83 миллион теңгені жымқырған шенеунік
83 миллион теңгені жымқырған шенеунік
Ел тірегі – экономика болса, экономиканың қозғаушы күші – ауыл шаруашылығы. Егер осы сала жемқорлыққа белшеден батып, әрбір ірілі-ұсақты шенеунік қызметінің құзырын өз қалауынша пайдаланса, ел іргесін қалай бекітеміз? Ауылшаруашылығы министрінің тағы бір орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тағы бір шенеунік ашкөздікке салынып, қалта қамын жасаған сияқты. Оларды шеттерінен әшкерелеп, темір торға тоғытып, қылмысын жалпақ жұртқа жариялағаннан пайда бар ма? Одан «жемқорлықтың ордасына» айналған ведомство қызметі жанданып немесе жемқорлық сап тыйылмас. Оның үстіне қол астындағының барлығына жалғыз министр қашанғы кепіл болмақ?!ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Астана қаласы бойынша ветеринарлық бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Нығмет Жақыпбаевтың жалған құжаттарға қол қою арқылы мемлекет қаржысын жымқырғанын анықтады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2012 жылы Нығмет Жақыпбаев мырза ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы лауазымын атқарып жүрген кезде Шығыс Қазақстан облысының үш ауылында біртектес ветеринариялық зертханалардың құрылысы бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойған. Сөйтіп, мемлекет қазынасына бас-аяғы 83 миллион теңге шығын келген. Бір мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту үшін 83 миллион теңге түк те емес. Бірақ әрбір шенеунік 83 миллионнан таратып ала берсе, қазанның түбі көрінер. «Жақыпбаевқа қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және қызметтік жалғандық жасау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды», – делінген ресми мәліметте. Айтқандай оның егде жасы мен денсаулық жағдайы бостандықта жүре тұруына кепілдеме болды. Бүгінде оның басқа сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Осы мәселеге қатысты сауалға министр Асылжан Мамытбеков мынадай жауап қайырды. «Бұл жағдайға мен ешқандай түсініктеме жасамаймын. Өйткені біз өзіміз де сіздермен бірге естідік. Жалпы айтқанда, біздің ведомствода жемқорлыққа қарсы күрес бойынша көрсеткіштер оң үрдіс алуда», – деді министр. Бұл Ауылшаруашылығы министрлігінде тіркелген бірінші қылмыс емес. Осыған дейін біраз жоғары лауазымды шенеуніктердің қолына кісен салынды. Жемқорларды құрықтауды әу бастан-ақ осы министрліктен бастау керек пе еді? Байқасақ, тәуелсіздік алғалы бері Ауылшаруашылығы министрлігінің басшылығы талай рет ауысып, көбі 3-4 жылдан басқарған. Ал кейбірі бір жылда-ақ өз орынтағынан босатылып отырған. Сірә, оның да бізге беймәлім себебі бар шығар…Өткен жылы бірі басын шапса, екіншісі шыға келетін жемқорлық мәселесі министрліктің күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл мәселеге қатысты министр Асылжан Мамытбеков журналистер сауалына жауап бергенде ведомствода жемқорлықтың бар екенін мойындағандай да болды. «Бізде жемқорлықтың деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер жақсарып келеді. Егер 2011 жылы 45 қызметкерге қатысты қылмыстық істер қозғалса, 2013 жылда олардың саны 20-ға дейін азайған. 155 қылмыстық іс, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерге қатысты болса, өткен жылы оның саны 31-ге тең болды. Әрине, проблема бар. Біз оны барынша шешуге тырысып жатырмыз. Ол жайында талай рет айттық. Бұл мәселе жіті бақыланып келеді», – деп атап көрсетті министр.
Көктемгі егіс жұмыстары басталдыҚыстың қаһарлы болуы көктемгі егіс жұмыстарының басталуын кешеуілдеткен сияқты. Биыл егістік жерлерді дайындау, ауқымын кеңейту және тұқым себу сияқты дайындық жұмыстары туралы Президенттің қабылдауында болған Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндады. Былтыр еліміздің астық өнімі рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, экспортқа артығымен астық шығарылғаны белгілі. Ендеше, биыл да осы жолдан таймай, қомақты өнім алу – негізгі міндетке айналды. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстік өңірлері көктемгі дала жұмыстарын бірдей бастай алмайды. Оңтүстік тұқым себу қамымен жүргенде, солтүстік аймақтар тек дала жұмыстарымен әлек болады. Кездесу барысында 2013 жылғы қызмет қорытындылары және 2014 жылға арналған міндеттер, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады. Министр агроөнеркәсіп кешенін, оның ішінде, мал шаруашылығын дамыту барысы және салалық бағдарламалардың іске асырылуын да назардан тыс қалдырмады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстік өңірлерде егіс науқаны, ал солтүстік облыстарда оған дайындықтың басталуына орай көктемгі егіс жұмыстарын өз уақытында және сапалы жүргізуге қажетті барлық жағдай жасауды тапсырды. 2014 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 21,8 млн. гектар жерде орналастыру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 01,5 пайызға артық. Дәнді-дақылдар – 15,9 млн. гектар, майлы дақылдар – 2 млн. гектар, азықтық дақылдар – 3,4 млн. гектар, картоп және көкөніс-бақша дақылдары – 410 мың гектар жерге егілмекші. Жалпы көзделіп отырған ауыл шаруашылық алқабы меморандумдарда қарастырылған индикативті көрсеткіштен 345,7 мың гектарға көп. Ал майлы, азықтық және көкөніс-бақша дақылдары бойынша да бірнеше мың гектарға артық. Сондай-ақ жылдағыдай тұқым тапшылығы сезілуде. Тұқым тапшылығы 16,9 мың тонна көлемінде сияқты. Қазіргі таңда себілген тұқымның 62 пайызы тексеріліп, 61 пайызы кондицияға сай деп танылды.Көктемгі егіс науқанын қаржыландыруға Үкімет биыл 40 млрд. теңге бюджеттік несие бөліп отыр. Былтыр бұл сома 60 миллиард теңгені құраған. Биыл алға қойған мақсат ауқымды, бірақ бөлінген қаражаттың қисынға да, кеңінен қолдануға да келмейтіні қызық. Өткен жылғыдай агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіру «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. Оның 14 млрд. теңгесі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен екінші деңгейлі банктер кепілдігімен астықтың форвардтық сатып алуын қаржыландыруға бағытталады. Ал бюджеттік несие қаржысы микронесиелік ұйымдар арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға бағытталады. Жыл сайынғы көктемгі егіс жұмыстарын жанар-жағармай мәселесінен бастау дәстүрге айналған. Десе де бағаның бақылаусыз қымбаттап, шаруаның қалтасына салмақ түсіретіні айдан анық. Биыл да Ауылшаруашылығы министрі бұл түйткілді мәселеге тоқталмай өтпеді. Егіс науқанында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бағыты бойынша литріне 95 теңге көлемінде баға бекітілді. Осы орайда 360 мың тонна мөлшерінде жағармай жеткізіледі. «Нарықтық бағадан арзан дизель отынымен қамтамасыз ету шарасы бекітілді. Осы арқылы көктемгі егіс жұмыстарына барлық қажетті шаралар Үкімет тарапынан шешілді деп айтуға болады», – деді А. Мамытбеков. Былтырғы жылы да 360 мың тонна арзандатылған дизель отынын жеткізу туралы келісім жасалған. Сондай-ақ 2013 жылы ауылшаруашылық жұмыстарына мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынының бағасы 1 тоннасына 94,8 мың теңге деңгейінде белгіленді, ол тұтынушыға жеткенше кеткен шығындарды есептегенде шамамен 1 литріне 90 теңге немесе бөлшек саудадағы наурыз айына (102 теңге/литр) болжамдалған 10 пайыз арзандатылған бағамен берілмекші. Сірә, девальвация өз дегенін жасаған сияқты. Алайда жанар-жағармай отандық өнімге жатпай ма?!