КӨКТЕМ...ТАСҚЫН...КӨКПЕКТІ...
КӨКТЕМ...ТАСҚЫН...КӨКПЕКТІ...
Гүлзина БЕКТАС
«Сырдың суы сирағымнан келмейді» деуші ме еді. Мұның біздің бүгінгі әңгімемізге қатысы да болмас. Дегенмен, көгілдір көктем келсе болды, сырдың суы сирағымыздан емес, төбемізден асып кете ме деген қауіп болады да тұрады. Жыл сайын көктем келерде, Сырдарияның жыры басталатын еді. «Дария арнасынан асып барады», «Дария тасиды екен» деген сөздерді жиі еститін болып алдық. «Шаншардың» бір кейіпкерінің «Алда байғұс-ай, жүзе алмайды екен ғой» дейтіні бар емес пе? Сол айтқандай, көктем келіп, жылғалардан су ақса болса, жұрттың көңіліне қай бөгет арнасынан тасып кетеді екен дейтін қорқыныш ұялайтын болып алды.
Мұның бәрі құр қорқыныш ғана. Су тасқыны дейтін күрделі апатқа әлі де бейғам қарайтын секілдіміз. Әнебір жылы айдың-күннің аманында Қызылағашты су басып, 45 адам қыршынынан қиылғаны да осы бейғамдығымыздың кесірінен емес пе? Енді міне, араға төрт жыл салып, Көкпекті оқиғасы тағы орын алып отыр. Рас, «апат айтып келмейді». Дегенмен, «сақтансаң сақтайды» дейтініміз тағы бар емес пе? Алдын-ала сақтық шараларын жасағанымызда, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылындағы тасқыннан бес адам құрбан болмас еді-ау.
Естеріңізде болса, 31 наурызға қараған түні Көкпекті су қоймасы тасып, іргедегі ауылды топан су басқан. «Қазіргі уақытта бөгет шайылып кеткен кезде бес адамның қайтыс болғаны анықталды, зардап шеккендердің саны анықталуда. 300-дей үйді су басты, екі үй ішінара қираған. Жалпы шығын есептелуде. Құқық қорғау органдары тұрақты қадағалау жүргізіп, тонаушылыққа жол бермеу үшін аулаларды аралап отырады» , –делінген хабарламада.
Қазір оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қарқынды жұмыс істеуде. Су басқан ауылдан халықты көшіруге құтқару бөлімшелерінен, апат медицинасы бөлімшелерінен адамдар жұмылдырылған. Көкпекті ауылының 125 тұрғыны құтқарылды. Қаза тапқан азаматтардың есімдері де белгілі. Олар: 1924 жылы туған Ноғаев, 1926 жылы туған Нагибина, 1942 жылы дүниеге келген Ромашенко, 1963 жылғы Ноғаева және 1979 жылы туған Скибицкий есімді азаматтар.
Премьер-министр Серік Ахметов Көкпектіде су тасқынынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. Үкімет басшысы Министрлер кабинетінің атынан қиындыққа тап болғандардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді. Елбасы тапсырмасымен оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия да құрылды. Бұл топқа Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко басшылық ететін болады.
Аймақ басшысы да оқиға орнында жүр. Облыс басшысы Бауыржан Әбдішев жағдайдың толық бақылауда екендігін айтып, ауыл тұрғындарының көкейіндегі алаңын сейілтті. Барлық зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетін болады.«Ешкім қолдаусыз қалмайды. Медициналық көмек, азық-түлік, қажетті көмектің барлығы ұйымдастырылды», – дейді облыс әкімі.
Деректерге сүйенсек, 1951 жылы қолданысқа берілген Көкпекті су қоймасы да жекеменшікке тиесілі. Жекеменшікке тиесілі су қоймасы болғандықтан, оған қоршаған ортаны қорғау министрлігі дер кезінде бақылау жасай алмаған. Министрліктің мәліметіне қарағанда, еліміздегі 465 су қоймасының тек 75-і ғана мемлекет меншігінде көрінеді. Демек, қауіптің бұлты сейілген жоқ. Мемлекет меншігінде болмағаны себепті, еліміздегі бөгеттерге бақылау жасала ма? Жекеменшікке өткен су қоймаларын тексеретін кімдер? Кеше Қызылағаш, бүгін Көкпекті, ертең тағы бір су қоймасының арнасынан тасымасына кім кепілдік береді? 75 су қоймасы ғана мемлекет қарауында болса, қалған 390 су қоймасына жауапты кімдер?!
Ал Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Қарағанды облысында тағы да су тасқыны болуы мүмкін деген болжам айтуда. Бұл әзірге болжам ғана. Қарағанды өңірінен бөлек, шығыстағы ағайынның да көңілі алаң бүгінде. Күннің аяқ астынан жылынып кетуі қардың күрт еруіне әкеліп соғуда. Еріген қардың салдарынан бөгеттер де арнасынан асып жатыр. Бір таңқаларлығы, көктем келгенде қар еритінін, ол тасқынға ұласуы ықтимал екенін біздің елде ешкім қаперге алмайтын сияқты. Бәрі де бейқам. Билік те, басқалар да… Сол өкінішті.
Суреттер “Әбіләкімнің ауылынан” алынды