Ене

Ене

Ене
ашық дереккөзі
Айтуға оңай болғанымен әрқайсысы бір белес. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмір өткелдерінен сүрінбей өту сын. Әке-шешенің еркесі, тәп-тәтті сүйріктей, сүйкімді кішкентай ғана қыз бала ойнақтап жүріп, қалай бойжеткенін де білмей қалады. Қыз ғұмыр өміріңнің көктемі, қысқа ғана балаң кез  алғашқы махаббатымен есте қалса, келін атанып, жар сүйіп, балалы болу ол да естен кетпес тамаша бір кезең емес пе?!  Баланы туып, мәпелеп өсіріп, ер жеткізіп, келіншек әпересің, сол күннен бастап балаңның әйеліне, өзіңнің келініңе ене атанасың. Өзің де бір кездері оң босағаны тастап, ақ  босағаны аттап, келін атанып,  ене  тәрбиесін көрген шағың көз алдыңнан тізіліп өте бастайды. Ене  болу оңай шаруа емес. Оң босағада шолжаңдап өскен бір үйдің ерке қызын еркелетіп жүрген тентек ұлың келін  әкелдім деп жетектеп алып келеді. Ерке қыз ерке келін болғысы келеді. Оған көнетін ене бар ма? Біле білсек, ол да бір үйдің бибісі – сол шаңыраққа билік жүргізіп отырған адам. Енді ене мен келін арасында таққа талас басталады. Әрине, ол бірден басталмайды. Астыртын түрде өтіп, асықпай, жайлап, жүйеге түскенше бірнеше жылға созылуы да мүмкін. Сайыс болған соң бірі жеңіп, бірі жеңіледі. Кім оңайлықпен жеңісті қолдан береді, ене адуынды, көпті көрген, тәжірибелі кәрі тарлан. Ал келінде тәжірибе аз болғанымен айлалы, білімді. Өйткені күйеуге шықпас бұрын білімін  айтарлықтай жетілдірген. Іс жүзінде болмаса да, оқуы мен ізденуі арқылы. Бұл екі ортада тағы бір басты  кейіпкер бар, ол бірінің  мәпелеп өсірген алтындай баласы, бірінің  құлай сүйген, құдай қосқан  қосағы. Ене мен келін арасы жылдар бойы ортақ бір келісімге келе алмай  жүрген күрделі мәселе. Екі аяулы жан, екеуі де бір адам үшін өмірін арнаған. Кейбір ақылды енелер баласына бірін білдіріп, бірін білдірмей келінді өзі тәрбиелейді. «Айналайын, сен де менің баламсың, ананы өйт, мынаны бүйт, істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы. Мен де сендей келін болғанмын, ене тәрбиесін алғанмын. Сен де мендей ене боларсың, дүние кезек, қарағым», – деп жылы-жылы сөйлеп, өзіне тартады. Әрине, тәрбиеге көнетін келін болса бір сәрі, ал көнбейтін келін болса ше? Күйеуіне: «Шешең сен жоқта маған олай деді, бұлай деді», – деп сыбырлай бастайды. Бұл енді астыртын күрес басталды деген сөз. Үш күн сыбырласа, төртінші күні байғұс бала шешем шынымен жаман екен деп ұйқысынан көңілсіз оянады. Жиырма-отыз жыл өз аузынан жырып, жылы жұмсақты баласының аузына тосып келген анасына күдікпен қарап, бізді  ажыратқысы келеді деген келіннің сөзіне сене бастайды. Екі ортада  баланың шақшадай басы шарадай болады. Ары тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледінің кері. «Отан – от басынан басталады» десек, шаңырақтың ішкі саясаты енеге байланысты, әке мен бала арасындағы  келіспеушілік тағы бар, ол екеуін де тату ұстау анаға салмақ. Қайынсіңлі мен қайын іні өз алдына бір төбе. Жәй төбе емес, барып тұрған оппозиция төбесі. Ол шіркіндерге оңайлықпен еш нәрсе жақпайды. «Келініңіз өй деді, бүй деді» деп аяқ астынан бүлік шығарып, жұлқынып отырады. Амал қанша, әйтеуір бір амалын табу керек. «Бір күн ұрыс болған үйде қырық күн береке болмайды» деген ата-бабаларымыз. Енелердің де әр түрі болады: адуын ене, ақылды ене, момын ене, жесір ене, кесір ене, жұмсақ ене, сабырлы ене, күйгелек ене – осылай бірнеше түрге бөлініп кете береді. Таяуда abai.kz  сайтынан Есенғали Раушановтың  Сағи Жиенбаевтың «Ауылға барғанда» атты Әже туралы балладасы жайлы жазылған  мақаласын оқып қалдым. Оқып қай-қайдағым есіме түсті. Сол мақаладан қазақ аналарының мінезін, кескін-келбетін, ұлттың ұйытқысы болудың не екенін көруге болатынын жүрегіммен сезіндім. Бір таңқаларлығы, ол жазған әже сенің де, менің де, оның да әжесі сияқты әсер қалдыратындығы. Оқып, қашаннан іздеп жүргенімді тапқандай болдым. Барлығы маған таныс. Шынын айтсам сағынамын. Өзiмнiң ғана балам деп, Өсiрген менi бауырында. Бетiмнен туған анам кеп, Бiр сүйген емес алдында. Осы күн ұзаққа айтып отырған ененің-әженің образы осы емес пе?! Бар-жоғы бiр-ақ шумақ. Осы төрт жолда қазақ деген ұлтта ғана болатын ене-әже бейнесi бар. Көп сөз, артық бояу жоқ. Әжесiнiң бауырында өскен бала оқудан ауылға қайтып келедi. Жеткiзер емес жол да әлi, Жүрiсi шабан нардың да, Ақ қайың құсап жондағы, Ақ әжем отыр алдымда. Билiк жоқ бала-шағаға, Болады соның айтқаны. Барыпты сонау қалаға, Өзi алып менi қайтқалы, – дейдi. Кенет түтiнi шұбап ауыл көрiнедi. Етегiне сүрiне-қабына бiр әйел бұларға қарай жүгiредi. Жолсерiк пошташы шал: «Құдай бiледi, шыдамай жүгiрiп келе жатқан мына қаладан келе жатқан баланың шешесi шығар», – дейдi. Айтса айтқандай, алқынып жеткен ана нардан домалап түскен ұлын құшағына қысып, «құлыным» деп жылап қоя бередi. Сол сәт түйе үстiнен түйiле қараған кемпiр: – Болды ғой, дедi соншама, Қамкөңiл жандай зарыққан. Күлмей ме мынау ел саған, Ұялсаң неттi халықтан?! Алқынып сонша ұшпай-ақ, Ауылда күтсең не етедi. Белгiлi сүйiп құшпай-ақ, Баланың сенiкi екенi. Бiледi бүкiл қауым да, Ашуы жоқ-ты мұншалық. Қарамай, тартты ол ауылға, Қамшымен нарды бiр салып. Осындағы «белгiлi сүйiп құшпай-ақ, баланың сенiкi екенi» деген сөздiң қаншалықты салмақты екенiн сезу үшiн қазақ боп туу керек. Әйтпесе, «онда тұрған не бар, шыны сол емес пе?» деп желе жортып, сыдыртып өте шығуға болады. «Ұлт ерекшелiгi» деген осы сынды өте нәзiк иiрiмдерден құралатын болуға керек. Қазақ деген кiм десеңiз, қазақ деген – осы – Әже. Оның осы бiр сырт қарағанда зiлсiз ашуында дүниенi теңселтер күш бар. Оған қарсы тұру мүмкiн емес. Ұлтымыздың ұят-иман, обал-сауап дейтұғын рухани институттарын қалыптастырған да, оны ғасырлар бойы өзгерту, құбылту, модернизациялау сүргiлерiнен аман сақтап келе жатқан да сол күш. Сол күштi сезiнбегендердi, сезбей өскендердi аяу керек. Түптеп келгенде, әңгiме ұлтты сақтап қалу туралы болып отыр. Осы бір мәнді де, мағыналы қазақтың өткеніне тән сурет кескінін бүгінгі жастарымыздың болмысынан көре аламыз ба? Біздің буыннан көруге болады, олар осыны сезіне алады. Себебі біз шет жағасын көріп өстік. Ең өкініштісі, бүгінгінің ұлы да, қызы да осы бір көзге көрінбес, ғасырлардың арасын алтын арқау болып жалғап келе жатқан, қазақ деген ұлттың тұтастай бірігуінің негізі болған Әже-Ененің ұлттық пәлсапасын шын көңілімен сезіне алар ма екен. Баласына еміреніп жатып, енем көріп қалса қайтемін деген қазақы именудің соңы үлкендер алдындағы үлкен құрметке алып барарын жанымен түсіне ала ма? Соны қазақылықпен түсіне біле ме? «Жоқ, өзім туған балада өзгенің не шаруасы бар?» деген қайырымсыз ойдың жетегінде кете ме? Міне, гәп қайда жатыр! Шегі жоқ сұрақтар туындайды, жанұя шырқының бұзылуы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.Шынында да жанұяның шырқы неден бұзылады? Көңілдің бұзылуынан. Көңіл неден бұзылады? Ізет, құрметтің жоқтығынан. Ізет, құрмет неден жоғалады? Тәрбиенің терең болмағандығынан, бір сөзбен айтқанда, тәрбиесіздіктен жоғалады дер едім. Оңтүстіктің енелері келінге алғашқы кезде өте қатал болады, содан  бірте-бірте жұмсарады, өйткені баласы анадан гөрі, әйелін көбірек тыңдай бастайды. Солтүстіктің енелері келін келген күннен бастап, өздері келін бола  бастайды, өйткені баласы алмай жатып келінге бағынады. Осылай алма-кезек дүние, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, өмір жылжып өтіп жатады. Өмірдің өзі  күрестен тұратынын ескерсек – бұл заңдылық. Бірақ күрес әділ болса болғаны. Ұлыңның шоқтығы биік, намысын таптатпайтын, керек кезде ешкіммен ақылдаспай шешім қабылдай алатын азамат болып қалыптасуы үшін, анасы әрдайым баласы мен келінін отбасының өзге мүшелері алдында қолдап отыруы абзал. Дұрыс тәрбие берілгенде ғана дүние есігін аттаған немерелер  ержүрек азамат болып қалыптасады. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген. Арғы-бергі тарихта енелер рөлі өте зор болған. Қазақта «Енем» деген ру бар. Ру тарихы былай. Ертеде бір жігіт үйленбей ұзақ жүріп қалыпты, жастайынан еті тірі, ақылды азамат ел билігіне араласып, уақыт өте келе би, болыс  дәрежесіне көтеріліпті. Бір жолы нөкерлерімен  асығыс жол жүріп бара жатып, ауыл сыртындағы құдықтан ат суғаруға бұрылса керек. Құдық басында соңынан күшік ерткен бойжеткен су алып тұр екен. Күшік шәуілдеп үріп, жолаушылардың алдынан шығады. Аттан түсіп жатқан жігіт аяғына оралған күшікті  қамшымен тартып жіберіпті. Күшік қыңсылаған бойы қызға барып тығылыпты. Сол кезде қыз күшігінің  басынан сипап: Жылама, күшігім, ағасы інісін ұрмақ болар» деген екен. Жігіт жалт бұрылып, қызға оқты көзін ата қараса, қыз көздің жауын алардай сұлу екен. Кетіп бара жатып: «Қайтарда соғамын, мына қыздың кім екенін біліп қой», – деп бір нөкерін сол жерге қалдырыпты. Ұзын сөздің қысқасы, баяғы құдық басындағы қыздың қынжыла айтқанындағы «күшікке аға болған» жігіт, соңында сол қызға үйленіпті. Ақылына көркі сай қыз уақыт өте келе сол елге қадірлі ене бола біліпті. Осы қасиетімен бертін келе өз аты ұмыт болып, «енемнің балалары», «енемнің шешімі», «енем айтты» дей келе, сол кісіден өрбіген ұрпақ «енем» атты руға айналыпты. Бұл әрине қай қоғамда да  ұрпақ тәрбиесінде енелердің  өзіндік салмағының бар екенін көрсетсе керек-ті. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Қазақ халқы небір қиын-қыстау заманды  басынан өткеріп, ұлттық тамырымыздан алшақтап, салт-дәстүрімізге ескіліктің қалдығы деп қарап келгеніміз тағы бар. Енді есімізді жиып, оң-солымызды танып, жан жағымызға зер сала қарасақ, ата-баба мұра етіп қалдырған сара жолдан  шығуға болмайтынын ұқтық. Қазақтың  салт-дәстүрінде терең мағына барын,  ол дәстүрді біз ойлап тапқан жоқ екенімізді, біздің ол салт-дәстүрлерді өзгертуге  қақымыз жоқ екенін білуіміз керек. Менің енем енесіне сәлем салды, мен енеме сәлем салдым, менің келінім маған сәлем салды, енді оның келіні неге сәлем салмасқа?! Бұл бір ғана дәстүр, бұл үлкенге құрмет, одан ешкім кем болып қалмайды, сыйлы болуың  үшін де сыйлай біл. Өскелең ұрпаққа, келін түсіріп, ене атанған сіңлілерімізге ақыл-кеңес беретін енелер мектебін қалыптастырсақ деген ой бар. Ашумен  шешім қабылдауға болмайтынын, түймедейден түйедей дау туатынын, жеңіске жету үшін кейде шегінуге, ашуыңды басуға тура келетінін, не нәрсенің де дұрыс шешімі болатынын түсіндіріп айтып, қиналғанда дұрыс бағыт-бағдар бере алсақ, онда бір отбасын болса да сақтап қалуға өз үлесімізді қосқанымыз. Түн ұйқысын төрт бөліп, үмітпенен ұл-қыз өсіріп, осылардың қызығын көруге нәсіп етсін дейміз. Сондағы  көрер қызығымыз, келіннің қолынан  ықыласпен құйып берген шәйі мен туып берген балдан тәтті баласы, яғни немереміз. Балаларымыздың бақытты жүзін, немерелеріміздің шат күлкісін, отбасы берекесін берсін! Ақыл-парасатымен бір әулетті сүттей  ұйытып, аузына қаратқан ару аналарымыз аман болсын! Бүгінгі келін ертеңгі ене екенін жадымыздан шығармайық. Қарлығаш БЕКПАТШАҚЫЗЫ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қалалық филиалының жетекшісі Астана қаласы