ҚАНҒА БОЯЛҒАН САЙЛАУ

ҚАНҒА БОЯЛҒАН САЙЛАУ

ҚАНҒА БОЯЛҒАН САЙЛАУ
ашық дереккөзі

Бірнеше адам ажал құшып, тағы бірнеше
азамат жараланды. Бұл қарулы қақтығыстан үзінді емес, Түркияда болып жатқан
жергілікті сайлау кезіндегі оқиға.

Түркияда өтіп жатқан жергілікті сайлау барысында қанды оқиға
болды. Шанлыурфа, Хатай мен Газинатептегі сайлау учаскелерінде бәсекелестер
арасында болған кикілжің соңы қайғылы жайтқа ұласқан. Мәселен,
Хилванда әкімдікке үміткерлер арасында 4 кісі қаза тауып, 5-еуі әртүрлі деңгейде
жарақат алған. Ал Хатайда 2 адам ажал құшып, 9-ы жараланған. Газинатептегі бір
учаскеде біреу 4 кісіні бірден пышақтапты. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен қолға
түскендерді тәртіп сақшылары полиция бөлімшелеріне алып кетті.

Сайлаудағы тағы бір тосын жайт, премьер-министр Реджеп
Тайип Ердоғанның саясатына қарсы екі әйел жартылай жалаңаш күйде наразылық
танытты. Олар Украинадағы феминист әйелдер ұйымына мүше екен. Жалаңаш қыздарды
сайлау учаскесіндегі үстел үстінде билеп, қарсылық танытып жатқан жерінен
полиция сүйреп әкетті. Ал оларды суретке түсіруге тырысқан бұқаралық ақпарат өкілдерінің
жұмыс істеуіне сол жердегі кейбіреулер кәдімгідей кедергі келтіруге
тырысты. 

Оқырмандардың естеріне сала кетсек, бүгін Түркия халқы
ірі қалалар, аудандар мен ауылдар, жергілікті мәслихаттарға лайықты деп тапқан үміткерлеріне
дауыс беруде. Саяси науқанда Түркиядағы ірілі-ұсақты 26 саяси партиядан қатысатын
үміткерлерге 26 миллион 704 мың 757 әйел, 25 миллион 991 мың 75 еркек, жалпы
саны 52 миллион 695 мың 831 сайлаушы дауыс бермек. Дауыс берушілер үшін таңғы
8-ден кешкі 5-ке (17.00) дейін 194 мың 310 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

  Нәзия Жоямергенқызы