«Еңлікгүл»: Қазақ руханияты қашан қазақша сөйлейді?

 

Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының ұйымдастыруымен 2014 жылдың 27
наурызында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында
Халықаралық театр күніне орай “Еңлікгүл-2014” сыйлығы табыс етілді.

«Еңлікгүл» сыйлығының марапаттау рәсіміне еліміздегі республикалық
театрлардың көркемдік жетекшілері мен директорлары қатысты. Аталмыш сыйлықтың
бас демеушісі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және Алматы қалалық әкімшілігі.
Сонымен қазылар алқасының шешімімен:

“Жылдың ең үздік актері” номинациясы – М.Әуезов атындағы Қазақ
мемелекеттік академиялық драма театрының актері Азамат Сатыбалдыға бұйырды . “Жыл
актрисасы” ретінде – Ақмола облыстық драма театрының
актрисасы Людмила Скуратова-Недзельская атанды.

“Жыл
режиссері” атағы да Батыс Қазақстан
облыстық орыс драма театрының режиссері Оксана Малушеваға бұйырса, жылдың «опералық
(оперетта), балеттік партиясы” үздігі атағы Қарағанды облыстық
музыкалық-комедиялық драма театрының орындаушысы Амантай Ибраевқа табыс етілді.

Театрдың ардагер анасына сыйлық берілді

Театр өнерінің саңлағы, театрдың ең ардагер анасы 99 жастағы Хабиба
Елебекова анамызға «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы берілді. Хабиба
апамыздың сыйлығын марапаттау сәтінде театр қайраткерлері орындарынан тік
тұрып, анамызға ерекше қошеметін көрсетті. Бір ғасыр жасаған ұлы ана қазақ
театр өнерінің майталмандарының көзін көрген, 
саңлақтардың соңғы тұяғы емес пе? Қаллекилердің көзін көрген, Серке,
Елубай, Шәкен, Шахан, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаевпен сахнада әріптес
болған апамызға жасалған бұл құрметті – сахна саңлақтарына берген сый деп
қабылдадық. 

“Балаларға арналған спектакльдегі жылдың шығармашылық жұмысы” номинациясы
бойынша Н.Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық драма театрының директоры
Юрий Гнусарев үздік атанды. “Жылдың театр суретшісі” номинациясына
Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай театрының суретшісі Бақыт Срайылов лайық
болды.

Жеті номинациядан бөлек, ынталандыру сыйлықтары да табыс етілді. Олардың
қатарында: “Жыл драматургы” – Ахметжан Аширов. “Жылдың
театртанушысының мақаласы” – Айжан Ахмет, театртанушы.”Жылдың театр
менеджері” – Қостанай Орыс драма театрының директоры Юрий Ивлев.
“Жылдың музыкалық көркемдеушісі” – Георгий Юн, Республикалық
музыкалық Кәріс театры.  “Жылдың суретші-гримері” – Айжан
Әлжанова, Ж.Шанин атындағы ОҚО драма театры. Сонымен бірге бірқатар театр
актерлеріне алғыс хаттар берілді.

Жылына бір рет келетін театр қайраткерлерінің күнінде әртістерімізге сыйақы
беріп, қошаметтеу, марапаттап алғыс хат беру, әрине, сахна саңлақтарына қажет
дүние. Бұл театр өнеріне деген ерекше құрмет екені рас. Тек, «Еңлікгүл»
сыйлығын марапаттау рәсімінде «әттеген-ай» дегізген мына дүниені айтпасқа
болмайды. Салтанатты шараға екі жүргізуші қатысты. Бірі – қазақ тілінде,
екіншісі – ресми тілде жүргізуі тиіс. Әрине, елімізде орыстілді драма театрлар
жетерлік. Еліміздегі республикалық театрлардың барлығын қамтып отырған шара
болған соң, ресми тілде жүргізу қажет-ақ деп қабылдаған шығар. Оған дауымыз
жоқ. Бірақ  мемлекеттік театрлардың
салтанатты мерекесінде елуде елу пайызы неге сақталмады?! Қазақ тіліндегі
жүргізуші Рахман Омар әріптесінің ыңғайына бұрылып, ресми тілге жиі бұрыла
берді. Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Әл-Тарази
мырза да сөзінің жетпіс-сексен пайызын ресми тілде аяқтады. Орыс драма театрлары үшін ресми тілде
сөйлегісі келген шығар, бірақ сол театрлардың ұжымдары қазақша сөйлесе
түсінбейді деген ұғымды өзіміз қалыптастырып алған сияқтымыз. Әйтпесе, өздеріне
деген құрметті, ерекше марапатты қазақша айтылса да, олардың санасы қабылдайды.
Өйткені мемлекеттік тілге құрмет өзге ұлттың өнер адамдарының бойынан
табылмайды деп біржақты көзқарас қалыптастыру дұрыс емес. Орысша бір ауыз сөз
сөйлесін, ресми тілде бір ауыз құттықтасын! Ары қарай, мемлекеттік тілге көбірек
басымдыққа беру қажет еді. «Әттеген-ай!».


Айна Хасанова

Back to top button