Жаңалықтар

Ескелді мешіті Наурызды тойлады

Дін мен дәстүр – егіз ұғым тақырыбы аясында өткен ұлтымыздың ұлағатты, ұлан-асыр тойында төс қағысып қауышқан, сағынысып көріскен қауымның қуанышында шек болмады.
Қазан-қазан Наурыз көже, табақ-табақ ет тартылған, ұлттық салт-дәстүр салтанат құрған, төл ойын­дар делебе қоздырған тойды Ескелді мешітінің Бас имамы Болат Жұмағалиев жоғары деңгейде ұйымдастырған екен.
Той үстінде ақ отау құруды ни­ет еткен екі жастың некесі қиы­лып, дүниеге келген сәбиге азан ша­қырылып, ат қойылды. Бұл сахналық кө­рініс емес, шын мәнінде жүзеге асқан, дін мен дәстүр астасқан рәсім еді.
Мешіт ауласындағы Наурыз тойға ауданның ақсақалдары, ақ жаулықты аналары, өңір имамдары, бала-шаға тайлы-тұяғы қалмай қатысты.
Ұлттық ойындарда оза шапқан­дар­ға, өнерпаздарға Наурыз нақы­шын­дағы кәде-сыйлар естелікке бе­ріл­ді.
Арнайы құрылған батуттарда бүлдір­шіндер тегін ойнап, асыр салды. Үлкен-кіші бұл тойда риза болысып, Ескелді мешітінің Бас имамы Болат Сағынғалиұлына алғыс жаудырды.
Наурыздан наурызға бас аман, бауыр бүтін болып жете берейік! Көп тілегі қабыл болсын!

Динара Дүрмән

Back to top button