Отандық нарықтың мүддесі ойландырады

Отандық нарықтың мүддесі ойландырады

Отандық нарықтың мүддесі ойландырады
ашық дереккөзі

Кедендік
одақ туралы түрлі алып-қашпа әңгіменің өрбігені рас. Әсіресе,
кәсіпкерлер қауымы отандық нарықты қорғауға келгенде біраз түйткілдің
кедергі болғанын алға тартқан еді. Алайда, Қазақстан тарапы отандық
нарықты қорғау мақсатында бірқатар шаруаларды қолға алып жатқан жайы
бар. Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Еуразиялық
экономикалық комиссияның құрылып, арнайы «Бәсекелестік туралы» заң
үлгісін қабылдауы соның дәлелі.
Алматы қаласына ат басын бұрған
Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Еуразиялық
экономикалық комиссия (ЕЭК) министрі Нұрлан Алдабергенов баспасөз
журналистерінің басын қосып, саладағы қолға алынған істердің бір парасын
көпшілікке таныстырды. Былтыр қазан айында үш елдің – Қазақстан, Ресей,
Беларусьтің мемлекет басшылары қабылдаған «Бәсекелестік туралы» Заңның
төңірегінде еңсеретін шаруа шаш­ етектен. Бүгінде Кедендік одақтағы
мемлекеттер заңға сүйене отырып, арнайы нормаларды түзгенде, ең әуелі –
отандық өнімді, яғни ішкі нарықты қорғау мәселесіне екпін түсірілген.
Ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап ресейлік және белорустық кәсіпкерлер
Қазақстанның мемлекеттік сатып алуына қатысса, қазақстандық кәсіпкерлер
де дәл солай. Бұл тұрғыда басымдық бюджеттік қаржыны үнемдеу мен тауар
жеткізушілер бәсекесін әділетті жүргізу назарға алынған.
Еуразиялық
экономикалық комиссия министрі Нұрлан Алдабергеновтің пікірінше,
«Бәсекелестік туралы» Заң толықтай іске асса, Қазақстан тарапы бюджеттің
шамамен 80 млрд. теңгесін үнемдеуі мүмкін. Ол үшін қазақстандық рынокты
дамытып, электр энергия нарығындағы бағаны қадағалап, сондай-ақ
бәсекелестікті пайдалана отырып, электр көзінің тарифін 2 пайыздан 4
пайызға дейін төмендетуге болады екен. Бұл шамамен жылына 1 млрд.
теңгені ысырап етпеуге мүмкіндік береді.
Негізгі тетіктерді тілге
тиек еткен Нұрлан Алдабергенов: «Елбасы ағымдағы жылдың мамыр айының
соңына дейін Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге байланысты
міндеттер жүктеді. Бұл бізге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бүгінде
монополияны реттеудің бірнеше бағыты бар. Оның маңыздысы –
бәсекелестікті реттеу. Қазіргі кезде біз шешетін мынадай тапсырма бар.
Ол – монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру арқылы жүзеге асыру. Үш
мемлекетте де бәсекелестік заңы жұмыс істейді. Шекара ашылды. Әрі-бері
тауар жүйткіп жатыр. Еліміздің кәсіпорындары өндірген тауарлар Ресей мен
Беларусьта, олардың тауары біздің нарыққа еніп кетті. Екінші мәселе –
трансшекаралық тауар нарығын зерттеу. Шекарада не боп жатыр? Қандай баға
сая­саты жүруде? Бұдан Қазақстанға пайда бар ма? Осы сұрақтар жұртты
мазалайтыны анық. Біз тауар нарығына зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Әр
мемлекеттің өзінің монополистері бар. Біз олармен ұрысамыз, күресеміз,
соттасамыз. Шекара ашылған соң, ірі құрылымдар тек Қазақстанда ғана
емес, Ресей мен Белорусьта әрекет етеді. Бізде әріптес екі елдің тауары
көп. Олардың біздің нарықта қалай жұмыс істейтінін жіті тексереміз де,
«Егер біздің нарықтан пайда тапқыларың келсе, заңымызды сақтап,
егемендігіне құрметпен қараңыздар» деген шарт қоямыз. Әрине, олардың да
өз талабы бар. Біз де одан аяқ аттап өте алмайтынымыз түсінікті. Бұл
түйткілді ретке келтіру үшін үш мемлекеттің монополияға қарсы агенттігі
бірлесіп жұмыс істеуде», – дегенді жеткізді.
Монополияға қарсы
бәсекелестікті реттеу саласындағы Еуразиялық экономикалық комиссияның
ұлттық өкілеттігін құру туралы құжатқа қол қойылған кезде әуелі
трансшекаралық нарықты қадағалау сөз болды. Бәсекелестікті қорғау
агенттігі Қазақстанның ішкі нарығындағы субъектілерді зерттесе, Ресей
монополияға қарсы Федералды қызметі шекара арасындағы жайттарға жауап
береді. Егер бір кәсіпорын екі елде жұмыс істесе, ол Еуразиялық
комиссияның қадағалауында болады деген сөз. Сондықтан да жаңадан
құрылған төртінші монополияға қарсы орган ортадағы бәсекенің тең болуын
қамтамасыз етеді. Ал оның мүддесін Еуразиялық экономикалық комиссия
қорғайды.

                                             Қатаң норманы неге енгізбеске?

Отандық ішкі
нарықты қорғау үшін не істеу керек? Қазір үлкен супермаркет дүкендеріне
бас сұқсаңыз, басқа елдің тауарынан көз сүрінеді. Яғни, бұған дейін
тепе-теңдік бәсекелестік шарты айтарлықтай жұмыс істемеген деген сөз.
Сырттан әкелінген кейбір тауардың бағасы отандық өнімнен кәдімгідей
арзан болса, кейбірі аспандап кетті. Ал мұны ретке келтіру үшін
қатаңдатылған нормалардың енгізілуі заңдылық. Екіншіден, қазақстандық
тауардың Ресей мен Белоруссияның нарығына өтетін заңнамалық нормасын
қабылдау керек. Үшінші, мемлекеттік сатып алу бойынша бюджеттік қаржыны
үнемдеп қана қоймай, бәсекелестік шарты бойынша ақшаны сақтайтын норма
енгізілген дұрыс. Бұл әсіресе, биылдан бастап қолға алынған электрондық
сауда механизмі кезінде өз кедергісін келтірмей қоймайды. Бұл тұрғыда
Еуразиялық экономикалық комиссия министрі Нұрлан Алдабергенов: «Қазір
дайындық жұмыстары жүруде. Келесі жылдан бас­тап іске қосылады. Шекара
Ресей мен Белоруссияға толықтай ашылғанда, біздің кәсіпкерлер де
электрондық саудаға араласады. Электронды сауда барысында баға да жоғары
болады. Одан желініп қалмау үшін өз мүддемізді биік ұстап, ішкі нарықты
қорғайтын арнайы нормалар қажет. Бұлар Ресейде бар. Бізде әлі жоқ.
Сондықтан мамыр айына дейін уақыт пен мүмкіндікті пайдаланып, үкіметпен
бірлесіп, заңнамаға өзгерістер енгізу жос­парда бар», – дейді.
Шынында
да, бүгінде небір қитұрқы әрекет арқылы кәсібін өрге домалататындар
жетерлік. Мәселен, екі ірі кәсіпорын біріккісі келсе, олардың бұл
әрекеті бәсекелестікті қорғау заңнамасына сәйкес пе? Оны ешкім білмейді.
Бәлкім, олар заңды өрескел бұзып, экономикаға зардабын тигізетін шығар.
Бұған монополияға қарсы орган қорытынды жазып, айыппұл төлетуі ғажап
емес. Бір айта кетерлігі, инвестиция құйғысы келетін шетелдіктер алдымен
заңнамалық нормаларға егжей-тегжейлі зерттеу жүргізетін көрінеді.
Тіпті, жазбаша хат жазып, жазбаша жауап беруін талап етеді. Бұл шетелдік
тәжірибеде бар үрдіс. Осы норманы елімізге енгізсек, ұтылмайтынымыз
анық. Сонымен, Еуразиялық экономикалық комиссия министрі Нұрлан
Алдабергенов таныстырған нормаларға тоқталсақ:
Келесі норма –
ескерту. Бұрын бақылаушы орган заңбұзушылықты анықтаса, ә дегенде-ақ
айыппұл төлететін. Бұл кәсіпті ілгері дамытуға кедергісін келтіреді.
Сондықтан заңды бұзса, ескерту жасалған дұрыс. Ол ендігіде бұған жол
бермеуге тырысады. Мұның отандық кәсіпкерлікті дамытуға септігін
тигізетіні сөзсіз.
Алдын-ала сақтандыру – әлемдік тәжірибеде бар норма. Кәсіпорын заңнаманы бұзса, алдын ала ескерту алады.
Отандық
бизнесті қолдау. Мемлекет бүгінде кәсіпкерлікті қолдау аясында түрлі
жеңілдіктер мен несие беруді қолға алуда. Бұл байқаулық негізде
өткізілсе, құба-құп. Осы кезде тепе-теңдік бәсекесі болғаны абзал.
Алайда, бұл біздің заңнамада жоқ.
Ақпаратты беру міндеті. Мысалы,
монополияға қарсы агенттік тауардың бағасы туралы ақпарат сұрағанда,
субъекті «бермеймін» деуі мүмкін. Өйткені біздің заңнамада «ақпаратты
міндетті түрде беру тиіс» деген жоқ. Егер Қазақстан мен Ресей
нарығындағы ірі кәсіпорын туралы ақпарат керек болса, Минск сотына
шағымдануға тура келеді. Ал Ресей монополияға қарсы федералды қызметі не
істейді? Олар ақпарат беруді талап етсе, амалсыз алдына ұсынасыз.
Себебі, олардың заңында ақпарат беру міндетті. Сосын тексеріп, акт
жасайды. Түсініктеме алады. Егер заңнама бұзылса, сотқа шағымданады. Бұл
жағынан Ресей көш ілгері. Бізге де осы норманы қатаңдатып әрі ұлттық
заңнамаға енгізу керек. Еуропа мен АҚШ-қа барсаңыз да, «әуелі біздің
заңды сақта» дейді. Заңды алдымен өздері сақтайды, сосын басқалардан
соны талап етеді.
Дисквалификация – құқықтан айыру. Бұл норманың да
қазір ауадай қажеттігі сезіледі. Кәсіпорын белгілі бір уақытта заңды
бұзса немесе бәсекелестікті шектесе, тұтынушыға әсер етеді. Сондай кезде
сот шешімі арқылы кәсіпорын иесі құқынан айрылуы мүмкін. Мәселен,
Ұлыбританияда он жыл, Ресейде үш жыл құқынан айыру көзделген. Дәл сол
кәсіпорын қожайыны Қазақстанға келіп тіркеліп, заңбұзушылыққа жол
беруіне ешкім кепіл бола алмайды. Себебі, бұған дейін бізде бұл норма
болған емес. Ал АҚШ-та қылмыстық қудалау бар. Жекелеген штаттарда жәй
ғана айыппұл салып, жауапкершілікке тартып қана қоймайды, дереу түрмеге
отырғызады. Сондықтан дисквалификация нормасы болса, басқа елдің
кәсіпкерлері бізден де аяқ тартады.
Мемлекеттік сатып алу нормасы.
Бұл да Ресейде бар. Келесі жылдан электрондық сауданы жүргізсек, біз көп
нәрсені жоғалтуымыз мүмкін. Осы норма енгізілсе, орташа есеппен Ресейде
жылына 1 трлн. 132 млрд. теңге, Қазақстан бойынша 80 млрд. теңге
экономикалық жағынан бюджетке тиімді болмақшы. Сондай-ақ ашықтық пен
жариялылыққа бастайтын жол. Мұның бәрі модельді заңда бар. Енді оны
ұлттық заңнамалық құжаттан көру жоспарда тұр.

                                             Кедендік одақ: Бағада тұрақтылық жоқ

Бүгінде
трансшекаралық нарықты зерттеу де күн тәртібіндегі мәселе. Қазақстан
халқы жаппай сатып алып жатқан ресейлік автокөліктің баға саясатына да
мән беру қажет сияқты. Тұтыну нарығының 70 пайызын жаулап алған ресейлік
автокөліктер қандай саясат ұстанып, қандай қызмет көрсетуде? Қазір бұл
нарықты Еуразиялық комиссия өзі қадағалауда ұстауда.
Сондай-ақ
бүгінде Кедендік одақ мемлекеттеріндегі ұялы байланыс қызметінің
қымбаттығы да қарапайым халықты да титықтатып бітті. Ресейдің шекарасын
аттасаңыз, Қазақстанның ұялы байланыс операторларының қызметі түкке
тұрғысыз болып қалады. Айталық, ұялы байланыс қызметі Ресейде 20-40 есе
қымбат. Қазақстанда 7 теңге төлесеңіз, бұл Ресейде 16-17 теңгеге түседі.
Сондықтан тариф бағасын шешу бойынша да ұсыныс жасалған.
 Еуразиялық
экономикалық комиссия министрі Нұрлан Алдабергенов әуе тасымалы құнының
да шарықтап тұрғанын жасырмайды. «Үш мемлекеттің әуе компаниясында
бәсекеге қабілетті баға болсын деп айттық. Қараңызшы, «Мәскеу-Астана»
бағыты бойынша «Эйр Астана» әуе компаниясының бағасы – 58 мың 610 теңге,
ал «Трансаэро» – 61 мың 251 теңге. Осы қашықтықтағы «Мәскеу-Мюнхень»
бағытының құны – 37 мың теңге. Баға саясатын реттеу үшін ҚР Көлік және
коммуникациялар министрлігімен бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірдік. Ол
ол ма, теміржол тасымалы да жаға ұстатарлықтай. «Мәскеу-Астана»
пойызының билеті – 58 мың 838 теңге. Мұныңыз әуе тасымалының бағасымен
бірдей. Бұл не сұмдық?», – деді ашынып.
 Беларусь пен Ресейден келіп
жатқан импорттық тауарлар туралы әңгіме қозғайтын болсақ, біздің осалдау
тұсымыз азық-түлік импорты болып отырғандығын айтуымыз керек. Мәселен,
Қазақ­стан­ға келетін импорттық тауарлардың жалпы көлемінің 49 пайызы
Кеден одағы елдерінен, 51 пайызы үшінші елдерден келеді екен. Соның
ішінде Қазақстанға келетін құс еті импор­тының 74 пайызы үшінші елдердің
үлесінде. Оның жалпы көлемі 48,8 мың тоннаны құрайды. Соның ішінде бір
ғана Украинаның өзінен 124 мың тонна құс еті жеткізіледі. Кеден одағы
елдерінен 16,9 мың тонна құс еті келеді. Бұл жалпы импорттың 26 пайызын
құрайды. Ірімшік пен сүзбе импортының 54 пайызы үшінші елдерден, 46
пайызы Кеден одағы елдерінен келеді. Міне, осы жағдайлар Қазақстан­дағы
азық-түлік рыногын толтыруда Кеден одағының үлесі едәуір екендігін
көрсетеді. Жалпы, халық үшін импорттық өнімдердің келіп жатқаны жаман
емес. Өйткені им­порттық өнімдер біздің ішкі нарыққа бағалары арзан
болған соң кіреді. «Бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындар шығаратын
азық-түлік өнімдерінің бағаларын арзандатуға ықпал етеді. Ал, енді
мәселеге екінші қыры­нан келіп қарайтын болсақ, жоғарыдағы жағдай біздің
ауылшаруа­шы­лық кәсіпорындарының, соның ішінде, тағам өндірісі
кәсіпорын­дары­ның бәсекелестік қабілетінің төмен екендігін байқатады.
«Домик в деревне» аталатын 2,5 пайыздық сүт Астана қаласында орта
есеппен алғанда 220 теңгеден сатылса, оның Омбы қаласындағы бағасы
160-170 теңгенің көлемінде. «Ламбер» ірімшігінің 1 килосы Аста­на
қаласында 2000-2200 тең­геден саудаланса, Омбы қаласында 1600-1700
теңгеден сатылады. «Домик в деревне» 72,5 пайыздық сары майы­ның 1
келісі Астана қала­сында 350 теңге тұрса, дәл осы май Омбы қаласында
220-230 теңгеден саудалануда. «Увелка» қарақұмығының 800 грамы Астана
қаласында 310-320 теңге, ал Омбы қаласында ол 250-260 теңге тұ­рады.
Бағадағы алшақтықты өзіңіз де байқай беріңіз. Сон­дық­тан Қазақстан
үкіметі осы мә­селемен белсене шұғылданып, отандық кәсіпорындардың
бәсе­ке­лестік қабілетін арттыруға күш салуы қажет. Әзірге Кедендік
одақтағы әріптес елдерде отандық өнімдерден – шәй, арақ-шарап өнімдері,
қоюлатылған сүт, килька консервісі, «Кэмми» жайма наны мен «Сұлтан»
макарон өнімдері ғана бар екен.
Сонымен, ірі бизнес өкілдері неден
қорқады? Шекара ашылғанда, ірі компаниялар демпингтен қорықты. Көптеген
қазақстандық компания ірі ресейлік өнім жабдықтаушыларынан да демпинг
үшін сескенеді. Мәселе мынада, бағаларды әдейі төмендету банкротқа
әкелуі мүмкін, ал бұл нарықты жаулап алудың тиімді әдістерінің бірі.
Сәйкесінше, демпинг орын алмас үшін қатаң заңнама нормалары керек. Бірақ
демпингтен басқа өткізу мәселелері де бар. Егін мол шыққан жылдары
қазақстандық астық жеткізушілер үшін теңіз айлақтарына қолжетімділік
төмен болды, яғни, олар өз өнімдерін тек ресейлік өндірушілерден кейін
ғана түсіретін. Ал бұл кемсітушілік болып саналады. Мұнымен бірыңғай,
біз төртінші деп атайтын, монополияға қарсы орган айналысатын болады».
Жалпы,
төртінші монополияға қарсы органның құрылуы Қазақстан мен Беларуське
тиімді. Әр елде осындай өз органы бар. Бұл дискриминацияның болмауын
бақылайды. Қазақстан үшін Ресей нарығы мен Ресей арқылы транзит аса
маңызды. Нарыққа еніп, өз тауарларыңды сату, содан кейін Ресей арқылы
ары қарай басқа да нарықтарға шығып, өнімдеріңді өткізу үшін төртінші
монополияға қарсы орган күш жұмсайды. Темір жол, электр қуаты, мұнай мен
газ, дәрі-дәрмектер, тас көмір бойынша тарифтерді теріс пайдалануды жою
да осы органның міндеті.
Бұдан соң Бәсекелестік және монополияға
қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі Нұрлан Алдабергенов комиссияның
монополияға қарсы реттеу саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын түсіндіру
мақсатында «Қазақстанның тәуелсіз автобизнес кеңесі», «TSP» ЖШС,
«Arsenal SP» ЖШС , «Leto» қоғамдық ұйымының өкілдерімен кездесті. Онда
«параллельді импорт» және тәуелсіз мердігерлер арасында туындайтын
проб­лемаларды шешу жолдары талқыланды. «Параллельді импортты» алып
тастау нәтижесінде автобөлшек құнын 60-80 пайызға, спорттық тауарлар
бағасын 30-45 пайызға, парфюмерлік өнімдерді 20-60 пайызға,
фотоаппараттар құнын 20 па­йыз, велосипед бағасын 40 пайызға дейін
түсіруге болады екен. Тұтынушыларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында
«параллельді импортты» алып тастау мәселесі Қазақстан мен Ресей
Федерациясында көтеріліп жатқаны анық. Өз кезегінде ЕЭК 2014 жылы
«параллельді импортты» жоюдың нәтижесі бойынша Беларусь, Қазақстан,
Ресейде тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.
Бұл мәселені талқылау әлі
де жалғасын табады. Монополияға қарсы бәсекелестікті реттеу аясындағы
заңнаманың кем-кетігін толықтыру мен түсіндіру шарасы Тараз, Орал,
Калининград, Уфа, Витебск қаласында өтетін халықаралық дөңгелек үстелде
жан-жақты сөз болмақ.