РЕСЕЙДЕ ОТАНШЫЛДЫҚТЫ ОРЫСШЫЛДЫҚПЕН ШАТАСТЫРУДА

РЕСЕЙДЕ ОТАНШЫЛДЫҚТЫ ОРЫСШЫЛДЫҚПЕН ШАТАСТЫРУДА

РЕСЕЙДЕ ОТАНШЫЛДЫҚТЫ ОРЫСШЫЛДЫҚПЕН ШАТАСТЫРУДА
ашық дереккөзі

Әуелі сәл шегініс: Бүгінгі адамзатқа белгілі тарихта 1500-ге жуық ірі-ірі соғыс болыпты. Қарап отырсаңыз, солардың ішіндегі адам баласы ең көп қырылған 1-ші және 2-ші дүниежүзілік соғысты да мұсылмандар кәпір (кәуір, гяур) деп атайтын батыс еуропалықтар мен орыстар жасаған екен. Айтпақшы, сол 2-ші дүниежүзілік соғыста 50 миллион адам опат болса, 500 мыңдай қазақтың сүйегі орыстың орманы мен батпағында қалды. Олар «Отан үшін», «Сталин үшін» деп жан тапсырды. Ол аңқау байғұстар соғыстан 5-6 жыл бұрын ғана сол «Отаны» Қазақстанда әдейі ашаршылық ұйымдастырып, 3 миллиондай қазақты шыбындай қырып тастағанын көзімен көрген еді. Сол аңқау байғұстар біресе орыс патшасының, біресе орыс коммунистерінің әскері қазақты кезекпен қырып салғанын да білетін еді.

Бірақ ол байғұстардың миы­на ұлттық намыстан, қасиетті дінінен гөрі Кремльдегі «Ұлы көсемдердің» өз дінінен, өз тілінен, өз ата-бабасынан безіндіретін сұмдық сұрқия үгіт-насихаты күштірек әсер еткен болатын. Оны айтасыз-ау, күні кеше дерлік бейбіт жатқан Ауғанстанға Мәскеудің бұйрығымен, орыс сардарларының (офицерлерінің) қолбасшылығымен баса-көктеп кіріп, бала-шағасына шейін қырғынға ұшыратуға қатысып келген қазақ жігіттерінің арасында әлі де «Отан үшін шайқастық» деп мақтанатындар бар. Сол «отаншылдықтың» бәрі Ресейдің қашаннан қанына сіңген басқыншылығы екенін, орыс­тар өздерінің сол басқыншылық, шовинистік саясатын патриотизм яки, отаншылдық деп атайтынын кейбір қазақтар әлі де түсіне қойған жоқ сияқты.

Иә, орыстың отаншылдығы, яғни, патриотизмі қашанда қай жерде де орыс тілін үстем қып қою, бір елдің халқын бір-біріне «үрит соқ» деп айдап салу арқылы қырылыстыру, сөйтіп, сол мемлекетті екіге жарып, бір бөлігін өзіне қосып алумен ұштасып жатады. Қысқасы, орыстың отаншылдығы көп ретте басқыншылықпен ұштасып жататыны тарихтан белгілі. Мысалы, 1783 жылы Қырым ноғайларын жеңе алмаған Суворов ақыры таң алдында бала-шағасы ұйқыда, қалғандары таң намазын оқып жатқан сәтте 10 мың ноғайды қырып тастағанын да Суворовтың ерлігі, патриотизмі деп оқытады. Қысқасы, орыстар патша кезінде де, КСРО кезінде де, бүгін де өздерінің басқыншылық, жаулап алушылық, отарлау сияқты арамза, залымдық саясатынан айныған емес. Орыстың бұл отаншылдығы, яғни патриотизмі ұрпақтан ұрпаққа қан арқылы (генетикалық жолмен) беріліп келеді. Есесіне, орысқа құлдық ұру, яғни құлмінез қазақтың ұрпағынан-ұрпағына тұқым қуалап., қан арқылы беріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Қазақтың «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегені шындық екенін, құлдық мінез де қан арқылы тұқым қуалап берілетінін осыдан-ақ көруге болады. Ал орыстың мұндай жабайы патриотизмі әлемдегі ең ірі, ең қуатты империя болған Алтын Орда құлап, кейін Қырым хандығы, Қазақ хандығы, Ноғай ордасы болып тарам-тарам боп кеткеннен кейін басталды. Орыстар Алтын Орда ыдырағаннан кейін әп-сәтте есін жинап, ел бола бас­тады. Ресейдің содан бергі ең бас­ты саяси кәсібі –көрші елдерді жаулап алу. Оның бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Ресей бүкіл Сібірді басып алды, онысын басып алу емес, игеру яғни «освоение Сибири» деп жазады. Қазір олар бүкіл Сібірді орыс жері дейді. Қазақтың Орынбор, Жаманқала, (Орск), Хажы Тархан (Астрахан), Сарытау (Саратов) аймағы, Еділ бойы (Волга) сияқты жержұмақ, кең байтақ даласын да басып алды, бұл жерлерді қазір орыстар ықылым заманнан бергі Ресей жері деп атайды.

Жақында Ресей адам баласының ары бармайтын ұятсыздықпен, найза бойламайтын арамза қулықпен Қырымды өзіне қаратып алды. Қырымда алпыс екі айламен, алуан қулық-сұмдықпен өткізілген референдум дегенді, оның шешімі бойынша жарияланған Ресейдің құзырындағы мемлекет дегенді халықаралық ең беделді қауымдастық – БҰҰ да, жеке мемлекеттер де мойындаған жоқ. Сол күндері Ресей президенті Путиннің федералдық кеңес деп аталатын жиында сағаттан астам сөйлеген сөзін тыңдаған адам егер шын ізгі ниетті, адамгершіліктен айрылмаған адам болса, Путиннің де, оның әр сөзіне қол соғып, шовинистік ауруы асқынған сәтте бірін-бірі құшақтағандардың қандай қараниетті зұлымдар екенін анық байқар еді.

Ресей бір елді екіге бөліп, бір-біріне айдап салуға құмар дедік. Ол үшін тарихтың тереңіне үңілмей-ақ соңғы жылдары сүттей ұйып отырған Абхазия мен Осетияны ала тайдай бүлдіріп, грузиндермен қырқыстырып, өздеріне қосып алғанын, біртұтас Молдавияның ішінен Приднестровье деген қуыршақ мемлекет құрып, оны да өз айтқанымен жүріп-тұратын ел қып қойғанын бәріміз көріп отырмыз.

Енді Приднестровьенің орыстары да біз Ресейге қосыламыз деп шуылдай бастады. Ондайлар Қазақстанда да баршылық екенін кейбіреулердің интернеттегі арамзалық пиғылдарынан аңғаруға болады.

Ресейдің надандығы ма, әлде өзгеден өзін артық санайтын пасық менмендігі ме, белгісіз, әйтеуір олар қыпшақты да, ноғайды да, татарды да, бурят, моңғолды да, шүршітті де татарлар деп атай береді. Немесе «турки» дейді. Сол ізбен ноғайларды да қырым татарлары дейді. Орыс не айтса соны қайталап айтып, орыс не істесе соны істейтін қазақтар да «қырым татарлары» деп сөйлейтін болды. Көзін ашқаннан тіміскіленіп жүруге ғана машықтанған «кэгэбэшник» тарихты қайдан білсін, Путин осы федералдық кеңесте сөйлеген сөзінде де «қырым татарлары» деп салды. Ресей федерациясының құрамында 400-ге тарта ұлт ғұмыр кешіп жатқанын біле тұра бастан-аяқ «русский народ», «русский язык», «русскоязычные» деген сөздерді жағы сембей айтумен болды. Ол ол ма, жиналғандар көзі ашық, мәдениетті адамдар болса, «Крым исконно русская земля» деп өзеурегендерге тоқтау салар еді. Амал не, олар өйтпек түгіл Путиннің осы сөздеріне дуылдата қол соғып, тіпті кейбір орыс қатындар бірін-бірі құшақтап, сүйіп жатты. Соларды көріп отырып Маркстің «русский шовинизм когда достигнет предела, он превратится в садизм» дегені еске түсіп, мыналардың қолына түссең не боларыңды ойлап, тұлабойың шымырлайды екен. Тіпті, ел аузында қатыгез атанған Сталиннің өзі «В прош­лом Россия – Россия царей и палачей. Россия жила тем, что угнетала народы входившие в состав Российской империй», – дей келіп, «Ресей өзі қанап отырған халықтардың қан-сөлін сорып, солардың күшін пайдалану арқылы ғана өмір сүрді. Және бүкіл халықтар Ресейді қарғап-сілеумен болды» – дегені шындық екеніне көзің жетеді екен. Иә, Путин өз сөзінде РФ-да тұратын 400-ге жуық ұлттардың атын атамай, тек екі сөзінің бірінде «русские», «русский народ», «русский язык» дегенді қайталап жатқанда мына жақта – Қазақстан телеарналары мен қазақша газет-журналдар Қазақстандағы 130 ұлттың өкілдері бір әкенің баласындай бауырлас екенін аузы көпіргенше лепіртіп жатты. Ал соның арасында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі кейбір орыстар «Россия – мы с тобой!», «Так держать Россия!» деп теріс пиғылдарын ашық білдірумен болды. Ақыл-есі түзік, ұлттық ар-намысы бар әр адамды олардың осынысы-ақ ойландырар еді ғой. Ресей Грузия, Молдавия, Украина, Чешенстан, Дағыстанды күшпен қырғанда, бүкіл Сібірді де орыстың жері деп, онда тұратын жергілікті халықтардың құжатына ұлты орыс деп жаздырып, оларды тілінен, дінінен айы­рып жатқанда, Қазақстан әлі бейқам. Кейбір қазақтар орыстарды әлгі «аға ұлт» тұтудан арылмай жүр.

Еліне ашықтан-ашық іштен де, сырттан да қауіп-қатердің қара бұлты қоюлана төніп келе жатқанын көре тұра көрмеген болып жүре беру ажалға амалсыз көнген ауру адамның әрекетсіздігі емес пе? Пендеміз ғой, егер Украинадағыдай жағдай Қазақстанның басына туа қалса, «тілді айтатындар сол арқылы бедел жинағысы келеді» дейтін Н.Ерімбетовтер мен Данияр Әшімбаевтар, КТК мен «7» арнадан қазақтың салт-дәстүрін мазақ қып тиын-тебен тауып жүрген Н.Адамбаев пен оның қасындағылар өзіңді басқыншылармен қосыла сабай ма деп те қорқады екенсің.

Иә, патриотизм, яғни отаншылдық әркім ең алдымен өз ұлтының тілінің, дінінің салт-дәстүрінің, өз жер-суының қамқоршысы болудан басталады. Бірақ Құдай орыс шовинистерінің әрекетінен, әсіресе Путин, Жириновский, Дугин, Лимонов, Просвирин сияқты орыстардың патриоттығынан, олардікі сияқты отаншылдықтан сақтасын.

Ұтыры келгенде надандық пен шовинистік адамды қандай есалаң күйге түсіретініне бір мысал келтіре кетелік. Осыдан 1-2 жыл бұрын осы Путин Ресей тарихын қайта жазуға нұсқау берді. Яғни, оның айтпағы, Ресей татар-моңғолдардың қоластында 300 жыл болғанын орыстың бүгінгі балалары білмеуі керек екен. Сонда Путин 300 жылдың орнын қалай, немен толтырыңдар демекші? О заман да, бұ заман 300 жылдық тарихты өтірік жаз дегенді орыс патшасынан басқа кім айтар дейсің? Әнебір жолы Мемлекеттік хатшы боп тұрған кезінде Марат Тәжин «ұлттық қадір-қасиетті білу, ұлттық тарихты білуден басталады» деген өте ұлағатты сөз айтып, жақсы бір бастаманы бастап еді. Әттең, ол кімнің жолына көлденең келгенін біз білмейміз. Бір ғана білетініміз, біздің Кеңес заманындағы тарихымызда, бүгінгі тарихымызда да Ресейден ғасырлар бойы көрген қорлық-зорлығымыздың мыңнан, он мыңнан бірі айтылмайды. Біздің бүкіл тарихымыз өзімізбен қыз алысып, қыз беріскен, өзіміз сияқты ішкені қымыз бен шұбат, жегені ет, ХVІІІ ғасырдың ортасында қытайлар қырып тастаған жоңғарларды жамандаулармен ғана толы. Осыдан біраз жыл бұрын «Түркістан» газетінен жап-жас корей жігітінің сұхбатын оқыдым. Сонда ол: «бізді – корейлерді жапондар 40-50 жылдай ғана отар қып ұстады. Соның өзінде біздің жап-жас балаларымыз бен қарттарымыздың жүрегінде жапондарға деген үлкен бір кек әлі де тұрады. Ал Ресей қазақтарды–сіздерді 300 жылдан астам езгіге салып келді. Мен байқап жүремін, сіздер, қазақтар соның өзінде орыс көрсеңіздер соның ыңғайына жығылып, соған жәреукеленіп сөйлеп тұрасыздар. Сірә, бұл сіздерге өз тарихыңыздың дұрыс оқытылмауынан шығар», – дегенін оқығаным бар. Бұған не дейсің, бүгінгі қазақ? Біз кейбір орыстардан «патриоттықты», отаншылдықты үйренбей-ақ, осы жігіттен де біраз нәрсені көкейге түюімізге болар еді ғой. Амал не… 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ