Екі мың жұп сәбиге зар

Елімізде екі мыңнан астам ерлі-зайыпты жасанды ұрықтандырудың көмегімен сәби сүюді армандайды.
ҚР Денсаулық сақтау минстрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің  сараптамасы бойынша, бұл – мемлекеттен квота алу үшін ресми кезекке тұрған, баласы жоқ отбасылардың жалпы саны. Ал негізінде перзентке зар боп жүрген отбасылық жұптардың қатары бұдан бірнеше есе көп. Сәбиі жоқтарға  қуаныш сыйлау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота санын арттырып келеді. «ЭКҰ рәсімі медициналық көмектің жоғары мамандандырылған түріне жатады. Орташа есеппен бұл бір әйелге 700 мың теңгеден қаржы бөледі. Рәсім қымбат тұратындықтан, квота санына лимит қойылады. Осы орайда биыл 600 квота бөлінсе, алдағы 2015 жылы 750 квота бөлу жоспарлануда», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Мағрипа Ембергенова.
Қазіргі уақытта Павлодар облы­сында 400 ерлі-зайыпты ЭКҰ кезегінде тұр. Ал, облысқа 27 квотадан артық бөлінбейді. Қазіргі  таңда квотаны көбейту мәселесін қарастырылып, жеке ЭКҰ орталықтарымен келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде республикада бес мамандандырылған клиника бар екен.  Келесі жылы Павлодарда осы салаға мамандандырылған тағы бір орталықтың құрылысы басталмақ.
ЭКҰ-ның тиімділігі 25-30 пайыз деп­ есептеледі. Соған қарамастан, сәби сүюді армандайтын ата-аналар ол мүмкіндікті пайдаланып көруге дайын. Жасанды ұрықтандыруға қатысты тағы бір мәселе – донорлардың тапшылығы. Жасы  35-тен аспаған, сап-сау ер адамдар ғана донор бола алады. Сонымен қатар әрбір ЭКҰ орталығының өзінің донорлар базасы бар. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жеткіліксіз болғандықтан, көптеген қиындықтар тудыруда.
Қаншама қазақ баласын шетел­дік­тер асырап алуда. Қаншама қазақ ба­ласы жөргегінен жетім қалып, же­тімдер үйін паналауға мәжбүр. Сон­дықтан мемлекет жасанды ұрық­тан­дыруға квота бөлумен қатар, бала асы­рап алғандарға жоғары жәрдемақы та­ғайындаса, кезекте тұрған ата-аналар мен жетімдер саны біршама кеміп қа­лар еді…

Нұрболат Досжан,
ҚазҰУ-дің  2-курс студенті

Back to top button