АРЗАН КҮЛКІ, ҚЫМБАТ БИЛЕТ

АРЗАН КҮЛКІ, ҚЫМБАТ БИЛЕТ

АРЗАН КҮЛКІ, ҚЫМБАТ БИЛЕТ
ашық дереккөзі
Ресейдің белгілі пародияшысы Евгений Петросян: «Бір кезде Ницше «Адам күлкіні көп қасірет көргендіктен ойлап тапты» деп тамаша айтқан екен. Адам баласы қашан да көңіл көтеруге, күлуге дайын. Ал менің мақсатым – жай ессіз күлдірмей, әзіл-оспақты өмірдің әрқырынан байланыстыра отырып, қоғамдағы келеңсіздіктерді кейде сынмен, кейде әзілмен ойнақы жеткізу. Әзіл өмірмен бірге өзгеріп отырады», – дейді. Біздің бүгінгі қоғамдағы сын қандай? Әзіл қандай? Қаптаған әзіл-сықақ театрларының әзілі қоғамдағы түйткілді дөп басып, айта алып жүр ме? Бір кездері «Тамашадан» «Бауыржан шоу», «Күлкі керуені», «Терісқақпай» сияқты әзіл-сықақ театр­лары енші алып шықты. Оның сыртында «Шаншар», «Нысана», «Алдараспан», «Өнер қырандары», кешегі «Базар жоқ», бүгінгі «Әзіл әлемі» сияқты түрлі әзіл-сықақ театрларының өз көрермені бар. Бұл театрлардың бәрі ә дегеннен-ақ жұлқынып шыға келгенімен, ақырында басылып қалады. Неге? Өйткені әрбір театрға лайықты материал жоқ. Материал жоғы бер жағы, әзіл-сықақ театрлары материалды іздемейтін де сияқты. Театр мен авторлар арасындағы осы бір бітпес дау әлі күнге жалғасып келеді. Әзіл-оспақ театрлары «автор жоқ» деп байбалам салады, сатириктеріміз «материал сұрап жатқан әртістердің жоғын» айтып қынжылады. Сол себепті де, мереке сайын зәулім сарайларды жалға алып, әзіл кештерін өткізіп жүрген театрларға ойлы адам бармайды. Көрермен толмаған залда бес-алты актер сахнаға шығып, өнер көрсетіп жатады. Қала берді, әзіл-оспақ театрларының әзіл кештері телеарналардың мереке күндері уақыт толтыратын сауық-думандарына айналып кетті.

 

Әзіл-оспақ театрларындағы дағдарыс

 

Тағы да Петросян. «Артист қалың жұртшылықтың талғамын қалыптастыруға тырысуы керек». Талғам демекші, әзіл-оспақ театрларының бүгінгі талғамы қандай? Неге жауыр болған тақырыптар қайталана береді. Өзіңіз қараңыз. Күйеу мен әйелдің арасындағы өмірі бітпейтін дау, маскүнем еркек, ене мен келін. Бүгінде оның қатарына ене мен күйеубала қосылған. Қазақта ене мен күйеубала жау болып көріп пе? Қазақ күйеубаласын ерекше сыйлаған халық. Күнделікті тұрмыста болып жатқан ыдыс-аяқ сылдырын үлкен сахнаға алып шығамыз. Бұл тақырыптар көрерменнің талғамын қалыптастыра алады деп ойлаймыз ба? Арзан күлкімен талғамы биік көрерменді алдай алмаймыз. Әзіл-оспақ театрларында ізденіс жоқ. Жаңалық мүлдем жоқтың қасы. Көзіқарақты көрерменнің бәрінің айтатыны бір пікір: күлдіре алмайтын қалжыңдардан шаршадық. Ал өнерде жүрген әртістердің уәжі басқа. Олар көрерменнің талғамының төмендегенін айтады. «Бауыржан шоу» әзіл-оспақ театрының актері Алмат Сахатов «Азаттық» радиосының сайтына берген пікірінде: «Дәл қазір комедиялық театрлардың шығармашылық деңгейі мен көрермен алдындағы беделі шатқаяқтап тұр. Негізі, әзіл мен сықақ болып екіге бөлінеді ғой. Осыған дейін біз сықаққа көбірек мән беріп келдік. Арзан күлкіден іргемізді аулақ салып, дүниенің, қазақтың мәселесін уытты сахналық сатирамен елге жеткізіп келдік. Кейінгі кезде көрермен жеңіл әзілге бой алғызып, астарлы, проблемалық сахна ойынына марғаулық таныта бастады. Өйткені өз өміріндегі түйткілді мәселелерден бір сәт бой сергітуге театрға келсе, мұнда тағы да сол шешуі жоқ мәселені сахнаға алып шығады. Шамасы, содан жалыққан. Бірақ, халықтың тәрбиелік мәні жоқ жел сөзге құрылған қалжыңға көңіл бөлуі көрерменнің талғамын тұралатып тастауы мүмкін», – дейді. Шын мәнінде, көрермен шешуі жоқ мәселелерден жалықты ма? Бар мәселе көрерменге байланып тұрмаған сияқты. Жеңіл әзіл, арзан күлкіге көрермен алданып жүр. Өйткені театрдың талғамы өзгерген. Астарлы, саяси уыты бар қалжыңдардан гөрі, тұрмыстық интермедияларға көбірек барады. Тақырып аясы тар, яғни мәдени дағдарыс басым. Дағдарыстың болатын да себебі бар. Әзіл-оспақ театрының барлығы дерлік, өздері әртіс, өздері сатирик. Сырттан автор іздеп әуре болмайды. Тақырып та іздемейді. Ізденіс жоқ. Әлі күнге дейін сатира жанрына қалам тартып жүрген қаламгерлер мен күлкі театрларының арасында шығармашылық келісім жоқ. «Өздері би, өздері қожа» болған заман.

Саны көп, сапасы жоқ театрлар көбейді

«Сатира үшін түпкі мақсат – ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамды ойға салса, немесе сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса болды. Ал біздің әртістер сөз жаттамайды. Олар қисалаңдап, қисынсыз әртүрлі әрекеттер жасап, аузы-басын қисайтып, бір сөзге көрермен күліп қалса соны қайта-қайта қайталап, айтайын деген ойдың мәні мен мағынасын кетіреді. Қазіргі таңда әзіл-сықақ театрлары баршылық, алайда олардың барлығының да көтеретін тақырыбы мен көрерменге жеткізу мәнері өте төмен дәрежеде. Біздің театрларда қазір тіпті от басы, ошақ қасында болмайтын әңгімені айтады. Отбасыңмен отырып сол көріністерді көре алмайсың. Оспадарсыз, түк мағынасы жоқ, рухани азық болатындай ешнәрсе айтылмайды», – дейді сатирик Толымбек Әлімбек Әзіл-оспақ театрларында тағы бір үлкен мәселе бар. Ол – актерлердің ойнау шеберлігінің кемшіндігі. Сахнаға шығып, «әртүрлі әрекеттер жасасам, аузы-басын қисайтсам, күлдіртсем» деп ойлайтын актерлер көбейді. Мәселен, «Шымкент шоу» театрының актері Берік Тұрсынбековтің «Күлпәші» алғашқы кезде көрерменге еріксіз езу тартқызатын. Қазір Күлпәшті көре-көре көз ұялатын жағдайға жеттік. Болмаса, әзіл-оспақ театрларындағы жиі қайталанатын көріністің бірі – маскүнемнің кейпі. Екінің бірі мас болып, қолына бөтелке ұстап жүрмейді қазір. Айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпты сан мәрте қайталап көрсетуден әзіл-оспақ театрлары ештеңе ұтпайды. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек «Тамашаның» Лұқпан Есеновтен кейін мәні де, мағынасы да кеткенін айтып еді. Расында да солай. Театрлардың жаңалығы бар ма деп, әзіл кештеріне келгеніңізбен, «сол баяғы жартасты» көріп, қарныңыз ашады. Әзіл-оспақ театрларының басты мақсаты қандай? Өнерді дәріптеу ме, әлде, ақша табу ма? Жеңіл күлкі, арзан қалжыңмен қалтаны томпайта алмайтынымыз белгілі. Әзіл-оспақ театрларының дені мерекелік көңіл-күй сыйлаумен айналысып кеткенге ұқсайды. Сенбесеңіз, қараңыз! Кез келген әзіл-оспақ театрларының жарнамасына қарасаңыз, «мерекелік көңіл сыйлайды» деген тіркес міндетті түрде тұрады. Мерекелік көңіл-күй сыйлау деген сөз, әншілерді жинап алып, кеш өткізу болып саналатын сияқты. Талантты актер ортанқол шы­ғар­­­маны орындап-ақ кез келген көрер­менді баурап алуына болады. Белгілі пародияшы Нұржан Тұтов осылай дейді. «Қазір халықтың сүйіктісіне айналғысы келетін, еңбек сіңірген қайраткер болғысы келетін, жалғыз рет сахнаға шығып, жарқ ете қалғысы келетін және содан пайда табуға ниетті адамдар сахнада өріп жүр. Басты гәп осында», – деген ол. Кез келген әзіл-оспақ театрлары қойылымдарын телеарналарға ұсынатыны белгілі. Ал комедиялық театрлардың басшылары билікке тікелей болмаса да, жанама түрде айтқан қалжыңдарының кесіліп тасталатынын айтып қынжылатындары да жоқ емес. Дегенмен, ащы әзіл, өткір юморды жеңіл қалжыңмен болса да, көрерменге жеткізуге болады. «Халықтың мүддесін қорғайтын, оның көңіл-күйін дөп басатын әзіл-оспақ айтқанда ғана көрермен саған сенеді. Тағы бір құпиямды ашсам, өз шығармашылығымда жаңа көріністермен қатар, римейктерді пайдалана бастадым. Біздің әзіл-сықақ кеңістігіндегі римейк дегеніміз – барлығының жадында жатталып қалған бір нөмір алынады да, біздің заманымыздың үлгісіне салынады. Мысалы, кезінде Михайл Задорнов мен үшін «Түсінбеймін…» деген дүние жазған-ды. Осы нөмірді ұзақ жалғастыра беруге болады, өйткені түсінбейтін жайттар күнделікті өмірде толып жатқан жоқ па?!». Евгений Петросянның бұл ойы көкейге қонымды. Күнделікті өмірде толып жатқан мәселелердің бәрін сатириктер жазып жүр. Оны көретін, оны театрда пайдаланатын әртістер жоқтың қасы. Бір кездері «Шаншардың» әзілдері ерекше болатын еді. Әрбір қойылымына тыңғылықты дайындықпен, өзгеше ізденіспен келетін «Шаншарда» да қазір шығармашылық дағдарыс бар сияқты. Уәлибек Ыбырайымовтың монологтарында қайталаулар жиі кездесетін болып алды. Бұрынғы мерекелік кеште айтқанын қазір қайта айтып жүргеніне қарағанда, Уәлибекте де шығармашылық тоқырау тұсауында шығар?! Қалай десек те, әрбір театрдың бір сатирик ұстайтын жөні бар. Бірақ оны жағдайдың жоқтығымен түсіндіреді. Сол себепті де, театрларға тапсырыспен жаздыруға тура келеді. Автордың жазған дүниесін оның қатысынсыз сахнаға бейімдеп алады да, сахнаға шыға береді.

 

«Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер» 

 

Көрерменнің арасында бүгінде әзіл-оспақ театрларының арасында «күштісі қайсы?» деген сөз белең алып барады. Нарық заңында бәсекелестікке төтеп беретіндер ғана өмір сүреді. Әзіл-оспақ театрлары арасында да бәсекелестік бар. Әрине, бәсекелестік болғаны дұрыс. Бірақ ол қандай бәсекелестік? Мәселе осында. Бір-бірімен бәсекелесемін деп, бақталастыққа ұласып жатса, ол қауіпті. Рухани өмірде шынайы өнер ғана бәсекелестікке қабілетті бола алады. Ол үшін әзіл-оспақ театрларына үлкен ізденіс қажет. Өнер деген ыржаңдап келіп, бет-ауызды қисаңдатудан тұрмайды. Рухани өмірде нағыз таланттар ғана оза шауып, бәйге алады. Ал ол бәйгеге дайынбыз ба? Сейіт Кенжеахметовтің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген сөзі бар. Демек, күле білетін өмірде күлдіре білу де үлкен өнерді қажет етеді. Кеңес кезінде сатираға да цензура болды. Кез келген дүниені сатираның садағына ала алған жоқ. Сықақшылар айтқысы келген тақырыбын айта алмады. Айтқан да шығар, Жазған да болар. Бірақ оның бәрі цензурада сызылып қалды. Жарыққа шықпады. Алдында үлкен тосқауыл тұрды. Өйткені цензураның заңы қатал. Ал тәуелсіздік алған еркін қоғамда бостандық бар емес пе? Сол еркіндікті сықақшыларымыз неге пайдалана алмай жүр? «Бұл бостандық біздің сықақшыларды абдыратып тастады ма деген ой келеді, өйткені ұсақ-түйек әңгімені сөз етіп, кемпір-шал, әйел-еркек тақырыбы, маскүнем күйеу, шайпау әйел дегеннің айналасынан шыға алмай қалдық. Мынау қоғамдағы қомақты мәселелерді қопарып, тамырымен үзіп, отап тастайтын күлкінің деңгейіне әлі көтерілген жоқпыз-ау деймін, мүмкін жүрексінеміз бе, әлде шеберлігіміз жетпей ме, білмеймін», – дейді Көпен Әмірбек. Қоғамда шешілмеген мәселе сан алуан. Тақырып та көп. Көре білсеңіз, көтере білсеңіз, әрине. Бір кездері «Тамашаны» тамаша еткен Берқайыр Аманшин, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Марат Сахатов, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлының уытты сатиралары болатын. Бүгінгі әзіл-оспақ театрына жетіспейтіні осы. Нағыз сауатты сатираны жазатын авторлар. Михайл Задорновтың бір ғана шығармасын заманауи бағытта өңдеп, сахнаға қайта алып шыққан Петросянның шеберлігі жетіспейтін сияқты бүгінгі әзілкештер ауылына. Әйтпесе, Шона Смаханұлы мен Оспанхан Әубәкіровтің, Қажытай Ілиясовтың, Ғаббас Ғабышевтің, Үмбетбай Уайдиннің сықақтары әлі өміршең. Бұл дүниелерді әзіл-оспақ театрлары қайта өңдеп, сахнаға шығарса, құба-құп болар еді. Әңгіменің тұздығы…  Мұхтар Шерім, сатирик:

«Театр басшылары өздерін «сатирик» санайды»

 

– Мұхтар аға, «Тамашадан» енші алған сатиралық театрлар көп. Қаптап кетті десек те болады. Олар әр мерекелік күндері кеш өткізуге де дайын. Сатирик те өздері, әртіс те өздері. Бұл не? Тоқырау ма, талаптың тым төмендігі ме?  – Құдай «жоқтан» сақтасын. Сатиралық театрлардың көптігі қуантады. Ал сапасы «сай-сүйегімізді» сырқыратады… Неге деп дегбірсізденіп отырсыз ғой. Ең біріншіден, сатира театрларының басшылары «киелі сахнаның киесі ұрады-ау… деп ойламайды, олар тек қалтаның қамын ғана ойлайды. Күн көру керек. Сондықтан сахнаға шығып бірдеңелерді былдырлайсың да, ақшаны шытырлатып санап аласың… Шахтерлер сияқты бет-аузың қап-қара болып, қара нан жеп отырмайсың. Сондықтан болар, төрт жігіттің басы құралса болды, «театр» атанып, аттандап кететіндері… Ұлттық намыс, ұлттық нақыш, пат­риотизм дегендерді іздеп таппайсыз. Тіпті, мықты деген, ұлтымыздың «бренді» деген театрлардың өзінің өкпесі өшіп, солқылдап, былқылдап, ыңқылдап қалды. Қайталауға құмар боп алды. Тақырып таппай тыпыршып жатыр. Екіншіден театр басшылары өздерін «сатирик» санайды екен. Солай сұхбат бергендерін оқып, жағамды ұстадым. Өздері «жазған» болады, білдірмей сатириктердің идеяларынан ұрлайды, анекдоттардың өңін айналдырып, қазақыландырады. Осының салдарынан жеңіл сценарийлер сіңір болып, тартылып қалады. Кешіріңіз, сатирик атану үшін, сатиралық көркем дүниелер жазып, оқырманның оң бағасын қанжығаңызға «байлап», кітаптарыңызды жұрт жабыла оқып, мойындалып, «мынауски сықақшы екен!» дегенде ғана «жәй жөткірінуге» болатын шығар. Сонда деймін-ау, театрдағы «сатириктер» өздерін сахна күлдірімпаздарымыз, сайқымазақтарымыз, сахна әзілкештеріміз деуден арланатын сияқты… Өздері жазып, өздері ойнағандықтан, театр тоқырайды. – «Сатираның күштілер қаруы» екенін естен шығарып алған сияқтымыз. Жеңіл әзіл, арзан күлкіге құрылған интермедиялар көрерменді де жалықтырды. Әзіл-сықақ театрларына дағдарыстан шығудың жолы қайсы? – Ия, сатира – күштілер қаруы. Бірақ «Күлкі арзан, билеті қымбат» болып кеткен заман туды. Көрерменді жеңіл әзілдерімен алдап, ақша табудың амалдарына кірісіп кеткен сияқты. Авторлармен жұмыс істей білмейді. Кезінде Тамаша» театры (Құдайберген, Мейірман, Тоқсындар заманын айтамын) авторлармен қоян-қолтық араласып, «жекжат» болып кеткен еді. Қазіргі театрлар авторларды менсінбейді. Айтатын уәждері: сатириктер сахна тілін түсінбейді. Сахнаға лайықтап жаза алмайды… Пардон… сахна тілін өзің керемет түсінеді екенсің, автордың керемет дүниесі болса, сахнаға лайықтап жібер! Мүйізі қарағайдай драматургтердің туындысын мықты режиссерлар өз қалауларынша түйіндеп, сахнаға лайықтап, әр беріп, иін қандырып жатады емес пе? Бұл жерде бір кілтипан бар. Авторларға қалтасындағы «мәни-мәнилерін» қимайды. Бір тиын болса да, өздерінде қалғанын жақсы көреді. Бізде, өкініштісі сол, қаламақы мәселесі өз жүйесін таппаған. Авторлардың маңдай терімен жазған дүниелерін тегін пайдаланғысы келеді. Сосын барып, авторлар сахналық интермедиялар жазуға құлықсыз. Қашанғы су тегін жаза бересің? Оларға керек ақша сатириктерге де керек. Ал, шетелде басқаша. Еңбегіңді әділ бағалайды. Бұл жерде сатириктердің күні театрдың ақшасына қарап қалған екен деген ұғым тумаса керек. Айтайын дегенім, еңбегіңнің бағалануы керек-ақ. Театр біткен жеңіл күлкі қуып кетті. Саяси сатираны, саяси сахнаны айтпай-ақ қояйын. Айтатындары: «эфирге шығармайды…» Мақтаман бауыздай білмейді де… Тақырып деген күнде «балалап» жатыр. Қашқын бизнесмендер. Отанын сатқан опасыздар, алименттен қашқан әкелер, тағысын-тағылар. «Бізге мына тақырыпта жазып беріңізші, мынадай сұлбада болса қатып кетер еді…» деген ұсыныс айтса болды емес пе? Жоғ-а, олай десе, тақтарынан түсіп қалады. Өздері сүйкей салғандары дұрыс. Жұрт жыбырлап күлсе болды. Міне, мәдениетімізге деген «жанашырлықтың» сиқы осындай. Тағы бір таң қалатыным, сол сахналық қойыртпақ қойылымдарының дәмсіз, нәрсіз екенін өздері түсінбейді ме деймін. Түсінуге өрелері жете ме екен? Өрелері жетсе, ондай қойыртпақты киелі сахнаға шығармас та еді ғой. Сірә, «іштен шыққан шұбар жыландары» керемет классика болып көрінсе керек. Тағы да қайталап айтамын, ел ішінде айтқыштар көп. Бірақ жаза алмайды. Соларды тыңдап, өңдеп, тиісті қаламақыларын беріп, дәмелендіріп қою керек. Танымал авторлармен де келісім-шартқа отыру – заман талабы. «Бәке, Сәке, бір интермедия жазыңызшы, қойылып жатса, береміз ғой ақшасын…» деген құрғақ уәдесымақты қою керек. Қазір ешкім ақымақ емес. Өмір талабы осындай, тиянақтылықты қажет етеді. Сәкен СЫБАНБАЙ,  журналист:

«Күлдірмейтін қалжыңдардан шаршадым»

 

Бірде мынадай жайтқа куә болдым. Алқа-қотан жиылған жастар бір-бір анекдоттан айтып жатты. Кезек өзіне келгенде, бір қарындасымыз айтыла-айтыла «ақжем» боп біткен, жазыла-жазыла жауыр болған, ести-ести елдің құлағы «құрттауға» айналған бір кәрі «қалжыңды» бастап кеп жіберді. Әуелде жұрт сілтідей тынды. Күлейін десе – күлкісі келмейді, әбден жалықтырған, күлмейін десе – біртүрлі, айтушыдан ыңғайсыз секілді. Үнсіздік сәл ұзағырақ созылды да, бір кезде осы өлі тыныштықтың өзі қызық көрініп кетіп, отырғандар ал кеп күлсін! Сорлағанда әлгі сорлы қыздың: «Не, сіздер бұл әзілді бұрын естімеп пе едіңіздер?» – деп таң қалмасы бар ма?! Анекдоттан гөрі осы сөз әлдеқайда күлкілі шықты білем, жұрт қыран-топан боп, қырылып қала жаздады… Қазіргі әзіл-сықақ театрларының кезекті кешін тамашалаған сайын сол қыз есіме түседі. Өйткені сахналық сатирамыздың өкілдері де елді әбден мезі еткен тақырыптардан айналшықтап шықпай жүр: күлейін десеңіз – күлкіңізді емес, жыныңызды келтіреді, күлмейін десеңіз – барын салып жатқан байғұс актерлерді аяйсыз. Рас, талғамға талас жоқ. Ал талғамсыздыққа ше? Талғамсыздыққа, біздіңше, талас қана емес, тайталас та қажет. Сатираны талғамсыздық жайлап алды. Күлкінің құлдыраған құны бұ күнде теңгенің бағамымен теңесіп қалды. Өнерді өз биігінде қалдыра отырып, сонымен бірге көрерменнің де өресін өсіруге талпынудың орнына, біздің сықақшылардың өздері талғамы төмендермен қатарласып кетті. Сонда бұл талғамсыздық дәл қай тұстардан көрініп жатыр? Біріншіден, тақырыптар таптаурын. Тәуір тақырып таңдалған күннің өзінде оны сайқымазақтық әдіске салып, тым жеңілдетіп жібереміз. Екіншіден, сахнада тұрып ақыл соғу басым. Авторларымыз бен актерлеріміз «күлдіре отырып ойланта да білу керек» дегенді тым қарабайыр түсінеді-ау, шамасы. Анекдотқа ешқандай түсіндірменің қажеті болмайтыны секілді, шын мәнінде ой дегеніңіз сол күлкінің өзінде, тұла бойында жатуы керек емес пе? Үшіншіден, қайталаулар мен плагиаттар өріп жүр. Төртіншіден, сахна мәдениеті төмен. Бірінің аяғын бірі басып кеткелі тұрған екі актер орманда адасып жүргендей өзара айғайлап сөйлеседі: «әй!», «өй!», «ойбай-ау!», т.б. Сабырлы, мәдениетті, уытты сықақтан гөрі орынды-орынсыз эмоцияға берілу, дарақы қалжың, базардағыдай баж-бұж басым. Бесіншіден, ой мен сөзден гөрі қимылға көп мән беріледі. Не кекештеніп, не бөксемізді қойқаңдатып, не маймылша қасынып, қисалаңдап күлдіруге құмармыз. «Өл, тіріл, әйтеуір жұртты күлдір» деген принцип… Қаққан қазықша міз бақпай тұрып-ақ елге езу жиғызбайтын ресейлік Михаил Задорновтың стилінде еңбек етуге, монологқа талпынушылар тым сирек. Есесіне, 5-10 адам қатысатын «мини-спектакльдер» жетерлік. Сопаң етіп соншама адам шыға келгенде, кейде сахнаның өзі шағын залға айнала жаздайды. Мейлі, он адам ойнасын-ақ, ал сол көріністің мазмұны, сапасы сонша әртістің еңбегіне татыса, қане?.. Аржағындағы емеурінімен-ақ езу тартқызар ерекше қойылым ішінара қай әзіл-сықақ ұжымының қоржынынан да кездесіп жатады дегенімізбен, тұтастай алғанда сахналық сатирамыздың деңгейін аса жоғары деу қиын. Егер «сатира – сахара, сықақшы – түйе» деген метафораға сүйенсек, біздің сахналық сын-сықағымыз шынында да нағыз сахараның шөліне айналып тұр. Әзілсүйер қауым сауатты да уытты сатираға сусап-ақ отыр.

Гүлзина БЕКТАС