым» сынды баспаларда ұзақ жыл редактор қызметін атқарды. Бұл аралықта Жұмат аға көз майын тауыса ондаған қазақ қаламгерлері мен ғалымдардың том-том кітаптары әр түрлі оқу құралдары мен әдеби жинақтарға редакциялау, яғни өңдеу, күзеу, түзеу жұмыстарын жалықпай жасады. Ұстазымның редактор ретіндегі мейлінше қабілеттілігі мен адалдығына кейін ол кісімен бірлесіп Шал ақын Құлекеұлы шығармаларының ғылыми басы­лы­мын баспаға әзірлеген тұста көз жет­кізгенмін. Сонда байқағаным, редакторлық жұмыстың өзі қию мен жабыстыру, түзеу мен қабыстырудан бастап, әрбір үтір, сызықша, леп белгілерін мұқият тексеріп, соңғы «нүктесі» зорға қойылатын кір­пияз, қатал да қазымыр жұмыс екен. Қысқасы, Жұмекең қалам ұстаған адамға артықтық етпейтін біраз тәжірибеден өтіп, әдебиет әле­мінің талай құпиясына қа­нық болғаннан соң ғана ғылым табалдырығын аттады. Былай­ша айтқанда, бүгіндері жасы жет­пісті еңсерген жігіт ағасы фи­ло­логия ғылымдарының докторы, про­фессор Жұмат Тілепов қазақ әде­биет­тануына әжептәуір дайын­дық­пен келді. Бұл кейінірек ғалым естеліктерінде жазылғандай, 1978 жылдың қоңыр күзі еді. Жұмекең отыз төрт жаста болатын… Жұмат аға ғылымға деген құр­меті мен құлай берілгендігін Алматы Халықаралық журна­лис­тика институтының ғылым жө­ніндегі проректоры, кафедра мең­ге­рушісі қызметтерінде (1999 – 2000 жж.) болып, кейін біржола әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетіне ұстаздық жұмысқа ауысқаннан соң да күмәнсіз дәлелдеді. Жыл сайын әр алуан баспалардан жарық көріп жатқан монография, ғылыми мақалалар мен ұжымдық еңбектер, оқу құ­ралдары мен ондаған әдеби-хрес­томатиялық жинақтар – соның жарқын көрінісі. Академияда қызмет атқарған ал­ғашқы жылдары өзінің ұстазы, фи­лология ғылымдарының док­торы, профессор, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті Әнуар Дербісәлиннің басшылығымен бір­неше ұжымдық монографиялар мен ақындық жинақтарды жазуға, бас­паға дайындауға атсалысқан Жұмат аға­ның тырнақалды ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы «ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тарихилық мәселелері» деп аталады. Сөйтіп, Жұмекең 1987 жылы кандидаттығын, ал арада біраз уақыт салып, 1997 жылы «ХІV-ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясының та­рихилығы» атты докторлық жұ­мы­сын да аяулы Шәмшиябану Сәтбаева апайымыздың бас-көздік жа­сауымен, сол кісінің жанашыр ниетінің арқасында сәтті қорғап шықты. Жалпы, Ж.Тілеповтің әдебиет­та­нудағы басты зерттеулері ел мен жер, елдік пен ерлік тақырыбына арналған. Олай болатын себебі де бар. Жұмекеңнің туған жері Маңғыстау даласында ертедегі ерен ерлердің ерлігін екілене жыр еткен Абыл, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Сүгір, Аралбай сынды өрен жүйріктер көп өткен. ХХ ғасырдың 40-жылдары, кешегі бір зұлмат соғыс тұсында елдің рухын көтеру үшін Қазақстан үкіметі Алматыға арнайы алдырып, «Қырымның қырық батырын» алты ай бойы айлап жырлатқан Мұрын жырау, «Балуанияз батыр», «Ер Қармыс» секілді ерлік дастандарын шығарған көпке белгілі халық ақыны Сәттіғұл да – Жұмат ағаның жерлестері. Ежелгі Маңғыстау түбегінде қазақ-ноғай тарихының талай құпияларын бауырына басқан ондаған көне мәдениет ескерткіштері сақталған. Ол кездері аймақтағы ескіліктің аңызға айналған әпсана, хикаяларынан сыр шертетін көкірегі көмбе, шежіреші қариялар да жиі ұшырасатын. Осындай телегей-теңіз рухани қазынаның ортасында өскен Жұмат ағаның сөз өнерін сүюі де, төл әдебиетіміздің тарихына ынтық болуы да заңдылықтай көрінеді… Зерделі ғалымның қай еңбегіне көз жүгіртсеңіз де, оның өз халқының өткен дәуірлердегі әдебиеті мен сол асыл мұраны жасаған сөз зергерлерінің шығармашылығын терең білетіндігіне ден қоясыз. Жұмекең тек қазақ әдебиеті ғана емес, ұлтымыздың тарихи шежіресіне бір кісідей қанық жан. Әрине, қазақ әдебиетінің тарихы атты пән болған соң бұл салада ондаған оқу құралдары мен жекелеген немесе ұжымдық монографиялық зерттеулер жазылып, жарыққа шыққандығы аян. Әдеби шығармалар мен ақын-жыраулар мұрасын сол дәуірлердегі тарихи шындықпен байланыстыра қарастырған, талдаған еңбектер де баршылық. Мәселен, Ш.Уә­лиханов, А.Байтұрсынұлы, С.Сей­фуллин, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Сыдиықов, М.Мағауин, т.б. қазақ ғалымдарының зерт­теулерінде ақын-жыраулар мұра­сында көрініс тапқан көркемдік және тарихи шындықтың ара қатынасы әр алуан деңгейде сараланып отырған. Дегенмен, бұған дейін ХІV-ХХ ғасыр аралығындағы қазақ әдебиетінің мол мұрасын арнайы тарихи тұрғыдан талдап-таразылаған диссертация да, монографиялық жұмыс та жазылған жоқ-ты. Осы тұрғыдан келгенде Жұмат ағаның 1987 жылы қорғалған кандидаттық диссертациясы негізінде толықтырылып, 1995 жылы жарық көрген «Елім деп еңіреген ерлер жыры» атты кітабы әдеби шығарма кейіпкерлері мен онда бейнеленетін оқиғалардың тарихи дәуір шындығына қатысты қыр-сырларын жан-жақты сөз еткен алғашқы зерттеулердің бірі ретінде бағаланады. Жоғарыда аталған кітабының алғысөзінде ғалым былайша ой сабақтайды: «Сәулет өнері, ауыз әдебиеті, саз өнері, секілді негізінен, елдің естиярлығын, халықтың жады мен зердесін таразылайтын рухани қазыналарында да ел тарихының ізі сайрап жататыны хақ. Және бұлардың берер мағлұматтары, шынына келгенде, сырттан келген жиһангез тарихшының сөзінен гөрі де шынайы болуы әбден мүмкін. Ал бұл тұрғыдан келгенде осы ортада өмір сүрген, оның қайғысы мен қуанышына ең алдымен өкінетін де, сүйінетін жыраулар мен ақындар шығармасында сөз болар оқиғалар мен тарихи мағлұматтардың қадір-қасиеті тіптен ерекше. Бәлкім, халқының мерейі үстем тұсын бұл адамдар көтеріп айтатын шығар, бақыты қайтқан кезеңін еңсесі түсе отырып баяндайтын болар, бірақ, соған қарамастан осы мұралар өзіне айрықша назар аударуды керек етеді. Өйткені, әр дәуір жыршысының өз заманының тарихи кескінін бейнелеуге әрекет еткен шығармасы, әрі белгілі бір ұлт әдебиетінің жасын межелеуге, әрі әдебиеттегі тарихилық мәселелерінінің жүріп өткен жолын бағдарлауға қызмет көрсетеді. Ал тарихилық мәселелері назарға алынған кез-келген әдебиетте белгілі бір халықтың рухани есею іздерінің соқпағы, тарихи тайталастарының бел-белестері сайрап жатады: тыңдаушысы мен оқырманына тебірентер ой салатын халықтың тағдырына байланысты мәліметтер жүреді. Ал, ол мәліметтердің әдебиетте бейнеленген тарихи факті, немесе өмір шындығы екендігі мәлім» («Елім деп еңіреген ерлер жыры». А., 1995, 5-6 бб.). Міне, осы пікірлерінен-ақ, ғалымның әдебиет тарихының маңызын жоғары бағалайтындығы және осы жолда өзіне де ғылыми тұрғыдан биік талаптар қоятындығы айқын аңғарылады. Әдетте, ғылымның қай саласы болсын, бір тақырыпты қузай, тереңдете зерттеген ғалым айтарлықтай табыстарға қол жеткізетіндігі – заңды құбылыс. Жұмекең де өзі таңдаған тақырыпты – ақын-жыраулар поэзиясындағы тарихилық мәселелерін ұзақ жылдар бойы індете, іздене зерттеумен шұғылданған еңбекқор ғалым. Ол бұл тақырыпты игеруде қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты белгілі-белгісіз дереккөздермен немесе ілгергі-кейінгі отандық ғалымдардың еңбектерімен шектеліп қалмайды, сонау ежелгі грек ойшылдарынан бері қарайғы көптеген Еуропа, Азия оқымыстыларының сирек ұшырайтын кітаптары мен саяхатшы, жылнамашыларының жазбаларына да сүйене ой өрбітеді. Зерттеушінің тағы бір жақсы қасиеті, ол тақырыпқа қатысты авторлық мәліметтерге бас шұлғи бермей, қисыны келмейтін тұстарда өзінің сыни пікірлері мен сараптамалық тұжырымдарын ұсынып отырады. Шындығында, әдебиет пен тарихи үдерістерді салыстыра пайымдау арқылы ұлт тағдыры мен заман, адам өмірі мен қоғам арасындағы ақиқатты айқындау – профессор Ж.Тілеповтің ғылымдағы негізгі мақсатына, өмірлік кредосына айналды. Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына бір кісідей еңбегі сіңген қарымды қаламгер, ізденімпаз ұстаз-ғалым қаламынан 200-ге тарта ғылыми мақалалардың, 7 ғылыми монография мен оқу құралдарының авторы. Сол қатарда «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті: XV – XVIII ғғ».(1983), «XIX ғасырдағы қазақ ақындары» (1988), «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1989), «Шал ақын Құлекеұлы шы­ғар­малары». Зерттеулер. (1999), «Қазақ әдебиетінің тарихы». 3-том. (2000), «Қазақ мақал-мәтелдері» (2001), т.б. ғылыми, поэзиялық және фоль­клор­лық жинақ, кітаптардың авторы және құра­сырушыларының бірі болды. Ал «Қазақ поэзиясының тарихилығы». А., 1994, «Елім деп еңіреген ерлер жыры». А., 1995, «Тарих және әдебиет». А., (2001), «Тағзым мен тағлым» (2011), т.б. зерттеулері әдебиет тарихшысының есімін елге танытқан маңдайалды ғылыми еңбектері ретінде бағаланады. Биылғы наурыз айында қадірлі ұстаз, қарымды қаламгер және та­лантты ғалым, филология ғылым­дарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Жұмат Жұмалыұлы Тілепов 70 жасқа толып отыр. Жеткен биігіңіз бен шыққан төріңіз мерекелі, берекелі болсын, Жұмаға!  Серікбай ҚОСАН, ақын, филология ғылымдарының кандидаты