Түркиядағы сайлау: ЕРДОҒАН ТАҒЫ ДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Түркиядағы сайлау: ЕРДОҒАН ТАҒЫ ДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Түркиядағы жергілікті сайлауда Ердоғанның партиясы тағы да жеңіске жетті. Бірақ бұл жолғы жеңіс оңайға түспеді.
Түркиядағы жергілікті сайлау аяқталды. Алдын ала есептеулер бойынша, сайлауда Түркияның премьер министрі Реджеп Тайип Ердоған жеңіске жеткен. Түркиядағы ірілі-ұсақты 26 саяси партия үміткерлері қатысқан сайлауға 26 миллион 704 мың 757 әйел, 25 миллион 991 мың 75 еркек, жалпы саны 52 миллион 695 мың 831 сайлаушы дауыс берді. Нәтижесінде, үкімет басындағы АКР 43,7 пайыз дауыс алса, СНР (Мемлекеттік халықтық партия) – 25,7 пайыз, Ұлтшыл әрекет партиясы 17,6 пайызға ие болды. Саяси додаға түскен 26 партияның қалғандарына тиген үлес мардымсыз, яғни, 2 пайыздан төмен. Осылай, Тайип Ердоғанның жақтастары тағы да билік басында қалды.
Сонымен, Ердоғанның Әділет және даму партиясы сайлау қорытындысында Анкара, Адыйаман, Афион, Ағры, Амасия, Артвин, Балыкесир, Биледжик, Бингөл, Болу, Бурса, Чанкыры, Чорум, Денизли, Елазығ, Ерзинджан, Ерзұрым, Газинатеп, Хатай т.б. жерлерде айқын басымдықпен жеңді. Бұл жолы Ердоған мен оның жақтастарына саяси науқан қиынға соқты. Оған партияның ел ішіндегі беделіне нұқсан келуі, сөз бостандығының шектелуі, жемқорлыққа қатысты дауларға араласуы, бірқатар мәселеде Түркия азаматтарының кейбір бөлігі Ердоғанның саясатын қолдамауы себеп болған. Кейбір аймақтарда Ақ партия үміткері әрең жеңген сәттер де болды. Мәселен, Йеловада АКР тарапынан түскен үміткер Якуп Кочал СНР үміткері Вефа Салманы небары 1 дауыспен жеңді. Кейбір бақылаушылардың айтуынша, дауыс беру барысында заң бұзушылықтарға да жол берілген көрінеді. Гүчлү Гөймен атты бақылаушы Стамбұлдың Бакыркөй ауданына қарасты бір ғимараттың бос тұрған 3 пәтерінен сайлау күні 40 сайлаушы дауыс бергенін жеткізді. Саяси науқан барысында қанды оқиға да болды. Кеше Шанлыурфа, Хатай мен Газинатептегі сайлау учаскелерінде бәсекелестер арасында болған кикілжің соңы қайғылы жайтқа ұласқан. Мәселен, Хилванда әкімдікке үміткерлер арасында 4 кісі қаза тауып, 5-еуі әртүрлі деңгейде жарақат алған. Ал Хатайда 2 адам ажал құшып, 9-ы жараланған. Газинатептегі бір учаскеде біреу 4 кісіні бірден пышақтапты. Ығдырдың Каракойунлы ауданына қарасты Акташ ауылында сайлаудан үміткер Акчай мен Аксу отбасылары арасында болған керісте 10 кісі жараланған. Осының салдарынан сайлау учаскелері жабылып, дауыс беру процесі өткізілмей қалды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен қолға түскендерді тәртіп сақшылары полиция бөлімшелеріне алып кеткен. Сайлаудан кейін ресми мәлімдеме жасаған құқық қорғау органдарының қызметкері дауыс беру кезінде туындаған керістердің кесірінен 8 адамның қайтыс болғанын, ал 44 кісінің түрлі деңгейде жарақаттанғанын айтты.
Сайлау аяқтала бере, алдын ала есеп бойынша Ердоғанның Әділет және даму партиясы жеңіске жеткені хабарланды. Екінші кезекте СНР мен МНР партияларының атынан түскен үміткерлер де аса белсенді болды. Сағат түнгі 11-ден өте халық алдында сөз сөйлеген Реджеп Тайип Ердоған Түркияның ішкі және сыртқы саясаты туралы бірқатар мәлімдеме жасады.
Нәзия Жоямергенқызы